Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2990 2 пікір 27 Қыркүйек, 2023 сағат 12:58

Көзі тірісінде кітабы шықпаған ақын

Биыл жылғы көпке белгісіз, бірақ танитындарға «халық ақыны» деген атақ иеленген Шарғын Алғазиевтың туғанына 120 жыл толады. 1988 жылы 88 жаста қайтыс болған ақын көзі тірісінде бірде бір кітабы жарыққа шықпай өмірден өткен. Арманда кеткен ақынның өлең-жырлары мен толғаулары, айтыстары тек 1993 жылы Дәулет Желдікбаевтың құрастырумен «Керуен-көш», одан кейін  2005 жылы Жанболат Аупбаев пен Дүкен Мәсімханұлының алғы сөзімен «Атамекен» деген атпен екі шағын кітапшасы жарық көрген. Бар ғұмырын өлең әлеміне арнаған ақынның шығармалары бұл кітаптарға  толық енбеген. Осы мәселені ескерген М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұжымы Шарғын Алғазиевтың артында қалған мұраларын жақында екі томдығын  баспадан шығарып, елге танытты.  Бірінші томда ақынның шығармалары енсе, екіншісінде зерттеулер, естеліктер мен арнаулар кірген. Ақынның кітабыны тірі кезінде жарыққа шықпауы, кезінде «Алаш қозғалысына қатысы бар» деген кеңестік жүйенің күдігіне ілінуі болса, 1951 жылы Қытай түрмесінде де отырып шығуы себеп сияқты. Атамекеніне 1958 жылы оралғанан кейін  кеңестік биліктің астыртын бақылауында болғаны да бар көрінеді. Ол не үшін екені әлі де жұмбақ.

1970 жылдары ауылдың қариялары «Шарғын Алғазиев үлкен ақын» деп айтқандарын талай естиген едік. Бірақ ол кісінің жарыққа шыққан бір кітабын көрмедік. Ара тұра аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңір) газетінде өлеңдері шығып тұрды. Қарасазда жоғары сыныпта оқып жүргенімізде көрші Киров атындағы колхоздың (ол жылдары Шибұтқа ауылы деп атайтын) мектеп оқушыларымен спорттық жарыстарда доп ойнайтынбыз. Кейін олармен достасып, бір ауылдың балаларындай болдық. Әңгімелері Шарғын қария туралы болғанда «әкелеріміз ол кісіні білімді, мықты ақын, айтыскер. Қытай жерінде Таңжарық ақынмен және Нәсілхан деген келіншекпен және басқалармен айтысқан. Оқу-ағарту, мәдениет саласында қызмет істеп,  ұлттық мүддені биікке көтеріпті десе, білетіндер «халық адамы, халық ақыны» деп айтады» деген. Осыдан кейін Шарғын қария ойымда жүрді. Біраз жыл өткенннен кейін Шибұт ауылында орманшы болып қызмет істейтін інім Сенбайдың үйіне барғанымда «иә Шарғынға жетер ақын аз. Ел көп айтады. Жасы болса сексенге келіп қалды. Жас кезінде осы жақта, кейін Қытай жерінде білім-ағарту саласында, ақындығымен көзге түскен. Елге келгенде керексіз қалған. Бәрі кеңестік жүйенің әрекеті болу керек» деді. Осы сөзден кейін ел ауызында жүрген қарияға барып сәлем бердім. Қария әке-шешемді білетін болып шықты. Апам болса, «ауылдың сыйлы да, ел құрметтейтін қариясы. Біз Шалкөдеде отырғанда үйге келген. Колхозды сиырын бағады екен» деп, менің сәлем бергеніме қуанған. Бұдан кейін келесі жылы Шарғын қарияға әдейлеп бардым. Ойымда сан сұрақ болған. Көнекөз қариялардан естіген әңгімемді сұрайын деген ниет. Ол 1980 жыл еді. Жаз айы болатын. Үйіне барғанымда келіні қарсы алып, «атам үйде» деп есік ашты. Төргі  бөлмеде төрт адам карта ойнап жатыпты. Бәрі үлкен кісілер. Отырыстары көңілді. Шарғын қария мені танып, «кел балам» деп сәлемімді алды да. «Ертең кел» деп менің ойымды түсінгендей болып. Сол бір кезесу мен үшін естелік болып қалды. Естелікті кейін қағазға түсірген едім. Сол күнделікті таяуда табуып алдым.

Жазбамда «180 минут немесе ғасыр өрнектері» деп тақырып қойыптым.

«Ертеңгі 10» деген сөзден кейін қарияның «Шалтабай ақын, күйші, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан күрескер. Би мен болысқа, байларға бағынбаған. Ойын-сауықшыл ақын. Қызыл Ұш деген жерде көктемнің алғашқы айынан, ел жайлаудан қайтқанша бие байлап, ақ киіз үйлерде 300-дей сауықшылармен ойын-думан жасаған. Мен бір махаббат туралы дастан жазып жатырмын. Екі жас өз махаббатын қорғау үшін  Шалтабайдың тобына қосылатын жері  бар. Шалтабайдың «Шалкөде» деген  толғауын бала кезімде Қарқара жайлауында бір ноғайдың жатқа айтқанын есімде. Өлеңі ұзақ болатын. Ел ішінде Шалтабайдың өлеңін білетін біз сияқты қария аз. Мынау Шалтабай атаның Шалкөде туралы өлеңі деп екі парақ торкөзге төтеше жазылған жазуды берді. Сірә  бұл өлеңді ол кісі маған әдейі берейін деген ниеті болса керек. Бұдан кейін күнделікте Саурық деп жазылыпты. «Саурық батыр ғой. Қалмақты Бүрге деген анбысын (ханын) шапқан. Саурық мың жасақпен қалмақтармен соғысқан. Қалмақтар қашып, батырға жеткізбесе керек. Мұны Саурықтың жауырыншы «жау жеткізбейтін болды. Қалмақтар қашып, үш күншілік жерге барды» дейді. Бұл сөзді қалмақтың қашып бара жатқан жауырыншысы да «Саурық бізден үш күншілік жерде тұр, шапқыншылық жасамақшы» деген. «Батыр біз жауды қуа берсек олар қаша береді. Оның бір амалы бар. Соны жасайық. Жасағымыздың барлық аттарының ертоқымын кері ертейік, қалмақтар бізді қайтып кетті деп ойлайды. Содан кейін шабайық» депті. Расында Саурық жасақтарының аттарын кері ертеткен.  Қалмақ жауыншысы да жауырын ашып, «қазақтар кері қайты, енді қауіп жоқ» деп жан сауғалап қашқандарын тоқтатқан. Саурық батыр осыдан кейін жаңа сойылған қойды асығын тазалап: «таппайы, алшысы, бүгі, шігі жаудың жеңісі, ал шомасы біздікі» деп, иіріп жіберсе, асық шома болып түсіпті. Мұнда қандай құдірет барын білмеймін. Тоқтаған  қалмақтың қалың қолын Саурық шауып, жеңіске жеткен. Қолға түскен Бүргені өлтірмек болғанда «мені Саурық батырға көрсетіп өлтіріңдер» дегеніне қарамай өлтіріп жіберіпті. Бұл сөзді  кейін  батырға жеткенде «әттеген-ай, болар іс болып» деп өкінген екен. Ол заманда батыр бір-бірін былай өлтірмейтін тәрізді. Сірә сертіме білмедім. Шапқыншылықта Бүргеның гауһар жүзігін алыпты. Ол жүзік батырдың Кекіл деген баласында болған. Ол мұндаға дейін сақталған деп ел айтады. Қазір жоқ. Мен Шарқын қариядан әрі қарай сұрамадым. Себебі әкем Сағымбектің Саурық батыр қалмақты Қытайдың Моңғолкүресінен қуып, Жұлдызға дейін шапқан деген әңгімесін естіген едім. Бұл туралы көнекөз қариялар аз айтпайтын. Қалмақтың үлкендері де қара қасқа ат мінген Саурықтың шапқанын жиі есіне алып отыратын дейтін.

Күнделіктің тағы бір жазбасында Шойбек деп жазылған. «Шойбек руы алжан, оның ішінде аламан. Ақын, әнші болған. Дауысы керемет екен. Осы Шибұтта ән салса, дауысы Қарасазға жетіпті. Ертеде бір қойшы  байдың қойын бағып жүріп тас домалатса, домалаған тасы бір түйені өлтіріпті. Түйенің иесі құн сұрап, Тезек төреге барса керек. Төре түйені құны 25 қой деген. Сонда Тезек төренің шешіміне Шойбек риза болмай:

- Төрем, 25 қой ақылдасып бір түйені өлтірдімекен, әлде бір қой бір түйені өлтірді мекен деп өзіне қарсы  сұрақ қойыпты. Бұл да Шойбектің тапқырлығы деген. Қарияның «мынау атаң Шалтабайдың өлеңі деген екі парақ қағаздың бір бетінде Шойбектің «Қарқара» деген өлеңі барын кейін білдім. Сірә, Шарғын Шалтабайдың «Шалкөдесімен» Шойбектің «Қарқарасын» біріктіріп, екі  ақынның   өлеңдерін  салыстырса керек деп ойладық. Шалтабай мен Шойбек қатар өмір сұрген болу керек деп те топшыладық.

Бұдан кейін Тұзкөл жайлы сұраған екенмін. «Ата Тұзкөлдің бұрынғы аты Бурадабысын деп жазыпты Шоқан Уәлиханов  жазбаларында» дегенімде,  «қалмақтар көлден бурамен тұз алыпты. Содан көлдің аты Бурадабысын атаған. Дабысын деген қалмақша тұз деген сөз. Сондықтан олар көлдің атын солай десе, Шоқанда солай жазылған болу керек» деді қария.

Күнделіктің соңы Шакрамбал мен Шалкөде және Түзудегі қатар төбелер туралы сұраптым.  «Иә қатар төбелер баршылық. Ол сақтардан қалған тарихи орындар».

Міне күнделіктегі шағын дерек осы. Мұның сыртында неше әңгіме айтылғаны рас. Мен көрген Шарғын ақын толық денелі, дөңгелек жүзді, қабағында кірбеңі жоқ қария болатын.

Күнелікке жазбай кеткен нәрселер бары рас. Ол ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың жазып кеткен «Қиылы заман» кітабындағы Қарқарадағы албандардың ұлт-азаттық қозғалыстың бас қаһармандары Ұзақ пен Жәмеңке жөнінде. «Мен Ұзақты бала кезімде Қарқара жәрмеңкесінде көрдім. Жәрмеңкені қақ жарып, топ атылардың алдында қаршығадай тік отырған батырды көрдім. Ел: «Ұзақ батыр келе жатыр, батыр! Жол беріңдер!» деп жатты. Сонда елден естігенім «Үйге түссең келіндікіне түс, барын асады. Атты мінсең дөнен мін аянбай басады» деген. Қария осыдан кейін көсіліп  көп нәрсе айтпады. Сұрағыма қысқа жауап берді. Кейін аудандық «Советтік шекара» газетінің бас редакторы Дәулет Желдікбаевтың Шарғын ақын туралы көлемді материалы шықты. Материалдан біраз нәрсеге қанықтым.  Осыдан үш-төрт бес жыл бұрын әдебиет зерттеушісі Тілеужан Сақаловтың жары Бөпен апай үйінде Шарғынның «Көш-керуен» деген шағын өлеңдер жинағын көрсетіп, «Тілеужан Шарғынды зерттеп еді. Ол кісімен араласып, көп дүниесін ақынның ауызынан таспаға жазып алған. Амал не, сол таспаны мен жоғалып алдым. Шарғын үлкен ақын. Жазғандары жарыққа шықпай қалды. Соны зерттеймін деп жүріп, Тілеужанда кетті. Мен де ағаңның бар қолжазбасын, мұраларын архивке өзіңмен бірге барып өткіздім ғой. Мынау Шарғын қарияның қайтыс болғаннан кейін жарыққа шыққан тұғыш кітабы» деп жасыл мұқабалы кітапшаны көрсетті. Шағын жинақтың алғашқы бетте: Көш-керуен өлеңдер, поэмалар және айтыстар десе, оның астыңғы жағында «Кітап иесі Тілеужан Сақалов. 15/Ү1-92» деп жазылыпты. Жинақ осы жылы  шыққан. Кітапты Бөпен апайдан сұрап алып едім, «Тілеужан ағаңда жазғандарын кітап етіп шығара алмады. Қайтыс болғаннан өзім жүгіріп жүріп, ағаңның шығармаларын жинақтап, 2014 жылы «Тілеужан Сақалов Шығармалары» деген кітабын шығардық. Онда «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» деген қорғалмай қалған кандидаттық диссертациясы кірді. Кітапта Көдек, Таңжарық, Шарғындардың шығармашылығы туралы зерттеген еңбегі де бар» деді. Ақынның «Керуен-көш» кітабында Саурық батыр туралы деректі «Итбала батыр туралы» деген өлеңіде кездестірдім.

Қалмақтың Бүрге ханын Саурық шауып,
Тайасу, Үш Ақөзен деген жерде.
Гауһарын Бүрге ханның Саурық алып,
Аңыз боп көп тараған өр еліне.
Қазақ, қалмақ соғысқан  айқасында,
Албанның тар  келмеген Бөденіне.
Ғажайып құлақ естіп, көз көрмеген,
Сүйсіндім көнелерді дерегіне, - деп өзіме таныс тарихи оқиғаларды байланыстырыпты. Бұдан басқа ақынның маған берген Шалтабай мен Шойбектің «Шалкөде» мен «Қарқара» деген өлеңдеріне сәйкес жырларында кездестірдім. Жинақ өзіме таныс және таныс емес тарихи деректерді өлеңмен өрнектепті.

Ал Тілеужан Сақаловтың «Шығармалары» кітаптың алғы сөзін көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібаев жазыпты. Ғалым Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің негізін қалағандардың ішінде Көдек, Тажарық, Шарғындарға жоғары бағасын берген. Бұл ғылыми-еңбек 1968-1972 жылдары жазылған екен. Ғалым әр тарауды талдаған. Соның ішінде Шарғынға тоқталып, «Зерттеудің Шарғын ақын тарауы да тыңғылықты. Шарғын ат жалын тартып мінген шағында Қытай кетіп, онда мұғалім, мектеп мүдірі, инспектор, аудандық оқу бөлімнің меңгерушісі, аудандық әкімні жауапты хатшысы, облыстық, өлкелік газеттердің тілшісі секілді сан алуан қызметтер істеген дей келе,1958 жылы атамекеніне аман-есен оралған. Тілеужан екеуі ағалы-інілідей сыйластықта болады. Жаңадан жазған өлең, дастан, айтыстарын екеуі бірге талдап, шығармашылық ынтымастықта жұмыс жазаған», - дейді ғалым.

Ал Тілеужан Сақаловтың зерттеуінде «Шарғын Алғазиев» деген тарау бар. Тарауда Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетін қалыптасуына Шарғын Алғазиев өзіндік үлесін қосқан ақын дейді. Өлең, жырларымен айтыскерлік шеберлігін, қоғамға жасаған игілікті істері мен қызметіне үлкен мән береді. Яғни Шарғын Алғазиев туралы бірінші болып, оның ақындық келбетін таныстырған. Ақынның өмірбаянына тоқталады. 1903 жылы Жаркент оязы Қожбамбет болысының №5 ауылында Ұзынтам деген жерде шаруа отбасында дүние келген. (Қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасы Киров атындағы колхоз). Шарғынның балалық шағы әке-шешесінің жақсы тәрбиесінен қалыптасқан. Әсіресе әкесіні әңгімешіл ықпалы баласына зор әсер еткен. Бала кезінде-ақ әзіл, ысқақ, мысалға қабілетін көрсетсе, он жасында өз ауылындағы Байбосын деген қарақалпақ молдадан ескіше оқып, Құранды таниды. Он үш жасында әкесінен айырылса да білім алуға  ұмтылған. Өзінің ақындық қабілетін балаң-жігіт шағында көрсетіп, той-томалақта қыз бен жігіт айтысына қатысса, қайтыс болғандарға бағыштап жоқтау өлең шығарады. Кеңес өкіметі орнаған жылдары 1920-1921 жылдары ауылындағы  Мақсұт Додабаев деген мұғалімнен оқиды. Бастауыштық білім алады. Өлең өлкесіне жаңадан бетбұрған жас Шарғынның алғашқы қадамы 1920 жылдан басталып, тырнақалды  өлеңдері  тұңғыш рет «Тілші» газетіне жарияланған екен. 1926 жылы ауылдағы бірнеше бала жеке мұғалім жалдап, үш жыл орысша оқыпты. Бұдан кейін Кеңес өкіметінің жаңа жұмыстарына белсене араласып, болыстың атқару комитетіні мүшесі болып, 1930 жылға дейін қызмет істеген. Кеңес өкіметінің 30-жылғы саясаты, елдегі ашаршылық шекараға жақын отырған елге ауыр тиген. Осының салдарынан жан сауғалаған халық Қытайға ауғаны белгілі. Көзі ашық, көңілі биік ұмтылған жас жігіт елмен бірге шекара асып, көшіп барған елді және жерлікті жердің халқына көп көмегі тиіпті. Білім мен ағарту саласында еңбек етіп, Кеңес өкіметінің қуғын көрген небір зиялы жандармен кездесуі өміріне өзгеріс әкеледі. Ұлттық мүддеге, елді  өлең-жыр арқылы жеткізіп, ағарту жұмыстарына баса назар аударады. Белгілі ақындармен айтысып, елдің құрметіне бөленеді. 1937 жылы қызай елінің белгілі Нәсілхан деген келіншекпен айтысы. Айтыс албан мен қызай елінің дәулетін, жақсы мен жайсандарын тілге тиек етсе, діни сипаттағы танымдық жұмбақ айтыспен де  жалғастырады. Шарғынның ақындық шығармашылығы Құлжа қаласына барғанда құлашын кең самғауға мүмкіндік  туады. Әдеби және мәдени ортада Шарғын өзін көрсетіп, оның бас қасында жүреді. Іле қазақ облысына  танымал ақын ретінде ел қабылдайды. Өлеңдері «Іле» газетінің беттерінде шығып, халықты өнер-білімге, мәдениетті елдің қатарына қосылуды үндейді. Шарғын Алғазиевтың бұл еңбегін 1957 жылы Шыңжаң жазушыларының бірінші конфенренциясында баяндама жасаған Зия Сәмеди айырықша атап: «Үш аймақ төңкерісі кезінде халық ақыны Шарғын Алғазиев те аз үлес  қоспады»-деуі де тегін емес. Ақын осыдан кейін 1957 жылы Үрімжі қаласында Шыңжаң жазушыларының бірінші конференциясына делегат болып барады. Конференцияда Алтай аймағынан келген белгілі ақын Смағұлмен айтысады. Екі ақын өз аймақтарының жетістігін жырға қосып,  Қытайдағы болып жатқан жаңалықтарды айтыстарына арқау еткен. Екі ақынның айтысының қысқарған түрі «Шыңжаң малшылары» басылымына жарияланады. Тілеужан Сақалов Шарғын поэзиясын талдағанда оның  толғауы, өлеңі, поэмасы және айтыс жанрлары халық ақындарының дәстүрін берік сақтаған ақындардың бірі деп талдайды да, өлеңдерінің өлшемі мен түрі және ұйқасы жағынан  алғанда олардың дені он бір буынды қара өлеңге жатады деп пікірін білдірген. Ақынның поэзиясы ағартушылық, демократиялық бағытты берік ұстады. Ол шын мәніндегі халық ортасынан ойып алынған талант иесі, - дейді зерттеуші.

Шарғын ақынның өлең жырлары, дастандары, айтыстары көзі тірісінде кітап болып шықпаса да халық жүрегінде сақталған. Біз сонау 70-жылдары ақындығын елден естісек, 2000-жылы Қытайдан атамекеніне оралған Асылбек қажы Інкәнұлы Шарғынның Нәсілханмен айтысын, өлеңдерін жатқа айтқаны бізді таңқалдырған. Демек Шарғын ақын өзінің көзі тірі кезінде ел мойындаған ақын. Сонымен қатар Нарынқолдың Қайнар ауылының ең үлкен қариясы Қуандық Смақынұлының «Сеңгір тау сырлары» атты жыр жинағында Шарғын ақын мен Нәсілханның айтысы кірген. Ақсақалдың Әуесхан Белдібайұлының 1938 жылы түрмеде жазған «Елге хат» деген дастанында Шарғынның есімі айтылатын жері бар. Демек Шарғын Шығыс Түркістанға ерте танылған ақын екенін осыдан көреміз.

Жексен Алпартегі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053