Сенбі, 23 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 4933 1 пікір 16 Қазан, 2023 сағат 12:46

Үрімжідегі озық он қазақ дәрігері

Қытайдың ұлан-байтақ даласы мен үлкенді-кішілі қалаларында жасап жатқан бір миллиард үш жүз миллионнан астам халықтың ауруына, ажалына арашашы, жанына медет болып келе жатқан үлкенді-кішілі ауруханалар мен емханалар бар. Солардың бірі – Қытайдың солтүстік-батыс шекара өңіріне орналастырған Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасы.

Ол – Қытайдың «Бірінші бес жылдық жоспары» мезгілінде Кеңес Одағы қол ұшын беріп салдырған 156 түйінді құрлыстың бірі. Аурухана бірнеше ұрпақ ардагерлердің аянбай тер төгіп, еселі еңбек сіңіруінің арқасында бұл күні емдеу, білім беру, ғылыми зерттеуді ұштастырған көлемді де кенеулі, ірі бесаспап ауруханаға айналып отыр.

Әкімшілік әрқашан «халық үшін ажалға араша, ауруға медет болып қызмет ету» принципін негізгі мақсат етіп, күллі нәрседе сапаға көңіл бөлу, тәртіпте қатаң, тұрмыста қарапайым, еңбекшіл болу талаптарын қоюмен қатар аурухананы ғылыммен-техниканың соңғы жетістіктері арқылы гүлдендіруге баса мән беріп келгендіктен, ол мемлекеттік ауруханаларды басқарудың жылдық бәсекесінде жүздеген ірі емдеу орындарының арасынан суырылып шығып, алдыңғы онның ішіне енсе, ал ШҰАР-дағы ауруханалардың мойны озығы болып отыр.

Бұл ретте емдеу ерекшелігі жағынан Көкірек сыртқы аурулары бөлімі, Күйік бөлімі, Тері сыртқы аурулар бөлімі, Несеп бөлімі тәрізді дәстүрлі бөлімдердің технологиясы ауыз толтырып айтарлықтай жоғары. Ал бүйрек, бауыр сияқты органдарды ауыстыру (көшіру, жөткеу), қан-тамыр аурулары, өзге ауруларға диагноз қою, емдеу техникасы салаларында тың жаңалықтар мол. Әсіресе, сүйектану ғылымындағы жасанды буын ауыстыру операциясы, бүйрек ауыстыру операциясы, қан тамырларын жалғау арқылы емдеу технологиясы үлкен табыстар болып есептеледі. Бұлар ШҰАР-дың іші-сыртындағы  әріптестердің мойндауы мен алқауына ие болып отыр.

Ауруханада 3583 жұмысшы, қызметкер бар. Мұның ішінде денсаулық-техникалық мамандар 2565 адам болса, доценттен жоғары ғылыми дәреже алған дәрігер мамандары – 393, ғылым докторы – 72, ал магистр аспиранттар – 474 адам.

Аурухананың орналасқан жер аумағы – 185 мың 200 шаршы метр. Мұның ішінде тікелей ем істетілетін корпустар көлемі –  106 мың 500 шаршы метр, Оқыту корпусының көлемі – 17 мың шаршы метр. Зертхана корпусының көлемі – 12 мың 700 шаршы метр. Ал жасыл майса егіліп, ағаш өсірілген жердің көлемі барлық аумақтың 44 пайызын алады.

Ауруханада 64 клиникалық бөлім мен 8 медициналық-техникалық бөлім қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек 27 оқытуды зерттеу кеңсесі, бір клиникалық медицина аға докторларының жылжымалы пункті бар.

Аурухана қарауында тоғыз ШҰАР дәрежелі зерттеу кеңсесі, жеті автономиялы район дәрежелі сапа бекіту (тексеру) орталығы бар. Ішкі аурулар ғылымы мен сыртқы аурулар ғылымы автономиялы райондық дәрежелі маңызды пәндерге жатады. Жылауық ауруын зерттеу кеңсесіне қарасты орталық тәжірибехана автономиялы районындағы түйінді зертхана саналады. Осылардың негізінде ашылғын өлі клетканы көшіріп емдеу және бауыр ауыстыру қатарлы жаңа озық технологиялық батыс солтүстікте, тіпті мемлекет бойынша алдыңғы орында тұрады.

Тарихы ұзақ, кәсіби кемелді, ерекшелігі айқын бұл бесаспап ауруханада ханзу, ұйғыр, қазақ, дұңган, моңғол қатарлы көптеген ұлт дәрігерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етіп келеді. Олар ортақ іске жұдырықтай жұмыла отырып, бір-бірінен үйреніп, өздерінің медициналық емдеу технологииясы мен кәсіптік өресін жоғарлатуға күш салуда. Осы көп ұлтты қара шаңырақ астында арнайы тілге тиек етуге татитын қазақ ұлтының өкілдері де аз емес. Аурухана құрылған жарты ғасырдан бері олар да аянбай тер төгіп, аурухананың гүлденіп-көркеюі  үшін ат салысып келеді. Аға буын дәрігерден, өкінішке қарай, қазір араларында жоқ Батырхан, Көкен, Марат сияқты қандас ағаларымызды алдымен атауға болады. Солардың жолын жалғастырған және солармен бірге жұмыс жасаған Әуен, Қанипа, Қабдолла, Нұрбатила, Мұрат, Амантай, Сәуле қатарлылар болса, кейінгі кездері сапқа қосылған орта буын, жас қазақ дәрігерлерден Жасарат, Айдын, Гүлнәр, Серік, Сәкен, Қалия, Айхуа, Долан, Шайза, үлкен бақыт, кіші Бақыт, үлкен Айқын, кіші Айқын, Қаһарман, Айбек, Қашаубек, Күлшаш секілді әріптестері бар.

Мен осы дәрігерлердің арасынан он үздік дәрігерді сіздерге таныстыруды жөн санадым. Олар – Салымжан Құныпияұлы, Серік Мағауияұлы, Жігер Қайроллаұлы, Мұқият Оразханұлы, Сағдат Барашқызы, Күміс Байахметқызы, Гүлбану Бұлантайқызы, Жазира Тоқайқызы, Надира Тілеуханқызы, Сағындық Ережепұлы.

Енді кейіпкерлерімізге жеке-жеке тоқталық.

Салымжан ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

Ол – Шыңжаң медицина университеті бірінші ауруханасының Күйік жарақатын емдеу, пішін түзеу бөлімінің батығы. Әрі аға дәрігер, доцент, магистр аспиранттар жетекшісі.

Салымжан 1953 жылы маусымда Тарбағатай аймағының Толы ауданындағы Алмалы ауылында егінші отбасында дүниеге келген. 1973 жылы Шыңжаң медицина университетінің емдеу факультетіне қабылданып, оны бес жыл бойы жақсы оқып бітіріп, аталмыш ауруханаға дәрігер болып жұмысқа қалады.

Ол – қазір «Қытай сыртқы зақымдалуды емдеу және оны бүтіндеу» журналының редакция алқасының, Қытай медицина ғылымы ғоғамының мүшесі, Шыңжаң медицина ғылыми қоғамы күйік жарақаты кәсіптік қоғамының тұрақты жорасы, Шыңжаң медицина ғылыми қоғамы емді техникалық жақтан сараптау мамандар қоғамының мүшесі, Үрімжі қалалық медицина ғылыми қоғамы емді техникалық жақтан мамандар қор қоғамының мүшесі, Шыңжаң әлеуметтік гигина шырғалаңын шұғыл басқару бөлімінің мүшесі. Шыңжаң медицина университеті оқытуды бақылап-басқару мамандар тобының мүшесі.

Тікелей емдеу біліктілігі жағынан келсек, олар:

1) Ауыр дәрежелі күйік жарақаттарына жүйелі емдеу жүргізеді.

2) Күйік жарақаттардан немесе сыртқы жараланудан қалған, тұтас денедегі емдеу, сарықтуы қиын болған терінің күрделі құрысыуларын бұзып, табиғи пішін түзеу операциясын жасайды. Негізінен беттің, бес мүше: мойын, қолтық, қол, ауыз және шат қуысындағы терінің түрліше дәрежедегі құрысын қайта реттеп, қалпына келтіреді.

3) Күйік жарақаттарынан немесе сыртқы жараланудан қалған айықпас жараларға, сүйегі жалаңашталған ағзаға ет, теріні қан-тамырымен жапырақшалап көшіру сияқты түрліше техникалық операцияларды жасап, жарақаттың қысқа уақытта сауығуына көмектеседі.

4) Күйіктің немесе басқа себептерден төбесінде шашы жоқтардың (айнабастарға) бас терісі астына кремний қосылысты қалта көміп, жаңадан бас тері қайнарын жасап, табиғи шаш өсіре алады.

5) Отадан кейінгі тәндегі кесілген орынның ашылып кетуі, ұзақ уақыт сауықпауы салдарынан іріңдеп, азап тартқандардың жарақатын қысқа уақытта сауықтыратын шешуші операцияны жасайды.

6) Сыртқы жараланудан тері-май қабаты көлемді сыдырылып, ашылып қалғандарды немесе көлемді тері қабаты бұзылып, өлі еттенгендерді жүйелі түрде емдейді.

7) Түрлі пішіндеу, безендіру отасын жасайды.

Міне, осындай салалардағы жасампаздық ембектері нәтижесінде ол 1993 жылы бір түрдегі емдеу қайшысын ойлап шығарып, мемлекеттік патент құқығын алған. Патент № ZL 93208034. Осы жаңалығы үшін ол 1994 жылы Чаңчүнда өткізілген мемлекеттік ең жаға ғылым-техника жетістіктерін сараптау, бағалау жиналысында «1994 жылғы Чаңчүн алтын лоңқа» сыйлығына ие болады.

1998 жылы «Жалаңашталған бас сүйекті жону бұрғысы және оның клиникада қолданылуы» деген еңбегі жарық көріп, осы саланы емдеу техникаындағы олқылықтарды толтырды. Осыған орай жазған диссертациясы ШҰАР Оқу-ағарту меңгермесі мен Шыңжаң университеті бірлесіп жариялаған жоғары оқу орындары журналдары 20 жылдығының таңдаулы мақалаларын сараптауда бірінші дәрежелі сыйлық иемденеді. Мұнан бөлек мемлекеттік кәсіптік журналдарда (ханзу тілінде) 8 ғылыми мақала, өлкелік журналдарда 10 ғылыми мақала, қазақ тілінде шығатын газет-журналдарда 20-ға тарта ғылыми мақалалар бастырады. Екі рет халықаралық, он рет ел ішінде күйікті емдеу жөніндегі ғылыми талқы жиналысына қатысып, ғылыми өрелі баяндамалар жасап, өз саласының жақсы бағасын алған.

Серік МАҒАУИЯҰЛЫ

Ол 1957 жылы дүниеге келген. 1982 жылы Шыңжаң медицина университетінің емдеу-дауалау факультетінің толық курсын бакалаурлық дипломмен тамамдап, аталмыш университетке қарасты бірінші аурухананың әдеттегі сыртқы аурулар бөліміне қызметке қалдырылып, қазірге дейін осы орында емшілікпен шұғылдануда. Ол отыз жылға таяу дәрігерлік ғылымында көмекші дәрігер, көмекші-оқытушы, жауапты дәрігер, лектор сынды қызмет баспалдақтарын сәтті басып өтіп, бүгінгі күні доцент, аға дәрігер атағын еншілеген айтулы азаматтардың біріне айналып отыр. 1992 жылы мемлекет тарапынан Жапонияға жіберіліп, Токио медицина университетінің екінші сыртқы аурулар бөлімінде тәжірибеден өтіп, қан-тамыр сыртқы ауруларын емдеу біліктілігін жетілдірген.

Қазір ол – Үрімжі қалалық емдеу шырғалаңын сараптау маманы, Шыңжаң медицина мамандар қорының мүшесі. Ал 2000 жылы Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасы сыртқы аурулар бөлімінің орынбасар бөлім меңгерушісі және сыртқы аурулар екінші бөлімінің меңгерушісі қатарлы міндеттерге тағайындалады. 2006 жылы ас қорыту қан-тамырлары сыртқы аурулар орталығының меңгерушісі, қан-тамыр қалқанша без сыртқы бөлімінің меңгерушісі, бірінші клиника институтының сыртқы аурулар оқыту-зерттеу кеңсесінің орынбасар меңгерушісі қатарлы қызметтерге тағайындалып, емдеу, оқыту-зерттеу істерімен бірлікте аталмыш орындардың әкімшілік міндеттерін де қатар атқаруда.

Ол қан-тамыр сыртқы аурулар бөлімі және қалқанша без сыртқы аурулар бөлімінің күрделі, қатерлі, ауыр науқастарын емдеу шеберлігі жөнінен автономиялы районның іші-сыртында да алдыңғы қатарда. Кейінгі кездері венада (көктамыр) қан ұйығының пайда болуы және онымен бірге пайда болатын аурулар тура терең зерттеу жүргізіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Ел ішіндегі түйінді медициналық ғылыми журналдарда жоғары өредегі 5 ғылыми мақаласы жарық көрді. Оның өзі бастамашы болған DeBaky ІІІ қолқа қосалқы қабатындағы артерия өспесін емдеу тәжірибесі 2007 жылы Шыңжаңның ғылымды ілгерлетудегі 2-дәрежелі сыйлығын еншілейді.

Жігер ҚАЙРОЛЛАҰЛЫ

Ол – Қытай медицина ғылымының докторы, аға дәрігер, магистр аспиранттар жетекшісі. Шыңжаң медицина уинверситеті бірінші ауруханасының Сүйек арнайы бөлім ауруханасының омыртқа бөлімінің орынбасар бастығы. ШҰАР сүйек ауруларын зерттеу тобы инженерлік бөлімінің меңгерушісі.

Жігер 1963 жылы ақпанда Алтай аймағының Жеменей ауданында дүниеге келген. 1981 жылы орта мектепті үздік тамамдап, мемлекеттік түйінді университет – Қытай халық азаттық армиясы Ши-ань 4-әскери медицина университетіне оқуға қабылданады. Студент кезінде талмай үйреніп, көп рет үздік шәкірт болып бағаланып, бакалаур дәрежесін алған соң, өз өтініші бойынша шалғай шекаралық аудандаға қызметке бөлінеді. Алғашқы қадамын Шыңжаң ядролық қаруларды сынау базасында, Еренқабырға тауының ішіндегі әскери казармада дәрігер болудан бастайды. Ол жерде үздік дәрігер атанып, әскери ауруханада талай рет марапатталады. 1989 жылы мемлекеттік бір тұтас аспиранттық емтиханнан сүрінбей өтіп, өзі түлеп ұшқан 4-әскери медицина университеті Шыңжаң ауруханасы Сүйек аурулар бөліміне магистрлік аспиранттық оқуына түседі. Кәсіпке шөгелдік танытып, үйренуге деген зор ынталығы мен оқудағы үздік нәтижелерінің арқасында 1994 жылы үздік докторлық дипломға қол жеткізеді. 2002 жылы оны Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасының Сүйек аурулары бөліміне арнайы жібереді. Ол зеттеген сүйек тканы құрлысы мен оны емдеу тақырыбы 1996 жылы халықаралық ең жоғары медицина сыйлығы мен мемлекеттік 2-дәрежелі ғылым-техника сыйлығын еншілейді. Сонымен қатар оған Мемлекеттік ғылыми істер қоғамының жоғары ғылым-техника саласындағы еңбекдаңқы куәлігін тарту етеді. Ол Қытайдағы тұңғыш кезекті күрделі құрылымды сүйек қамбасын құру ісіне қатысқан. Оның Қытай өндірген «ctamme шегесін зерттеу және оны клиникада қолдану» деген зерттеуі әскери орындардағы емдеу өнімділігі 3-дәрежелі сыйлығын алады.

Ол қазір Мемлекеттік жаратылыстық ғылым-техника қоры, мемлекеттің үлкен 115 сүйемелдеу жоспары, Қытай – Қазақстан ғылыми-техникалық байланысы, Мемлекеттік оқыту органдардың түйінді мәселелері, Шыңжаңның оқыту органдарының түйінді мәселелері сияқты толғақты тақырыптарға жетекшілік етіп, 600 миллионның үстіндегі тақырыптық қаржыны басқарып отыр. Қазірге дейін өз қолынан 20 магитр-аспирант тәрбиеледі. Мұнан сырт университеттің тапсыруымен шетелдік студентерге, аспиранттарға шетел тілінде, ханзу тілінде медициналық дәріс өтеді.

Ол – және Шыңжаң медицина университетінің техникалық бастамашысы. «Жұңхуа жарақаттануды емдеу және сүйек аурулары» журналының жорасы, «Жұңхуа медицина ғылыми журналының» (ағылшын тіліндегі) сарапшы маманы. Қытай биологиялық дәрі-дәрмек тех-никалық қоғамы, сүйек тканы склады қор қоғамының мемлекеттік мүшесі. Халықаралық орнықтыру (АОАА) қоғамының мүшесі. Гигиналық тұйықсыз шырғалаңға төтеп беру ұйымының мемлекеттік маманы. Талай рет Америка Құрама Штаттары, Аустралия, Қазақстан елдерінде іссапарда болып, ғылымилекциялар оқыған.

Қытайдың ең жоғары өредегі медициналық «Жұңхуа сүйек аурулары» журналы, «Жұңхуа жарақат сүйек ауруларын емдеу» журналы, «Жұңхуа тәжірибелік хируриясы» журналы секілді басылымдарда отызға тарта ғылыми еңбектері жарық көрген айтулы дәрігер.

Мұқият ОРАЗХАНҰЛЫ

Медицина ғылымының докторы М. Оразханұлы 1970 жылы маусымда дүниеге келген. Доцент, магиистр аспираттар жетекшісі. Ол – қазір Шыңжаң медицина университеті бірінші ауруханасының әдеттегі жүрек, ішкі кеселдер бөлімінің бөлім меңгерушісі. Жүрек аурулары орталығы бастауыш партия ұйымының орынбасар хатшысы. Қытай медицина қоғамы жүрек-қан тамырларының аурулары бөлімінде қоғамның жорасы, Шыңжаң дәрігерлік қоғамы ішкі аурулар бөлімше қоғамының тұрақты жорасы. Шыңжаң батысша-қытайша бірлестіру қоғамының алқа мүшесі, ШҰАР және Үрімжі қалалық емдеу шырғалаңын сараптау мамандар қорасының мүшесі, Шыңжаң жүрек-қан тамырларын жалғауды бақылау орталығының жорасы, Мемлекеттік жастар бірлестігінің мүшесі, Шыңжаң жастар бірлестігі төрағасының орынбасары, «Қытай 4-мамыр жастар сыйлығының» иегері. 2008 жылы «Шыңжаңды тебіренткен он үлгілі жастың» бірі.

Ол негізінен жүрек-қан тамырлары ішкі кеселдерін емдеумен айналысады. Қозғаушы аппарат орнату және сәулемен еріту операциясының шебері. Бұрынғы-соңғы Үрімжі қалалық ғылым-техниканы ілгерілету сыйлығының екінші дәрежелі сыйлығын екі рет, үшінші сыйлығын бір рет еншілеген. Мұнан сырт өлкелік дәрежеден жоғары басылымдарда 50-ден артық ғылыми мақаласы жарияланған. Мұның ішінде мемлекеттік дәрежелі басылымдарда жарық көргендері – жиырма бір. Қазір ол мемлекеттік «Он бірінші бес жылдық» ғылым-техниканы сүйемелдеу жоспарының қосымша тақырыбынан бір, ал ШҰАР жаратылыстық ғылымдар қоры тақырыбынан және бір еңбек даярлап жатыр.

Сағат БАРАШҚЫЗЫ

Ол – сауықтыру дәрігерлік бөлімінің аға дәрігері, доцент. Ол 1957 жылы қаңтарда Алтайдың қаба ауданында маман отбасында туылған. 1983 жылы желтоқсанда Шыңжаң медицина университетінің емдеу дәрігерлік ғылымы кәсібінің толық курсын бітірген. Оқуын тамамдағаннан кейін Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасының күйік-пішін түзеу және сыртқы аурулар ғылымы саласында оқытушылықпен шұғылданады.

1998 жылы аурухана басшылығы оның қызметке жетіктігін ескеріп, физикалық емдеу, сауықтыру бөліміне ауыстырып, бөлім меңгерушісі міндетін жүктейді. Содан бастап ол физикалық емдеу, сауықтыру білімдерін оқыту және ғылыми зерттеу қызметімен шұғылданып, 26 жыл бойы осы салада жемісті еңбек етіп келеді.

Аға дәрігер Сағдат Барашқызы – физикалық емдеу, сауықтыру саласында өзіндік емдеу тәсілі мен технологиясын қалыптастырып, сүйек, буын ауруларын, әсіресе, мойын, иық, бел, аяқ сырқырап ауруы және аяқ, қол буын ауруларын емдеп жазуда өзіндік дара үлгі жаратқан дарынды дәрігер. Толық курста және магистр-аспиранттарға дәрігерлік клиника ғылымы туралы дәріс беріп, лекция оқудағы шеберлігімен студентер алқауына бөленіп келеді. Мұнан сырт ол жұмыстан сыртқы уақыттарын пайдаланып «Жұңхуа физикалық емдеу және сауықтыру» журналы, «Жұңхуа клиникалық сауықтыру» журналы, «Шыңжаң медицинасы», «Шыңжаң медицина университеті ғылыми журналы» қатарлы беделді кәсіптік журналдарда өз мамандығының қыры мен сырын жете зерттеген 20-дан артық ғылыми мақала жарялап үлгірді.

Сағат – бұл күндері Қытай физикалық емдеу, сауықтыру қоғамының мемлекеттік жорасы, Шыңжаң сауықтыру-дәрігерлік қоғамының тұрақты алқа мүшесі, Шыңжаң дәрігерлік қоғамының емдеу шараларын сараптау маманы, Шыңжаң ғылым-техника қоғамы мамандар қорасының мүшесі. Ол өз кәсібіне қоса осындай міндеттерді де атқарады.

Күміс БАЙАХМЕТҚЫЗЫ

Доцент Күміс Байахметқызы 1958 жылы 13-қарашада туылған. Қазір Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасы клиникалық психология бөлімінің орынбасар меңгерушісі Рухани және психикалық аурулар маманы. Әртүрлі күрделі психикалық аурулар мен рухани ауруларға диагноз қою және оларды емдеуге жетілген шебер дәрігер.

1996 жылдан 2000 жылға дейін Жапонияның Бихайдау университетінде нерв аурулары мен психикалық ауруларды емдеуді арнайы оқыған. Ол дәрігерлігімен қатар рухани аурулар ғылымы, клиникалық психология ғылымы саласында оқытушылық және ғылыми зерттеуге ат салысып, тың табыстарға қол жеткізді. Қазірге дейін тиісті кәсіптік журналдарда ғылыми өресі жоғары 15 мақаласы жарияланады. Сондай-ақ ол өз мамандығы бойынша 7 магистр-аспирантты шәкірттікке қабылдап, бүгінгі күні мұның үшеуі оқуын бітіріп, осы салада қызмет жасауда. 2002 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықта ол ШҰАР Оқу-ағарту меңгермесі және Дене-тәрбиесі мәдениеті меңгермесімен бірлікте бір тақырыпты зерттеп бітіріп, автономиялы райондық ғылыми жетістіктер сараптауынан өткізеді. 2006 жылы шілдеде жүрек-қан тамырлары ауруларын зерттеу орнымен бірлікте автономиялы аудандық зерттеу тақырыбынан және біреуін орындайды. 2008 жылы тамызда автономилы райондық жаратылыс ғылымдар қоғамымен бірлікте және бір тақырыпті игеруге кіріседі.

Гүлбану БҰЛАНТАЙҚЫЗЫ

Ол 1956 жылы 10-шілдеде туылған. 1978 жылдан 1982 жылға дейін Шыңжаң медицина университетінің Күту институтында оқыған. Оны бітіргеннен кейін университетке қарасты бірінші аурухананың Сүйек аурулары бөліміне жұмысқа қалған.

Өз мамандығына шөгел, іскер Гүлбану 1984 жылы ШҰАР бойынша үздік медбика атағын иеленеді. Ал 1985 жылы осы автономиялы райондағы ең үздік денсаулық сақтау қызметкері болып марапатталады. 1987 жылы наурызда «Бел омыртқасы ауруларын күтудің тамаша әдістері» деген ғылыми мақаласы университет басылымында жарық көреді. Ол 1989 жылғы ақпаннан 1990 жылғы сәуірге дейін Гуаңжу Мыңнидан ажарландыру институтында әжім кетіру, сұландыру мамандығ бойынша білімін жетілдіріп, ең жоғары «ажарландырушы» дипломын алады. 1992 жылы «Буын ауруларын емдеу барысы және күту амалдары» деген мақаласы  Күту институттарының бағдарламасына еніп, оны жүйелі үйрену шәкірттер міндетіне айналады. 2001 жылы мемлекет бойынша жарияланған Күту институттарының диссертацмя оқу жарысында ол жазған «Қарттардың сүйек сынығын емдеу және күту» туралы мақаласы жарыссөзге шығушылардың «ең таңдаулы мақаласы» болып бағаланады. 2003 жылы мамырдан 2004 жылы мамырға дейін аурухана әкімшілігінің арнайы жолдамасымен ол Бұратала облысының Жың ауданына барып, аудан ауруханасының емдеу тобымен бір жыл жұмыс жүргізіп, айтарлықтай нәтижемен оралады. 2006 жылы қыркүйектен 2007 жылы қыркүйекке дейін Қотан аймағына барып, ұйғыр медицина ғылымын бір жыл оқиды.

Гүлбану қазір Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасының Сүйек бөлімше ауруханасының буынның сыртқы аурулары бөлімінің бас қоғаушысы, күзетшісі міндетін атқарады.

Жазира ТОҚАЙҚЫЗЫ

Ол – медицина ғылымының докторы, магистр, аспиранттар жетекшісі.

Жазира 1965 жылы мамырда туылған. 1987 жылы Ши-ань медицина университетін оқып бітірген. 1997 жылғы ақпаннан 2003 жылғы наурызға дейін Жапония университетінің медицина бөлімі докторантурасында оқиды. Онда ол клиникалық электрокардиограмма саласында зерттеу жүргізеді. 2003 жылы осы мамандық бойынша докторлық дессертация қорғап, ашқан жаңалығы атағын шығарады. Сол жылы сәуірде еліне оралып, ішкі тынысты емдеу, оқыту және зерттеу жұмысын жалғастырады. 2006 жылы маусымда Шыңжаң медицина университетінде тиісті зерттеуін тамамдайды. Қазірге дейін оның салалық журналдарда 12 ғылыми мақаласы жарық көреді. Жетекшісімен бірлікте «Телефонмен кардиограмма системасын жолдау» тақырымында екі томдық монографиялық еңбек жазып, ол Қытай Жапаон елінің ғылым саласына үлкен үлес қосады. Қазір тыныс бөлімінің магистр аспиранттар жекекшісі. Бүгінге дейін 12 магистр-аспирант қабылдап, өз саласында мықты дәрігерлердің өсіп-жетілуіне аянбай тер төгуде.

Бүгінгі таңда оның негізгі ғылыми зерттеу бағыты: кеңірдекше сипатты демікпе, созылмалы харектерлі тосылу сипаты өкпе аурулары, өкпе қабынуы сипатындағы жүрек ауруы және телефондық кардиограмма системасының клиникалық қолданылуы.

Надира ТІЛЕУХАНҚЫЗЫ

Ол – медицина ғылымының докторы. 1964 жылы ақпанда Үрімжі қаласында дүниеге келген. Доцент, магистр аспиранттар жетекшісі. 1987 жылы Шыңжаң медицина университетін бітіріп, аталмыш оқу орнына қарасты бірінші ауруханада жұмысқа қалдырылған. 1997 жылы шілдеден 2003 жылы наурызға дейін Жапонияның Хоккайдо университетінің докторантурасында оқыған. Негізгі мамандығы – ультра дыбысты диагноз қою, кескінді диагноз қою, бауыр аурулары. Ол – бауыр клеткасы рагының емдеуден кейінгі қайта қозу формасын нысана еткен зерттеулер авторы. Оның лазер сәулесі СТ және ультра дыбыс кескіндерін салыстыруы жемісті болады. Әсіресе жаңа типтегі СТ аппаратын енгізгеннен кейін бауырдың үш кеңестік құрылым кескіні, бауырдағы (вена) көктамырдың айналым аумағы және бауырдың оң-сол жапырақшасының үлкендігі себептерін анықтайды. 2003 жылы наурызда докторлық дипломын алады.

Сол жылы мамырда еліне оралып, ультра дыбысты  диагноз қоюдың технологиясын (емдеу) оқыту, зерттеу, жұмыстарын жалғатырады. Қазірге дейін өз мамандығына қатысты 12 ғылыми мақала жариялайды. 2003 жылы бір ғылыми мақаласы Еуропа мамандарының ғылыми жиналысында 2-дәрежелі сыйлыққа ие болады. Ол қазір ультра дыбысты емдеу орталығында бөлім меңгерушісінің орынбасары. Көрінекті кіші мүшелер бөлімінің бөлім меңгерушісі. Қазірге дейін 12 магистр аспирант қабылдаған. Олардың бесеуі оқуын бітіріп, осы салада жұмыс жасауда.

Сағындық ЕРЕЖЕПҰЛЫ

Ол 1963 жылы қыркүйекте туылған. 1992 жылы Шыңжаң медицина университетінің Клиника институтын оқып бітіріп, сол жылы мемлекеттік бір-тұтас магистр аспиранттық емтиханнан жақсы нәтижемен өткен. 1996 жылы жүрек-қан тамырларының ішкі таурулары мамандығының магистр-аспираттық дипломын алған. Содан қазірге дейін Шыңжаң медицина университетінің бірінші ауруханасы жүрек-қан тамырларының тарылғыш аурулары кеңсесінде дәрігер болып қызмет атқарады. Ал кейінгі кездерде ол – осы бөлімде жауапты дәрігер.

Осы жылдар ішінде ол аурухананың жедел жәрдем орталығы, асқынған ауруларды күту бөлімі, нерв ішкі аурулар бөлімі, жүрек ішкі аурулар бөлімі секілді бөлімдерде ұзақ уақыт жұмыс жасағандықтан клиникалық қызмет тәжірибесі мол. Талай рет Қотан, Майтау, Фукаң, Шиху, Бұратала қатарлы жерлерде жүрек-қан тамыр аурулары мен ұзақ ғұмыр кешкен қарттарда жиі болатын ауруларға қатысты тексерулерге қатнасып, өзінің негізгі және кәсіптік білімін, емдеу технологиясын жоғарлатады. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, диагноз қою, емдеу және сырқаттанудың алды-артындағы кесім жасауды жете зерттеген тәжірибелі дәрігер.

Компюьтердің медицинада қолдануына әлемдік сайт және торбет жобалау білімдеріне, сонымен бірге ағылшын тіліне жеттік. Өз мамандығына қатысты нақтышлы медициналық ахуалдармен ұштастырып жазған 18 ғылыми мақаласы тиісті кәсіптік ғылыми журналдарда жарық көрген.

*        *        *

Сөйтіп, Шынжаң медицина университетінің бірінші ауруханасындағы әр ұлт қызметкерлері аталған орталықтың бес аспап корпусы, ғылым-техника корпусы жаңадан бой көтеру үстіндегі кеңейтілген емдеу корпусы қатарлы тамаша материалдық база-жағдайларды толық пайдаланып, басшылықтың қатаң талабынан шығып, ел іші мен сыртындағы озық ғылыми емдеу әдістерін өмірге енгізіп, өз дарындары артықшылығын іске қосып, одан ел іші-сыртынан келген сырқарттар үшін сөзсіз тамаша емделу жағдайын жасап отыр. Мүмкіндігінше барлық аурулардың емделу ақысын азайтуға атсалысып, халың халық бұқарасы үшін сапалы қызмет көрсетіп, аурухананың Шынжаңдағы және шекаралас өңірдегі абыройын түсірмей, қайта сенімділігін жоғарылатуға күш салып отырған олар өз ауруханасының ШҰАР бойынша ең үлкен, ең жақсы, бүкіл Қытайдың солтүстік Батыс өңірінің ең алдыңғы, тіпті бүкіл Орта Азия елдеріне ықпал жасай алатын емдеу, оқыту, зерттеуді бірге ұштастырған бес аспап, осы замандық ем-шипа орталығы болып қала беруі үшін күресіп келеді. Сондықтан да бұл аурухана төңіректің төрт бұрышындағы таланттыларды өзіне баурап, жинайтын ғылыми-зерттеу базасы болып құрылса керек.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511