Жексенбі, 24 Қараша 2024
Абай мұрасы 2280 21 пікір 16 Ақпан, 2024 сағат 13:24

Адамның болмысын танып болдық па?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

(Абай, Шәкәрімнің адамтану іліміне талдама)

Жан және рух деген не, ақыл қайдан? Диплом дегеніңіз қос-қостан, бірақ өзіңді өзің тануға келгенде біліміміз таяз, оған шорқақпыз. Дипломы жоқ Абай, Шәкәрімнің шаңына да ілесе алмаймыз. Өйткені, рухани ілім көзден тасада, дүниеауи ғылымдар көлеңкесінде қалды (оны іздеп, қажетсініп жатқанымыз шамалы). Сондықтан жаңағы басты үш ұғымды ұлылар танымы бойынша барлап, жадымызда жаңғырту – басы артық шаруа бола қоймас деген ойдамын.

Адам баласы екі нәрсеменен: бірі – жан, бірі – тән (Абай). Жан – Жаратқан құдіреттің бір бөлшегі (қуаты, нұры), ал тән оның тұрағы. Қарапайым түрде айтқанда, жан деген – Күн сәулесі сияқты баршаға (шөпке, малға, құсқа, адамға т.б. тіршілікке) ортақ қуат.

Жан – Жаратушы құдіреттің зәредей бөлшегі, демек, ол – мәңгілік.  Бұл Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегінде анықталған ақиқат. Көптеген дәлел-дәйектермен бекітілген. Жә, оны мойындау, оған нану адамға не үшін керек?  Оған ғұлама: «Өлген соңғы жан өміріне нана алмай, ұждан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды»,  – деп жауап береді. Сөйтіп, «мен – жанмын!» деп нанып өмір сүру – арлы адам болудың, жүрек тазалығының кепілі екен.

Жан көпқырлы, күрделі нәрсе. Жан мен дене екеуін біріктіріп, қосып жарастырып тұрған ортақ нәрсе бар ма? Ондай нәрсе бар болса, оның сипаты қайсы? Әлемдік философия шеше алмаған мәселенің бірі осы.

Бірден айтайық, бұл мәселенің шешуі – «рух» ұғымына тіреледі. Жан – басқы қуат, оның киген киімі, оранған қабығы сияқты екінші қуат та бар (әйтпесе тіршілік иелері сан алуан түрге бөліне алмас еді). Адамда бар сол қуаттың аты – рух. «Жан әр түрге түседі – дейді Шәкәрім аталған еңбегінде, – Мәселен, инстинкт – сезімді жан, сознание – аңғарлық жан, мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады». Жан мәңгілік десек те, әр түрге түсіп отырады екен. Міне, осы өзгермелі һәм әр түрлі қасиеттері бар қуатты «рух» дейміз.

Мұны Шәкәрім «Жаралыс басы – қозғалыс» өлеңінде былай ұқтырады:

Мағынасын анық біле алмай,

«Рух» – деген сөзді «жан» дейді.

Осыдан жаман әуре жоқ.

Көрдіңіз бе, жан мен рух екі бөлек қуат! (мұны  бүгінгі таңда ғылым да растап отыр). Бірақ, жан мен рухты айыра алмай дін, мейлі, философия өкілдері дейік, көп адасты. Жан мен рух – бір нәрсе, бір қуат деп.

Сонымен, «рух» ұғымының анықтамасы: ол – күллі адамгершілік қасиеттің қайнар көзі. Абайдың: «Жан қуаты деген қуат – бек көп нәрсе» дейтіні, адам баласына тән барша категориялар: сана, ақыл (білім), ес, түйсік, ар, ұят, намыс, сезім (хауас), қайрат, жігер бәрі-бәрі рухтан пайда болады. Мәселен, саналы, есті, ақылды, арлы, намысты, жігерлі деген рухы күшті адамның сипаты ретінде қолданылады. Жасанды интеллект (жасанды сана) қарқын алды қазір, бірақ оның адам деңгейіне жетуі, ол сияқты рухты болуы мүмкін емес. «Болдырамыз» деген бос сөз.

Енді ақыл ұғымын тектейік. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» (1896) өлеңінде Абай:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, – демей ме. Ақыл мен жан қосақталған. Оның себебі,  ақыл да – өзгелер сияқты рухтан туады.  «Ақыл мен жан» немесе «рух пен жан» деңіз, принципті өзгешелік жоқ. Абай сөзінің сыры, міне, осылай тәпсірленсе құба-құп.

Ақыл дегеніміз – жан мен тәнді байланыстырушы құрал. Адамның, аңның да, жақсының, жаманның да сүйенгені – ақыл. Ол жан құмарын жақтаса нұрлы, заттық әлемге бас ұрса, онда суық (кемелдік пен пенделіктің айырмасы осы арада). Жаратушы Иеміз ғаламның тозаңына шейін ғылым-құдіретпен жаратқан. Міне, сол ғылымды ұғып үйрететін құрал да – ақыл.

Ақыл ұғымына Шәкәрім «Тура жолда қайғы тұрмас», «Адамның еркі қайда?», «Ақылдың жауабы», «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр» деген өлеңдерін арнаған. Соңғысында:

Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,

Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.

Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен

Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр, - дейді. Зейін сала оқиық: ақылдың сипаты – «өлшеусіз бір жарық нұр» екен. Міне, бұл – жаңалық! Неге десеңіз, өлшеусіз тек жан мен рух, мінсіз де осы екеуітұғын. Енді ақыл да өлшеусіз делініп отыр. Осыдан адамға хақиқатты тану мүмкіндігі берілген деген тың түсінік туады. Ғұлама: «Шын таза ақылдың таппас заты жоқ» дейді («Тіршілік, жан туралы» өлеңі). Осылайша ақыл мен рухтың тегі, заты бір екендігі анықталып отыр! Нағыз сенсациялық ой-пайым!

Оған «Жаралыс басы – қозғалыс» өлеңінде берілген түсінік мынау:

Рух деген мінсіз таза ақыл,

Мінсіздің ісі шын мақұл.

Айуандағы ақыл ол емес,

Аз ғана сезім, аз тақыл.

Құраныңды оқы, нанбасаң.

Ақыл неліктен «өлшеусіз бір жарық нұр» екенін енді білдік. Ол тазарған жағдайда рухпен тең. Әсілі, «рух» деген мінсіз таза ақыл деген – Шәкәрім жаңалығы. Кант, Гегель, Шопенгауэр сынды әйгілі философтар қол жеткізе алмаған ғылыми анықтама.

Айуанда, тіпті шөпте де ақыл, сезім бар, бірақ ол «рух» емес екен. Неге? Себебі, әу бастан өте әлсіз, аз ғана қуат. Оны зорайту мүмкіндігі адамнан өзгеде жоқ. Ендеше адамның бәрі рухты ма? Жоқ, олай емес екен. Кімде кім ақылын тек тәнге (тойымсыз нәпсіге) байласа, мал, мақтанға бола жаны ескерусіз қалса, сол адам рухсыз. Шәкәрім сөзінше:

Нәпсі дер рухсыз жандарды,

Мейлі адам, мейлі аңдарды.

Үстіртін қарап ұқпайды,

Қай молда мұны аңғарды?

Мәнісін білмей шатасқан.

Реті келген соң айтқан жөн, 1924-1926 жж. адамзат қауымын алғаш рет жаппай құдайсыздық жайлады. Дәстүрлі қоғам толық күйреді. Көп ұзамай-ақ, сан алуан катастрофа төбе көрсетті. Шәкәрім «жан мен рух бір деп күңкілдеген» дінші мен «жан жоқ» деп жар салған пәншіге (атеист ғалым) қатты шүйлікті. «Жаралыс басы – қозғалыс» деген ғажап туындысын:

Таза ақыл ақты барлайды,

Дәлелсіз сөзді алмайды.

Танитын жанға кез болса,

Хақиқат жерде қалмайды,

Жалғанға сатпас шыныңды, – деп түйіндейді. Себебі, жаңағы «Құдай жоқ» деген адасқандықты көре білді.

Сөйтіп, дәлелсіз сөзге сенген, көзін шел басқан ақыл – рух емес. Қайта  рухқа қарсы күш. Оған алданба! Ғұламаның жан айқайы, артқыға жеткізбек сабағы да осы.

Сабыр етсеңіздер, бүгінгі қазақ қоғамы ахуалына да тоқталайын. Білімсіз адам қалмаған сияқты, бірақ, бірақ... ішкі жан сарайымыз ағарып, рухымыз байыды ма? Абай, Шәкәрім көрген қазақ өзгерді ме? Бұлай деп мақтана алмаймыз. Өйткені, Шәкәрім:

Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ –

Осы болар таза ақыл өлді демек, – деп ескерткен, яғни таза ақыл (рух) өлген ахуал сол қалпында.

Еңсені тіктей алмай, батпақтап қалсақ, оған себептер көп, әрине.  Соның бірі – Батысқа табыну, бас-көз жоқ еліктеу, «һу» деп айдынына қойып кету.

Батыс өркениетінің күшті де осал жақтары қайсы?

Абай оқыған автордың бірі – ағылшын ғалымы Герберт Спенсер (1820-1903) өзінің «Воспитание умственное, нравственное и физическое» атты еңбегінде былай деп жазады: «Ғылым тұрмыс пен тәрбиенің ғана негізі емес, барлық өнердің, оның ішінде тіпті скульптура, сурет, музыка мен поэзияның да тірегі бола алады». Осы пікіріне көп дәлелдер алған.   Соның бірі мынау: «Гетенің өмірімен таныс әр кісі, оның бойында ақын мен ғылым адамының күші жағынан тең дәрежеде екенін өзі көреді. Олай болса, ғылым поэзияны төмендетпейді, тек асқақтатады» («Абай» журналы. -1996. - №1. -55-65 б. ). Көрдіңіз бе, автор Гетені ақын ғана емес, «ғылым адамы» деп жар салған (Абай, Шәкәрімді «ғалым» деп әспеттей алдық па? Әрине, жоқ).

Сөйтіп, Еуропаны Еуропа қылған –  ғылымның құдіреті. «Қайта өрлеу» дәуірінен беріде, әсіресе, 19-ғасырда қарыштағаны соншалықты, ғылым шын мәнінде жалпыадамзаттық дамудың «локомотиві» болды.

Медальдің екінші жағы, яки заттық қарыштаудың  залалды жағы – дүниеге бас көзімен қарау, рухани ілім тынысын тарылту еді. Тәңіріні шексіз ес-ақыл («бесконечный разум» немесе «чистый разум») деуден аса алмаған Еуропа философиясын Абай, Шәкәрім, сөз жоқ, танып-біліп отырды. Бірақ менсінбеді. «Бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ» (Шәкәрім) деген материалистік ілім (онан «дін-апиын» деген ұғым туатыны екібастан белгілі) Батыста әлі де тірі.

Батысқа табыну опа бермесіне себеп, міне, осы – рухсыздық.

Біздің қазақ – азиалық, шығыс халқының бірі. Әлімсақтан ұлтымыз нәр алған Шығыс несімен мықты? Шүбәсіз, имандылық тәрбиесімен. Қалың жұрт Құдайдан қорқады, Оның барлығына қалтқысыз сенеді (бұдан артық тәрбие тірегі бола ма?).

Қазіргі таңда алтын тамыр бірте-бірте алыстап барамыз. Оған кінәлі дін емес, дінді ұстанушылар. Соңғыларға бола, дінді ойыншық қылудан, тәркі етуден жаман әуре жоқ. Дін – Жаратқан Иемен байланыс. Ол жоқ жерде жан қуаты «денені қуандырмақ» деңгейінен аса алмай, әлемді мейірім, махаббат емес, жеккөрушілік пен қатігездік билеп-төстері сөзсіз. Дана Абай: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез!» десе, шәкірті Шәкәрім бұл идеяны:

Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар,

Әулиеден кем емес! – деп ұқтырады.

Сонымен, тоқсан ауыз сөзден түйер түйін мынау: жастарымыз Батыстан ғылым-білім үйренсе, Шығыстан иман тазалығына ұйыса бек дұрыс. Өйткені, жан мен тән қалауы – ілгерілеудің қос қанаты. Данышпан Абай «екі жаққа үңіліп» іздеп тапқан стратегиялық бағыт та, сондай-ақ:

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай, – деуімен қалың елі, қазағына қақсап айтқан түзу жол да осы болып табылады!

Қазақтың қос алыбы бүтіндеген адамтану іліміне қысқаша шолуымнан шығар қорытынды: заттық және рухани білімдер тең емес. Соңғысы уақытқа көнбейді, «мың жылда да дәмі кетпес» (Мағжан). Конфуций, Шекспир, Гетенің мұралары көнерді, ескірді ме? Қайдағы?! Абай, Шәкәрімнің мұрасы олардан несі кем? Алайда оларды зерттеу, насихаттау кемшін, нашар, деңгейі советтік дәуірмен салыстыруға да келмейді. Ол ол ма, жаңарған пәле-жалаға («Қазақты сынап қорлапты», «Ол – орыстың жобасы», «Түпнұсқасы жоқ дүниеге сенбейміз», «Абай сөзі актуалды емес, ескірді, тозды» т.б.) ұрындық. Сорақы қиқарлық дегеніне жетті, оған етіміз үйреніп, таң қалмайтын болдық. Ұлы тұлғаға қара күйені жаға салу еріккеннің ермегі секілді. Білмей тұрып, білем деп бұлғақтау – ұрдажық, менмен, өзімшіл, тәкәппар пенденің тірлігі. Бұл Құранда сөгілген қылық екенін де ескерте отырайын.

Асан Омаров,

түсіндіруші

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618