Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 1884 6 пікір 9 Ақпан, 2024 сағат 15:07

Әзербайжан халқы Әлиевті не себептен таңдады?

Сурет ВВС сайтынан алынды

ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ САЙЛАУ

2023 жылдың  8 желтоқсанында Әзербайжан Республикасының Орталық Сайлау комиссиясы 2024 ж. 7 ақпанында Әзербайжанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. ОСК төрағасы Мазахир Панахов сайлауды ашық және әділ өткізу шаралары толық қамтылатынын мәлімдеді. Дегенмен, сайлау алдында Әзербайжанда коррупцияны әшекерелеп жүрген журналистерді ұстау басталды. Ал, сайлауға дейін «саяси тұтқын» деп саналған ұсталғандардың саны 264 адамға жеткені – бұл сайлаудың демократиялық екендігіне көлеңке түсіргенін де ашық айту керек.

7‑ақпанда сайлау өтті. Онда ел президенті И.Әлиев сайлаушылардан 92,1 пайыз дауыс жинап, алғашқы турдан кейін‑ақ өзінің президенттік орынтағын сақтап қалды. Бұл сайлауға өздерін президентке балама үміткерлер ОСК қорытынды есебінде мынадай ретпен жайғасты: екінші орында ‑ Әлеуметтік зерттеу Орталығының төрағасы, депутат Захид Орудж - 2,19%, үшінші орында ‑ «Ұлы Жаңару»  партиясы төрағасы, депутат Фазыл Мұстафа -2%, ал, қалған орындарды «Ұлы Әзербайжан» партиясынан Эльшад Мусаев, Біртұтас халық майданы партиясының төрағасы Гудрат Гасангулиев, Халық майданы партиясы өкілі Рази Нуруллаев және 0,48% дауыс жинаған Фуад Алиев ең соңғы орынға жайғасты. Жеңіске жеткен Ильхам Әлиевті Қазақстан, Өзбекстан, Белоруссия, Венгрия, Түркия, Ирак, Сербия, Венесуэла президенттері жеңісімен құттықтап үлгерді.

ЖЕҢІС ЭЙФОРИЯСЫ: ӘЗЕРБАЙЖАН ХАЛҚЫ ӘЛИЕВТІ НЕ СЕБЕПТЕН ТАҢДАДЫ?

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары КСРО қираған соң, Әзербайжан да КСРО құрамында болған барлық басқа республикалар сияқты өте ауыр дағдарысты кезеңді бастан кешті. Экономикасы әлсіреп, өзі төрттағандап қалған мемлекетте соғыс өрті басталып кетті. Әзербайжан БҰҰ бекітілген өз территориялық тұтастығын орнату қадамына армяндар шоғырлана орналасқан Таулы Қарабақ аймағы қарсы болып, оған Ресейдің қолдауына ие болған Армения көмекке келді. Сөйтіп, екі ел арасында соғыс басталды. Екі жылға созылған бұл соғыста Әзербайжан жеңілді. Таулы Қарабахта тұрып жатқан 750 мыңдай әзербайжандықтар басқа өңірлерге қашты. Бұл соғыс әзербайжан халқының тарихына «қаралы кез» болып жазылды. Өз ата мекенінен зорлықпен көшкен халық жеңісті күнді жылдар бойы аңсаумен болды...

Сөйтіп, 2020 жылы қыркүйек‑қараша айларында 44 күндік «екінші Қарабақ соғысы» басталды. Бұл соғысқа 2003 ж. президент болған И.Әлиев тыңғылықты даярлықпен келгенін көрсетті. Бұл жолы Әзербайжан Түркияның саяси және әскери көмегіне сүйене отырып, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасын өзіне қаратты. Жүз мыңдаған армяндар Арменияға қашты. Бұл жеңіс бүкіл Әзербайжан халқына үлкен шаттық сыйлады. Осы жеңістен кейін Ильхам Әлиевтің өз елінде және түркілік әлемде беделі артты. Сөйтіп, осы «жеңіс эйфориясын» сезінген Әзербайжан халқына үміт артқан президент Ильхам Әлиев кезекті сайлауға қатысуға шешім қабылдады...

МОЙЫНДАЛМАҒАН ҚАРАБАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ

Бірақ сайлау үшін бұл аз еді. 2023 ж. 19 қыркүйегінде Әзербайжан Қарабақта «шағын антитеррорлық шаралар» деген соғыс қимылын бастады. Себебі, алдыңғы соғыс Ресейдің белсенді араласуымен толық аяқталмай қалған болатын. Онда Ресей «Лашын дәлізін» бақылауды өзінің «бейбітшілікті қорғау күштеріне» жүктеді. «Лашын дәлізі» Әзербайжанға өткен Карабақтағы армяндар мен Армения арасын байланыстырушы жол қызметін атқарды. Бірақ, Қарабақтың «қолдан кеткеніне» армяндар келіспеді. Арменияда премьер министр Н.Пашинянға қарсы толқулар басталды. Нәтижесінде, Лашын дәлізі арқылы Әзербайжандық Қарабаққа Армениядан «ерікті қарулы жасақтар» әртүрлі жолдармен ене бастаған болатын. (Бұл жерде Ресей әскери корпусындағы коррупцияның да ықпалы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз...).

Сөйтіп, бір күнге созылған бұл шайқаста «Мойындалмаған Қарабақ Республикасының» басшысы Самвел Шахраманян «2024 жылдың 1‑қаңтарынан бастап Мойындалмаған Қарабақ Республикасының тоқтатылуы туралы» Жарлыққа қол қойды. Өңірден жүз мыңдай этникалық армяндар кетіп қалды. Сөйтіп, 8‑қазанда И.Әлиев Карабақтың жаңа астанасы Ханкендіде Әзербайжан мемлекетінің туын тікті. Сол кезден бастап Әзербайжандағы сайлауға Ханкенді аймағы толық қатысуға мүмкіндік алды. Міне, осы соңғы саяси батыл шешім И.Әлиевтің «сайлауалды даярлығы» болды десек еш қателеспейміз. Нәтижесі ‑ өздеріңіз жоғарыда көргендей болып шықты.

Иә, бүгінгі Әзербайжанда да шиеленісті экономикалық және әлеуметтік мәселелер баршылық. Мысалы, барлық мұнайлы мемлекеттер сияқты Әзербайжан да «қазба байлықтар қарғысы» атты сырқатқа шалынған. Ел экономикасы жан‑жақты диверсификациялауды талап етіп тұр. Егер мұнай қоры таусылса, одан шығар жолдың экономикалық тетіктері дұрыс жұмыс  істемейді. Бірақ, соған қарамастан, бұл сайлауда әзербайжандықтар көпшілік дауыспен «триумфатор президентін» қайта сайлады.

Ендігі кезек Ильхам Әлиевтің өзінде – халқын қарт Каспийдің қай жағалауына апарады – оны өз ар‑ожданы біледі. Ал, И.Әлиевтің дипломатиялық сайыпқырандығы, мемлекет басқару тәжірибесі, халықаралық беделі нағыз бабында екені жалпақ жұртқа мәлім дүние...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596