Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2489 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 06:59

«Аю» құбыжық түс көріп оянды

2009 жылдың 15 мамыры әлем тарихына енетін күн болатын шығар. Өйткені бұл күні Ресей қатаң цензураға қайтып оралды. Нақтырақ айтсақ, РФ басшысы Дмитрий Медведев «Ресей мүддесіне қайшы тарихты бұрмалау әрекеттеріне қарсы тұру жөніндегі комиссия құру туралы» жарлығын жариялады. Осы жарлықпен аталған комиссия жөніндегі ереже мен оның құрамы да қоса бекітілді.
Бұл не деген комиссия деп сұрайсыз ғой? Медведев қол қойған нөмірі 549 жарлықта комиссияның басты міндеті болып:
- Ресей мүддесіне қайшы мақсатта жасалып жатқан тарихи фактілер мен оқиғаларды бұрмалау әрекеттеріне қарсы тұру стратегиясын жасақтау;
- Ресей мүддесіне қайшы мақсатта жасалып жатқан тарихи фактілер мен оқиғаларды бұрмалау әрекеттеріне қарсы тұру мақсатында нақты шараларды іске асыру туралы Ресей президентіне нақты ұсыныстар жасау;
- Ресейдің федералдық мемлекеттік билік органдарының, Ресей аймақтарының билік органдары мен ұйымдарының осы бағыттағы жұмысын үйлестіру және оларға нақты ұсыныстар беру;
- Ресей мүддесіне қайшы мақсатта жасалып жатқан тарихи фактілер мен оқиғаларды бұрмалау әрекеттеріне тиісті жауап беру және осындай әрекеттердің тигізер кері әсерін азайту туралы ұсыныстар дайындау анықталған.

Жүктелген міндеттерді іске асыру үшін комиссия барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпараттарды талап етуге, өз отырыстарына барлық саладағы мамандар мен басшыларды шақыртып, олардың есебін тыңдауға құқылы. Осы комиссияның жұмысына қатысты ұйымдастырушылық, ақпараттық және құжаттамалық мәселелерді шешу, қамтамасыз ету Ресейдің Білім және ғылым министрлігіне жүктеліпті. Нобайы комиссияның құрамына 28 адам кірген. Олардың ішінде тарихи мамандық алғаны мен тарихи институттарды басқарып отырғандарының қарасы алты-ақ адам. Қалғаны кілең ығайлар мен сығайлар: президент әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, министрлер, олардың орынбасарлары, арнайы қызметтердің басшылары, Думаның депутаттары. Бұл Комиссияның ойыншық нәрсе емес екенін оның төрағасы болып Ресей президенті әкімшілігінің басшысы Сергей Нарышкиннің тағайындалуынан-ақ түсінуге болады.
Сонымен ресей тарихын бұрмалау әрекеттеріне қарсы  комиссияның құрылуының артында не тұр?
Ең алдымен комиссия ешқандай да ғылыми емес, саяси ұйым. Оның басты мақсаты Ресейдің өз ішінде бірізді, бірбағытты тарихи тұжырымдаманы, көзқарасты қалыптастырып, оған қайшы келер кез-келген еркін ой мен тарихи шындыққа негізделген еңбектердің дүниеге келуіне жол бермеу! Яғни Ресей өзінің империялық, тоталитарлық, астамшыл саясатын жалғастыра береді деген сөз. Бұл, әсіресе, Ресейдегі татар, башқұрт сияқты біздің бауырларымыздың ұлттық жаңғыруына, өздерінің ұлттық тарихтарын зерттеуіне, зерделеуіне кері әсерін тигізеді. Мысалы, бүгіннің өзінде жиырмасыншы ғасырдың басында түрік халықтары көсемдерінің бірі Ахмет Заки Валидиге арналған бірнеше еңбектер «фашизмның насихаты» деп айыпталып жатыр.
Қорыта келсек, Ресей баяғы тоталитарлық замандағы институттарды қалпына келтіріп, тарихи білім мен ғылымға цензура орнатуға кірісті. Бұл «мемлекеттік» идеология мен үрдістерге қайшы келетін әрбір оқулық, әрбір зерттеу қаржыландыру көздерінен, басылып шығу, таратылу мүмкіндігінен айрылады деген сөз. Барлық ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындары тек қана «мемлекеттік» көзқарастарды айтып, соларды насихаттауға міндеттелетін болады. Ал Ресей Думасында «тарихты бұрмалау әрекеттері үшін қылмыстық жаза қолдану, айыппұл салу» туралы заң жобасының жатқанын ескерсек, ресейлік «мемлекеттік емес» көзқарастағы тәуелсіз тарихшылар мен зерттеушілердің күні қараң болмақ.
«Тарихты бұрмалау» демекші бұл комиссияның жұмысы соңғы кезде Ресейдің ескі сырқатын қоздырып, орыс атаулының барлығын «ең керемет», «ең көне», «ең мықты» етіп дәріптейтін даңғазалыққа еш қауіпін төндіріп отырған жоқ. Керісінше, осындай жалған, ғылыми негізі жоқ тұжырымдамаларды ұстанып отырғандардың жұлдызы жанатын секілді. Мысалы, «барлық ұлттар мен ұлыстар орыстан тараған», «барлық тілдер мен әліпбилер орыстан алынған» деген сияқты бүгінгі күні күлкі тудырып бастаған ресейлік ғалымдардың «ізденістері» ертең Ресейдің «ресми тарихына» айналып кетсе ешқайсымыз таң қалмайтын шығармыз.
Тағы бір ескеретін жайт, әлгіндей комиссия құру арқылы Ресей өзінің ақпараттық, саяси мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бұрынғы КСРО-ға мүше болған елдерді қырына алып, айтқанынан шығармауға тырысады. Украинаның Голодомор, Қазақстанның Зұлмат, Балтық жағалауы елдерінің «кеңестік оккупация» туралы ізденістеріне барынша тойтарыс беріп, осы мәселелермен айналысып, індете зерттеп жүрген ғалымдарға «тиісті» (жарлықта – «адекватный» делінген) жауап беру көзделініп отыр. Отызыншы жылдардағы сталиндік саяси құғын-сүргіндер, патшалық және кеңестік отарлау тақырыптарына «тыйым» салынады, оларды зерттеп жүргендердің барлығы «орыс атаулының жауы», «сатқын», «есуас», «кемтар» деп танылады. Бұл мақсатта Ресей өз мұрағаттарын шетелдіктер үшін мүлдем жауып тастауы да ықтимал. Ресей «мүддесіне» қайшы көзқараста жүрген шетел ғалымдарын өз жеріне жолатпай қоюы да ғажап емес. Басқаша айтсақ, ондай адамдарды «персона нон грата» деп танып, виза бермеуі әбден мүмкін. Болашақта бұндай саясат тіпті мемлекетаралық жанжалдардың өршуіне жол бермесіне кім кепіл? Мәселен, цензура үшін құрылған  «тарихи комиссия» өз отырысында «Грузияның не Украинаның шекарасы дұрыс белгіленбеген, олар Ресейге белгілі бір жерлерді қайтаруы тиіс» деп ұйғарса ше? Осы әңгімелерді қазақ жеріне қаратып айтса ше? Айтып қана қоймай, тиісті ізденіс жүргізіп, болашақ «территориялық талаптардың» негізін жасақтаса ше? Сонда біз не істейміз?
Осы сауалдарға байланысты қазақ билігі, зиялы қауымы тап бүгіннен бастап мықтап ойлануы тиіс. Біз өз тарихымызды өзіміз зерттейміз бе, әлде кешегі отаршылардың қолына қайта беріп қоямыз ба? Біз өзіміздің тәуелсіз мемлекеттігімізді баянды ететін, оған тұғыр, тірек бола алатын шынайы тарихты жазып шығамыз ба, әлде кешегі кеңестік және бүгінгі ресейлік тұжырымдамалар мен методологияны азық қылып жүре береміз бе? Егер біз өзіміздің мемлектімізді, жерімізді аман сақтап қаламыз десек, онда бүгіннен бастап ұлттық тарихи мектептің бүгіні мен болашақ болмысына қатысты нақты шешімдер мен батыл қадамдарға баруға тиіспіз! Билігіміз, жалпы элитамыз «Ресей», «Кремль», «Еуразия» деген сөздерді естісе болды, қол-аяқтары қалтырап, буындары босайтын ауруларынан айығуы керек! Билік ең алдымен жетпіс пайызға жақындап қалған ұлтына арқа сүйеп, соның сойылын соғып, соның сөзін айтуы тиіс! Қыс келгенде апан қазып, қалың ұйқыға шомып, неше түрлі құбыжық түс көріп жатқан аю секілді Ресей біздерге сенімді серіктес бола қоймас, сірә...

Айдос Сарым, «Абай-информ»

0 пікір