Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2131 0 пікір 19 Қаңтар, 2024 сағат 14:45

Сейіт Қамбасов. Алты өлеңнің алты қыры...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан

Атажұртына қоныс аударып келген, Қазақ еліне әлі танылып үлгірмеген, бірақ Қытай қазағына белгілі, Шыңжаң жазушылар одағы, Іле қазақ автономиялы облыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігі мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын Сейіт Қамбасовпен сыр-сұхбатта болған едім.

Қаперіңізде болса, бұл сұхбат республикалық «Үш қоңыр» (№02. 19-шы қаңтар, 2011 ж.) газетінде жаряланды. Осы сыр-сұхбат кезінде ақын ағамыз менімен емен-жарқын әңгімелесіп, өзінің күрделі де, нәзік жан дүниесі жайында бір талай сырының ұшқынын шығарған еді. Мен сұхбатымыздың сипатына байланысты, ол кісінің өмір, өнер жолдарын көбірек сұрап ұғысып, ақындық ішкі әлемі мен мұнарлы мұңы, терең сырына үңіле алмай қалып едім...

Кейін ол кісі алты өлеңін «Үш қоңыр» газетінің (№05, 9-шы ақпан, 2011 ж.) поэзия бетіне жарялапты. Ақын ағамыздың осы алты өлеңін өзімше зерделеп отырып, оның сұхбат кезінде шерткен сырларының тереңіне аз да болса бойлағандай, ақындық ішкі әлемін аңғарғандай болдым. Әрине, мен ақын да, сыншы да емеспін. Дейтұрғанмен, көп оқырманның бірі ретінде жүрегіме жол тартқан, рухани дүниеме әсер еткен әдеби туындылар туралы ойымды ортаға салып, басқалармен ой бөліскім келді.

Елден естіп жүргенімдей, әрбір өлеңінде жүйелі, тамыры терең ой айтып, оны сезім бояуымен әрлеп жүретін ақынның осы алты өлеңі, оның ойшылдығы, сезімталдығы, суреткерлігі, етене қауышқан, әдемі кестеленген алты көркем әңгімеге пара-пар екен. Алдымен «Қарт теректің қасында» деген өлеңін талдап көрелік. Ақын, яғни лиркалық кейіпкер ауыл көшелерінің бірімен келе жатып, жол шетіндегі жарым-жарты қурап, арбиып тұрған қалың бұтақты қарт теректің қасына келіп кілт тоқтайды. Қорғаусыз, қараусыз күтім көрмей, еңсесін ауыр мұң басып, арқасын желге төсеп, анда-санда бір сілкініп қойып тұрған қарт теректің тарам-тарам таралған тамырын қабан түртіп, қабығын есек қажап, кеудесін құрттар кеміріп, кеулеп кіріп бара жатқанын көріп ақын жаны қан жылап, зығырданы қайнайды. Қарт терек қанша сілкініп сергиін дегенмен шамасы да, шарасы да азайып, жарық дүниені қия алмай, аянышты халде қоштасып тұрғанын суреттей келіп:

«Құлап та кетпес ол бірден,
Кешірер алда қалай күн?
Тағдырластай онымен,
Жүрегім шошып қараймын», – деп, қарт ақын оқырманға қасыретті ой салып аяқтайды. Мейлі ақын өзін осы терекке теліп жазсын, мейлі басқа бір қарт адамдар өмірін көз алдына елестетіп жазсын, осы терекпен тағдырлас қарттардың өмірде бар екендігін жасыруға келмейтін ащы шындық. Ақын осы шындықты қарт теректің қазіргі тағдырына үңіле қарап тұрып, поэзия тілімен образды түрде көркем тілмен кестелеген. Адам жанын тереңнен тебірентетін мұндай ойлы өлеңді өмірге үңлігіш, суреткер ақын ғана жаза алады. Өз басым мұндай шынайы да, шырайлы өлеңді поэзия әлемінен сирек ұшыратып келемін...

Енді осы өлеңнің идеялық мазмұнын екінші бір қырынан толықтыратын келесі өлең «Қарт досымның қайғысы» өлеңінде ақын бір қарт досымен сырласып, мұңдасып отырады. Досы өзінің өкінішке толы сырын былай бастайды:

«Отбасын құру оңай ма?! Жас кезімде,
Қыз шіркіннің көп қарап қас-көзіне.
Тізгін беріп қойыптым енді ойласам.
Көрсе қызар, тырлаусыз, мас сезімге».

Сосын ол сырын жалғастырып: өмірлік жар таңдауда тән сұлулығына ғана емес, бастысы, оның мінез-құлқы, арман-талғамына мән берген дұрыс дегенді ұқтырады. Жігіт шағымда қолыма қонғалы тұрған талай бақыт құстарыма ой көзімен, ақыл көзімен қарап, бағалай алмағаныма өкінемін! Оның бәрі уақыт өте аңғарыла бастады. Қазір шанағы тар, шайпау бір көк айыл қатынмен сүреңсіз, мәнсіз өмір сүріп келе жатырмын. Алған әйеліңнің өзіңмен жаны жараспаса, мінезі сәйкеспесе, отбасыңда күнде ұрыс-керіс, үйде береке болмай, құлағыңның түбінен ызың кетпей, жаның қарадай жабығады екен... Жастау кезімде, оның бәріне де шыдап, отбасылық келеңсіз жәйіттерге еркектік батылдықпен қарысы тұра алсам да, бірақ:

«Қазір шамам келмейді табандауға,
Жетім шалдай мұң кешем дара ғана.
Ой жетсе де, бой жетпей қалады екен,
Қартайғанда қатын мен балаға», – деп қайғылы ойын қортындылайды досы.

Отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар арасындағы мінездің, ой-өренің, талғамның т.б. сияқтылардың сәйкеспей жатуы салдарынан туындап жататын қақтығысты, қайшылықты істер – шынында да отбаслық трагедия, бақытсыздық. Оның балаларға кері ықпалы тиіп жататыны да рас. Өлең екі адамның арасындағы әңгімеге байланысты жадағайлау жазыдғанымен, ақын айтпақ болған ойына, ашпақ болған шындығына ыстық сезімін, шұрайлы тілмен қиналыссыз жеткен. Меніңше, ақынның қарт досының басындағыдай өмір кешірмелері барлар бұл өлеңді аса ыждағатпен оқып, ақын тауып айтыпты дейтініне көзім әбден жетеді. Ал жаңадан отбасын құрғалы жүрген жастар жағы оқыса, мағаналы ғибрат пен дұрыс эстетикалық тәрбие алатынына да шүбәланбаймыз.

Ақын «Ең қиын» деген келесі өлеңінде тағы бір қоғамдық ащы шындықтың бетін ашып, оны адам өмірінің өз логикасымен әдіптеп, тігісін жатқыза көркем, образды баяндайды. Ақын айтады: әрбір адам өмір сүру үшін әртүрлі тәсіл қолданып, әр бағыттан жол алып, ұқсамайтын өмір сапарын басады. Бұл сапарда ақылды-ақмақ, білімді-надан, жақсы-жаман, опалы-опасыз және басқа секілді түрлі мінезі мен сипаттары болғанымен, ешбір пенде «жаманмын» демейді. Біреуі білгірсініп, біреуі көсемсіп, ал біреуі шешенсіп сөйлеп, бәрі шеттерінен парасатты, ақылды, данышпан, әулие адам болып көрінгісі келеді. Егер солардың біреуінің мінін айтып, айыбын бетіне бассаң, сені атарға оғы болмай сырт айналып:

«Болып жүрміз сен қиын да, мен қиын,
(«Данышпан» деп атаған ғой ел биін).
Менше өзін түсінгендер данышпан,
Бірақ өзін түсінуі ең қиын», – деп, философиялық түйін түйеді. Сондай-ақ ақын, қоғамда жасап жатқан адамдар «сен қиын да, мен қиын» болып өзара қырқыса бермей, әркім өзін дұрыс танып, дұрыс түсініп, дұрыс тәрбиелеп, өзара кешірімшіл, бір-біріне мейірімді болып, берекелі де мерекелі өмір өткізсе қандай тамаша болар еді-ау, әттең!.. деген астарлы ойын, періште көңілін білдіреді оқырман қауымға. Мұндай ақыли өлеңдерді кеше ғана өмірден озған Қадыр Мырза-әлі ағамыздан оқып қалып жүруші едік, оның ұшқындарын Сейіт ағамыздан да көріп отырмыз. Бұл ақындардың бірін-бірі қайталамай өз мазмұн, өз өрнектері бойынша өлеңдететіні сауатты оқырманға аңғарылып тұр.

Ең бастысы туған халқының бағзы заманнан бері тартып келе жатқан тауқыметті тағдырына күрсіне, күңірене алатын ақынның жан жарақатын ұғынғандай боласың.

«Жорыуға да қорқамын түстерімді» деген тағы бір өлеңінде:

«Келтіре алмай жүрмін бе, істің ретін,
Алды ма әлде асқынып ішкі дертім.
Соңғы жылдар әйтеуір болып алды,
Қорқынышты, үрейлі түс көретін», – деп бастап, кейде түсінде ит талап, қасқыр қамалап, кейде суға кетіп тұншығып, кейде жасынан жаны сүйіп жазып жүрген өлеңдері өртеніп, кейде жардан, құздан құлап мертігіп, денесі ауыр жарақаттанып шошып оянатын; кейде мекенінен айырылып, үйірінен адасып телім-телім болып тентіреп жүрген қандастарын көріп, жаралы жүрекпен қиналып оянатынын суреткерлікпен шебер баяндайды.

«Оянғасын тістеніп тістерімлі,
Бойыма әрең жиямын күш-демімді.
Өз тағдырым еліммен бір болғасын,
Жоруға да қорқамын түстерімді», – деп, көрген түстерін жамандыққа жорығысы келмей аяқтайды. Өзінің тайқы маңдай тағдырына, туған халқының жер жүзіне тарыдай шашылған тиянақсыз тірлігіне көп алаңдап, қобалжып, ойлана беретін өміршең, қаншыл ақынның мұндай үрейлі түстерді жиі көруі әбден мүмкін ғой...

Өлеңдерін оқып отырып ақынның өзін де, өлеңін де, сөзін де неге қастерлеп, қадырлемеске деген ойға келесің?!

Енді ақынның келесі өлеңі – «Мен тұманмын». Ақын бұл өлеңін ат басын атажұртқа алғаш бұра бастағанда жазған болу керек, былай басталады:

«Қайда деме, қайда сенің тұрағың,
Қай жер тұрақ болса сонда тұрамын.
Шығыстағы бабам жортқан таулардың,
Шатқалында ұзақ шөккен тұманмын».

Осы бір шумақтың өзінде ашық та, астарлы талай-талай салмақты ойлар жатыр емес ме?! Мұнда кейбір кедергі, қиыншылықтарға қарамай, аңсаған Атажұртына ат басын бұрып, аңқылдап келе жатқан ақ жүрек, ақ еділ ақынның бұрқанған бейнесі бар. Сондай-ақ оның қайда, қалай тірлік кешкені сынды образды өмір тарихы менмұндалап жатыр.

Осы шумақтан кейін, ақын өзін шөккен тұманнан көшкен тұманға ауыстырады да, мені сол терең шатқалдан Атажұрттың алтын желпуіші айдап шығып, Тұманбай ақындар жасап жатқан ортаға әкеліп тастады. Жеңіл қалқыған тұман болсам да, менің де нілім, нәрім бар. Менің нілім – менің жырым. Меннен бұрынырақ тұмандатып келген Жәркендер (Ж.Бөдешов) қазір қоңыр самалға айналып кеткен секілді. Мен де ендігі жырымды тарихи Отанымда жазып, оқимын. Ол үшін алдымен Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмамаев, Мұқағали Мақатаевтердің қабір басына барып, олардың аруағына сиынып, мұңымды шағып, өксігімді басып алайын дейді де:

«Тұман-тұман
шатқалда да, асқарда,
Жердің белі қайыспайды ол басқанға.
Тұман көңілім жадыраса егерде,
Ақша бұлт боп қалықтар ем аспанда,
Ақ жаңбыр боп төгілер ем жас талға», – деп осы бір нәзік сезімді жырына арманы мен үмітін қосып тамамдайды. Көріп отырсыздар, ақын өзінің тұманданып өткен өмірі мен қазірде тұманданып тұрған көңіл күйін астарлап кестелейді.

Қазір менің қолымда Сейіт ақынның Алматыда басылған «Суат» атты таңдамалы жыр жинағы бар. Ақынның жинаққа енген өлең, поэмаларын әлі толық оқып шықпасам да, көрнекті ақын-жазушы Серік Қапшықбайұлының: «Секеңнің оқырмандары оны «табиғат суреткері», «махаббат жыршысы» деп, бекер ағынан ақтарылмаса керек...» дегенін кезіктірдім.

Енді ақынның соңғы өлеңі «Бұлақ бойында» деген өлеңіне үңілейік. Бас-аяғы балғадай, төрт-ақ шумақтан тұратын бұл өлеңді өз басым көркем табиғат құшағында тұнған махаббат жыры есептеймін. Өлеңде ақын мөлдір бұлақ бойынан әлде нені армандап, әлдекімді асыға күтіп отырған әдемі де, биязы ауыл аруын көреді. Оның сыр тұнған қара көздерін анау қарақатқа, оның күн қақтаған қоңырқай жұмыр мойнын мойыл ағашына, оның аппақ, толық майда қос балтырын анау қатар өскен ақ қайыңға ұқсатады да, арқасына жайылған құлаң шашын даланың баяу ескен қоңыр желіне тербетіп:

«Көрсең егер сымбатты оның түр-түсін,
Дегің келер бір шоқ көркем гүлмісің.
Көк майсаны отыр жеңіл жапырып,
Белден төмен дөңгелеген бір мүсін

Қозғалақтап бұлт-бұлт еткен сол мүсін,
Әйгілеп тұр алған жиі тынысын.
Күтіп алды отырыспен ол осы,
Қалықтап кеп қонған құстай құрбысын», – деп ентіккен екі ғашықты саялы, салқын, керімсал табиғат аясында аялап қауыштырады.

Шынымды айтсам, алдыңғы шумақтағы әйел затының белден төмен, балтырдан жоғары ұятты мүшелерін осылайша сыпайы да сырлы, айшықты да әдемі, нәзік те жеңіл суретттеген өлең жолдарын өз басым басқа ақындардан оқып көрмеппін. Мұны сергек ойлы, сезімтал ақынның шебер суреткерлігінің, талатты тапқырлығының шұрайлы бір көрінісі демей не дейміз?! Ақын осы өлеңнің соңын:

Туған дала тұнығында тербелген,
Қандай еркін қазақи ақ махаббат! – деп, ауыл жастарының ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан қазақи, шынайы, ақ махаббатын сүйсіне жырлап аяқтайды.

Мен сөз басында айтқанымдай ақын да, сыншы да емеспін, бірақ осы мақаланы жазуға құлшындырған С.Қамбасовтың осы алты өлеңі екенін жасырмаймын. Жалпы Сейіт ақынның өлеңдері оқылатына, сыншылар тарапынан лайықты бағасын алатынына өз басым сенемін. Сонымен бірге, мерзімді басылымдарда жарияланып жатқан ақын-жазушыларымыздың әдеби туындыларының асылы мен жасығы дер кезінде сараланып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407