Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Абай мұрасы 1447 8 пікір 15 Наурыз, 2024 сағат 13:27

Көшпенділік қазақ өміріне қалай әсер етті?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Ғасырлар қойнауынан келе жатқан көшпенді өмір  салты тудырған ұлттық мерекелерімізді қайта еске алып, жандандыру заманы туды. Соның бірі Наурыз мерекесі. Бұл мерекенің маңызын кеңірек түсіну үшін бұрынғы көшпенді қазақ өміріне көз жіберейік. Қазақ болмысын қалыптастыруда көшпенді өмірдегі тәңіршілдіктің әсері үлкен болды.

Тәңіршілдік аясында халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Көшпенді халық болмыс көрінісін бір Тәңір ретінде қабылдап, қоршаған ортаны танып, онымен біртұтас болуға ұмтылды. Өзін табиғат баласы сезініп, болмыспен үндесіп, үйлесімді өмір сүруге ұмтылды.

Қоршаған ортамен байланыс қазаққа ауа райын болжау тәсілдерін үйретті. Қысы-жазы табиғат аясында болған халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған.

Қазақ халқының табиғат қорғау дәстүрінің қалыптасуына халықтың наным-сенімдерінің де маңызы зор болды. Халық санасында қоршаған ортаның болмысы адам болмысымен ұқсас деп қабылданды. Ежелгі түсінікте қоршаған ортаның бәрінің де жаны бар және жаратушысы бар, сондықтан олармен болатын қатынас жанды деңгейде болу керек деп есептеген. Қазақтың көне дәстүрі бойынша жер -- адамзат, жалпы тіршілік иелері мен өсімдіктер, жан-жануарлар анасы, ал аспан -- жарық, жылу беріп, жаңбыр жаудырып, бүкіл тіршілік атаулыға жақсылық жасап, қорған болатын атасы ретінде есептелінген. Аспанның түсі көгілдір болғандықтан қазақтар оны «Көк», «Көк тәңір» деп кеткен. Қазақтар күллі табиғатты, тіршілік атаулының жаратушысы аспанды «көк тәңірі» деп түсінді. Тәңірге тәу етудің жоралары көп болды. Солардың бірі -- күнге, айға тағзым ету. Қазақ халқында үйдің есігін күншығыс жаққа қарату күнді қастерлеуден туған ырым. Тәңірге жаратушы, жерге дем бітіруші деп табыну, барлық жаратылыста жан бар деп топшылау бірте-бірте табиғатты ардақтау көзқарасын қалыптастырды. Сол себептен жаңа шыққан көк шөп, ағаш-бұталардың бүрлері өмірдің үздіксіз жалғасы өркені есептелініп, көк шөпті беталды жұлуға, көркем шыбықты сындыруға, жалпы жер бетіндегі өсімдіктерді бүлдіруге қатаң тыйым салды.

Күн күркірегенде «сүт көп, отын аз» деп үйді айнала ожаумен ұрғылап, оны есік алдына іліп қою ырымы мал басының көбеюін, шөптің шүйгін, ақтың мол болуын аңсап, табиғатпен байланыс көрінісін береді. Наным-сенім, ырымдар арқылы халық адамзат пен табиғаттың етене біртұтастық туынды екендігін баяндап, тұтастықтың бұзылу қасіретінен ұрпақтарды сақтандырды. Оларға мейірбандылық, жауапкершілік, әсемдік, әдептілік, бақылағыштық сезімін орнатты. Табиғат жаратылыс түрлері: жан-жануарлар дүниесі, өсімдіктер әлемі, орман-тоғай, өзен-су, тау-дала өнерге қанат беретін қайнар-күш екендігін ұрпақтарға сәби жастан танытты. Халық табиғат түлеп, жаңғыратын маусымдарға бағышталған: «Наурыз», «Қымыз мұрындық», «Сабантой», «Күзем», «Мизам», «Соғым» сияқты той думандарды тұрмысқа кіргізіп, тәрбие құралдарына айналдырды. Сөйтіп қазақ халқы табиғатты қорғау ісінде бай дәстүр, әдет-ғұрып қалдырды.

Халық табиғатты қорғау мәселесін қоғамдық тәртіп деңгейіне дейін көтерген. «Суға түкірме», «Күл шашпа», «Тал кеспе» тәрізді толып жатқан тыйым сөздер мен ескертпелер табиғатпен қарым-қатынас сақтаудың халықтық ережесі, табиғаттың әдемілігіне кір келтірмес салауаттылық өлшемі болды.

Табиғатқа зияндық жасаған адам қоғамға қиянат қылған адам деңгейімен теңестірілді. Мәселен, «Тал кескенше қолыңды кес», «Қарағай кессең қаңғырып қал» тәрізді санаға, тәртіпке қайшы келетін істерден сақтандыратын ереже болған. «Судың да сұрауы бар», «Балық аулай алмаған суды лайлайды» тәрізді ырым-тыйымдар ұрпақты үнемділікке, ұқыптылыққа, бақылау-байқампаздыққа сергектікке, барды бағалап, қадір тұтуға, аялауға үйретті. «Аққан судың жолы сара» деп, табиғат болмысына өзгеріс әкелуге абай болуды ескертті. Табиғатпен  байланысты аңыз-әңгіме, ертегі, ән-жыр айту арқылы жас өспірімді аң-құс, жан-жануарларды, табиғатты ардақтауға, олардың әдемілігіне, әсемділігіне тәнті болу сезіміне баулыды. «Құстың ұясын бұзба, жұмыртқаларын жарма, бетіңе шұбар түседі» тәрізді сескендіру ескертпе сөзі арқылы тіршілік атаулыға қамқор болуға үйретті.

Ата-бабамыз өзінің жақсы көрген, сүйген адамдарын құстарға, олардың сымбатына, сәніне теңеген. Жаңа түскен келінді құсқа теңеп, қоныс иесіне «құс құтты болсын» деген тілек айтқан. Құстардың атымен ұл-қыздарына, немере – шөберелеріне ат қойған. Құстарға деген сүйіспеншіліктен туған қаншама сырға толы сазды әндер мен күйлердің болуы осы себептен деп түсінуге болады.

Табиғатты көшпенділер осылай өз баласындай аялап, қорғап отырған. Тіршілік көріністері қоршаған табиғатты танып, өмірін оның заңдылықтарымен толық үйлестіруге мүмкіндік берді. Табиғаттың әрбір өзгерісінен сабақ алып, өзінің түсінігін толықтырып отырған. Осылай оның мінезі-құлқы, дүниетанымы қалыптасты. Көшпенді қазақ өмірі табиғат өзгерістеріне тәуелді болып, өз өмірін үнемі табиғат өзгерістеріне бейімдеп, онымен үйлестіріп отырды.

Қазақ халқы үшін табиғат өмір мектебі болды. Бұл оның дарындылығы, әрнеге қабылеттігі, істе алғырлығы тәрізді өзіндік болмысын қалыптастырды. Ұзақ көшіп-қону, жаугершілік кездерінде ол күндіз ауа райының өзгерістеріне көңіл бөліп, құбылысын байқап, түнде жұлдыздарды меже етіп, алған бағытынан адаспайтын болып табиғат құпияларын таныды.

Осы қысқаша шолудың өзінен қазақ болмысының, оның мәдениетінің қандай жоғары деңгейде болғанын көреміз. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақтың бүкіл бітім-болмысы бірлікке, Болмыстың үйлесімділігіне бағытталды. Осылай, халықтың барлық ғажайып көркем қасиеттерін қоршаған ортаны Тәңір көрінісі деп қабылдаған таным қалыптастырды. Табиғат аясындағы тәңіршілдікте дәстүрлі діндегідей пайғамбар, қасиетті жазбалар, діни рәсімдер болмағанымен, тәңіршіл адамға өмірдің мақсатын, оған жеткізетін білімді, және оған жету әдістерін үйлесімді табиғаттың өзі берді. Табиғат көріністерін тану арқылы бүкіл Болмыстың бірлігіне сеніп, Онымен етене біртұтас болып өмір сүруге мүмкіндік алды.  Осылай, көшпенді өмір толығымен табиғат аясында, және болмыспен үйлесімді болғандықтан, исламға дейінгі ежелгі қазақ халқының діні де, бүкіл өмір салты да тәңіршілдік болды.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1545
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3337
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6121