Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3425 0 пікір 4 Маусым, 2013 сағат 18:12

Мемлекеттік органдар кез келген тұтынушы өз қаражатының қайда кетіп жатқанын көріп-біліп отыратын деңгейде жұмыс істеуі керек

Тоқтар Есіркепов, «Тұран» университеті жанындағы Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры, экономика ғылымының докторы, профессор:

 

Тоқтар Есіркепов, «Тұран» университеті жанындағы Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры, экономика ғылымының докторы, профессор:

 

– Тоқтар аға, әңгімемізді қоғамды тарықтырған тариф жайынан бастасақ. Соңғы кездері монополистердің бұл ретте асырасілтеушілікке жол беруі жо­ғары деңгейде де қатты сынға алы­нып жатыр. Жалпы, қызмет бағасы ұдайы өссе де, қызмет сапасын еш жақ­сарт­пайтын стратегиялық ком­па­ния­лар­дың бұл әрекетін қалай түсіндіруге болады?

– Еліміздегі электр энергиясы баға­сы­ның орташа өсімі басқа коммуналдық қыз­меттердің қымбаттауынан еселеп асып түседі екен. Сондықтан бұл арада энергия өн­діруші компаниялардың жайына кеңінен тоқ­тала кетейін. Жалпы, коммуналдық тө­лем­дердің қымбаттауын шенеуніктер мен мамандар осы салалардағы нысан мен жабдықтардың 70-80 пайызға тозығы же­туімен, оны жаңалау үшін қаражат тарту қажеттігінен туындап отыр деп түсіндіреді. Онысы дұрыс та. Бірақ тұтынушылар қал­та­сынан тартылып жатқан қаражат өз мақ­са­тына жұмсалып жатыр ма, оған бізде рес­ми түрде ешкім ашық жауап бере ал­май­ды. Мәселенің барлығы осы арадан туын­дайды. Мысалы, өкінішке қарай, біздегі тариф­тер­дің түзілуіне байланысты қандай да бір ақпаратты, тіпті Google – іздеу сайтынан да таба алмайсыз. Әрине, сол себепті бұл ретте қоғамдық ұйымдар, сарапшы мамандар өз алдына жеке зерттеу жүргізуге мәжбүр. Мысалы, «Қаз­пот­реб­над­зор» қоғамдық бірлестігі былтыр Таби­ғи монополияларды реттеу агенттігіне сауал жолдаған. Он­да­ғылар өткен жыл бойынша энергетика нысандарын жаңалау жұмысына 24,9 млн теңге (166 мың дол­лар) жұмсалғанын айт­қан. Ал осы жылғы акционерлерге төленген дивидент көлемі – 2 млрд теңге (13 млн дол­лардан астам), яғни энергетикалық ком­па­ниялардың жаңа­лау жұмысына бөлген қаражаты акцио­нерлер есепшотына түскен дивидент сомасынан 80 (!) пайызға аз. Мұ­ның барып тұрған бассыздық екенін Есеп комитеті де мәлімдеген.

Сол секілді мамандар арнайы зерт­теуінде мынадай қызық жайтқа тап болған: еліміз бойынша ең қымбат жылу беру қызметі қысынан жазы көп Алматы қала­сын­да екен. Логикалық тұрғыда мұның өзі ақыл­ға сыйымсыз ғой. Сұрау салсаңыз, мо­но­полистер өздері жүргізіп отырған тариф саясатынан қоғамды хабардар етуге міндетті емеспіз дегенді айтады. Сондықтан комму­нал­дық қызмет бағаларының не­гізді-негізді еместігін анықтау, шынымен де, қиын. Қалай дегенмен де моно­по­лис­тер­дің тариф­ті құру саясатын жілік-жілігіне бөліп түсіндіргісі келмеуінің астарында бір сыр бар, сөз жоқ, біздегі бағалар қолдан жа­салуда. Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселені бірқатар өңір басшысының бе­тіне басқан. Өткен жылдың 27 қара­ша­сында Мемлекет басшысы басшылығымен бар­лық деңгейдегі әкімдермен болған осы кеңесті қоры­тын­ды­лау­да ҚР Президентінің баспа­сөз хатшысы Дәурен Абаев:«Елбасы тарифті құру ісі ашық емес, сондықтан бұл арада күмән көп, жыл сайынғы тариф өсімі өз деңгейінде жүр­гі­зіл­мейді деп атап өтті. Мәселен, Павлодар облысында электр стан­сылары тарифті 1,5 есеге өсірген, ал ол жақтағы жабдықтардың ескіру көр­сет­кіші көбеймесе азайған жоқ. Ал Көк­ше­тау­дағы жергілікті монополистің 4 миллиард теңгеге бағаланған инвес­ти­ция­лық бағ­дарламасы электр желілеріндегі шы­ғынның небәрі 1 пайызын ғана жаба алған. Сон­дай-ақ Елбасы аймақ басшылары ком­му­налдық қызмет бойынша қарыздар кө­лемін төмен­дету тапсырмасын қа­да­ға­ла­майды. Бүгінгі таңда ол 7 миллиард теңгені құраған деп мәлімдеді», – деген еді.

Жалпы, тәуелсіз мемлекетті құру кезе­ңін­де ірі электр стансылар жекенің қо­лы­на өтті. Ал жекеменшік шаруа­шылықтар, ең ал­ды­мен, өз пайдасын ғана ойлайды. Біз қала­сақ та, қаламасақ та, бұл – заң­ды­лық. Сондықтан мемлекет оларды қатаң қада­ға­лауға алуы керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде осы жағы ақсап жатыр. Содан келіп, монополистер ойына келгенін жасап бағуда.

– Энергетика саласының арда­гер­ле­рі бірнеше жыл бойына аталған стра­тегиялық сала бойынша құзырлы ведомство құру керектігін айтып ке­леді. Алайда бұл идея осы күнге дейін жоғары жақтан қолдауға ие болмады. Соған қарағанда бүгінгі жағдайы қо­лай­­лы энергия өндіруші ком­па­ния­лар­дың билікте лобби тобы бар деп айтуға бола ма?

– ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2005 пен 2011 жылдар ара­лы­ғын­­да жарық құны орташа есеппен 118 пайызға қымбаттапты.

Осы жағынан алғанда, бұл жанама түрде Табиғи монополияны реттеуші агент­тік­тің, жергілікті әкімшіліктегілер және мәс­ли­хаттағылардың энергетикалық ком­па­ния­лар мүддесінің сойылын соғып отыр­ғанын анық байқатады деп ойлаймын. Демек, лобби топ бары рас, бірақ ол қан­дай дең­гейде, онысын дөп басып айта ал­май­мын.

Қоғамдағы Энергетика министрлігін құру туралы бастаманы толықтай қол­дай­мын. Тарифті түзу саясатын айтпағанның өзінде, жүйелі басқарусыз бұл саладағы қомақты қаржыландыруға ие мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағалау мүмкін емес. Бір-ақ мысал кел­тіре кетейін. 2030 жылға дейінгі электр энер­гетикасын дамыту бағдарламасында, мә­селен, 220 млн долларды құрайтын инвес­­тициялық міндеттемені алған АЕS компаниясы 2006-2010 жылдары қуаты 78 МВт-ты құрайтын Семей СЭС-ін салу туралы жоспар айтылады. Алайда келесі мем­ле­кеттік бағдарламаларда бұл мін­дет­теме жайында мүлде сөз қозғалмайды. Бірақ 2007-2015 жылдардағы электр энер­ге­тикасы саласын дамыту бағдар­ла­ма­сын­дағы жоспарда Шүлбі СЭС-ін қайта рет­теу­шісі болып табылатын қуаты 80 МВт-ты қам­титын Бұлақ СЭС-ін салу қажеттігі көр­се­тілген, алайда бұл арада енді ин­вес­тор ретінде АЕS-тің аты тіптен аталмайды. 2011-2014 жылдарға арналған соңғы сала­лық бағдарламада Бұлақ СЭС-і құры­лысы жөнінде бірауыз сөз жоқ. Сонда бұл не бол­ды деген заңды сауал туады. Бірақ оған жауап берейін деп жатқан бізде ешкім жоқ. Осы мәселені әрі қарай қаузасақ, мы­на­дай мәліметке тап боламыз: 2010 жылы Табиғи монополияларды реттеу аген­ттігі төра­ға­сы­ның орынбасары А.Шка­ру­па «АЕS 459 млн доллардың міндет­те­месін орындамады, оның ішінде Шүлбі СЭС-і бойынша – 396,59 млн доллар (орын­далмау деңгейі – 94,9%), Өскемен СЭС-і бойынша – 32,97 млн доллар (82,4%), Өскемен ЖЭС – 21 млн доллар (35%), Согрин жылу электр орта­лығы – 8,96 млн доллар (35,8%). АЕS-пен келі­сім­шарт 1997 жылы жасалған, барлық мәселе осы құжат негізінде қарас­ты­ры­ла­ды» деп мәлімдеген болатын. Бірақ келісім­шартта даулы мәселелерді Лон­дон­да­ғы сот қарайды деп көрсетілген, сон­дық­тан аш құлақтан тыныш құлақ деген біздегілер жа­булы қазанды жабулы күйінде қал­дыр­ған­ды дұрыс көрген секілді. Бұл арада шын­дықты шырылдап іздейтін құзырлы ве­домствомыз да жоқ. Ал ұрыс тұрған жер­де ырыс тұрмайтындығы белгілі емес пе...

– Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов мырза өткен жыл бойынша инвестициялық бағ­дар­ла­маны орындауға қатысты электр энер­гиясын өндіруші стансыларды тексеріп, осы нарық субъектілерінің инвес­ти­циялық міндеттемелерін орындау жағын бақылауды күшейту қажеттігін мә­лімдеп еді. Мұндай шара өз тиім­ді­лігін береді деп ойлайсыз ба?

– Қайрат Келімбетовтің бұл ұсынысын толықтай қуаттаймын. Сонымен қатар жалпы мемлекеттік бағдарламада, бірін­ші­ден, аталған бағдарламаның басты нұс­қау­ларын, әсіресе инвестициялық міндеттемені жүзеге асыру бойынша тоқсандық, жарты жылдық және жыл бойына тексеру жүр­гі­зілсін делінсе, екіншіден, оған стратегиялық нысандардың негізгі міндеттерін орын­дау­дағы жауапкершілікті қолдау жүйесі болуы керек, кез келген заңбұзушылық, асыра­сілтеушілік бірден ауыздықталып, оның екінші рет қайталануына жол бермейтін нормалар енгізілуі тиіс, үшіншіден, мем­ле­кеттік бағдарламаны жүзеге асыруды жеке бір шенеуніктердің тексеруіне жол бермеу қажет, төртіншіден, кез келген мемлекеттік бағдарлама, оның жүзеге асырылуы қоғамның, азаматтық қоғам өкілдерінің ұдайы назарында болуы керек.

Сол секілді қоғамда айтылып жүрген тағы мынадай ұсыныс бар. Модер­ни­за­циялау қарқыны жоспарға сай келетін компанияларға тарифті өсіруге рұқсат беру керек, ал өз міндеттерін толық атқара ал­май­­тын, алдарына қойылған талапты орын­дауға құлықсыз қалғандары бас­тап­қы­да жекешелендірілген бағасы бойынша ны­сан­дарын мемлекетке қайтарсын деген секілді. Меніңше, бұл әділ шешім болар еді.

Ал мемлекеттік органдар кез келген тұтынушы өз қаражатының қайда кетіп жатқанын көріп-біліп отыратын деңгейде жұмыс істеуі керек. Табиғи монополиялар қызметін тұтынушы азаматтық позициясын белсенді ұстанып, тариф жайындағы тал­қылауы бар қоғамдық тыңдалымдарға мін­детті түрде қатыстырылуы қажет.

– Баға қолдан жасалуда дедіңіз. Деген­мен бізде тариф түзу саясатына қа­тысты заңнамалар бар емес пе?..

– Елімізде электр энергиясы қуатын арт­ты­руды Үкімет инвестициялық тариф арқылы шешкісі келеді. Ал инвестициялық тариф дегеніміз не? Ол неден құралады? Тарифтің межелі деңгейі – бір жылға бел­гіленетін тарифтер. Тарифті бекітуге кәсіп­орынның қабылдаған инвестициялық бағ­дарламасы негіз болып табылады. Ин­вес­­тициялық бағдарламаны жүзеге асыру кезеңі тарифтің межелі деңгейінің іс-қимыл мерзімі болып саналады.

Табиғи монополияларды реттеу агент­ті­гінің есебіне сүйенсек, 2009 жылы бізде 600-ден астам инвестициялық бағдарлама бекітіліпті, межелі тариф бойынша жұмыс істейтін табиғи монополия субъектілерінің саны 59-ға жеткен, олардың инвестициялық тариф негізінде жоспарға қосқаны 407,5 млрд теңгені құраған, ресми түрде бұл – 507,3 млрд теңге немесе 3,4 млрд доллар. Қарапайым тілмен айтқанда, тұтынушы электр қуатының ақшасын төлеуде оған инвестициялық тариф те еніп кетеді, яғни пайдаланған токтан тыс бүгінге дейін қазақстандықтар инвестициялық тариф атауында 507,3 млрд теңге қосымша қаражатты энергия өндіруші компанияларға жинап беріп отыр. Өз кезегінде олар бұл қаражатты модернизацияға, яғни нысан­дарын жаңалауға, жаңа стансылар салуға жұмсауы тиіс. Бірақ бүгінгі таңда бұл салада бірде-бір жаңа нысанды көріп отырғанымыз жоқ. Иә, Мойнақ СЭС-і құрылысы аяғына жетіп қалды. Балқаш ЖЭС-і салынғалы жатыр. Алайда мұның барлығы – таяу бола­шақ­тың еншісіндегі дүние. Ал бүгін не бар?.. Ештеңе де. Ал осындай қомақты қаржыға кенеліп отырған, бүгінде өз есебінен инвестиция жасауға мәжбүр тұтынушы тіпті олардан есеп те сұрай алмайды.

Расында, бізде тарифтер ұдайы өсіп, өз деңгейін арттыра береді. Бірақ осы өсім ғылыми негізде жасалып жатқан жоқ. Көбіне мұндайда монополистер «түйе сұра­саң, бие береді» деген қасаң қағидаға жүгі­неді. Басқа ештеңе де емес. Бұл арада, өкініштісі, билік тұтқасын ұстағандар олар­дың көңілін қалдырмайды, барлық мәселені тұтынушы есебінен шешіп бере салады. Сондай-ақ әлі күнге дейін электр энергиясы қызметінің қымбаттауынан түскен табыстар қайда кетіп жатқандығы туралы ақпарат қоғам үшін жабық қалып отыр. Бұл саладағы жүйелі емес, кездейсоқ тексерудің өзі өрес­кел заңбұзушылықтарды анықтауда.

– Демек, мәселенің барлығы заң­на­ма­дан туындап жатыр ғой...

– Мұның барлығы қадағалау мен бақылаудың жоқтығынан туындап жатыр. Осы жағы заңнамада ескерілмеген. Жалпы, инвестициялық тариф институтындағы инвесторды белгілеуде лоббиге жол беріліп, инвестор болуы тиіс тұтынушы орнына ақшаны салушы емес, оны жұмсаушы энер­гетикалық компаниялар аталып кеткен. Бұл дұрыс емес. Бұған тоқталмастан бұрын, бүгінгі таңда Мәжіліс қабырғасында қарастырылып жатқан монополистерді тексеруді талап ететін «Мемлекеттік қада­ғалау мен бақылау туралы» заң жобасын сөз ете кетсем деймін. Бұл арада халық қалау­лылары мыналарды ескерсе деген тілек бар: жекешелендіру уақытын, Қазақстанның энер­гетикалық секторын дамыту және қыз­мет ету кезеңін сараптау барысында мына­дай теріс құбылыстар анықталады. Электр энергиясын өндіруші нысандарды жеке­ше­лен­діріп алғанда, оның қожайындары нысандарды жаңалауды, жаңасын салуды өз міндетіне алды. Тағы қайталап айтамын, бұл бағытта ауыз толтырып айтатындай іс-қимыл жасалған жоқ, сөз барысында келтірген бір-ақ мысалдың негізі – АЕS-тің жайы анадай. Негізінен, электр қуатын арттыруға монополистер мүдделі болуы керек. Табыс тұрғысында. Дегенмен олар жанын бұлайша қинамай тұтынушы қал­та­сына қол салғанды жөн көреді. Олар өз міндеттемелерін орындамақ түгіл, қол­да­ныс­тағы экологиялық, тұтынушылар құқығы жөніндегі, электр энергетикасы секторының қызметін реттеуші заңнамаларды өрескел бұзып жатыр. Бұған Үкімет те бүгінге дейін көзжұма қарап келеді. Ал инвестициялық тариф міндеттемелері өз мақсатына жұм­салып жатқан жоқ, оны қоғам бақылай да алмай отыр. Бәрінен бұрын, инвестициялық тариф өсімі халық табысының өсіміне қарағанда жоғары қарқынмен жүргізілуде. Әлеуметтік осал топтар бұдан белгілі бір деңгейде зардап шегіп, салдарынан инвес­ти­циялық тариф өсімі Қазақстан халқының өмір деңгейі мен сапасын нашарлатуға ықпал етуде.

Энергетикалық компаниялар капиталды көп қажет ететіндігі белгілі. Алайда отандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай компаниялар қажетті ресурсты қаржы нары­ғынан, әсіресе қор биржасынан тартқан жайтты байқаған емеспіз. Энергетикалық компаниялардың меншігі қаржылық-өндірістік топтарға жатады. Бірнеше жыл бұрын Елбасымыз ел экономикасын дамыту мәселесін бөліп қарастыратын 10 қар­жы­лық-өндірістік топ туралы айтқан еді. Алайда біздегі қаржылық-өндірістік топтар осы күнге дейін жартылай жабық құрылым болып келеді. Осы топтардың мемлекет жә­не Қазақстан азаматтары мүддесімен жара­сым­ды үйлесетін қызметін реттейтін қар­жылық-өндірістік топ туралы заң да бізде қабылданған жоқ. Пайымдауымша, мұндай теріс жағдайдың қалыптасуына мемлекеттік меншікті жекешелендіруде бизнес пен шенеуніктер мүддесінің тоқайласуынан туындаған секілді. Алабөтен жеке­ше­лен­дірудің салдарын жою үшін бізге меншіктің заңды өкілеттілігін бекітетін уақыт жетті деп ойлаймын. Бір аттас мұндай заңның қабыл­дануы Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру­дағы нық және әділ қадамымыз болар еді.

– Инвестициялық тариф институты жайына оралсақ, осы бағыттағы заң­на­малар да түзеп-күзеуді қажет ете ме?

– Бұл арада инвестиция құюды міндеттеу арқылы ел азаматтарын ықтиярынан тыс инвестор етіп отыр. Құқықтық әрі дамыған санаткерлік меншік институттары бар мемлекетте бұл арада инвестордың құқығы заңмен белгіленбеуі таңғалдырады. Негі­зінен, электр қызметіне төлем жасаудың меншік иесі ретінде тұтынушы энергетикалық компаниялардың акционерлері атануы керек. Өйткені бұл арада тек энергияны пайдалану шығыны туралы сөз болып отырған жоқ қой, энергетикалық компа­ния­лардың негізгі құрал-жабдықтарын, ныса­нын жаңалау және жөндеу жұмыстарына инвестициялық тариф негізінде тартылатын инвестиция жайында мәселе қозғалады. Демек, әлгі тұтынушыдан алынған қосымша қаражат модернизациялауға жұмсалуда жаңа электр қуатын құруға ықпал етеді, компанияның акционерлік капиталын, активін арттырады. Осы жағынан алғанда, аталған заңнамаға өзгеріс енгізіп, «инвестор – электр қуатын тұтынушы» деп түсініктеме беру керек. Мұндай жағдайда инвестиция жасаған тұтынушы энергетикалық компа­ния­ның акционері атануы тиіс. Себебі инвес­тициялық тарифті энергетикалық ком­паниялардың меншік иесі ретінде акционер «қалтасынан» шығармайды, оны энер­ге­ти­калық ресурсты тұтынушы халық төлейді.

Егер санаспай бізді инвестор жасаған екен, онда монополистер акционер ретінде де бізді ресми түрде мойындасын! Қол­да­ныс­тағы заңнама және басқа да инве­с­ти­циялық тарифке байланысты құқықтық-нормалық актілер бұл арада кім инвестор екенін анық ашып бере алмайды. Бірақ бір-біріне сілтенген нормалардан инвестордың энергетикалық компания екенін түсініп алуға болады. Мұндай заңнама Конс­ти­туциямызға қайшы және халықтың мүддесін ашықтан-ашық таптау болып табылады. Түйіндеп айтқанда, «инвестициялық тариф» институтының іс-қимылы қазіргі моно­по­лис­тердің заңсыз баюына бағытталып отыр.

– Демек, 2015 жылға дейін белгі­лен­ген инвестициялық тарифті қамтитын салалық заңның күшін жою керек пе?

– Таяуда бұл туралы Үкімет басшысына отандық басылым арқылы былайша мәлімдеме жасағанбыз: энергия өндіруші компаниялардың ұпайына қарай белгілі бір лобби топтың іс-қимылынан туындаған еліміздегі бұл келеңсіз жайтты түзеу үшін, біріншіден, Конституциялық Кеңеске ша­ғым­данған дұрыс, бұл арада «инвес­ти­ция­лық тариф» деп аталатын негізгі ережелер ҚР Конституциясы нормаларына сәйкес­ті­гіне баса назар аударылғаны дұрыс. Екін­шіден, «инвестициялық тарифпен» бай­ла­нысты барлық заңнамалар, өзге де құқық­тық-нормативтік актілердің күшін тоқтату керек. Үшіншіден, тоқтатылған заң­на­малардың орнына аталған институттың нақты бет-бейнесін ашып көрсететін жаңасын қабылдау қажет. Ол заң «Көзсіз күнелтсең де, көпсіз күнелте алмайсың» дегенді монополистерге жақсылап сездіре алатын қауқарда болуы тиіс.

– Ал жаңа заң жобасында қандай мәселелерге басымдық берілуі тиіс?

– Негізінен, біздегі барлық энер­ге­тикалық компания акционерлік қоғам ретінде құрылымдалуы керек. Ол үшін ҚР «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңына барлық стратегиялық объектілерді, оның ішінде энергия өндірушілерді де акцио­нерлік қоғам етіп құру мақсатында өзгеріс пен түзетулер енгізілуі тиіс. Ал АҚ ретінде құрылған энергетикалық компанияларды халықтық акционерлік қоғам деп жариялау керек. Қолданыстағы заңнамада мұны жүзеге асыратын норма бар. Осылайша, халық­тық акционерлік қоғам болып жарияланған энергетикалық компаниялар өз акциясына жазылу жүретінін жариялауы тиіс. Ол үшін қор нарығына инвестициялық тариф сомасына сай қосымша акция эмиссиясын шығаруы керек. Қор биржасына қойылған бұл акциялар энергия қуатын тұтынушыларға төлем сомаларына қарай есептеліп, тегін берілуі қажет. Мемлекет басшысының «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде халық, яғни тұтынушылар энер­гия өндіруші компаниялардың акционері бола алар еді. Жалпы, былтыр іске қосылған аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі екі жолы бар: біріншісі –Үкіметтің белгілеген бағдарламасы бойын­ша отандық қор биржасына шығып жатқан «Қазтрансойл» АҚ, КEGOC АҚ секілді эми­тенттер десек, екіншісі – іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан, бірақ заң­дас­ты­рыл­маған, халықты нағыз акционер жасауға толықтай негізі бар, осы сөз етіп отырған ұсыны­сы­мыздың аясында қолдансақ, бұл мемлекетке де, халыққа да тиімді іс болар еді. Бұл арада еліміздің энергетикалық компаниялары мысалында ұсынысымызды жеткізіп отырмыз. Негізінен, ол инвес­ти­циялық тариф бекітілген еліміздегі барлық комму­нал­дық шаруашылық секторымен тығыз байланысты. Демек, инвестициялық тариф төлеп отырған барлық секторда тұты­нушы акционер болуы тиіс. Жалпы, Елба­сы­мыз халық акционер болсын деп отыр. Міне, біз айтқан ұсыныста осыған нақты мүмкіндік бар.

– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058