Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Билік 2430 0 пікір 29 Қараша, 2023 сағат 12:14

Сөз бостандығы – өз бостандығымыз

24 қарашада Алматыда өткен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында «Масс-медиа туралы» Заң жобасын талқылау кезінде Әміржан Қосанның сөйлеген сөзінің негізгі тезистерін Abai.kz талқысына ұсынып отырмыз.

Редакция

Мойындау керек, бұл заң жобасына қатысты қоғамда пікір екіұдай.

Бірі «барлық құқықтық негіздер Конституция мен тиісті кодекстерде жазылған, сондықтан бұл салаға қатысты арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ, тағы бар заң БАҚ өкілдерінің құқықтық мүмкіншіліктер аясын тарылта түседі» дейтіндер.

Екіншісі «Конституция мен кодекстерде бәрін ескеру мүмкін емес, БАҚ саласы дербес заңды қажет етеді» дейтіндер.

Екі жақтың да өз уәждері бар.

Біз болсақ ұсынылып отырған заң жобасын тілге тиек етпекпіз.

Бұл жоба ерекше бір кезеңде талқыланып жатыр: яғни сөз бостандығын мансұқ етіп, тәуелсіз журналистиканы өзінің ата жауы санаған ескі Қазақстан мен Әділеттік ұранын басшылыққа алған Жаңа Қазақстанға өтудегі өліара, транзиттік шақ тұсында. Сондықтан да заң жобасынан бір-біріне кереғар екі кезеңнің қарама-қайшылығының иісі сезіледі.

Сөз жоқ, кез келген мемлекет пен ұлт болмысының барлық дерлік салалары ақпарат саласына тікелей тәуелді: қандай ақпарат тұтынасың, сондай қоғам қалыптасады. Қазіргі аса қиын геосаяси ахуал мен ішкі-сыртқы қауіп-қатерлерді ескерсек, заң жобасындағы шетел БАҚ-қа қатысты белгілі бір талаптар мен тыйымдарды да қолдау керек деп санаймын. Гибридтік соғыстардың әсерін әлем де, біз де сезіп жатырмыз.

Бірақ та шаш аламын деп бас алуға болмайды.

Оны айтып отырған бір себебім бар: бүгінде қоғамда аса қауіпті ақпараттық, керек десеңіз, қоғамдық-саяси прецедент пайда болды.

Бір жағынан – бәрін өз бақылауында ұстағысы келетін мемлекеттік органдардың тыйымдар мен талаптарды күшейтіп, билікке сын мен балама пікір айтатын БАҚ пен жеке журналистерді жаратпау, оларды өз дұшпаны санау тенденциясы әлі де бой көрестіп қояды (әділін айтсам, алдын-ала дайындалған осы тұжырымымнан сөз сөйлей бастаған кезде бас тартқандай болдым, өйткені осынау заң жобасын Алматыға арнайы келіп, тәуелсіз журналистердің қатысуымен талқылаған профильды министрлік пен Парламент депутаттарының бұл өркениетті әрі плюрализм талаптарына сай қадамын мойындау керек шығар).

Екінші жағынан 30 жыл бір адамның жеке басына бағынудан әзер құтылған азаматтық қоғам мен тәуелсіз журналистиканың ерекше белсенділігі, сөз бостандығының халықаралық стандарттарға қарай ұмтылысы. Интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер ол белсенділіктің күрт артуына мықты технологиялық және коммуникациялық мүмкіндіктер беріп отыр.

Осы орайда заңның реттеу, тыйым салу мен шектеу функцияларын заман талаптарына сай қайта қарай керек сияқты: мәселен, ертеңгі күні жасанды интеллект ақпарат тарата бастаса ше?!

Сөз жоқ, абсолюттік сөз бостандығы болуы мүмкін емес. Жеке адамның, мемлекеттің, тұтас ұлттың өз мүдделері бар.

Меніңше, тыйымдар тек қана Конституцияда жазылған талаптармен шектелуі тиіс. Олар 20-бапта жазылған.

Бүгінгі таңда өзекті болып, заң жобасына енгізілген терроризм мен балалар буллингіне қатысты баптарды қолдауға болады. Алайда ертеңгі күні тағы да бір (мәселен, жасанды интеллектіге немесе басқа ноу-хауға қатысты) проблемалар туып, оларды да заңға енгізіп жатпау үшін бар мәселені Конституция талаптарымен ғана шектеген лазым болар.

Сол себепті заңның өзін «Қазақстан Республикасындағы сөз бостанығы туралы» Заң деп атаған саяси, моральдық-психологиялық жағынан дұрыс болар еді.

Енді нақты баптарға тоқталайық.

5-бап, Тіл.

4. Мемлекеттік тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.

Бұл сөз «басқа тілдердің де жиынтық көлемі аз болмайды» деген сөз емес пе? Сол басқа тілдеріңіз баршаға белгілі бір тіл емес пе?

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1)телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық операторды айқындайды;

2)Қазақстан Республикасының Президентіне журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы Ұлттық баяндаманы енгізеді.

Екі міндет қана ма?

Кейде ақпарат саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде ведомствоаралық келіспеушіліктер болмай ма? Үкімет соны үйлестіру керек емес пе?

Оның есесіне, меніңше, Парламенттің БАҚ саласына қатысты тек заңнамалық функциясы ғана емес, күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты міндеттерін өз мойнына алу керек сияқты.

Мәселен, мемлекеттік тапсырыстың жүзеге асуына қатысты. Сол мәселеге қатысты қоғам мен БАҚ тарапынан біраз сын айтылып жүр...

Қағаз газет-журналдарын басып шығаратын баспаларды қосымша құн салығынан босату керек! Мәселен, Ресейде осындай заң қабылданған.

Сонымен бірге, Парламент өзі мұрындық болып, Қазақстан демократиялық күштері талайдан бері айтып келе жатқан «Қоғамдық телевизияны» құрып, оның эфирінде қатып-семіп қалған мемлекеттік телеарналар эфиріне шыға алмай жүрген өткір де өзекті тақырыптар мен азаматтық қоғам өкілдеріне жол ашуға болар еді.

7-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті

Көптеген функциялар орынды аталған.

Бірақ, «осы орган БАҚ және журналистердің ақпаратты тарату жөніндегі конституциялық құқықтарын қорғауды өз міндетіне алады» деп жазылса, мемлекет пен қоғам арасындағы ахуал, сөзсіз, дұрысталар еді.

Реті келгесін, уәкілетті органға қатысты да пікір айтайын. Өз басым мемлекет қаржыландыратын барша БАҚ-ты бір орталықта шоғырландыруды – үлкен саяси әрі идеологиялық қателік деп санаймын!

Экономикалық дербестік пен шығармашылық еркіндік болмай, редакциялар арасында ізденістік бәсекелестік пен оқырман аудиториясы үшін күрес болмай, ондай БАҚ-ты қалың оқырман іздемейді.

Бұл жайт жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінетін мемлекеттік ақпарат саясатының тиімділігіне өз әсерін тигізеді.

Мемлекеттік, квазимемлекеттік салаларға қатысты БАҚ жүйесіндегі журналистердің жалақысын реттеу мәселесі де өз шешімін табуы тиіс.

Мәселен, Жазушылар одағына қатысты ғасырға жуық тарихы бар «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» және «Простор» журналарының журналистерінің айлық жалақысы тіпті мардымсыз! Президент Тоқаев айтқан әдеби кітаптар шығаруға бюджеттен қаржы бөлінсе, сол әдебиетті ғасыр бойына насихаттап, талғамы биік оқырманды тәрбиелеп келе жатқан айналдырған үш арнайы басылым неге жетім қыздың күнін кешуі керек?!

13-бап. Масс-медианы тарату

Бұл салада, әсіресе, қағаз газет-журналдардың таралуы жалпыұлттық маңызы бар мәселе болып отыр. Менің түсінуімше, кезінде оппозициялық басылымдардың таралуын шектеу үшін бұрыннан қалыптасқан газет-журналдарды тарату жүйесі әдейі жойылды. Қазір біз сол солақай саясаттың зардабын шегіп отырмыз.

15-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі

Көп жағдайда меншік иесі формальды түрде көрсетіледі. Оқырман қай клан қай кланмен соғысып жатқанын білмейді де, көп жағдайда топаралық күрес не бір адамның соңына түсіп алып, қаралау науқанынынң артында кім, не тұрғанын білмей қалады да, тұрпайы топаралық не тұлғааралық тартысты демократияның жарқын белгісі деп қабылдайды.

Әлеуметтік желінің орны бөлек, оның қоғамдағы кеселдерді ашық көрсетуі, сөзсіз, қажетті миссия. Бірақ сол ақпараттық ағында көбік ретіндегі хайп пен хейттерді, фейктерді не істейміз? Аңқау елге арамза молда демекші, біраз ағайын көпе-көрінеу өтірікке сеніп жатады. Осы сенімшілдікті шекарамыз бен ішкі тұрақтылығымызға көз алартқан сыртқы күштер пайдаланып кетсе ше?

29-бап. Баспасөз картасы

Осындау карта керек пе өзі? Сөз жоқ, белгілі бір дәрежеде аккредиттеу керек болар, әсіресе, ол шетел басылымдарына қатысты. Бірақ ол істі соншалықты шарттар мен талаптармен шектеу дұрыс емес? Арнайы дипломсыз да журналистика жұлдызы боп жүргендер жетеді.

Иә, Конституцияда: «Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар», - деп жазылған. Бірақ, мемлекеттік қызметке барған кез келген адам өзінің қоғам алдында мейлінше ашық болуы тиіс екенін түсінуі керек! Өйткені ол салық төлеушілердің, яғни халықтың есебінен күн көріп отыр. Мұндай ашықтық және кез келген, соның ішінде жеке өмірдегі, әрбір қадамыңа журналистер алдында жауап беретіндей жағдай ұнамаса, мемлекеттік қызметтен кетсін, басқа шаруамен айналыссын!

38-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті адам (бөлімше).

Жасыратын несі бар, көп жағдайда мұндай қызмет иесі жалпымемлекеттік мүддеден гөрі жеке адамның (профильді министр немесе әкімнің) сойылын соғып, соның ақпараттық адвокатына айналып кетеді де, қоғам мен тиісті мемлекеттік орган арасындағы ынтымақтастық пен түсінушілік жайымен қалады.

Сөз соңында айтарым: қазіргі ескі Қазақстаннан жаңа Қазақстанға көшу кезеңінде қоғам мен биліктің бірегей бір мүмкіндігі бар. Ол - объективті, шыншыл әрі мемлекетшіл, ұлтшыл бағыттағы ақпарат пен қоғамдық пікір қалыптастыруда бұл екі тарап бір-бірімен стратегиялық әріптес бола алар еді. Президент қоғамды тазартамын десе, қоғам санитарлары – журналистердің қолдауына сүйенуі тиіс.

Талқыланып жатқан Заң сол мүмкіндікті баянды етсе, бәріміздің жеңгеніміз!

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1097
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1942
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1922