Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3653 0 пікір 13 Тамыз, 2013 сағат 07:45

Илья Жақанов: «Шәмшінің жүрегі»

Өткен жылдың қоңыр күзі еді...

Тал-дарақ жалаңаштанып, жер-дүние сары жапырақ жамылып, Табиғат-ананың әлдебір мұңға малынып, манаурап тұрған сәті-тін. Астанаға белгілі композитор, жазушы, музыка зерттеуші Илья Жақанов келді. «Жайықтан бері күнде жол салмайды ғой» деп, ағамен арнайы кездестік. Есілдің жағасындағы бірнеше сағатқа созылған әңгімеде Ілекең өнердегі, өмірдегі досы, вальстің королі Шәмші Қалдаяқов жөнінде де тереңнен сыр ақтарды...

Композитормен қалай таныстым?

1957 жылдың төртінші қарашасы еді. Опера театрының бір қанатында Композиторлар одағының кеңсесі болатын. Ол кезде одақ төрағасы, Біржан-Сара операсының авторы – Мұқан Төлебаев. Мұқаңның есімін ел танып, дүрілдеп тұрған кезі. Сол кісінің бөлмесінде келесі 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдбиетінің он күндігіне арналған үлкен ән конкурсының мәжілісі болды. «Салтанат», «Ақ қайың» деген әндерім шығып үлгерсе де, қыруар ән жазылған шараға мен қатысқан жоқпын.

Өткен жылдың қоңыр күзі еді...

Тал-дарақ жалаңаштанып, жер-дүние сары жапырақ жамылып, Табиғат-ананың әлдебір мұңға малынып, манаурап тұрған сәті-тін. Астанаға белгілі композитор, жазушы, музыка зерттеуші Илья Жақанов келді. «Жайықтан бері күнде жол салмайды ғой» деп, ағамен арнайы кездестік. Есілдің жағасындағы бірнеше сағатқа созылған әңгімеде Ілекең өнердегі, өмірдегі досы, вальстің королі Шәмші Қалдаяқов жөнінде де тереңнен сыр ақтарды...

Композитормен қалай таныстым?

1957 жылдың төртінші қарашасы еді. Опера театрының бір қанатында Композиторлар одағының кеңсесі болатын. Ол кезде одақ төрағасы, Біржан-Сара операсының авторы – Мұқан Төлебаев. Мұқаңның есімін ел танып, дүрілдеп тұрған кезі. Сол кісінің бөлмесінде келесі 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдбиетінің он күндігіне арналған үлкен ән конкурсының мәжілісі болды. «Салтанат», «Ақ қайың» деген әндерім шығып үлгерсе де, қыруар ән жазылған шараға мен қатысқан жоқпын.

Жаспыз. Университеттегі сабақты ұмытып, әншілермен, сазгерлермен танысып, ылғи консерваторияда, композиторлар одағында, опера театрында жүреміз. Сондай сәтте, конкурс мәжілісі жүріп жатқанда бір вальс әні сарапқа түсті. Александр Зацепин деген пианист, композитор кейбір нотасын, қателерін түзетіп, ойнап отырды шығарманы. Мұқан Төлебаев текстін көрді де жақтырмай, «лақтырып жібер» деді қасындағыға. Оны әркім-әркім қолына алып, оқи бастады: Бақытжан Байқадамов, Ахмет Жұбанов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджанов, Латиф Хамиди... Ылғи кереметтер. Бәрі бір ауыздан «отланить» деп, құлаған әндердің ішіне жіберді. Бұл – қазіргі «Қайықта» әні екен. Музыкасы емес, сөзі құлады. Нұрсұлтан Әлімқұлов деген ақын жазған.

Сол күні қасымда болған Шәмші шылымды тарта береді, тарта береді. Біздің таныстығымыз да сол күні басталған. Артынша мейрамханаға бардық, бір-бірімізбен етене жақындасып, әңгімеміз жарасып, достығымыз басталды.

Атаққа жетелеген екі ән

...Осы жылдың желтоқсанының соңғы күні, әдеттегідей, жаңа жылдық мерекелік концерт беріледі. Сонда Шәмшінің «Жүрек сыры», «Қарагөз» деген екі әні алғаш рет орындалды, керемет шырқалды. Екеуінің де сөзін жазған – Ізтай Мәмбетов. Орындаған – Мәдеш Ниязбеков деген Жамбылдың азаматы, консервоторияда оқып жүрген кезі еді, театрда қызмет еткен ересек жігіт. Сол күннен бастап Шәмшінің атағы шыға бастады. Содан кейін, Шәмші екеуміз әнді бірге жазып, эфирге бірге шығып, тағдырымыз үйлесіп, жалғасып кетті. Біздің әндеріміз үлкен композиторлардың назарына ілігіп, емін-еркін шырқалып жатты.

«Бәрінен де сен сұлуды» біздің тойымызға арнаған

Мен 1961 жылы шаңырақ көтердім. Арада бірер ай өткенде, маусымның жетісі күні Алматыдағы пәтерімізде тойымыз өтті. Тойдың алдында Шәмші келген құттықтап, көңілсіз екен. «Илья естідім, «Меңдіқыз» деген ән шығарып, келінге арнаған екенсің, мен де бұл қуанышқа арнап ән жаза бастадым. Сол екі әнді бірге дайындайын, нотасын бер» деді. Той күні Шәмші екі әнді дайындап келіп, өзі мандалинамен сүйемелдеп, «Меңдіқызды» Сәжида Ахметова деген бізбен замандас әнші қызға айтқызды, радиода көп шырқайтын ол. Өзінің «Бәрінен де сен сұлу» әнін жиналған жұрттың көзінше «Менің Ильяның жарына, келініме арнаған әнім» деп Майра Жүрсіноваға орындатты. Сол тойға қатысқан адамдардың ішінде қазір академик Серік Қирабаев, сол үйдегі Әлия Бейсенова, филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков және марқұм Қадыр Мырза-Әлі, курстас досым Өмірзақ Айтбаев болып еді. Мен қызмет ететін «Қазақстан пионері» газетінің ұжымы, бас редакторы Сансызбай Сарғасқаев, жауапты хатшысы Қосайдар Бәтпенов – бәрі осы екі әнге куә болды. Осылайша Шәмшімен дстығымыз соңғы демі үзілгенше жалғасты.

Қабырғамды қайыстырған қаралы хабар

...Композитордың қайтыс болар сәті, Жезқазғаннан Алматыға дауылдатып, борандатып, зорға келген едім үйге. Тиыш апаң: «Ілеке, тездетіп жуын, шайыңды іш, қазір естідім, Шәкең өте қиын халде жатыр екен» деді. «Қайда?» «Совминнің ауруханасында». «Волгам» бар еді, жол тайғақ, сағат төрт жарымда жеттім ауруханаға. Тынығу уақыты. Дәлізде ешкім жоқ. Тек Өмірзақ Айтбаевтың жары Үміт жүр екен. Ол кісі қан қысымымен жатыр, мені көріп қуанып кетті. «Ой, Ілеке, қайдан жүрсің?» «Шәмші жатыр екен...» дедім. «Ілеке, өте қиналып жатыр, анау есік» деп, екеуміз сол тұстағы диванға отырдық. «Қазір баруға болмайды, әйелін алдыңғы күні бір көргенмін, содан бері жоқ. Жалғыз жатыр, өте ауыр халде» деді. Отырып-отырып, күртешемді Үмітке ұстатып, Шәмшінің палатасына кіріп бардым. Жамылғысын басынан асыра жамылып алған. Әлденелерді күбірлеп, қиналуда. Біраздан кейін бетін ашты. Көңілін сергітпек болып, «Шәке, ассаламуғалейкум» дедім. Қадала қарады маған. Сақалы, шашы өсіп, ерні кезеріп кеткен, мүлде жүдеу, көзінде нұр жоқ. «Ә-ә, Илья келдің бе?.. Ішім өртеніп барады, мұздай су алып берші» деді. Су әкеліп, аузына тамыздым, іше алмады. Біразға дейін басынан ұстап отырдым. Қолы қап-қатты, ине салынып-салынып көгеріп кеткен. Сол қолымен мені ұстап алған, ажырамайды. Медбикелер ажыратты. «Шәке, шипасын берсін Құдай» деп ем, маған тағы да ұзақ қарады. «Сен барсың Илья, ел жігіттеріне сәлем айт» деді сосын. «Шәке, халық әртісі деген атақ беріп жатыр» деп бұрынғыдай желпіндіріп, сергіткім келген. «Заманбек Нұрқаділов курьер әкеп тастады. Ол неге керек маған?..» деді әзер сөйлеп. Іле-шала «Илья, сен барсың. Ел жігіттеріне сәлем айт» деп тағы қайталады. Шыдай алмай, шайқалақтап шыға жөнелдім.

Далаға шықсам, көктүтек боран. Сол деммен көлікке келіп отырып, тәлтіректеп, тайғанақтап үйге жеттім. Келісімен қан қысымым көтеріліп, өзімді жайсыз сезіндім... Таңертең тұрып жуынып жатқанымда, радиодан: «Композитор Шәмші Қалдаяқов дүние салды» деп хабарлап жатты.

«Сыған серенадасы» – болмаған сюжет»

...Шәмшінің қай әні қалай туғаны – менің көз алдымда. Ол отбасын, екі баласын тастап, Алматыдан Шымкентке кетті, артынша Жамбылда тұрып, Шудың бойынан әкесінің немере інісі Қалқаман деген туыстарын тауып, соған барып жүрді. Шәмшінің өмірі ешқандай рахаты жоқ беймаза өмір еді. Қанша сұлу әндер тудырып, ең болмаса, жібі түзу бір әйелмен жұбы жараспай, рәсуа ғұмыр кешті.

Тараз қаласының іргесіндегі Дунгановка деген (қазіргі Жалпақсаз) елдімекенде салынып жатқан үйін көрдім, айдаладағы қойшылардың адыра қалған қоралары сияқты, «Г» әрпіндей салынған, төбесі жабылмаған. Алдында гараж, гараждың ортасын шымылдықпен бөлген, мына жағында – өзінің салдыраған сарғыш көлігі, мына жағында – екі адамдық темір сәкі. Сонда он алты-он жеті жыл тұрды. Екі-үш жылында қасында Оразбек Бодықов деген жазушы, драматург болды. Мінезі – ұшқалақ, Шәмші туралы кітап жазды, бірақ мен оқымаған едім оны. Шәмшінің «Илья, мына Орекеңе айтшы, мен туралы жазған кітабының әр бетінен арақтың иісі шығады. Айтшы, Илья, мен арақ ішпегелі он алты-он жеті жыл болды ғой. Бодықовқа айтшы, енді бүлдірмесін мені» деп айтқаны әлі есімде.

Тағы айта кетерлігі, «Сыған серенадасы» – Шәмшінің өмірінде болмаған оқиға. «Бір қызықты сюжет үшін солай жасап қойып едім, Илья, мені жақсы көресің ғой, мені сыйлайсың ғой. Егер сенің қаламың мен жөнінде теріс кетсе, бүкіл халық саған иланады. Дәл осы сығанды тапқан сюжетім мені құртады, осыған тиіспей-ақ қойшы» деген. Сөйткен Оразбек те Шәмші қайтқан соң, көп ұзамай қайтыс болды.

«Шәмшінің жүрегі» жазылуда»

Мен Шәмшінің бүкіл зәузат ата-тегінен бастап білем. Біз – отыз екінші жылға дейін Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы аумағындағы Сарысуды жайлаған Тамамыз. Абылай заманында Тама болысы болса, Кеңес өкіметінің тұсында сол аумақта екі аудан құрылған: Асанқайғы және Сарысу. Асанқайғы – Арғындар, Сарысу – Тамалар. Дүрбелең, ашаршылық басталғанда сарысулықтар Бетпақтан үдере ауып, Абылай кесіп берген, малға жайлы, ықтасынды Шуды қыстайды. Бетпақта құдықтары бар...

Сол Тама болысында Жағалбайлылар, Алшындар болған. Жағалбайлының үрім-бұтағынан Шәмшінің әулеті тарайды. Алшындардың бір бұтағынан Асанәлі Әшімов тарайды. Біз Сарысуда тудық, Шәмші Сырдың бойында, Сарыкөл деген жерде туды. Әкесі Қалдаяқ қаңғырып, Созақтан ары қарай, Кентау, Ащысай, Шәуілдір, Арыс, Түркістан төңіректерін шиырлап-шиырлап, Темір стансасындағы Қарақоңырда, Тамалардың ортасында дүние салды. Шешесінің сүйегі де сонда жатыр. Міне, сол Шәмшінің зәузатынан бастап, шығарған әндеріне дейін «Шәмшінің жүрегі» деген атпен түгел қағазға түсіріп жатырмын. Біразы жарияланды. Жариялана бастағанда Ақселеу Сейдімбек секілді біраз азамат телефон соғып, «Шәмші туралы «Жұлдызға» шығып жатқан мақалаларыңызға шемкенттік бір журналистер «жиендік жасап» жатыр» деді. Осыдан кейін жарияланымдарымды тоқтатып, бірден кітапқа басылсын дедім. Тек «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы жанымды қояр да қоймай сұратып алған «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деген тақырыпшасын сұратып алып, жарыққа шығарды.

Шәмшімен достығымның арқасы ғой, оңтүстікте әндерінен конкурс болғанда екі рет төраға болдым. Өмірінен, әндерінің тарихынан жұртқа көп айтып, таныстырып, насихаттаумен жүремін.

Жазып алған – Асхат РАЙҚҰЛ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345