Ән аға және ақын Нәжімеденов
Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің осыдан жарты ғасыр шамасы бұрын жазылған «Менің Қазақстаным» әні уақыт сынынан өтіп, халықтың қалауымен 2006 жылдың қаңтарында дүйім қазақ елінің әнұранына айналды. Ән өлеңнің мәтініне уақыт пен тәуелсіздік талабына сай тиісті өзгерістерді өз қолымен енгізгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны етіп қабылдау туралы ұсынысты ел Парламентіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған болатын. «Менің Қазақстаным» әні, бір замандағы «Елім-ай» сияқты, дәуір тудырған тағдырлы ән. Оның шығу тарихын зерделеген салиқалы еңбектер дүниеге келуде. Солардың бірі – қарағандылық заң қызметкері Марат Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты деректі эссе-толғамдар кітабы. Ал біртуар Шәмшінің іні досы, көп жылдар бойы аралас-құралас болып, сан сырды көкейіне түйген белгілі қаламгер Еркінбай Әкімқұловтың «Ән патшасы Қалдаяқов» атты роман-эссесінен де елдің осы бас рәмізі хақында алар тағылым аз емес. Біз осы екі автордан «Менің Қазақстаным» әніне себеп болған жайлар туралы өз пайымдарын айтып берулерін өтінген едік.
Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің осыдан жарты ғасыр шамасы бұрын жазылған «Менің Қазақстаным» әні уақыт сынынан өтіп, халықтың қалауымен 2006 жылдың қаңтарында дүйім қазақ елінің әнұранына айналды. Ән өлеңнің мәтініне уақыт пен тәуелсіздік талабына сай тиісті өзгерістерді өз қолымен енгізгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны етіп қабылдау туралы ұсынысты ел Парламентіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған болатын. «Менің Қазақстаным» әні, бір замандағы «Елім-ай» сияқты, дәуір тудырған тағдырлы ән. Оның шығу тарихын зерделеген салиқалы еңбектер дүниеге келуде. Солардың бірі – қарағандылық заң қызметкері Марат Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты деректі эссе-толғамдар кітабы. Ал біртуар Шәмшінің іні досы, көп жылдар бойы аралас-құралас болып, сан сырды көкейіне түйген белгілі қаламгер Еркінбай Әкімқұловтың «Ән патшасы Қалдаяқов» атты роман-эссесінен де елдің осы бас рәмізі хақында алар тағылым аз емес. Біз осы екі автордан «Менің Қазақстаным» әніне себеп болған жайлар туралы өз пайымдарын айтып берулерін өтінген едік.
Марат АЗБАНБАЕВ: – Қарағанды елі Қасым Аманжолов сияқты, Жұмекен Нәжімеденовті де өзінің тума перзенті санайды, оның ұлттың ұлы ақыны дәрежесіне көтерілгенін және Мемлекеттік әнұран авторларының бірі болғанын мақтаныш етеді. Себебі, Жұмекен Қарағандыға 1955 жылдың қыркүйегінде комсомолдық жолдамамен келіп, көмір шахтасында еңбек жолын бастайды. Көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық байқауының Мәскеудегі қорытынды концертінде КОКП XX съезі делегаттарының алдында күй тартып, «Қараторғай» әнін шырқайды. Өмірмен етене танысады, тың игерудің тынысына қанығады, Қазақстанның алғашқы миллиард пұт астығы мен туына тағылған алғашқы орденін де көреді, кеудесіне ұлттық намыс-жігер ұялатады. Кәсіподақ жетекшісі, мықты қазақ Әукебай Кенжиннің қамқорлық көмегімен Алматыға, консерваторияға аттанады. Осында тағдыр сыйына кезігіп, болашақ сазгер Шәмшімен табысып, достасады.
Иә, Қарағандының еңбек мектебінен тұңғыш Президентіміз шыңдалып шықты. Қарағанды топырағынан тұңғыш ғарышкеріміз жаратылды. Тұңғыш ұлттық әнұран да Қарағанды қазанында қайнады деуге негіз бар. Өйткені, Жұмекеннің өмірлік жары Нәсіп апайдың айтуынша, «Менің Қазақстаным» әні мәтінінің екі шумағы Қарағандыда, 1956 жылы жазылыпты. «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деп басталатын бұл шумақтар сарғыш тартқан парақтарда Жұмекеннің Мәскеуден әкелген, болашақ туымыз түстес көгілдір шабаданында Нәсіп сыйлаған кестелі ақ орамалмен бірге сақталыпты. Ал көп уақыт айтылмай жүрген үшінші шумақты Нәсіп апай Қазақ радиосының алтын қорынан 2001 жылы жаздыртып алды. «Айнала қарасам, Асықты жүрегім. Заманға жарасам, Жарасып тұр елім. Біздің ел орденді, Көтерді туларын. Елмен ол тербелді, Тербеле жырладым».
Мұнда елдің ерлік және еңбек қуанышы көрсетілді. Бәрі 1956 жыл оқиғаларына сай келеді. Қазақ жерін бөлшектеу де сол кезде орын алған. Консерваторияда тәңірім табыстырған досы Шәмші де осындай идея ұсынып, ол әнді марш әуенімен жазған. Дегенмен, өлеңнің өз музыкасы, өзіндік дыбыс үйлестігі мен өзгеше гармониясы бар. Ең ғажабы, Шәмші мен Жұмекендей қос таланттың консерваторияға бір жылы түсіп, қазақтың рухын асқақтатар ғажайып ән туғызғаны. Ән Қазақ радиосынан алғаш рет 1959 жылы орындалған. Ән қайырмасында ақын мына ел мен жер маған тән, менікі дейді. Поэзия мен музыка үйлесе құйылып, осынау ел мен жер үшін гүл болып егіліп, жыр болып төгіледі. Мәңгілік ел үшін. Ешкімнің еншісі жоқ өзінің Қазақстаны үшін. Эмоциялық әсері ғажап. Сезім мен санаға тікелей жол салып, жан тебірентеді. Желтоқсаншылардың осы әнді неге шырқағаны енді түсінікті. Сөзі мен сазы бірдей үйлескен бұл ән қазақ ұлтының рухын паш етеді. Осы ән айтылғанда бәріміз бірігіп кетеміз. Бұл – бірлік әні. Қазақстандық патриотизм мұратына қызмет етіп келген ән. Байырғы қазақ жерінде мемлекет құрып отырған ел азаматтарын еркіндік, теңдік, татулыққа шақыратын ән. Нысанасы – ұлттық рухты көтеру. Өзегінде туған халқына, еліне деген зор сүйіскеншілік жатыр. «Менің Қазақстаным» әні осындай ұлттық идея ұсынды.
Сазына келер болсақ, марштық қажырлы, жалынды жігер, қайратты, рухты сезімдерді бере алатын әуездік екпін. Әннің әрбір иірімі мінезіне сай бастан аяқ екпінді әуеннен ауытқымайды. Екі дауысқа арналған қайырмаға шарықтау шегі дөп келеді. Жалпы, ән құрылымы ақынның әрбір сөзінің астарын, мәнін дәл аша білген. Сөйтіп, жалынды өлең мен музыкалық мәтін бір-бірімен жымдаса үйлесіп, қазақ топырағында ешбір әнге ұқсамас асқақ та ғажайып шығарма туған.
Міне, осынау әнге ықыласы түскен халқының қалауына Елбасы зор құрметпен қарады. «Еліміздің қай түкпіріне барсам да «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқағанының талай рет куәсі болдым. Бұл мен ғана емес, қазақстандықтардың сан буыны әлдеқашан білетін шындық. Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін» деп кесімді сөзін айтты.
Әлбетте, әнұран ретінде қабылдау үшін мәтінге өзгерістер енгізбей болмайтын еді. Сөйтіп, жаңа нұсқада ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілді, ата-бабалардан қалған асыл мұра – жеріміздің кең-байтақтығы паш етілді. Одан әрі ел мен жер байлығы ұрпақтардың болашағына жарқын жол ашатыны көрініс тапты. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің алтын діңгегі – ел бірлігі әспеттелді. Халқының қасиетін қапысыз ұққан ақылман да ақынжанды Президентіміз осындай өзгерістерді тікелей өзі енгізіп, Парламент талқысына, музыкалық редакциясын сақтай отырып, мәтіннің жаңа нұсқасын ұсынды. Сонымен бірге, авторлыққа ешбір таласы жоқтығын білдірді. Елбасы мұраты – биіктерге беттеген туған елінің әлі талай буыны асқақтата шырқайтын, Қазақстанның бүгінгі келбетіне сай әнұран қабылдануы еді. Иншалла, солай болды да!
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ: – Шәкең «Менің Қазақстаным» марш әнін қалай шығарғанын өз аузынан талай мәрте айтқан еді. Ол былай болған. Енді Шәмшіні тыңдайық.
– Сталинді табалап, сүйегін мавзолейден алып, қара жер қойнауына көмген Хрущев қазақ жеріне қырғидай тиді. Қазақстанның солтүстіктегі 5 облысының басын біріктіріп, тың өлкесін құрды. Бұл 1961 жыл болатын. «Түбінде ол өлкені Россияға қосады» деген сөз шықты. Бұл не деген сұмдық! Қазақ жерін талан-таражға салуға, бөлшектеуге бола ма? Ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұрпақтарына қалдырып кеткен ұлан-байтақ даласын кімдер таптамақ?
Көкірегінде намысы бар, қазақ деген қаны бар әрбір азамат: «Бұл – менің Қазақстаным!» деп ту ұстап ұрандап көтеріліске шығуға тиіс. Қан қызды, көзден парлап жас ақты. Ал, менің қолымнан не келеді? Әуелі өзіңнен басташы, Шәмші! Қалдаяқ ұстаның композитор боп туған баласы! Жүрегіңдегі отың, жаныңдағы жалының қайда? Жаман қатынның жанында жантайып жата бермексің бе? Тұр, орныңнан! Бір өзің бір армиядай көтеріл… Марш… Марш жаз! Маршты кіммен, қалай жазамын? Марштың сөзін кім жазбақ? Ә-ә! Таптым, таптым! Оны бір жазса, консерваторияда оқитын талантты таныс дос інім Жұмекен… Жұмекен Нәжімеденов жазады. Бәлкім, басқа бір ақын… Тұманбай, Қадыр, Әбекең – Әбділдә Тәжібаев, Сырбай, Жұбан ағалар… Жоқ, өзгелерін қоя тұрайын. Жұмекеннен бастайын.
Іздеп жүріп таптым. Үйіне бардым. Бар жағдайды айтып, сырымды аштым. «Менің Қазақстаным» деген жерін жаулардан қорғайтын бір марш жазайық», – дедім.
Жұмекен жымиып, әдеттегісіндей мырс етіп күлді. Асығып, аптыққан жоқ. Мен одан төрт-бес жас үлкенмін.
– Жөн ғой, Шәке! Жөн-ақ. Бірақ онымен көсемдердің қытығына тиіп жүрмейміз бе? Айқайлау – артты жырту боп шықса қайтеміз?
– Қорықпа, бауырым, қорықпа. Ешкім бізді еліңді қорғадың, Қазақстанды мақтадың деп түрмеге тықпас. Әуелі ән жазайық. Қалғанын көре жатармыз. 7 қараша. Үлкен мерекенің қарсаңы болатын. 5-інен бастап бел шешпей 7 күн, 11 қарашаға дейін қалам-қағаз, нота, домбыра, мандол, пианиноға жабыстық. Ара-арасында дем алып, бой жазып қоямыз. Не керек, қатты еңбектендік. Алдымен, «Тара-рай, тара-рай, тара-рай» деп жігерленіп, тасып, шалқып мен кетемін. Жан күйімді мысықша аңдып, қағаз шұқылап Жұмекен отыр. «Келе жатыр, келе жатыр» дейміз шаттанып, қуанып:
– Алтын күн аспаны…
– Иә, иә: Алтын күн аспаны.
– Алтын дән даласы…
– Алтын дән даласы.
Осылай қайталай береміз, қайталай береміз.
– Менің елім, менің елім.
– Менің елім, менің елім.
– Думанды бастады,
Далама қарашы.
– Туған жерім менің, Қазақстаным.
Ой, дөңгеленген дүние-ай! Айналайын сенен. Ән туды ғой! Ән туды. Марш келді ғой әлемге. Дүңкілдеген, тарсылдаған, сартылдаған! Бұл миллион қол, миллион аяқтың жүрісі ғой. Бұл елін сүйген, жерін сүйген азаматтардың аяқ басулары ғой. Бұл – намыстың, ардың әні ғой. Жайдан-жай, тектен-тек айта алмайсыз. Мұны шырқағанда кеудеңді мақтаныш кернеп, өзіңнің адам екеніңді, қазақ екеніңді мұқым айналаға жар салып ұрандауың керек. Біз – айнымас өжет ұлтпыз. Ешкімге бір сүйем жер бермейміз. Елімнің шекарасынан ешбір жауды өткізбейміз. Әлемге мықтылығымызды танытамыз. «Дән егіп терлеген қазағым мықты ғой. Сағымды далам бар, сабырлы көлім бар. Қараңдар, жарандар, осындай елім бар». Бітті. Шықты.
Жұмекен екеуміз құшырлана құшақтасып, айды аспанға шығардық. Қуанышымызда шек жоқ. Мәз болып, бір-бірімізді жұлқыладық. Ішіміз бір босап қалды.
«Менің Қазақстаным» осылай туып еді. Радиодан берілді. Алғашқы орындаушысы – Жамал апамыз! Омарова!
Қазақ даласы, Қазақ елі қуаныш, шаттыққа бөленгендей болды.
Жазып алған
Қорғанбек АМАНЖОЛ
Abai.kz