Жемқорлардың тізімі жарияланбақ: Олар кімдер?
Сыбайлас жемқорлыққа қызмет агенттігі жемқорлық үшін сотты болған шенеуніктердің мемлекеттік тізілімін жасап, оны жалпыға жариялауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша қоғамдық кеңес отырысында айтылды.
Тараған хабарламаға сүйенсек, тізілімде сыбайлас жемқорлық үшін сотталған азаматтардың мәліметтері түгелдей жазылады екен. Тізілім жұмыс берушілерге әлеуетті үміткердің тазалығы мен адалдығын тексеруге мүмкіндік береді.
Егер жоспар жүзеге асып, жемқорлардың тізімі жалпыға ортақ порталда жарияланатындай күн туса, біздің де аз-кем үлесіміз болсын деген ниетпен, көзі қарақты оқырмандардың назарына жыл басынан бері шенді-шекпенділерден бастап полиция қызметкерлері, кәсіпкерлер, т.б. тізімін ұсынып көрелік. (Ескерту! Мәліметтер «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің» ресми сайтынан алынды).
БИЫЛ КІМДЕР ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН СОТТАЛДЫ?
* Қаңтар айында Көкшетау қалалық сотының үкімімен Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары М. Қансейітов кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан шектеліп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол үкіммен «Сарапшы Арсенал» ЖШС құрылтайшысы Б. Шаймерденов пен «Көкшестрой Технадзор» ЖШС техникалық қадағалау инженері О. Ренн кінәлі деп танылып, сәйкесінше 7,5 және 7 жылға сотталды. Оларға мемлекеттік қызметте 5 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылды. Аты аталған азаматтар Щучинск қаласында жүз пәтерлік тұрғын үй салуға бөлінген 50,5 миллион теңге көлемінде құрылыс монтаждау жұмыстары нақты орындалмағаны үшін бюджет қаражатын ұрлағаны дәлелденді.
* Ақпан айында Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері полиция капитаны Махсат Жаманбаев орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде жазасын өтеуге 7 жылға бас бостандығынан айырылды.Тергеу барысында Ерденов пен Жаманбаевтың алдын ала сөз байласу арқылы ЖЖМ-ге сеніп тапсырылған талондарды жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам жымқыру жолымен ұрлағаны дәлелденді. Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
* Сол айда Сарыарқа ауданының №2 Мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М. Әбжан көрінеу жалған ақпарат таратқаны және бопсалағаны үшін кінәлі деп танылды. 2022 жылдың 3 шілдесінде М. Әбжан 50 миллион теңге алған кезде ұсталды. Сот сотталушының қылмыстық іс-әрекетін қауіпті қайталануы деп таныды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Әбжан екі рет сотталған болатын. Сонымен қатар, алаяқтық бойынша соттылық жойылған жоқ.
* Наурыз айында Тараз қаласының №2 сотының үкімімен Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының төрағасы А. Мадемаров жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, А.Мадемаров өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушы сатып алу-сату мәмілесін және меншік құқығын жарамды деп тану туралы азаматтық іс бойынша оң шешімге жәрдемдескені үшін азаматтан алдау жолымен 1 миллион теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алған.
* Астана қаласы Байқоңыр ауданының № 2 сотында «Астана-Зеленстрой» ЖШС Бас директоры А.Наурызәлі «Табиғат-Сервис НС» ЖШС директорының орынбасары С.Карловадан жасыл екпелерді күтіп ұстау бойынша артықшылық бергені және орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 9 миллион теңге алу фактісі бойынша істі қарау аяқталды. 3-наурыздағы сот үкімімен Наурызәлі пара алғаны үшін кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 185 миллион теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Карловқа сот параның он бес еселенген сомасы – 135 миллионтеңге көлемінде айыппұл салды.
* Наурыз айында Алматы жылу желілерінің бас директоры мен басқа да басшылары Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен пара алғаны үшін сотталды: – «Алматы жылу желілері» ЖШС (бұдан әрі - АЖЖ) бас директоры К. Бейсенбиновке 560 млн. теңге сомасындағы айыппұлға; – АЖЖ бас инженері Д. Қазымбетов 560 млн. теңге сомасындағы айыппұлға; – АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С. Джингильбаев 560 млн. теңге көлеміндегі айыппұлға; – Пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков 400 млн. теңге айыппұл түрінде жаза тағайындаумен сотталды. Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 2 млрд. 80 млн. теңгеніқұрады, бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең. АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б. Разимбековтен 16 млн. теңге сомасында пара алды деп күдіктенді.
* Наурыз айының жиырмасы күні Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 сотының үкімімен пара алғаны үшін (ҚК 366-бабы) Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқарма басшысы орынбасарының м.у.а. М. Жексембаевқа 96 млн. теңгесомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды (параның 30 еселенген мөлшері). Пара бергені үшін (ҚК 367-бабы) «Экосервис-С» ЖШС басшысы Ғ. Беркінбаев пен «Компания Стройтекс» ЖШС басшысы А. Мапаевқа сәйкесінше 73 млн. астам және 64 млн. теңге сомасында айыппұл салуға үкім шығарылды. Парақорлыққа делдал болғаны үшін (ҚК 368-бабы) «Eco Almaty» ЖШС менеджері Б. Рахым 32 млн. теңге мөлшерінде айыппұлға сотталды. Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы есебі 265 млн. теңгеден астам соманы құрады. Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды. Соттылықтың себебі: Экология және қоршаған орта басқармасының лауазымды тұлғасы М. Жексембаев «Реннесанс плюс» ЖШС өкілі Ғ. Беркінбаевтан қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау үшін Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің аумағында жер учаскелерін бергені үшін 5 млн. теңге шамасында ақшалай қаражат алған. М. Жексембаев «Компания Стройтекс» ЖШС директоры А. Мапаевтан Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының әкімшілік ғимаратының ЖСҚ әзірлеуге бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жалпы қамқорлығы үшін делдал Б. Рахым арқылы 3 млн. теңгеден астам ақшалай пара алды.
* Наурыз айының 27-сі күні Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының №2 сотында «Евраскон» ААҚ (Әзірбайжан Республикасы) компаниясының өкілдері З. Исмиев, Г. Гадиров және «Аймереке» ЖШС директоры А. Байкенже сот үкімімен кінәлі деп танылды. Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарағаны үшін Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды тұлғаларына пара берді деген күдікке ілінген. Оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, пара беруге итермелегені үшін Б. Керейтбаев пен Г. Шөкенов кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Аталған адамдардың бәрі мемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан айырылған.
* 2-мамырда Бурабай аудандық сотының үкімімен казиноның заңгері елеулі мөлшерде пара бергені үшін сотталып жиырма есе мөлшерде айыппұл салынды. Айыппұл сомасы 184,5 млн теңгені құрайды. Ол прокуратура қызметкеріне казиноның қаржылық қызметін тексеру нәтижелерін оң шешкені үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Заңгер мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
* 29 мамыр Абай облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты үкім шығарды. Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгегедейін пара алуға кінәлі деп танылды. Олар заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берді. Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталған адамдар түгелдей өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
* 12-маусымда Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, оның аумақтық бөлімшелерінің, ветеринариялық қызметтің, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына және «Құт Береке» шаруа қожалығының басшысы мен өкілдеріне қатысты үкім шығарды. Аталған адамдар ветеринариялық рұқсаттар мен сертификаттар бергені, малды мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз өткізгені, қызметтік жалғандық жасағаны, жалған құжаттарды бұрмалағаны және пайдаланғаны үшін жүйелі негізде пара алғаны және бергені үшін кінәлі деп танылды. Бұдан басқа, шаруа қожалығының басшысы мен ветеринариялық қызмет қызметкері мемлекет мал шаруашылығын дамытуға субсидия бөлген кезде 104 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды. Сот үкімімен кінәлі адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 1 жыл 5 айдан 7 жыл 6 айға дейін, сондай-ақ 2 млн-нан 26 млн теңгеге дейін айыппұл тағайындалды. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
* Маусым айында Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көліктік бақылау саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды. Сот үкімімен Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының м.а. Қ. Құдайбергенов және оның сыбайласы Б.Шумбасова 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, басқарған, диагностикалық карталарды қолдан жасап, техникалық тексеруден өту туралы ақпараттық жүйеге жалған ақпарат енгізді деп айыпталды. ҰҚТ-тың басқа он үш қатысушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды, тағы 4 адамның 2 жылға бостандығы шектелді. Сондай-ақ, сот үкімімен басқа лауазымды тұлғалар пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.Барлығы олар 350 мыңға жуық автокөлік құралын заңсыз тіркеген.
* Маусым айында Теректі аудандық соты «Теректі-таза су» мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты үкім жарияанды. Сот үкімімен кәсіпорын директоры 7,5 жылға және бас бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өзіне және ұйым қызметкерлеріне жалақыны артық аудару, сондай-ақ жеткізушілерге нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын негізсіз аудару арқылы 162 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
* Шілде айында Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшылары жүйелі жемқорлық қылмыстары үшін сотталды. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 4-рота командирі Қ.Әлімханов пен 8-рота командирі Н. Мырзалиевке қатысты үкім шығарды. Әлімханов пен Мырзалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сотталғандарды Шымкент қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті және Полиция департаментінің Өздік қауіпсіздік басқармасы әшкерелеген болатын. Олар қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін тұрақты негізде бағыныстылардан 5-тен 10 мың теңгеге дейін бірнеше рет пара алды деп айыпталды. Бұдан басқа, Әлімханов әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін өзінің қарамағындағылар арқылы Шымкент қаласының тұрғынынан 130 мың теңге сомасында заңсыз сыйақы алған.
* Тамыз айында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты білім басқармасының мамандары А. Шиндаулова мен М. Мейірбековаға қатысты үкім шығарды. Аталған адамдар 36 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады.Олар жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде тексеріс жүргізбеу үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мектепке дейінгі мекемелердің басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.Сотталғандар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.Сонымен қатар, Департамент білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады.
Сонымен, сотты болғандардың ресми жарияланған тізімі осы-дүр. Ал сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған азаматтардың саны тіпті көп. Олардың арасында вице-министрлер де, облыс әкімдерінің орынбасарлары да, заңгерлер де бар.
Abai.kz