Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 2409 9 пікір 29 Қараша, 2023 сағат 11:48

«Жастар жалыны Отанға...»

Абай облысы Семей қаласындағы өрелі де өрнекті жырлардың авторы, «Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің» студенті, жас ақын Мирас Сламшайықұлынан тілшіміз жастар арасындағы патиротизм тақырыбына сұхбат алған еді. Енді сол сұхбатты Abai.kz оқырмандары назарына ұсынып отырмыз

Армысың, Мирас Сламшайықұлы! Қазақ елінің руханият әлеміне титтей де болсын асау – жүрек жырларымен өзіндік үлес қосып жүрген дарынды да жалынды жастар қатарынансыз. Сіз үшін «Отан» ұғымы нені білдіреді?

– Әр адам «Отан» деген сөзді әр қалай түсінеді ғой. Мен үшін осынау  қасиетті, құтты мекенім. Туып өсіп, кіндік қаным тамған, асыр салып ойнап балалығымды өткізген, өзім өмір сүретін, қызмет ететін туған жерім. Тағы да сол атамекенімдегі жаныма жақын жандар, оның ішінде әке-шешем, жора-жолдастарым, дос-жаран, бауырларым. Осы айтылғандардың барлығын біріктіретін қасиетті Отан деген сөзіміз деп білемін.

Жастарды «патриоттық сезімге» тәрбиелеудің маңызы неде?

– Мен үшін жастарды «патриоттық сезімге» тәрбиелеудің маңызы ұшан теңіз. Себебі біз - жастар өз отанымыздың патриоты болуымыз керек. Туған елді, жерді, Отанымызды сүйе білуіміз керек. Отанның адал ұл - қызы болуға ұмтылуымыз керек. Отан үшін қызмет етіп, еліміздің дамуына үлес қосып, елді алға сүйреуіміз керек. Ал ол үшін адамның бойында патриоттық сезім болуы шарт. Сондықтан да жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудің маңызы зор.

«Рухани қазына»  теңдессіз байлығымыз саналатын: салт-дәстүр мен тамыр-танымды ел жастарының бойынан қаншалықты байқап жүрсіз?

– Бұл әр кезде әр қалай. Кейде байқап жатамыз, кейде байқалмай жатады. Бірақ, салт-дәстүрді ұстанатын жастар аз деп айтуға келмес әрине. Өзімнің достарым, таныстарымның арасында да салт-дәстүрді ұстанатындар көп. Желіге кіргенде де салт-дәстүрді қолдап, осы салт-дәстүр бойынша бір-біріне челлендж жолдап жатқандарды да көп көрем. Осыдан соң салт-дәстүрді ұстанып, оны қолдайтын жастар аз деп айта алмаймын. Өзім де салт-дәстүрді барынша ұстануға тырысам. Қанша дегенмен салт-дәстүріміз ұлтымыздың байлығы ғой. Меніңше салт-дәстүр жоғалатын болса, елдігімізден айырылуға бір табан жақындаған болып саналамыз деп ойлаймын.

«Тіл мәселесіне» жеке көзқарасыңыз?

– Тіл мәселесі дегенде біраз көңілім толмайды. Себебі қазір ең басты мәселелердің бірі тіл мәселесі ғой. Мемлекеттік тілде, өзіміздің қазақ тілінде, ана тілімізде сөйлей алмайтындарды да жиі көріп тұрамыз. Көбіне жастардың арасында көп кездеседі. Бірақ арасында ана тілімізде сөйлей алмайтын, түсінбейтін жасы үлкен, ел ағасы болуға жарайтын, жасы 50-60-қа келген ағаларымызды да кездестіріп қалып жатамын. Осыған біраз көңілім толмайды. Тағы айта кететіні  қазір бізде тілдің алалығы бар. Яғни, орысша араластырып сөйлейміз, орыстың кейбір сөздері тілімізге сіңіп қалған. Осыдан соң енді ана тіліміздің құндылығы жойылып жатқандай көрінеді.

«Ұлттық сана кодын» одан әрмен де тереңдете түсу үшін не істеуіміз керек? Жалпылама қысқаша мазмұнда айтып өтсеңіз?

– Менің ойымша Ұлттық сана кодын әрі қарай тереңдету үшін ең алдымен жастарды елін сүюге, ұлтқа қызмет етуге, шынайы патриот болуға тәрбиелеу керек. Ұлтымыздың байлығы салт-дәстүрді ұстануды барынша қолдап, ұлттық болмысымызды сақтап қалуға күш салу керек.

«Рәміздерімізді» құрмет тұту жастар арасында белең алуда... Ал, сіздің,  бұған  жеке ой - пікіріңіз қандай?  

– Рәміздерді құрметтеу - елді құрметтеу. Ал жастардың арасында рәміздерге деген құрмет белең алған сияқты. Олай ойлауыма себеп: бұрындары мектепте оқыған кезде «Рәміздер» дегенде орнымыздан атып тұрып рәміздеріміздің авторын, оның мән - мағынасын, нені білдіретінін жарысып айтып жүретінбіз. Рәміздерге деген құрмет болатын. Тіпті жерде жатқан тиынның өзін көтеріп қоятын аталарымыз болатын, екінші жағында Елтаңбамыз бар, сол елтаңбамызды аяқ асты етпейік дейтін.  Қазір рәміздерді көп ешкім елеп ескере бермейтін болыпты...

«Өнердің» киесіне сенесіз бе?

– Бұл өнердің киесі кез-келген адамға қона бермейді ғой. Қаншама елімізден шыққан өнерлі, талантты жандар бар. Өзіміздің қазақтан шыққан небір күйшілер, күміс көмей, жез таңдай әншілер, өлеңдерінен маржан төгіліп тұратын, оқыған жанды өзіне баурап алатын ақындарымыз бар. Сол жандардың барлығына өнердің киесі қонған деп санаймын. Жалпы, өз басым  өнердің киесіне сенемін.

– Сұхбатыңызға алғыс! Ылайым өнер биігінде, өлең ұйығында тұнық тұма ойларыңызды паш етіп, елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүре беріңіз! Сау болыңыз!

– Abai.kz ұжымына да, Рақмет!

Ерік Қайратбекұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5356