Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 2490 2 пікір 23 Сәуір, 2024 сағат 16:08

Сенат дұрыс шешім жасады...

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов мырзаның назарына!

Сонымен, Мәжіліс бірауыздан мақұлдап жіберген «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жобасын Сенат 18 сәуір күні екінші оқылымда Төменгі палатаға кері қайтарыпты.

Сенат өте дұрыс шешім жасады.

Аталған Заңның, өзгесін айтпағанда, 20-бабының 5) тармағы Атажұртқа өз бетімен көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін ағайынның тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығын және Қазақстан азаматтығын алуын шектеп тастағанын айтып, өткен жылдың 22 қыркүйегінен бері мәселе көтеріп келе жатқан болатынбыз.

Бұл норманы 2023 жылы 19 сәуірде Сенаттың мақұлдағанын да сан мәрте қайталап айтып келдік.

Алты ай бойы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына жазған хаттарда есеп болған жоқ. Президент Әкімшілігі мен құзырлы Министрлік басшыларына да тоқтаусыз хат жазумен болдық...

Соған қарамастан, Мәжіліс бұл норманы еш өзгеріссіз қабылдай салды.

Әшейінде «ҰЛТЫМ!», «ХАЛҚЫМ!» деп өңеші жыртылғанша айғайлап келе жатқан мәжілісмендер де үнсіз қолдай салған еді.

Шынын айтсақ, біз Мәжілістен түңілгенбіз!

Енді Сенат та сол сарынмен қабылдап жіберсе, онда бүкіл дүниежүзіне масқара болатын болдық-ау, Президентімізді тағы да ұятқа қалдыратын болды-ау деп, қатты абыржыдық. Тағы да Сенатқа хаттар жаздық. Тұрсынхан Зәкен екеуміз сенаторлармен кездесіп шықтық…

Жасыратыны жоқ, «Бұл норманы қабылдаған біз емес, өз боғыңды өзің тазала!» - деп, Мәжіліс Заң жобасын Сенатқа әдейі жібере салған шығар деген де ойға келгенбіз.

Егер, Сенат бұл Заң жобасын сол беті өзгеріссіз қабылдай салса, «ҚАЙҒЫҢА ОРТАҚПЫЗ, КӨШІ-ҚОН!» - деген мақала жазып, жариялағанға да тас-түйін дайын отырғанбыз...

Құдайға тәубе, Сенат, тағы қайталап айтайын, өте дұрыс шешім қабылдап, қандастарымызды алты ай бойы қан сигізген заңның жобасын Мәжіліске кері қайтарды.

Бұл шешімі үшін Сенатқа және оның Төрағасы Мәулен Әшімбаев мырзаға өз атымнан және мүдделі қауымның атынан рахмет айтамын.

Айтпақшы, «Тоқаевты алдамаған кім қалды тірі жанда?!» - деген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына жазған соңғы хатымызға Сенаттан: «Сіздің өтінішіңізде көтеріліп отырған мәселе «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағын алып тастау туралы ұсынысыңыз назарға алынып, қазіргі уақытта бұл мәселе тиісті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Сізге көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз...» - деген жауап алдық.

«Қазақстан азаматтығын алу және жоғалту тәртібіне бірқатар түзетулер енгізілді...» - депті, аталған Заң жобасын кері қайтарып жатып, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев туысымыз.

Мәулен Сағатханұлы бұл сөзін сол атышулы 20-баптың 5) тармағына қарата айтқан болуы керек деп қабылдадық.

Көші-қон саясатымен он бес жыл бойы тоқтаусыз айналысып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде, Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңнамаларды одан ары жетілдіре түсу мақсатында Мәжіліс пен Сенат депутаттарына жиырмаға тарта ұсыныстар ұсынған болатынбыз.

Ол ұсынысымыз Ермұрат Бапи мен Қазыбек Иса бастаған біраз депутаттардың қоржынында жатыр.

Алла қаласа, кері қайтқан Заң жобасын қайта қарау барысында ол ұсыныстарымыз ескеріледі деп сенеміз. Сөзсіз ескерілуі керек!

Сөз соңында айтарым:

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Сізге өтініш, бізді енді қақсата бермеңіз!

Ең құрығанда, Құдай мен Халықтан қорықпасаңыз да, Президентімізден ұялыңыз!

Мәңгілік ештеңе жоқ, бұл Мәжіліс те тарайды. Ринат Зайытов пен Аманжол Әлтаевты жетелеп алып, ертең дауыс сұрап, сол халықтың алдына тағы барасыз. Сонда бетіңізбен жер басып қалмау жағын да бір сәт ойланып қойғаныңыз жөн!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300