Жарнаманы қазақ ұғымына бейімдеу үшін күресу керек!
Бәрі қарапайым нәрселерден басталады. Қазір бәріміз қарадан қарап отырып, ана тілімізді аударма тіліне айналдырып алғанымызды білмей қалдық.
Белгілі қазақ сықақшысы О.Әубәкіров «Күлдіру – өнер, күлу – өмір, күлкі болу – өлім» деп тегін айтпаса керек. Егер бәріміз қабақ түйіп түксиіп жүрсек өмір не болып кетер еді. Бәріміз бір Жаратқанның арқасында езуімізден күлкі кетпей, қамшының сабындай аз күндік ғұмырымызды думанмен өткізіп жүрміз. Бір тілдегі сөз екінші тілде шәлкем-шалыс ұғым тудырып, бірде күлдірсе, келесіде ат-тоныңды ала қаштырады. Енді қазақ биснес әлеміндегі осындай атаулар турасында аз-кем сөз етейік.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары орысша «свежий мяса» дегенді «жаңа сойылған мал еті» деудің орына «Балауса ет» деп аударып, айды аспанға шығарға кезіміз де болды. Әлеуметтік желіде бәріміз құрмейтін Серік Ерғали ағамыз ашқан «АУДАРМАШЫЛАР МЕН ТІЛМАШТАР ОДАҒЫ» деген парақшамыз бар.
Диванның жарнамасына қатысты Серағамыз: «Сауатсыздыққа таң қалмайтын да, ренжи алмайтын да болдық...
Мына жарнаманың мәтіні тілектің орнына өкінішті тықпалапты.
Егер де дені дұрыс аударма болғанда жай ғана «Мына диванға жайғасар/отырар ма еді» - болар еді», - деп жазба қалдырыпты.
Иә, Серағамыздың пікірі дұрыс бірақ, әлемдік жарнама тілінде Slogan [ˈsləʊgən] және tagline [ˈtɑːlaɪn] деген терміндер бар. Біз орыс ыңғайымен «слоган» деп алып жүрміз. Сонымен Slogan дегеніміз заттың сатылудағы жарнамасында тұтынушының көңілін аударатын ерекше тіркес немесе сөйлем.
Бізде осы Slogan ана тілімізде қалыптаспай, орыс тілді бизнес қазақшаға аударып бер деп тілдік отарлау жасап отыр. Енді суреттегі қазақ тіліндегі жарнама «Жаныңды жадырата жайғас» десе қазақ ұғым-түсінігіне жақын. Ал, мына калькаға еш ренжіп керегі жоқ. Бір кездегі «балауса ет» деген сияқты бәдік. Қазақша жарнамалық слоган қалыптастырмай еш оңбаймыз.
Әлемдік тілі дамыған елдерде де жарнамалық орашолақтықтар бар. Енді биснес әлеміндегі осындай атаулар турасында аз-кем сөз етейік.
Америка автомобиль өндірісінің гиганты – General Motors компаниясы ыңғайсыз жағдайға қалды. Өзінің Ресейде шығарылатын жаңа автомобилі Chevrolet Nova-ны Латын Америкасы нарығына экспортағанда No va испанша «орнынан қозғалмайды» деген ұғымды білдіретіндігін кеш ұғынған. Тап осындай жағдайға сол елдерде Митсубиши де ұрынған оның сатуға шығарған Pojero-сы испанша «похеро» деген жаман сөз болып шығып, атауын өзгертуге тура келген екен.
Clairol парфюмерлік компаниясы Германияға Mist Stick («тұманды дезодорант») атты құрғақ дезодоранты саудаға шығарғанда, Mist («тұман») сөзі неміс сленгісінде «көң» дегенді білдіретінін кеш аңғарған.
Colgate-Palmolive компаниясы француз нарығына Cue атты тіс пастын ұсынғанда тап сондай кең танымал француз порножурналы бар екендігін білмеген.
Pepsi болса, ««Пепси» буынымен өмір сүр» (Come Alive With the Pepsi Generation) атты өзінің жарнамалық девизімен қытайлықтардың төбе шашын тік тұрғызған сөйтсек, осы сөз түзелімі қытайша «Пепси» сіздердің бабаларыңызды көрден тік тұрғызады» деп ұғынылады екен.
Аты Pepsi-мен бірге аталатын Coca-Cola-да Аспан асты елінде масқарашылықтан қашып құтыла алмапты, атап айтсақ, «Кекукела» атты сусыны «балауыз құртын тісте» дегенді ұғындырады екен, содан кейін Coca-Cola осы сөз түзелімін «Коку Коле», яғни «ауыздағы бақыт» деп өзгертіп атауға мәжбүр болыпты.
American Airlines авиакомпаниясы өз ұшақтарының салонына тері орындықтар ортатып, өзімен көршілес мексикалықтарға ағылшыншасы Fly in Leather («Терімен ұш!») дегенді білдіретін атау қойса, онысы испан тілінде сөзбе-сөз ағылшын транскрипциясынсыз оқыған уақытта «Жалаңаштанып ұш!» деп ұғынылады екен. Масқара-ай! Қазақ бұндайды «былшығын алам деп, қылшығын алды» деп атамай ма!?
Coors өз сырасын тағы сол құрып қалғыр испан тілділерге Turn It Loose! («Бостан бол!») деп жарнамаласа онысы «Тышқақтан зардап шек!» болып шығып, тұтынушылар алдында беті бір күйіпті.
Құс етін өндіретін АҚШ-ғы Frank Purdue Компаниясыда испандарға өле масқара болыпты олардың It takes a strong man to make a tender chicken яғни дәлме-дәл аударғанда («Уылжыған балапанды әзірлеу үшін әлеуетті еркек керек») деп ұғынылатын сөз түземі атың өшкір испаншасында «Тауық уылжыған болуы үшін әйелқұмар еркек керек» деп ұғынылып ұятты жағдай тудырыпты.
Күлкі тудырудың бәрін жапон және америка бизнес өнімдеріне жапсыра бермей, «мақтаған қыз тойда бүлдіредінің» керін келтірген белгілі скандинавиялық тұрмыстық техника өндіруші Electrolux өз шаңсорғышын АҚШ нарығына Nothing Sucks Like an Electrolux – «Electrolux сияқты ешкім де сора алмайды» деп жарнамалап, масқарасы шығыпты.
Ресейдің РИА «Новости» жаңалықтар агенттігі – испанша «күлу» дегенді білдіріп, «Күлетін жаңалықтар» деп ұғынылады екен.
Енді аяңдап жақын тілдерге тоқталайық. Қырғыздың «маңқа қазақ» деген сөзі «сақау қазақ» дегенді ұқтырса, атақты жазушымыз С.Мұқановтың «Балуан Шолағы» өзбекшеге аударылғанда ала тақиялы ағайындар «Шолақ» («ақсақ») адам қалай күреседі деп айран асыр болыпты. Дұрысы өзбек тіліне аударушы «Балуан Молақ» деп аударуы керек еді.
Жарнаманы қазақ ұғым-түсінігіне бейімдеу үшін күресу керек. Орысшасы мен қазақшасы екі бөлек болса, ештеңке етпейді. Жарнаманы түзеу үшін әркім білгенін істеп, жарнама аудармасы үшін аудармашы іздеп жүгірмей, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер Одағы жанынан Slogan дайындайтын бөлімдер құрылып, оған елімізге келген өнімдер мен елімізде шығатын өнімдерді сатуға шығаратын компаниялар жарнама жасату үшін жүгінуі керек. Әйтпесе, калькаға қарық болып, тіліміздің ұсқынын кетіреміз.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz