Дулат Аманжол. Ғарыштық индустрия: қазақ қашанғы ұтыла бермек?
Білесіз. Осыдан сегіз күн бұрын. 08:38. Он жеті секундтан кейін жерге құлап, жарылып кетті. Байқоңырдан ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран-тасығышы жеріне жетпей өртенді. Тікелей эфирде. Қозғалтқыштар тиісті режимге бағынбады ма, әлде басқару жүйесі мен қозғалтқыш қондырғысы істен шығып кетті ме, белгісіз нақты себебі. Анығы – жойқын апат орын алды. Қара түтін. У.
115 миллион доллары өртеніп кетсе де...
АҚШ-та немесе Францияда зымыран құласа, прайм-таймда жұртшылыққа конструктивті видео көрсетіледі. Елдің үрейін басу үшін. Бүге-шегесіне дейін. 0,001 қалдырмай. Ең бастысы, халыққа түсінікті тілмен. «Глонасс», «токсин», «гептил», «навигация», «спутник», «тотықтандырғыш», «үдеткіш» сияқты терминологиямен әлеуметтің басын қатырмайды. «Роскосмоста», «Қазғарышта» отырып алып, «ешқандай зиян жоқ» деп қысқа қайырмайды. Барлық сала мамандары жабылып, қауіп жоқтығын қарапайым тілмен түсіндіріп, залалсыздығын детальді түрде көрсетуі тиіс халыққа. Зымыран банан емес, гептил мен амил әтір емес өйткені. У. Ал жерге құлаған зымыран тасығышында 5 миллиграмм емес, 500 тоннадай улы компонент болса. Ресейдің ғарыш саясатындағы амбициялары адыра қалсын, жұртшылықтың денсаулығы тұрғанда. Ғарыш айлағы үшін жылына төлейтін 115 млн доллары өртеніп кетсе де, қазақтың мүддесі маңыздырақ әлдеқайда.
Білесіз. Осыдан сегіз күн бұрын. 08:38. Он жеті секундтан кейін жерге құлап, жарылып кетті. Байқоңырдан ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран-тасығышы жеріне жетпей өртенді. Тікелей эфирде. Қозғалтқыштар тиісті режимге бағынбады ма, әлде басқару жүйесі мен қозғалтқыш қондырғысы істен шығып кетті ме, белгісіз нақты себебі. Анығы – жойқын апат орын алды. Қара түтін. У.
115 миллион доллары өртеніп кетсе де...
АҚШ-та немесе Францияда зымыран құласа, прайм-таймда жұртшылыққа конструктивті видео көрсетіледі. Елдің үрейін басу үшін. Бүге-шегесіне дейін. 0,001 қалдырмай. Ең бастысы, халыққа түсінікті тілмен. «Глонасс», «токсин», «гептил», «навигация», «спутник», «тотықтандырғыш», «үдеткіш» сияқты терминологиямен әлеуметтің басын қатырмайды. «Роскосмоста», «Қазғарышта» отырып алып, «ешқандай зиян жоқ» деп қысқа қайырмайды. Барлық сала мамандары жабылып, қауіп жоқтығын қарапайым тілмен түсіндіріп, залалсыздығын детальді түрде көрсетуі тиіс халыққа. Зымыран банан емес, гептил мен амил әтір емес өйткені. У. Ал жерге құлаған зымыран тасығышында 5 миллиграмм емес, 500 тоннадай улы компонент болса. Ресейдің ғарыш саясатындағы амбициялары адыра қалсын, жұртшылықтың денсаулығы тұрғанда. Ғарыш айлағы үшін жылына төлейтін 115 млн доллары өртеніп кетсе де, қазақтың мүддесі маңыздырақ әлдеқайда.
Есіңізде болар, осы орайда «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев: «Құқықтық жағынан келсек, зымыранның құлауы апат деп саналмайды. Себебі, зымыран Ресейдің Қазақстаннан жалға алған территориясына құлады. Зымыран бөлшектері Байқоңырдағы 81 және 200 алаңдардың арасына түскен. Бұл – «Роскосмостың» ішкі шаруасы»,-дейді. Кешіріңіз. Егер зымыран-тасығыш Ресей Федерациясының «Восточный» жаңа ғарыш айлағында жарылып, жоғары токсинді улы бұлт Ресейге қарасты Амурск облысында түзіліп жатса, бұл әрине Ресейдің ішкі шаруасы. Не істетесе де, өздері білсін. Бірақ улы бұлт та, қара түтін де – Қазақстанның территориясында еді. Ең бастысы – оңтүстік аймақтың экологиясы, жергілікті жұртшылықтың денсаулығы. Кейін іле-шала агенттік төрағасы премьер-министр С.Ахметовке «Роскосмос» өздері шешетініне сендіріп, үкіметтік комиссия құрудың қажеті жоқтығына көндіргісі келді. Ғарыш айлағын жалға алған шығар. Бірақ Қызылорда облысы Ресейдің «федералды меншігіне» айналып кеткен жоқ, Талғат Аманкелдіұлы! Ал «құқықтық жағынан келсек», «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігі – «Роскосмостың» Қазақстандағы филиалы емес, Мұсабаев мырза!
К.Циолковский атындағы Ресей Ғарыш академиясының корреспондент-мүшесі, сарапшы Юрий Караштың пікірінше, ««Протон-М»-ның осындай сәтсіздігі кезінде жүздеген тонна гептил қоршаған ортаға төгілгенде, бұны Қазақстанға жасалған химиялық шабуылмен теңестіруге болатын еді. Зиян жоқ делік. Алайда улы бұлтты ғарыш айлағы аясынан шығармай, зиянды компоненттердің тарап кетпеуін қалайша қамтамасыз ететінін елестете алмаймын»-дейді. «Гринпис Ресей» жобасының басшысы Иван Блоковтың айтуынша, гептил мен амилды пайдалана бастағаннан бері, оны залалсыздандыру үшін тиісті зерттеулер, лабораториялық процестер жүргізілген жоқ. Ал қазақстандық эколог Мэлс Елеусізовтің ойынша: «Егер зымыран жерге құлап, өртенбесе, онда үлкен экологиялық апат болушы еді. Бір грамм гептил бір текше шақырым ауаны ластайды» - дейді. Химиялық шабуыл. Зерттеулер жоқ. Экологиялық апат. Әрине, болжам – бұл. Сонда да «Роскосмостың» ішкі шаруасы» деп қарап отыра береміз бе?
Ресей Президенті В.Путин «Протон-М»-ның құлауы жөнінде хабардар. Премьер Д.Медведев осынау сәтсіздікке кінәлілерді жауапқа тартуды көздеп отыр. Мемдума болса, экономикалық шығынын есептеуді талап етті Роскосмостан. «Русский страховой центр» сақтандыру орталығы «Протон-М» зымыран-тасығышы үшін 6 млрд сомын дайындап қойды. Болды. Нүкте. Қазақстаннан кешірім сұраған жоқ, сұрамайды да. Басқасын айтпағанда, егер Украинада бұндай жағдай орын алғанда, Жоғары радасы демалысын доғарып, жетінші шақырылымның шұғыл отырысын өткізер еді. Парламенттің есігін жұлып ашып. Көздерін бақырайтып қойып. «Гиптил мен амил түсе жаздады аймағымызға, қайдағы аренда, қандай экономикалық шығынды айтып отыр аналар?!» деп ақырып-бақырып. Жарайды, зымыран «Ресейдің Қазақстаннан жалға алған территориясына құлады» ғой. Онда стратегиялық әріптесіміз қайтеді, әуре болып, әлденені түсіндіріп, кешірім сұрап.
Ғарыштық индустрия кімге керек?
Ресей келешекте әлем нарығында ғарыш қызметінің 15% бақылауда ұстамақ ниетте. Өз ғарыш айлағының жоқтығы қолын байлап отырған көрінеді. Содан болар, Ресейге қарасты Амурск облысы Углегорск қаласы маңында 251 миллиард сомды құрайтын «Восточный» жаңа ғарыш айлағының құрылысы басталып та кетті. 2018 жылы теңдессіз зымыран ұшырмақ. GPS пен НАСА-ның алдын орап аламыз дей ме, Марсты һәм Айды бағындырамыз дей ме, армандары асқақ әйтеуір. ГЛОНАСС-тың қаншама сәтсіздігі ойда жоқ. Қазақтың жері зардап шекті соның кесірінен. Оны да білмей қалды-мыс. «Восточный» маңындағы қалаға әйгілі ғұлама Константин Циолковскийдің есімін бермек. Алайда, бүгінгі Константиндерің бағын байлап отырғанын сезбейтін де сияқты. Ресейлік ғалымдар мен ғылыми қызметкерлермен санасқанды қойды. Сөйте тұра Путиннің жандайшаптары басын айналдырып, оны алдап әлек. Ал Путин өзінің айналасында Сергей Королёвтай серігі жоқ екенін сезе тұра, Хрущевтен қай жерім кем деп, ғарыш саласында жаңалық ашам деп бекініп отыр. Қош делік!
Солтүстік көршіміз АҚШ-тың «Орионы» мен «Арес-1»-нен де күшті зымыран-тасығыш ойлап табады делік. Ғарыштық тасымалдау нарығында монополиске де айналсын. Сәттілік! Алайда «Байқоңырдағы» ғарыштық эксперименттер нәтижелерін құпиялап, көзге көрінбейтін жерге тыға бермей, бөліссін. Қазақстан аумағына қандай қауіп бар екенін алдын ала айтсын. Ұлттық қауіпсіздіктеріне нұқсан келтіреді десе, ең болмаса, ғарыш саласы зерттеушілерінің, гидрометеорологтардың, мамандардың сараптамаларын жария етсін де. Жалпақ жұртқа залалсыздығын түсіндіріп, дәлелдесін де. «Жалға алдық, ақшасын төлеп отырмыз» деп кеуде соғып керіле бермей.
Өз эксерименттерін әуелі «Байқоңырда» жүзеге асырып, сәтті өтсе, содан барып «Восточныйда» ұшырса ше келешекте? Сонда «Байқоңыр» - сынақ мекеніне айналмайтынына кім кепіл? Егер яки аталмыш эксериментері нәтижесінде қазақтың бір баласы кемтар болып туылса, зымырандарының құны көк тиын екенін түсіне ме, түсінбей ме стратегиялық көршіміз?! Қазақстанның демографиялық өсуі, ұлт саулығы бүтін бір «Байқоңырдан» қымбат шығар?
Осы орайда мәжілісвумен Дариға Нұрсұлтанқызының айтқан пікірі еске түседі еріксіз. «Ғарыш саласы қалай дамып жатқанын, оған қанша қаржы жұмсалатынын естідік. Қисапсыз қаражат «қара шұңқырға» ағып жатқандай. Бұл кім үшін, не үшін өзі? Көптеген ел ғарыштық индустриясыз-ақ өмір сүріп, дамып жатыр. Жер серігі қажет болса – тапсырыс бер, сатып аласың – ұшырады. Бұл әлдеқайда арзан тұрады емес пе? Сондықтан экономикадығы басымдылықтарды қайта қарастырып, көрпемізге қарай көсілгеніміз жөн болар»-деген-тін. Шынымен де, ғарыштық индустрия біздің не теңіміз осы? 143 миллион халқы бар Ресей өзінің «космогонический мифінде» өмір сүре берсін. Қиялы ұштала берсін және. Тілектеспіз. Бірақ 17 миллион халқы бар мемлекеттің мүддесі, ұлт ұпайы түгел болсын әрқашан. Егер келешекте Ресейдің «глонасстық» ғарыштық жобалары бірінен кейін бірі сәтсіздікке ұшырап, Қазақстан экологиясына қауіп төніп жатса, ызаланған біздің билік «Байқоңырды» мұражайға айналдырып жіберетінін білсін. «Құқықтық жағынан келсекті» де ұмытады онда. Жетеді қауқары. Сондай-ақ, ««Байқоңыр» ғарыш айлағын жабу қажет!»,-деп шырылдаған қазақстандық сенаторлардың ойы дәйексіз болмаса керек.
Қауіп жоқ... Алайда
ҚР Премьер-министрі С.Ахметов апаттың экологиялық залалын анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрған еді. Еліміздің Қоршаған ортаны қорғау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ғарыш агенттігінің қызметкерлері оқиға орнында жүр қазір. Еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, жарылыс кезінде гептил толығымен жанып кетті. Ал құрамындағы амил, азот, формальдегид, көгерткіш қышқыл және басқалары жауын-шашынның кезінде бейтараптанды. Үкіметтік комиссия өкілдері: «Аймақ экологиясына, адам денсаулығына алаңдайтындай ешқандай қауіп жоқ»,- деп сендіріп отыр бірауыздан. Ресей тарапынан қылмыстық іс қозғалды. 27 шілдеге жоспарланған «Союз-У» зымыран-тасығышының ұшырылуы кейінгі уақытқа шегерілді. Екі-үш ай мұғдарында ғарыш айлағында ешқандай дайындық жұмыстары жүргізілмейтін көрінеді. Екі-үш айдан кейін...
Abai.kz