Дүйсенбі, 9 Желтоқсан 2024
Алашорда 6269 3 пікір 12 Қаңтар, 2024 сағат 13:43

Үмбетей бейіті. Қазақ даласының картасы...

1851 жылғы қазақ даласының топографиялық картасы және Үмбетей бейіті

АЛҒЫ СӨЗ

Біздер біраз жылдардан бері өлкетанушылық мақсат-мүдде тұрғысынан архив құжаттарын, ескі карта-сызбаларды, көне жазбаларды зерделеп, оны жұртшылық назарына ғылыми зерттеу жұмыстары мен БАҚ беттеріндегі танымдық жариялымдар арқылы жеткізіп жүрген жайымыз бар. Қазіргі таңда кешегі Торғай, бүгінгі Қостанай өңірінде өмір сүрген тарихи тұлғаларға қатысты біршама архив құжаттары мен аймақтың сызба кескіндемесі бейнеленген ескі карталар, тарихи жазбалар қойма-қоржынымызға жинақталып қалды. Карта-сызбалардың аса маңызды үлгілерін көпшілік қауымның игілігіне жарасын деген ниетпен облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстадық (Мархабат: Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы).

Десек де, қолымыздағы қоржыннан әлі де болса маңызды ақпараттарды жұрт талқысына салуға болатындығын байқаймыз. Мысалы, 1851 жылы Орынбор әскери корпусының бас штабы Орынбор әкімшілігіне қарасты қазақ өлкесінің үлкен (генеральный) топографиялық картасын жариялады. Онда кең байтақ қазақ даласының батыс бөлігі бейнеленіп, оны «Степь кочующих киргизов Малой орды» деп атайды. Өлкенің солтүстіктегі шекарасын Ой (Үй) өзенінің Тобылға құяр сағасынан белгілесе, оңтүстіктегі шетін Хиуа, Қоқан хандықтарының шекарасына тірейді.

Танымдық маңызы зор, құнды тарихи сызбаны зерделей келгенде, Торғай өзенінің төменгі ағысының бойынан «М. Эмбетей», яғни «Эмбетей моласы» деген белгі көзімізге оттай басылды. Бұл қандай атақты кісінің моласы болуы мүмкін деген ойға, ең алдымен, өзіміз зер қаламын тартып жүрген Абылай хан жанындағы Үмбетей жырау мен Ахмет Байтұрсынұлының батыр бабасы Үмбетей оралды.

Жырау Үмбетей даланың ауызша тарихында Торғай өңірімен ешқашан байланыстырылмайды. Сондықтан ол «ә дегеннен» салмақты жебе ретінде «қорамсаққа салынбады». Ал «қорамсаққа қол салып, қол салғанда мол салып», сауыт бұзар жебе шығаратындай ақпарат-дерек сақталған аңыздық тұлға – Торғай өңіріне белгілі Үмбетей батыр...

ҮМБЕТЕЙ АРҒЫ АТАМЫЗ ТУ ҰСТАҒАН...

«...Белгілі батырдың тұқымы болғандықтан, Ақаңның жақындарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған мінезді адамдар көбірек шыққан». М.Әуезұлы.

Ахметтанушылардың алдыңғы толқыны Ахмет Байтұрсынұлының бойындағы қас батырларға тән қайсарлық, төзімділік, табандылық мінезді ерекше атап өтіп, оны ата-баба қаны арқылы берілген табиғи қасиет, мінез деп таныды. Айталық, М. Дулатұлы, М. Әуезұлы сынды бірі – ағасын «аса құрметті» деп сыйлаған іні-серігі, екінші бірі – «оқыған азаматтарының артынан ерген шәкірт» қатарында болған зерттеушілер Ахмет Байтұрсынұлының шыққан тегіндегі ұлы сүйекті Арғын тайпасынан, бергі рулық тегін Үмбетей батырдың алдынан өргізеді.

Ағартушының өмірі мен шығармашылығын қазақ жұртына алғаш таныстырған М. Дулатұлы оның туған әкесі Байтұрсынды даланың ұлы қаһармандары Темучин, Темірлан, Кенесары, Сырым сынды тұлғалардың қатарына жатпаса да, табиғатынан күш-қуаты мол, жігерлі, жеке басына ешқандай билеп-төстеуді жол бермейтін азатшыл тұлға еді деп сипаттайды. Ал Алаш шәкірті М. Әуезұлы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «қазақ жұрты жалаң атын естіп қоймай, басынан кешірген өмірін білуге ынтық болғандықтан» сол сұранысты орайы келгенде өтеу әрі ағартушының 50 жылдық мерейлі мерейтойын ұлықтау мақсатында арнайы жазған мақаласында былай дейді: «Сүйегі – Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Берідегі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек (Үмбетей руының шежіресін түзеуші Ибраһим Ағытаев бұл кісіні «Көбек» деп есептейді-авт.), Ақаң – Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын. Ақаңның туып өскен ауылы, қыр қазағының ұғымынша, ол кездегі Үмбетейдегі іргелі ауылдың бірі болған. Оның үстіне, белгілі батырдың тұқымы болғандықтан, Ақаңның жақындарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған мінезді адамдар көбірек шыққан».

Батырлық – жауынгершілік заманда «ат үстінде күн көріп, ашаршылық, шөл көріп», «мұз жастанып, қар жамылған» асқан төзімділік, батылдық, ерлік жасап, жаудың қанын төккен кісіге берілетін даңқты атақ. Көне түркілік ықылым заманнан солай келе жатыр. Түркі жұртында билік тағына тәңірден біткен бекзаттық, қазақ арасында Шыңғыстан тараған ақсүйектік тек арқылы төте жолмен келе алатын хан-сұлтандар үшін де батырлық атақ тақ таласында шешуші маңызға ие болып отырған.

Көне түркілік деректерді әрі ысырып, зерды дүрбісін бергідегі тарихқа салғанда, қазақ жұртын үлкен таққа отырып билеген атақты хан-сұлтандардан батыр (баһадүр) атағын алмағаны кемде-кем. Тым қазбаламай-ақ, ХҮІІІ ғасырдағы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың хандық мөріне түскен есімі «Абулхаир-Мухаммед-Гази-бахадур-хан» болса, одан кейін Үш жүзді билеген Абылай ханның мөріне «Бахадур Абылай хан бин султан Уали» деген есім-сойы түсіп, олардың хандық лауазымына батыр атағы да таңбаланған.

М. Әуезұлы «белгілі батыр» деп атаған Үмбетей – ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар-қалмақ шапқыншылығы тұсында ерлік істерімен атағы шыққан кісі. Халық жадындағы шежірелік деректер мен халық ақындарының шығармашылығында ол даңқты батыр Қошқарұлы Жәнібектің (халық аузында  Шақшақ немесе Тархан Жәнібек деп аталады) замандасы әрі жақын туысы. 1903 жылы Мұхамедияр Балғымбаев (Ыбырай Алтынсары баласының сүйікті шәкірттерінің бірі Әбдіғали Балғымбаевтың ағасы – авт.) жазбаға түсірген үмбетейлік Қарпық ақынның Ақтас пен Байтұрсынның Сібірдегі айдаудан оралған кезінде жырлаған көлемді жырында Үмбетей «ту ұстаған батыр», Шақшақ Жәнібекке жақын туыс кісі ретінде суреттеледі:

Үмбетей арғы атамыз ту ұстаған,
Дұспаннан беті қайтып жылыспаған.
Құдайдан не тілесе соны беріп,
Туған соң қанасына тыныстаған.

Ер болса заманында қайраты асқан,
Күншілік табылады қарындастан.
Үмбетей Жәнібекпен туыс еді,
Жері жоқ осалдықпен жаудан қашқан.

Үмбетей руы шежіресінің білгірі, өлкетанушы Ибраһим ақсақал Ағытаевтың жазуынша, Жәнібек тархан мен Үмбетейдің туыстық тамырының дөп тынысы Шақшақұлы Көшейде тоғысып, одан әрі қарай бір ата әулетіне ұласады. Көшейден туған – Қошқардан Жәнібек батыр, ал Қалқаманнан – Бәйсейт, одан – Үмбетей. Демек, Үмбетей – Шақшақ Жәнібек батырдың  немере інісі.

Орайы келгенде, Ахметтің ата-тегін Шақшақтан тікелей тарта келе, Үмбетей батыр арқылы Байтұрсынға ұласатын келте шежірені былайша тарқатуға болады (1 сурет):

(1 сурет. Байтұрсынұлы әулетінің келте шешіресі)

Қарпық ақынның Үмбетей батырды Жәнібекпен туыс деп сипаттауы шындыққа жанасады. ХҮІІІ ғасырдан жеткен Ресейлік архив құжаттарының бірінде, тарихшы И.Ерофееваның көрсетуінше, 1743 жылдың 21-22 маусымында Арғын Шақшақ Жәнібек батырға қараған Орта және Кіші жүздің билеуші тобы патшаға адал болуға ант береді және оны өздерінің таңбаларымен куәландырғаны туралы мәлімет бар. Тізімнің басында Шақшақ Жәнібек ықпалындағы би-батырлардың есімдері орын алған. Сол тізімде Үмбетей де аталады және оның есіміне «батыр» (Умбетей батыр) деген атақ қосылып жазылған. Мұны Үмбетей батыр туралы алғашқы жазба деректің бірі деп қабылдауға болады.

Үмбетей батырдың тарихи жазбалардан айқын көрінетін бір кезеңі – башқұрт жерінде басталған Е. Пугачев көтерілісінің тұсы. Аталмыш көтерілістің қазақ жұртына тигізген әсері жөнінде арнайы зерттеу еңбек жазған Н. Бекмаханованың «Легенда о Невидимке» деп аталатын кітабында Е.Пугачев көтерілісіне Орта жүз билеушісі Абылайдың қолдау көрсеткенін, хан мен Пугачев арасында хат алысып, келіссөздер жүргізілгені туралы біршама деректер бар.

Тарихшының жазуынша, башқұрттар көтерілісіне Арғын тайпасының Шақшақ, Сарыжетім аталары қатысып, оған Жәнібек батыр баласы Дәуітбай тархан жетекшілік жасайды. Оның 1774 жылы көтеріліс басшысына жолдаған хаттары мен кісілерінің арасында Үмбетей есіміне жуықтайтын «Уметбай» деген кісінің аты аталады. Хатта ол «Дәуітбай тарханнның баласы» деп көрсетілген: «В апреле-мае 1774 года старшины Карауленекой, Канжегалинской, Аргынской, Кипчатской волостей по инициативе правителя Чакчацкой и Чержатынской волостей Даутбай-тархана установили переписку с Пугачевым, который в то время находился в Башкирии. ...Получив письмо, Даутбай-тархан договорился о совместных действиях со старшиной Хутайменды-султаном и стал готовить «войска в волостях Чакчатской, Чарчатской, Канчигалинской и Кипчатцкой яко же и лошадей, чтоб итти на Россию... и отправил с этим известием к Пугачеву своего сына Уметбая».

Жазба деректердегі «Дәуітбай тархан Пугачевқа баласы Үмбетейді аттандырды» деген деректі тура мағынада қабылдамай, қазақи танымдағы «бір атаның баласы» деген ұғыммен тану қажет.

Аталған тарихи құжаттағы «правитель Чакчацкой и Чержатынской волостей Даутбай-тархана» деген мәліметтегі ру атаулары Арғынның Шақшақ пен Сарыжетім аталары екендігі сөзсіз. Ал сол рулардың билеушісі деп аталатын Құдайменді (Хутайменды) сұлтан, Ш.Уәлихановтың жазбаларында, Хиуаны билеген Жәдік тұқымынан тарайтын Қайып ханның немере ұрпағы, Абылай ханның күйеу баласы. Құдайменді сұлтаннан кейін Арғын тайпасын оның баласы Жұма (Джума Худаймендиев) сұлтан билеп, ол архив деректері бойынша, 1838 жылдың мамыр айында қайтыс болады.

Әлқисса, Дәуітбай тарханның қимыл-әрекетіне Е.Пугачев қалай жауап берді екен, енді соған оралайық. Е.Пугачев Орта жүз қазақтарымен жүргізіліп жатқан келіссөздердің маңыздылығын ескеріп, Дәуітбай тархан мен Абылай сұлтанға башқұрт Опақ (Упак) пен Шүкүр (Шукур) Оразовтарды (Уразов) аттандырады: «Пугачев отправил с посланцами Даутбай-тархана башкир Упака и Шукура Уразовых, которые должны были отвезти письмо и посетить Даутбай-тархана, Енбекея-батыра и Урамбета-батыра». Мұндағы орысша жазылған «Енбекея-батыр» қазақтың  Үмбетей батыр атауына жақын екендігін тағы бір ескеріп қоюға болады.

Торғай жеріне жеткен башқұрт елшілерімен Дәуітбай тархан мен Ембетей батыр бастаған отыздан астам қазақ би-батырларының қатысуымен болған кездесу Сарытоғай өзені бойында өтеді: «Встреча Упака и Шукура Уразовых с Ембетеем-батыром и Даутбай-тарханом произошла на реке Сары-тургай, куда для совета съехались более 30 казахских старшин. Узнав о просьбе Пугачева собрать несколько тысяч казахов и напасть на крепость Звериноголовскую, старшины решили ему помочь и просили только дать указания, «куда де явитца или какие места разорять прикажет».

Аталған тарихи құжаттардағы Дәуітбай тарханмен қатар бірде «Уметбай», бірде «Енбекей», енді бірде «Ембетей батыр» деп аталатын кісі, шежіреші Ибраһим ақсақалдың бағамдауынша, Үмбетей батырдың орысша дыбысталғанда бұрмаланып, соның негізде жазбаға түскен есімі. Біз бұл пікірді толық қуаттаймыз. Орысша атаулардың қазақша баламасы тіліміздегі сол дыбыстың дәлме-дәлдігі негізінде сараланбай, қазақ тілінің фонемалық және мағыналық ерекшеліктері бойынша айқындалуы тиіс. Үмбетей батырдың атын жазуда орыс тілінде «ү» фонемасы жоқ болғандықтан, олар оны сол дыбысқа жақын орыс тіліндегі өзге фонемалар арқылы беріп, сның негізінде оны түрліше таңбалап отырған. Мұндай көрініске орысша дыбысталып, сол дыбыстық негізде таңбаланған кісі есімі, жер-су атауларынан көптеген мысалдарды тізіп келтіруге болады. Бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі міндет деп есептейміз.

Сөз орайы келгенде, Үмбетей атты есімнің түп-төркіндік мағынасына назар аудара кеткен жөн деп санаймыз. Атаулық есім түбір мен қосымша сөзден тұрады: түбір сөзі – үмбет, қосымша тіркесі – тай (тей). Үмбет – пайғамбардың қауымы, ұрпағы дегенді білдірсе, «тай» қосымшасында екі мағына бар. Біріншісі – қазақ арасында көбіне ерекелету мағынасында айтылатын «тай» деген жалпақ сөз болса, екіншісі қалмақ тілінде тектілік лауазымды білдіретін «тайшы» сөзінің қысқарған түрі. Қалмақтан қалған «тайшы» – түркі тілдеріндегі билеуші «хан, сұлтан» деген мағынаны білдіреді. «Алпамыс батыр» жырында «Тайшық» атты қалмақ ханы бар. Жырда жыршының кейіпкер есіміне қалмақ тіліндегі атауды қолдануда «атына заты сай» етіп шендестіру көркемдік тәсілі көрініс алғаны сөзсіз. «Тайшыбай», «Тайшыбек», «Тайшықара», «Тайбек», «Тайғара» деген есімдер қазақ арасында осы күнге дейін кездеседі. Қысқасы, жіңішке дауысты дыбыстардан құралған «үмбет» түбірге жуан қосымша «тай» жалғанғанда, сингормонизм заңына орай ол жіңішке үндестікке айналады.

Әлқисса, әңгіме өзегіне қайта оралайық. Дәуітбай тархан мен Үмбетей батыр бастаған қазақ жасақтары башұрттарды қолдап, Звериноголовск бекінісіне шабуыл жасады ма, жасамады ма, ол жағы тарихтан бізге белгісіз. Шежіреші Ибраһим ақсақал көнекөз қариялардың сөзіне сүйеніп, қазақ жасақтары Звериноголовск, Озерный, Пресногорьков, Троицк бекіністеріне шабуыл жасады, сол шабуылда Үмбетейдің Жиенбай, Аралбай атты ұлдары мерт болыпты дейді. Бұл мәселені толық білмегендіктен, бұдан әрі сөз өрбітуді біздің тарапымыздан орынсыз деп есептейміз.

Ал Үмбетей батырдың көтеріліске қатысқан башқұрттарға болысып, оларға қолдау көрсеткені Қарпық ақынның толғауында көрініс тапқан. Толғаудағы:

Кәпірге қылыш сілтеп қарысқаным!
Дүниеде теңін тауып, жарысқаным!
Тәніңнен дұшпан көрсең, түгің шыққан,
Лайық заманыңа арыстаным! - деп келетін жыр жолдары батырдың көтерілісші башқұрттарды қолдап, орыс әскерлеріне қарсы әскери қимыл-әрекеттер жасағанын білдіреді деп ойлаймыз.

Үмбетейдің Е.Пугачев көтерілісіне қатысқан башқұрттармен тығыз қарым-қатынаста болғанын білдіретін келесі көріністің бірі – батырдың алты әйелінен туған 26 баланың бірі болып танылып, үмбетейлерге сіңіп кеткен Естек руы. Е.Пугачев көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін патша әкімшілігі қару көтерген башқұрттарды аяусыз, қатты жазалағаны және жазалаудан қашқан башқұрттар қазақ даласынан пана іздегені де тарихтан белгілі. Зәбір шеккен сол башқұрттардың бір тобы көтеріліске тілеулес болған Үмбетей батырдан пана табуы әбден мүмкін еді. Бұл – бір.

Екіншіден, Әбілқайыр хан мен Батыр, Барақ сұлтандар арасындағы тартыстың «көкпарына» түскен қарқалапақ руын Үмбетей батыр өз қамқорлығына алғаны байқалады. Қарақалпақтардың батырдан тараған бір баладай болып Үмбетей руына сіңіп кетуі де даңқты тұлғаның сабдарлы, салмақты саясаткер болғандығын білдірсе керек. Үмбетейдің ұрпақтарына: «Бұларды бөтенсіп, қыз алысып, қыз берісетін болсаңдар, көрде тыныш жатпаймын» (И.Ағытаев),- деген өсиеті сөз қалдыруы – оның кірме жұртты елге сіңістіру, жақындату қарекетінің көрінісі екендігі сөзсіз. Бұл тұста қырғызды шапқан Абылай ханның қолға түскен тұтқындарды Көкшетау маңындағы арғындарға қосып, содан «Жаңа қырғыз» деген рудың пайда болған көрінісін еске түсіреді.

Бір қызығы, шежірелік аңыздарда Үмбетей батырдың қалмақ қызынан туған баланы бөлектеу көрінісі жоқ. Мұның себебі де түсінікті: жауынгершілік заманды көп көрген қазақ танымында қалмақ жұртынан қатын алу – үлкен абырой. Себебі одан батыр, ержүрек ұрпақ туады деп есептелген. Бұқар жырау толғауларындағы «Қалмақтан алсаң бір зайып // Сүйегіңді жоғалтпас» немесе «Қатын алсаң қалмақтан // Төрде жатып салмақтан» деп келетін жыр жолдары – соның айғағы.

Бас сауғалаған башқұрттарға пана берген, таласқа түскен қарақалпақтарды қамқорлыққа алған Үмбетей батырдың көрегенділігінің, ақылдылығының көрінісі Қарпық ақын толғауындағы мына бір өлең жолдарына кестеленген:

Нашарды сырт дұшпаннан арашалап,
Қам ойлап, қарашаға болысқаным!
Үлгімен әр орнында тұра берген
Ақылға Аплотондай данышпаным!

Түйіндей келгенде, еміс-еміс тарихи деректер Үмбетейдің 1740-1745 жылдардағы қазақ-жоңғар қарым-қатынасының тұсында «батыр» атанғандығын, 1772-1774 жылдардағы башқұрттар көтерілісіне қолдау көрсеткен би-батырлардың қатарында болғандығын білдірсе, ел арасына кең тарағандықтан ысылып, көмбесі ыстық болып сақталатын жыр-аңыздардың ұзын сонары батырды «Кәпірге қылыш сілтеп қарысқан», «Тәнінен дұшпан көрсе, түгі шыққан», «Нашарды сырт дұшпаннан арашалап // Қам ойлап, қарашаға болысқан», «Ақылға Аплотондай данышпан» тұлға ретінде таниды.

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН БЕЙІТ

Ендігі кезекте «Алғы сөзге» арқау болған «Эмбетей моласына» қайта оралайық. Бейіттің орналасқан жері – Торғай өзенінің төменгі ағысы. Бұл тұста Торғайдың оң жағынан Өлкейек өзені қапталдасады. Өлкейекке Наурызым өңірінен бастау алатын Қабырға өзенінің құярлығында Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқан атақты Әбілқайыр ханның бейіті орын тепкен. Картада бейіт «Хан сүйегі қорымы» (Кладбище Хан суяк) деп белгіленген. Қазіргі таңда біздер «мәйіт» немесе «мүрде» деп атап жүрген марқұм кісінің денесін ертедегі аталарымыз «сүйек» деп атағаны байқалады. «Сүйекке кіру» деген сөз тіркесі жерлеу ғұрпында әлі күнге дейін қолданылады.

«Үмбетей моласы» деп аталатын бейіт «Хан сүйегі» қорымнан Өлкейек өзенінің төменгі ағысына орналасқан «Сарыөзек» жайлымының тұсынан өтіп, Алакөлге жақындағанда кездеседі. Картаға «М. Эмбетей» деп көлденеңнен созыла жазылған жазылған атаудың сызбадағы нүктелік нысанасы қайда тірелетінін аңғару қиын. Нүкте жазудың басында десек, онда Өлкейек өзенініне жақын Алакөлдің маңы деп түсінуге болады. Ал нүкте жазудың соңында десек, онда Торғай өзенін жағалап жүретін Торғай-Ырғыз сүрлеу жолы деп тануымыз қажет. Картада сол жерге өте кішкентай «үшбұрышты» () белгі соғылған. Мұны бейіт дейміз бе, әлде әскери пикет (бекет) дейміз бе, ол жағы қиын. Себебі картадағы шартты белгілердің мағынасы ашылған анықтамада мұндай белгі «пикеттерді» білдіреді деп жазылған, ал бейіттердің қалай шартты түрде белгіленетіні туралы мәлімет жоқ. Шамасы, карта сызушылар оны «М.» деп белгілеу жеткілікті деп санаса керек. Айтпақшы, мұнда «Хан сүйегі қорымына» да арнайы белгі соғылмаған, тек жазу ғана бар.

Бейіт тұсындағы Торғайдың жоғары ағысында Қабырға өзенінің Торғайға құяр сағасы (Өлкейеке құятын Қабырға өзені емес, Торғайдың өзінен бөлініп шығып, оған қайта қосылатын өзен), Түн-Қайма (?) өткелі, Бесқопа жайылымы, Торғай бекіністері орналасқан. Ал өзеннің бейіттен кейінгі төменгі ағысында Қаракөл жайылымы және онымен аттас көл бар.

Бейіт тұсынан өзеннің сол жағалауына көз салсақ, Тосын құмы, одан әрі қарай Шошақұлы Байтұрсынның қыстауы болған «Ақкөл» кездеседі. «Ақкөл» екіге бөлінген – «Жақсы Ақкөл», «Жаман Ақкөл» (Қазақ өзен-көлдерді ащы-тұщылығына қарай «жаман, жақсы» деп бөледі). Жыланшықты жағалай сұлаған «Аққұм» да бейнеленген (2 сурет).

(2 сурет. 1851 жылы сызылған Орынбор өлкесі картасынан үзінді)

Бір сөзбен айтқанда, бейіттің орналасқан жері – Ахмет Байтұрсынұлының ата-бабалары жайлаған өңір. Сол себепті оны Үмбетей батырға қатысты белгі болар деп болжап отырмыз.

САУАПТЫ ҚАРЕКЕТ ЖӘНЕ ОЙ ҚИСЫНЫ

Көңілдегі болжамды тарқату үшін шежіреші ақсақал Ибраһим Ағытаевқа хабарласқанымызда, мүлдем басқаша мәліметке тап болдық. Оның айтуынша, батырдың бейіті Наурызым өңіріндегі Сыпсың өзенінің бойында орналасқан. Кеңес дәуірінде, яғни ХХ ғасырдың 60-жылдары (батырдың өмір сүрген заманынан 200 жылдан кейін – авт.) Үмбетей ұрпақтары батырға құлпытас қойған, 2007 жылы кесенесі салынған, алдағы жазда батырдың жанында жатқан Баянды деген ұрпағының бейітімен қосып қоршау соғамыз деген ақпарат айтты. Ал әңгімеге арқау болып отырған бейітті басқа бір Үмбетей деген кісі болар деген уәж де қосты.

Ойландыратын ақпарат. Рас, Наурызым бойы - үмбетейлердің жаз жайлауы. Шошақұлы Байтұрсын ағасы Ақтасқа болысып, Жыңғылды өткелінде полковник Яковлевтің басын жарған оқиға 1885 жылдың қыркүйек айында Үмбетей ауылының Наурызымды жаз жайлап, қыстауға Ақкөлге көшіп бара жатқан кезінде орын алады. Бұл – Үмбетей батыр өмір сүрген уақыттан 100 жылдай уақыт өткеннен кейін болған қасіретті оқиға.

Біз үшін батыр ұрпақтарының уәжінің әрдайым маңызы бар. Олардың Үмбетей есімін ұмытпай, белгі соғып, кесене-қоршау салып жатқан істерін құптаймыз, батыр рухына бағышталған сауапты істің бірі деп бағалаймыз. Бірақ тарихи деректің аты, қалай айналдырсаң да, тарихи дерек. Қисынды ой қайсібір тарихи деректерге сүйеніп айтылса, табан тірер айғақ ретінде берері мен берекесі мол болар еді.

ХІХ ғасырдың орта шенінде патша үкіметінің әскери қызметкерлері сызған топографиялық картаға түскен «М.Эмбетей» деген кісі А.Байтұрсынұлының бабасы Үмбетей батыр болуы мүмкін деген ойға біздің қисынды сөзіміздің ұзын сонары мынадай:

1. Егер ХҮІІІ ғасырдағы Ресейлік архив құжаттарында «Уметбай, Енбекей, Ембетей батыр» деп аталатын тарихи тұлғаны Үмбетей батыр деп танысақ, картада белгіленген атауды да соның баламасы деп таныған жөн болады деп санаймыз;

2.  ХҮІІІ ғасырда, одан бергі ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі кезеңдегі Торғай өңірінде Үмбетей есімді қандай атақты кісілер өмір сүрді? Біз білетін тарихта Үмбетей батырдан басқа атақты тұлға жоқ;

3. Көшпелі тұрмысты тұтынған қазақ даласында бейіт-қорымдар көп кездеседі. Бірақ оның барлығы ескі карталарға түспеген. Мұның себебі де түсінікті: халық жады ел есінде ерекше қалған кісілердің бейітін ғана сақтап қалады. Үмбетей батыр – тарихи жазбаларда аз-маз, ал халық ақындарының туындыларында мол сақталған атақты кісі;

4. Бейіттің тұрған жері – Үмбетей батырдың көшіп-қонып жүрген өңірі. Батырдың башқұрт елшілерімен кездесуі Торғай өзенінің жоғары ағысындағы Сарыторғай өңірінде орын алуы кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Жалпы, ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тарихында орын алған шешуші оқиғалардың бел ортасында болған Әбілқайыр ханның жұрты сол ғасырдың 40-жылдары Ырғыз-Торғай өңірін жайлағаны тарихи деректерде айқын көрініс тапқан. Тіпті, ханның қарсыластарының қолынан қапылыста қаза тапқан жері де Торғай өңіріне жақын аймақ.

5. Әбілқайыр ханның сенімді серігі Шақшақ Жәнібек батырдың қонысы да Торғай-Ырғыз өлкесі. Халықтың ауызша деректерінде «Түркістанда жерленді» деп аңыздалатын даңқты батырдың бейіті, И. Ерофеева сынды білгір тарихшы мамандар жазғандай, Ырғыз өзенінің төменгі ағысының сол жақ жағалауында орын тепкен. Ғалымның жазуынша, патша әкімшілігінің тапсырмасымен Орынбордан қазақ даласы арқылы Бұқараға сапар шеккен поручик Я. П. Гавердовский 1803 жылдың 31 тамызында Жәнібек батырдың аруағына арнайы ақ боз ат шалынған үлкен асқа қатысып, 300 жуық кісі қатысқан сол астың қалай өткенін баяндаған (Қараңыз: История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков. Ү том. Алматы, «Дайк-Пресс», 2007. (109 - 111 беттер) және Ерофеева И.В. «Между всеми старшинами знатейший». Первый казахский тархан Жанибек Кошкарулы. –Алматы: 2017. (165-166 беттер)).

6. ХІХ 40-жылдары Кенесары қозғалысы Торғай өңіріне ауысқан кезде патша әкімшілігі «бүлікші» ханның Орынбор өлкесіне қарасты қазақ ру-тайпаларына ықпалын тыю, олардың көш-қон кеңістігін тарылту мақсатында Қарабұтақ, Ырғыз, Торғай бекіністерін салдырғаны белгілі. Себебі оңтүстік (Хиуа мен Қоқан хандығы шекарасы) пен солтүстік (Ресей империясы) арасында меридиан бойымен жүретін маусымдық миграцияның негізгі бағыты аталған өңірде тоғысты. Егер қазақ ру-тайпаларының көш-қоны солтүстіктегі Айат, Тобыл өзендерінде тоқайласатын болса, онда орынборлық патша әкімшілігі бекіністі түпкірдегі Торғайға қарай тартпай, солтүстікке жақын аталған өзендердің бойына қаптатып, тізіп салған болар еді;

7. ХҮІІІ ғасырдағы Қазақ-жоңғар соғысы шығыстағы Жоңғария хандығының түбегейлі жойылуымен біржолата тынып, ал оның батыстағы қандас серігі Еділ қалмақтарының үлкен бөлігі 1771 жылы Жоғарияға қарай үдіре көшуіне байланысты ойысыра әлсіреп, қазақ даласында біршама тыныштық орнайды. Сауда, экономикалық байланыстар Ресеймен шекаралас аймақтағы Орынбор, Ор, Троицк сынды қалаларға қарай ойысады. Сол кезеңде Торғай-Ырғыз өңіріне тән дәстүрлі оңтүстіктен солтүстікке қарай және керісінше бағытталған маусымдық миграция бағыты өзгеріп, қазақ ру-тайпалары жайлауға Ресей империясының шекара шебіне дейін жақындап көшетін болды. Бұрын Сыр, Арал, Әмудария бойын қыстап, Торғай-Ырғыз даласын жаз жайлайтын ру-тайпалардың жайлау қонысы солтүстікке қарай ауысып, қыстаулары Ырғыз, Торғай өңіріне орналаса бастады. Мұны ХІХ ғасырдағы Шақшақ Жәнібек батыр ұрпақтарының Тобыл, Айат өзендерін жаз жайлау, Торғайды қыстау еткен көріністерінен байқауға болады.

1898 жылы Қостанай уезін арнайы зерттеген Ф. Щербина экспедициясының материалдарында Алтыбас Қыпшақ руының ақсақалдары Тобыл өңіріне 60-70 жыл бұрын көшіп келгендігін, оған дейін Сыр бойындағы Ақтау, Ортау деген жерлерді жайлағанын баяндаған. Мұндай ақпараттар Қостанай уезін жайлаған Телеу, Жаппас, Жағалбайлы сынды өзге де рулардың тарихына да қатысы бар.

Қорыта айтқанда, Үмбетей руы да, тарихи қалыптасқан жағдайға орай, көш-қон бағытын солтүстікке-Наурызымға қарай бұруы әбден мүмкін еді деп санаймыз.

СОҢҒЫ СӨЗ

Түйіндей келгенде, 1851 жылғы бас топографиялық картаға түскен «Үмбетей моласы» белгілі, атақты кісіге соғылған бейіт екені сөзсіз. Ал оны Ахмет Байтұрсынұлының батыр бабасы Үмбетейдің бейіті деп танимыз ба, әлде бізге беймәлім, кездейсоқ, қаймана кісінің моласы деп болжаймыз ба, ол біздің тарихи таным-талғамымыздың дәрежесіне, қоғамның ғылым-ілім нәтижелерін бағалау деңгейіне қатысты мәселе деп есептейміз. Ең бастысы, Үмбетей есімді қазақтың белгілі бір адамы болғандығын айқындайтын тағы бір тарихи айғақ дерекнама қоржынына салынды. Бізден «бар болған зат» – осы. Қалғаны оқырманның пайым-парасаты мен көңіл-қошының қалауында.

Алмасбек Әбсадық

Қостанай қаласы.

P.S. Біздің тарапымыздан Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық ғұмырнамасына қатысты архив құжаттары, тарихи жазбалар, беймәлім естеліктер топтастырылған, көлемі 30 баспа табақ болатын «Тауқымет» атты ғылыми жинақ дайындалды. Жинаққа бұрын-соңды, қалың жұртшылық түгіл, зерттеушілерге беймәлім болып келген тың құжаттар, естелік жазбалар еніп отыр. Жазбалар сапында Жыңғылды оқиғасының басты кейіпкері Ақтас Шошақұлына қатысты құжаттар, сондай-ақ Ақаңның Бестамақ, Меңдіғара-Қостанай өңіріндегі ауылдық мектептердегі ұстаздық қызметі, Омбы кезеңіндегі ісжүргізуші лауазымын атқарған тұстағы замана кейіпін көрсететін, сазын сездіретін мұрағаттар бар. Жинақты дайындауға мұрындық болған – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек мырза Қабылдинов. Өкінішке қарай, мемлекетке қараған мекеменің жинақты баспаға ұсыну әрекеттері қаржы мәселесіне байланысты тоқырап қалды. Сондықтан сәтімен бітіп тұрған жинақты баспа бетінен жариялау мақсатында ынтазар баспагерлерді, ақжарма демеушілерді іздеп жүрген жайымыз бар. Осы сауапты іске қолұшын берем деген жанашыр кісілер шығып жатса, біздің absalmas@mail.ru электрондық поштамызға хабарласуына болады.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1568