Дүйсенбі, 11 Қараша 2024
Ғибырат 5842 6 пікір 16 Қаңтар, 2024 сағат 14:20

Заманбек Нұрқаділов – қазақ халқының адал ұлы

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Халық әрбір тарихи кезеңдерде замана ағымына сай  тұлғаларын тудырып отырады. Бір замандарда өмір сүрген Қорқыт баба да, Әл Фараби дана да, Асан Қайғы да, Абылай мен Кенесары да, Абай мен Ыбырай да, Әлихан мен Ахмет те, одан бергі Бауыржан Момышұлы мен Дінмұхамед Қонаев та және барлық басқа тұлғалар  осы қатардан табылады. Халық «тұлға қалыптастыруда» адамның мінез‑құлқын термелеп, тізбелеп отырмайды. Халық оларға тек бір бағытта ғана баға береді, ол – тұлғаның елі үшін жанкештілікке баруы!

Міне, кещегі Заманбек Нұрқаділовты еске алу асына көп жұрттың жиналып, осы асқа балаша қуанып «Әділдік орнады! Шындық түбі жеңетін болды!» деп алақайлап қуанған сәттері – Заманбек ағаның шынайы болмысының бейнесі осы деуге келетін оқиға болды...

Заманбек ағаның саяси алаңдағы жарқын күрескерлік бейнесі өте күрделі жағдайда қалыптасты, ол ‑ қателіктерден сабақ алу арқылы өрбіді десе болады...

Бірақ, анығында ол оған оның туа біткен, қанымен келген қазақы мінезінің арқасында келді. Зәкеңде нағыз қазақ тұлғасына тән мінездер бар еді: ұлттық сүйспеншіліктен туындайтын батылдық пен өжеттік бар, онымен қоса жүретін аңғалдық пен сенгіштік бар, ақынжандылығы мен серілігі де қатарласа жүрді, шындықты шырылдатып айтар қауһар болса, сонымен қатар жан нәзіктігі де оның жан дүниесінен орын тапты...

Әрине, оның өмірі трагедиямен аяқталды. Сол кезде Зұлымдық та өзінің абсолюттілігіне шексіз сеніп, оңы мен солын жапыра бастаған‑ды... Халық өз Заманбегін қорғай алмай қалды сонда...  Оған халықты кіналауға бола ма? Жоқ, болмайды, себебі, Халықты саяси өріске тұлғалар жетектеп шығады. Ал, тұлғасы тұншыққан халық оған қалай бармақ? Міне, күрескерлік өмірдің де бір парадоксы бар осындай!

Алайда, Халықта бір асыл зат бар, ол – «Халық жады» деп аталады. Халық соның арқасында тарих көшінің қалтарысында қалып қойған кез келген тұлғасын «шаң‑тозаңнан» тазалап, жарқыратып жарыққа қайта шығара алады. Қазақтың адал ұлы – Заманбекке осындай қилы тағдыр бұйырыпты...

Иә, Халық осыған дейін өзінің асыл ұлы Заманбекті, оның күрескерлік жолымен тағдырлас інісі Алтынбектей ақылманын бір сәтке ұмытқан емес еді. Тек, билікті басып алған аздаған топ ол ойды жөргекте тұншықтырып, тынысын тарылта тұмшалап келген болатын. Бірақ, асыл дүние қашанда жарыққа шығады. Себебі, Зұлымдық пен Жақсылық арасындағы күресте Халықтың таңдауы ‑ Жақсылық. Бірақ, ол да өзінің сәтін күтіп ұзақ жатып қалуы мүмкін. Міне, күні кеше сол Сәт туды.

Неге? Сәл нашарлау ойласақ, онда «Мүмкін бұл алдын ала жоспарланған, жаңа жылмен байланысты қабылданған шешім шығар?» деген сұрақты да қоюға болар еді. Бірақ біз олай ойламайық. Біз мұны «қазіргі кезде «Әділетті \Қазақстанды орнатамыз», «Әділетті де шыншыл боламыз» деген даму нысанасының тікелей көрінісі» деп санайық. Өйткені, айтылған әділеттілік пен шындыққа көшу үшін де, ең алдымен, қоғамда Заманбек аға тұлғасына қатысты «әділетсіздіктің ең анайы көрінісі» деп саналып келген мәселеге нүкте қойып, оның жұмбағынан арылуға алғашқы қадам жасалуы  тиісті ғой ‑ сол қадам бүгін жасалды!   Енді, қоғамда оның өліміне байланысты бар зұлымдық ашылады деген үміт пайда болды. Бұл қоғам үшін өте маңызды. Себебі, қазіргі жаңару кезінде қоғам тотыдай түлеп, зұлымдықпен қандай да байланысы бар бұрынғы ескі жүйені толығымен өзгертуі керек.  Онсыз болмайды.

Сонда ғана халықтың көңілі тоқ, өмірі алаңсыз болмақ. Өйткені, осы арылу арқылы халық өз тарихынан өзі сабақ ала алатындай қоғамдық даму деңгейіне жетуі тиіс. Осы тұрғыда Заманбек Нұрқаділов тұлғасы әлі де өзінің сүйікті Халқына қызмет ете беретін болады деп сенеміз.

Сол себептен, барша қазақстандықтар президент Қ.Тоқаевтың Заманбектің үйіне ескерткіш тақта қойып, ал оның кіші Отанында монументалды ескерткіш тұрғызу туралы ұосынысын қызу қолдады.

Негізі, бұл Заманбек құрметіне азшылық етеді. Оның бір кездері Алматы қаласына сіңірген еңбегін қазір жүз‑жүз мыңдаған тұрғындары бар  кешенді аудандарға айналған мекендердің тұрғындары жақсы біледі. Ендеше, Зәке‑батырдың тұлғалы ескерткіші оның өзі құрып берген аудандардың бірінің қақ төрінде де тұруы тиіс деп санайды жұрт. Әділетті болсақ – барынша болайық дейді Халық.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2772
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2813