Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2300 1 пікір 2 Ақпан, 2024 сағат 13:58

Құдайберген Сәйдуақасұлы. Ақтөренің атылуы

Сурет: Google іздеу жүйесінен алынды

Басы: Аңдысу

Жалғасы: Қырғын

Жалғасы: 

1916 жылы тұтас Албан елі тарихында естен кетпес елеулі екі оқиға болып өтті. Бұл жөнінде әлемдік деңгейдегі  қазақ прозасының алып шыңы, ұлы классик жазушы Мұхтар Әуезов өзінің «Қилы заман» атты еңбегінде шымырлап тұрған шындықтың бетін айпарадай ашып, көрнекті де көркем туынды қалдырып кетті. Сондағы ұлы оқиғаның бірі, Албан елінің қасқая қасарысып солдатқа бала бермеуінің салдарынан, ел басыларының Қарақол түрмесінде аяусыздықпен қырғынға ұшырауы болса, енді бірі Ақжелкеннің соңғы шақырған арамза жиналысына барудан үзілді-кесілді бас тартқан, қазақ тарихында өзіндік орны бар, болжампаздық қасиетке ие. Хангелді батырдың жетінші ұрпағы Диқанбай батырдың аулында болған қанды қырғын мен «Ақтөренің  атылуы» деп аталып кеткен әңгіме.

Қарақол түрмесіндегі қырғынның сәл алдында немесе 1916 жылғы тамыздың соңында, ел аспанына аяқасты үйіріліген қара бұлттың қалай ауарын біле алмай, арысы жазиралы Асы жайлауынан берісі жол-жөнекей Шелек, Сөгеті өңірлерінен қотарыла көшкен Албан ата балалары Нарынқол, Кеген, Шонжының оңтүстігіндегі Үйсін тауының қуыс-қуысына келіп, осында бұрыннан отырған бауырларына қосылып, ауқымды бағып, уақтылы паналап тұрған болатын. Ашаноқы, Қалжат, Бөдеті сияқты шекаралы аймақты мекендеген Албанның ағымсары, шажа деген екі болыс елі алды-арттарына қарайлап, жағдайды бақылап орындарында қозғалыссыз отырған еді. Сол жылы жазда ел құлағын елеңдеткен  «Ел жастарынан қайтседе солдатқа  бала алады екен. Жастарды жасырын түрде тізімдеп жатыпты» деген қағытпа қаусет, шындыққа айналып, бір күні қасында ұйғыр жігіт тілмәші бар, жирен  қасқа арғымаққа мінген, қазақтар «Ақтөре» деп атап кеткен, ұлты орыс, Букыбаловтың баласы, Ояз Ақжелкеннің сенімді өкілі, шекара бойындағы екі болыс елден әскерге бала алмаққа келеді. Алдымен Бөдетіде отырған Ағымсары болысына келіп, жұрт алдында патшаның бұйрығын оқиды. Сосын ақ патшаны аузынан ақ көбігі аққанша арлы-берлі көпірте мақтап, қазақ болыстарының Қарақолда түрмеде отыруы әсте патшаның бұйрығы емес, мұнда аздап түсініспестік бар, мүмкін жақын арада олар да түрмеден шығып қалар деп көпке өтірік күліп көлгірсіді. Жұрттың күпті боп жүрген көңілін сәл басқандай болып, сөз соңын ала қайтседе солдатқа бала алмай қоймайтынын, «Онан да өздіктеріңнен тізімдетіңдер, сендер онсызда шекарада отырсыңдар. Сендердің балаларың ресми түрде өкімет солдаты болады. Қазірше осында қаруланып, қару атуды үйренеді. Әрі шекараны күзетеді. Патшадан соғысқа келсін деген арнайы бұйрық болмайынша, соғысқа аттанбайды», – деп, бір-біріне қайшылау сөздерімен түсіндіріп ділмәрсіді. Бұл сөзге елдің атқа мінерлері іштей күдіктеніп, не дерлерін білмей екіұдай болып, ешкім де ләм деп ауыз ашпаған соң, қу түлкі «Ақтөре» жиналыстың жалғасын ертесіне қалдырады. Ертесі күнгі жиналған ел ағалары, түнімен ойласа келіп шығарған шын шешімдері ме? Жоқ осылай солдатқа бала бере тұрсақ, біздің қолымызға мылтық тиеді, қару тисе қорықпаймыз дегені ме? Ол жағы дүдәмәл, әйтеуір Ақтөремен кеңесе келе, бір үйдегі үш-төрт ер баланың біреуін солдатқа алатын болып келіседі. Сонымен: Тұрлыбек, Сәлібай, Асылбек, Рақымбай... сынды, жалпы саны он жеті азаматың тізімдігі алынады. Ісінің сәтті басталғанына іштей риза болған Төре жиналыс аяқтала бергенде: «Осы әскер алу туралы ерікті пікір айтатындар бар ма?» – деп сұрап қалады. Отырғандар ішінен меңіреу тыныштықты бұзып, орта жастау шамасындағы бір кісі: «Менің айтарым бар. Айтудан сәл кешігіп қалдық десе де, ардан аттап айтпай кете алмаймын. Біз өзіңіз айтқандай шекара аймағында тыныш жатқан елміз. Біз солдатқа бала бермесекте шекараны бұрыннан қорғап келеміз. Дәл қазір шекараға төніп келе жатқан жауды көрмедік. Егер келіп жатса біз дайынбыз. Сондықтан қазір біз солдатқа бала бермесекте болады. Патшаның Ресейді қорғай алатын құдіреті бар деп сенемін. Патша өмірден өйткенше мініске ат, сойысқа мал десе жөн болар еді», – деді. Бірақ отырғандар ішінен ешкім тіс жарып не олай, не бұлай деп лебіз қатпады. Бұл адамды бойына тоғытқысы келмеген кербез Төре, сұрақты жауапсыз қалдырды да, тек: «Сен кім боласың?» – деп сұрайды. Сонда Тұрғымбай болыс: «Бұл кісі біздің болысытықтағы атақты бай Алманов Шәкбай деген адам», – деп, Шәкбайдың жауап беруін күтпей жауап қайтарады. Төре де кітапшасына Шәкбайдың аты-жөнін дереу түртіп қояды.

Сол кезде шынымен де Шәкбайдың мың бас қойы, жүз жиырма ірі қарасы болған екен. Жиналыс аяқтала бере, таңертеңнен бері түнеріп бұлттап тұрған күн сарқырап құйып кеп береді. Онысыз да зорға шыдап отырған ел, жапа-тармағай аттарына қонып асыға-үсіге ауылдарына қарай шапқылай жөнелді. Төпелеп тұрған жауыннан жасқанған Ақтөре қонағасына баратын шажа болысына бара алмай, Тұрғымбай болыстың бастауымен сол ауылдағы Құттыбай деген кісінің үйіне түседі. Сол күні түстен кейін. Бұралқы, Қалибек деген екі інісімен өз аулына қайтып бара жатқан Түркебай деген мерген кісімен кеңесу үшін, Шәкбай Алманов олардың алдынан тосып тұрады да жүздесіп қайта сәлем беріп, үйіне қонағасына шақырады. Кеште шай ішіп бола бергенде, Шәкбайдың үлкен ұлы Әтейбек есіктен сары қасқа тоқтыны көлденең тартып Түркебайдан бата сұрайды. Түркебай батаға қолын жая бергенде, Шәкбай:«Түке, сәл сабыр етіңіз. Бұл мал сіздің қонағасыңыз екені рас, енді бір жағынан бұл жануарды құдай жолына атап Құдайдан ақ тілеу тілесем деген ойым да бар. Айып етпесеңіз батаңыздың соңына тілеуіңе жет, дегенді қоса кетіңізші!» – дейді. Біраз аңтарылып барып, Түркебай батасына «тілеуіңе жет!» деген сөзді қосып бетін сипайды. Шәкбайдың Түркебайды жақын тұтып сенуінің себебі де бар еді. Өйткені, Қасым деген кісінің төрт әйелінен төрт ұл қалған екен. Ол төрт ұл: Балта, Қылыш, Қияқ, Таңат деп аталады. Шәкбай сол Қылыш атасынан тараса, Түркебай Қияқ атасынан тарайды. Яғни, екі туып бір қалғаны. Қонақтар кешкі асқа отырғанда, Шәкбай бала-шағасын отау үйге шығарып жіберіп, тек үлкен ұлын алып қалады да, қонақтарға ішке бүккен құпия сырын ақтарып: «Бүгін болысымыздың елдің обалына қалып, жас боздақтарымыздың қанына ортақ болғалы отырғанын көрдіңіз, Түке. Ақтөреге мен ғана пікір айтқаным болмаса, қорыққандарынан ең болмаса мені қолдап бірде-бір пенде дыбыстарын шығармады. Ақ патшаның қазаққа қылған қиянаты аз ба? Албанның алға шыққан азаматтарын түрмеге тоғытып отырғаны анау, соңы не болады? Ол жағы тағы белгісіз. Несіне сеніп, кімнен опа күтеміз? Осыларды ойлай келіп, ертең шажа болысына баратын Ақтөрені Қасаңның (жер аты) кер жолындағы қалың тобылғыдан тосып, атып тастайық. Ақыретте соның күнәсін өз мойныма аламын», – деді. Ойламаған жерден айтылған мына сөзді естігенде, есі шыққан баласы отырған орнынан ұшып тұрды да: «Әй, әке, бұл не дегеніңіз? Бүгін сіз бір орысты өлтіргеніңізбен ертең қаптап келген орыс күлі ауылды қырып тастаса не бетімізді айтамыз? Сонда елге жақсылық жасайын дебедім деп ақтала аласыз ба? Мұныңыз жарамайды, мен қосылмаймын. Райыңыздан қайтыңыз!» – деді, өтініп.

Шәкбай да алған бетінен қайтпайтын сертіне берік, өзіне мығым  адам еді. Табанда: «Әй, балам, мен саған малдың билігін әлдеқашан бергенмін, жанның билігі Тәңір қолында, елім үшін шейт болсам болайын», – деп, бала сөзін әріге ұзартпай тойтарып тастады.

Шәкбайдың Түркебайға сенетін тағы бір себебі: Түркебай жауға шапқан пәлендей батыр болмағанымен, қолынан мылтығы, белінен қорамсағы түспейтін, өзі бүркітші, құмай тазы жүгіртіп аң аулағыш, қарайғанды қалт кетірмейтін қас мерген адам болатын. Жолы да, жөні де бөлек көзінің қарасы мен ағындай жақын адамға, не дерін білмей біраз уақыт ой құзына батып отырған Түркебай сәлден кейін: «Шәке, ойланатын уақыт, кеңесіп отыратын кеңшілік  жоқ. Сен айттың, мен кестім. Болды, құдай аддымыздан жарылқасын! Бұл салпаң құлақ шегінен асып шектеусіз кетті. Осы жерде тоқтасын. Қалған елге кесіріміз тиіп кетпес үшін істі бітіріп қарамызды батырайық», – деді.

Онсыз да келер-кетер кесірге манадан бері ой тоғытып отырған Шәкбай: «Жә, Түке, күнде ашылып қалды, айда жарық екен. Тамақтан соң сен екі ініңді жіберіп түнімен аулыңды көшірт. Менде ауылды ыңғайлайын. Екі ауыл бірге көшіп, Құнаншабыстан өткендегі Мазардың (Қытай жақтағы жер аты) бас жағы – Қонақай өзенінен бізді тоссын», – деді.

Кешкі келісілген уағда бойынша күн арқан бойы көтерілгенде, екеуі Қасаңның кер жолындағы топ-топ тобылғының арасына келіп бекініп, Ақтөренің жолын тосты. Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде, ажалы айдаған Ақтөре мен тілмәш кер жолды ілбіп керлеп келе жатқаны көрінеді. Көктен тілегенін жерден беріп, осы орайда Түркебай әлдеқашан оқтап қойған мылтығын қолтығына алды да: «Құдай, өзің кешіре  гөр! Бүгін бұны мен жоғалтпасам, ертең бұл көп адамның қанын ішеді», – деп іштей күбірлеп, массаны басып қалды. Жалма-жан Ақтөре де арғымақтан құлап түсті. Оқтың қайдан шыққанын аңғара алмай жан жағына жалтақтаған тілмәш дірілдеп-қалтырап: «Менде жазық жоқ. Ағатайлар мені ата көрмеңіздер! Жалынам сіздерге!», – деп екі қолын төбесіне қойып отыра кетті. Шәкбай мен Түркебай олардың қасына келгенде, Ақтөре әлдеқайда жан үзіп кеткен екен. Тілмәштің екі қолын артына қайырып байлады да, атына мінгізіп, ерге таңып байлап тастады. Өлі жатқан Ақтөренің былғары сумкасын ақтарып, кешегі тізімге алынған азаматтардың аты жазылған қағазға қоса бірнеше парақ орысша жазылған қағаз және бір дүрбі тауып алды. Қағазды табанда түгелімен күйдіріп тастады да дүрбіні өздері  алды. Сосын кері қайтып Шәкбайдың жұртына келіп, тілмәшті мамағашқа таңып байлап: «Бөдеті мен Қалжаттың суын бірге ішкен, тегіміз бір қазақ, ұйғыр туыс-ек. Сенде жазық жоқ. Сол үшін сенің жаныңды аядық. Анау арамза  лағынетті аттырған мен Алманов Шәкбай. Атқан адам – Тәжіұлы Түркебай мерген. Өлген төренің сұраушысына, көргендеріңе өтірік қоспай анық айтқын. Мұның өліміне өзге ешкім кінәлі емес. Ешкім білмейді де. Ертең егерде өтірік қосып бейкүнә халықтың обалына қалсаң, келесі өлім сенікі болады. Айтпады деме?!» – деп, Шәкбай мылтықтың аузын тілмәшқа үш мәрте жалатып, аттарына қонды. Суыт жүріспен ертесі күні таң сәріде Қонақай өзенінде күтіп отырған ауылдарына аман-есен келіп қосылды.

Озбырларға қарсы ерлік істеген екі азамат Үйсін тауының терістігінде Құжыртай деген жерді мекен еткен Демеу ақалақшы басқаратын Семей аулына келіп, Жайдақбұлақ деген жердегі бір үңгірге  жүктерін түсірді. Семей аса бауырмал, турашыл дарқан кісі еді. Арада бірер күн өткен соң, Шәкбай мен Түркебай, Семей зәңгіге (мәнсәп аты) сәлем бере келеді. Әрі Ақтөренің жирен қасқа арғымағын ер тоқымымен сыйға тартады.  Қонақ бола отырып, бастан өткен бар әңгімені бүге-шігесіз баяндап, ендігі тіршіліктің не болары туралы кеңес сұрайды. Екеуінің ерлігіне сүйінген Семей қарт Түркебайға Қияқтысай деген жерден қыстаулық жер береді. Ал Шәкбай өз қалауы бойынша, Текеске «Қызылкүреге) Нақсыбек ақалашының (мәнсәп аты) аулына көшіп кетеді.

1917 жылдың басында ақ патшаны тағынан тайдырып, большевик өкіметі құрылған соң, әскерден қашқан солдаттар мен босқын боп босып кеткен бұқараны, бұрынғы өз мекендеріне алаңсыз қайтып келуіне болады деген қаулы шығарады. Осы қаулыны ести сала Шәкбай сол жылдың күзінде Қытайдан қайта көшіп, өзінің қонысына келіп орнығады. 1918 жылы Шәкбайдың қайта көшіп келгенін естіген Букыбалов, Қалжат начальнигіне арыз жазып: «Менің балам тек бұйрықты орындамақ болған. Бейкүнә өлтірілді. Сондықтан Шәкбай мен Түркебай деген қазақтар маған қазақша  құн төлесін. Егер құн бере алмаса, қанға-қан, жанға-жан аламан!» – деп пәле салады. Осы арыз бойынша начальник, ағымсары болысы Тұрғымбай мен шажа болысы Исаны мекемесіне шақыртады. Бұл мәселені екі болыспен ақылдаса келіп, Шәкбайды бес жүз тұяқ қой құн төлейтін етіп жығып, Тұрғымбайды бұқарасын дұрыс басқара алмаған адам ретінде, болыстық мансабынан алады. Уақтылы екі болыс елді Иса басқаратын етіп бекітеді.

Ақын Көдектің бір өлеңінде: «Бөдетінің жұмысы Исаға барып тірелді» деп меңзегені осы жағдай болатын. Болыстықтан қалған Тұрымбай, начальниктің тапсыруы бойынша, бір күні елді жиып Шәкбайдың бес жүз тұяқ қойды төлеуін ақылдасады. Ел ары-бері айта келіп, ақыры бұл құнды Шәкбайдың өзі төлесін дегенге келеді. Манадан бері сабыр сақтап, өзін зорға тежеп отырған Шәкбай, сонда отырған орнынан ұшып тұрып: «Талай-талай тарландарымыздың қанын жұтқан ақ патшаның арам шошқасын өлтірткенім рас. Ей, Тұрғымбай сол Төренің елге істеген озбырлығын неге айтпайсың? Құн төлеу керек болса, алдымен Букыбалов қазаққа құн төлесін деуің керек еді ғой. Албанның атылған қаншама азаматының құнын қай орыс төлепті? Ой, оңбаған ынжық неме! Қазақша келісемін дегеніне бола қалдың ба? Тумай шөккір әлжуаз! Бар, айт ұлығыңа. Алдымен Букыбалов құн төлесін. Мен содан кейін төлеймін. Ақ дегені алғыс, тәк деген қарғыс қайран Қайшыбек болысым-ай! (Тұрғымбайдың әкесі) – деп ызаға булығып көзіне жас алды.

Осыншама ауыр сөзді бұрын-соңды естімеген Тұрғымбай да, ашу шақырып: «Ой, елді бүлдірген сары шаян!», – деп, орнынан тұра берген де, ашуға мінген Шәкбай, Тұрғымбайды  қамшысымен  бір-екі тартып жіберіп, атына мінген бойы үйіне қарай шаба жөнелді. Жолда жайылып жатқан қойдың ішінен бір қара бас тоқтыны іліп алды да, есігінің алдына келгенде, әлгі тоқтыны тікесінен тік тұрып: «Ей, Тәңірім, менікі қате болса, бүгін мені ал. Менің жанымды алмасаң Тұрғымбайды ал!» – деп, бауыздап жіберіп, үйіне кіреді де бүк түсіп жатып қалады.

Осы жайсыз жағдайды естіген Иса болыс, бір күні қасына ауылдың айтулы ақсақалдарынан бір нешеуін ертіп, Шәкбайдың үйіне келіп, көңіл көтеретін қызықты әңгімелер шертіп, ашуын басатын ақыл-кеңестер айтады. Әңгіме дүкені қыза келе: «Әй, Шәке, біздің бұрынғы бағынып келгеніміз де сары орыс болатын. Бүгін оның тағын тартып алып, орнына отырған патша да сары орыс. Демек, өкіметтің аты өзгергенімен заты өзгерген жоқ. Қайда барсаң да қазанның құлағы төрт дегендей, Қытайдағы қазақтар да қақпақылдың тасындай біресе ана қытайға, біресе мына қытайға бағынып отырған жоқ па? Содан зарезеп болған бауырларымыз қайта келіп тағы да сары орыстың уысына түсіп отыр. Соның бірі міне өзіңізсіз. Қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой. Әділетсіз іске амалымыз бар ма? Ел үшін, елдің амандығы мен келешек үшін істеген ерлігіңізге, бізде, Құдайда риза. Сондықтан сізге түскен ауыртпалықты жұрт болып жұмыла көтерейік», - дейді, Иса болыс. Сонда Текебай деген қарт қисынды сөздің қиюын қиыстыра кетіп:

– Жарайды болыс. Мен елу тұяқ қой атадым, – дейді.

– Менде елу тұяқ атадым, – деді.  Жексембі деген кісі:

– Менде елу тұяқ, – деді Құттыбай қария.

Артынан іле-шала қолын көтерген Дуанбай деген адам да еліу тұяқ қой беретінін айтады. Сосын басқаларда шама-шарқынша көмектесіп, құнға беретін мал саны үш жүз тұяққа жетіп жығылады. Ер сыналар сәтте, елдің елдігін көріп, іштей риза болған Шәкбай қалған екі жүз басты өзі беретін болып тарқасады. Аз күннен соң бес жүз бас қой жиналып, застапқа айдап апарылады. «Шәкбай қылмыссыз» деген қағаз беріледі. Бірақ тағдырдың жазуы ма, жоқ, оқыс жағдай ма, ол жағы бір Тәңірге ғана аян. Осы оқиғадан екі ай өткенде, кенеттен Тұрғымбай қайтыс болады.

Бұл шындыққа тарихтың өзі куә. Ақтөренің атылуы жайындағы әңгімені жазу барысында, көненің көзі, осы дәуірдің қазыналы қарттары болған Нүсіппай Текесбайұлы мен Бағашар Малдыбайұлы деген құйма құлақ ағалар айтып берген нақтылы деректерге сүйендім. «Тумақтың да өлмегі бар» дегендей, қатал ажалға не дауа?! Топырағы торқа болғыр екі ақсақалда таяу жылдары арт-артынан дүние салып, өздері айтып берген бұл тарихи әңгіменің хатқа түсіп ұрпақтармен бет көріскенін де көре алмады. Осылардың айтып бергенін шамамның келісінше хатқа түсіріп отырған менде, биыл сексеннің үшіне келіп селкілдеп отырмын. Кім біледі қап түбінде қалған талқанымның қаншаға  жетерін. Әйтеуір ел басынан өткен қилы заман, қиын күндер соңғы ұрпақтарға ескермесе болмайтын естелік болып  қалса игі болар еді.

Жалғасы бар...

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегінің «Мен таныған шындық» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375