Расул ЖҰМАЛЫ. Екінші мұз дәуірі
Бір жарым жыл бұрын АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығындағы кішігірім проблемалардан басталған экономикалық дағдарыс тамырын тереңге жайып, дендеп кетті. Жеңіл несиелер мен қаржы пирамидаларының айналасындағы алыпсатарлық күрделі проблемалардың ұшы ғана екенін осы күні біліп, көріп жатырмыз.
Бұлардың бәрі долларға негізделген қаржы жүйесінің тиімсіз екенін көрсетті. Енді саясаткерлер, экономистер, әйгілі ғалымдар осы тығырықтан шығар жол іздеп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр. Алайда Давосс форумында да, «үлкен сегіздік», тіпті «жиырмалық» аясындағы кездесулерде де басты сауалға жауап табылмады. Неге? Біздіңше, жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ...
Бір жарым жыл бұрын АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығындағы кішігірім проблемалардан басталған экономикалық дағдарыс тамырын тереңге жайып, дендеп кетті. Жеңіл несиелер мен қаржы пирамидаларының айналасындағы алыпсатарлық күрделі проблемалардың ұшы ғана екенін осы күні біліп, көріп жатырмыз.
Бұлардың бәрі долларға негізделген қаржы жүйесінің тиімсіз екенін көрсетті. Енді саясаткерлер, экономистер, әйгілі ғалымдар осы тығырықтан шығар жол іздеп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр. Алайда Давосс форумында да, «үлкен сегіздік», тіпті «жиырмалық» аясындағы кездесулерде де басты сауалға жауап табылмады. Неге? Біздіңше, жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ...
Сонымен, біз жүйелі дағдарысты бастан кешіріп жатырмыз. Мұны 1930 жылдардағы АҚШ-тағы «Ұлы тоқыраумен» де, 1997-98 жылдардағы Азия дағдарысымен де салыстыруға келмейді (бұған бірінші жағдайда асыра өндіріс факторы, ал екінші жағдайда валюта бағамдарының сәйкессіздігіне биржалық шонжарлардың астыртын әрекеті қосылғаны әсер етті). Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазіргі қаржы дағдарысын 1940 жылдардың екінші жартысындағы экономикалық құлдыраумен әлдеқайда ұқсас деген дұрыс шығар, сол кезде АҚШ үстемдік жүргізетін қазіргі қаржы жүйесі қалыптаса бастады.
Осы уақытта бұрынғы амал-тәсілдерден (мультивалюталық қаржы жүйесі, оқшауланған экономика, дамымаған нарық қоры) бас тартып, мүлдем жаңа жүйе қалыптастыратын алғышарттар пайда болды. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл Еуропаның тас-талқаны шығып жатты, КСРО мен Қытай әлсіреді, Германия, Италия, Жапония басып алынды, ал қалған мемлекеттер біреудің боданы еді. Осындай жағдайда саяси және экономикалық бастамалар түгелімен АҚШ-тың қолына өтті. Иә, әлемдік ЖІӨ-нің жартысы олардың уысында болды. Бұған озық технологиялар монополиясын да қосып қойыңыз.
Соғыстан кейін экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі туралы сөз қозғала бастады. АҚШ-тың әскери-теңіз министрі Джеймс Форрестолдың: «Бұдан былай «қауіпсіздік» деген ұғым болмайды, тілдік қорымыздан бұл сөзді мүлдем алып тастауымыз керек. Оның орнына мектеп оқулықтарына мынадай аксиоманы енгіземіз: Күш байлықпен пара-пар: оны пайдаланады немесе жоғалтады», - деуі тектен-тек емес. Осылайша, америкалықтар дүниежүзіне өздерінің атақты Бреттон-Вуд келісімдерін міндеттеп, өзгелердің есебінен шекелері шылқып күн көруге жағдай жасаған тарихи мүмкіншілікті асқан шеберлікпен пайдалана білді. 1991 жылы социализмнің құлдырауы олардың үстемдігін тіптен нығайта түсті.
Өмірдің өзі - өткінші
Бұрындары әлемдік экономиканың ашықтығынан Батыс қана қарпып қалып отырса, 2000 жылдардан бастап одан дамушы елдер ұта бастады. Өндіріс ошақтары жаңа аймақтарға көше бастады. Пайдалы қазба байлықтарын бақылауда қайта бөліс басталды, ең алдымен мұнайды бақылау тетігі Батыс корпорацияларынан мемлекеттердің өздеріне көше бастады. Қаржы пирамидалары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтарша көбейіп, бір күнде қирай бастады. Нәтижесінде, экономика тығырыққа тірелді, өндіріс тоқтады, доллардан кейін, әсіресе америкалық валютаға байланған өзге мемлекеттердің ақшасы салмағын жоғалта бастады.
60 жылдан артық өмір сүрген Бреттон-Вуд моделінің ақыры таяп қалғандай. Адамзат оның соңғы кезеңін бастан өткізіп отыр. Ал жаңа модельді әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Жинала салып, жаңалық аша салу қиын, тіпті олай болмайды да. Өйткені қазіргі жағдай басқа. Доллар құлдырап, ақша қарапайым қағазға айналып, әлемдік экономика ұзақ уақытқа есеңгіреп қалған жағдайда ғана қаржы дағдарысы өзінің шарықтау шегіне жетті деуге болады. Осыдан кейін сіз бен біз бұрын-соңды көрмеген жаңа «мұз дәуірі» басталады, ол кезде Батыстың мүйізі қарағайдай экономикасы мамонт тәрізді «өле» бастайды. «Мұз дәуірінен» тек шикізат пен азық-түлік өндірушілер, мұсылман әлеміндегі шаруашылық жүргізудің исламдық үлгісін ұстанған кейбір елдер, жабық және өздеріне жеткілікті экономикасы қалыптасқан бірен-саран ел ғана қалқып шығады.
Ендігі жерде...
Ал бұдан кейін деглобализация процесі басталады. Бір полярлық құрылымның орнын өзара бәсекелесіп қана қоймай, тіпті тайталасуға да бейім бірнеше оқшауланған аймақ басады. Осыған сәйкес әлемнің жаңа картасы сызылып, олардың ішінде өздерінің өңірлік орталықтары, валюталары, кеден одақтары, саяси, экономикалық, сауда-саттық және өзге де қарым-қатынастардың қозғаушы күштері пайда болады.
Егер дағдарыс кезеңіне дейін халықаралық қарым-қатынастар негізінен Батыс-Шығыс (АҚШ және қалған елдер, Еуропа мен Азия) деп құрылса, бұдан былай қарым-қатынастардың жаңа пішіні - Солтүстік-Оңтүстік болып қайта құрылады. Осы жаһандық трансформацияны жақтаушылардың ойынша, Солтүстік Оңтүстікке (Солтүстік Америка Оңтүстік Америкаға, Еуропа Таяу Шығыс пен Африкаға, Ресей бұрынғы кеңестік республикаларға, Қытай Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне) ықпал етіп, үстемдік жасамақ. Сонымен бірге бірқатар жағдайларда оқиға барысы тіпті басқаша өрбуі мүмкін, онда, керісінше, Оңтүстік Солтүстікке әмірші болады. Өйткені бүгінгі «мұз дәуірінен» әлем мүлдем өзгеше болып шығады. Көз тоймайтын тұтынушылық, қарыз алып, қарын тойғызу әдеті үнемшілдікке, көрпеге қарап көсілуге орын береді. Бұл түптің түбінде өз қаражатына қарап, өмір сүру салтын қалыптастырады. Шын мәнінде, әрбір мемлекеттің бәсекеге қабілетті екенін айқындайтын басты өлшеуіші - өндірген тауарлары немесе көрсеткен қызметтері. Бұл үрдіс әсіресе аса дәулетті Батыс елдеріне қатты әсер етеді. Қайыршылық, жұмыссыздық, қылмыс кеңінен етек жаяды. Ал жағдайды түзеу үшін олардың өмірі экономикасы дамыған, яғни Қытай, Үндістан немесе Бразилия сияқты елдермен қатарлас болуы керек. Өзіндік экономиканы жандандыруға алғы шарттар осылайша пайда болады.
Алайда шартты түрде №3 аймақ (америкалық және еуро-африкалық елдерден кейін) деп аталып жүрген ТМД елдерінде мұның жүзеге аса қоюы күмәнді. Бұл аймақтың қалай аталатынына қарамастан, мейлі ол ТМД, мейлі Еуразиялық конфедерация немесе басқаша аталсын, Ресей 1991 жылға дейін жүргізіп келген рөлін одан әрі атқара береді. Бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің көбі Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері сияқты емес, әлі күнге дейін толыққанды мемлекет ретінде қалыптаса алмады. Бұған, мысалы, Грузия мен Украинадағы бітпейтін ұрыс-керістер немесе Белоруссия мен Өзбекстандағы ұлттық бастаманы басып-жаншыған қатал автократиялық тәртіп дәлел. Бұл жағдай сыртқы ықпалға бас игіштікті қалыптастырады. Соңғы кездері Ресей Федерациясының саясаткерлері «өздерінің ТМД аумағындағы ерекше миссиясы» жайындағы тезистерін жиі естиміз.
Әрине, гипотетикалық құрылымның басқа мүшелерінде дербестік пен таңдау еркіндігінің атрибуттары сақталып та қалар. Бірақ КСРО Конституциясында осыған ұқсас көптеген ереже жазылған болатын, тіпті оның Одақ құрамынан шығуға құқығы бар деп көрсетілген еді. Ал, шын мәнінде, қалай болғанын мектеп оқушысы да біледі.
Кремль басқаратын валюталық одаққа кірген елдер, мүмкін, ұлттық валюталарын сақтап қалар, ал резервтік валюта, мәселен, рубль доллардың мәртебесіне ие болар. Бұл гривна, манат немесе сомның бағамы рубльдің бағамына байланып, шартты түрде ақша эквивалентінің қызметін атқарады. Осы кезде эмиссиялық орталықтың ойынын көреміз: ертеректе АҚШ-тың федеративтік резерв қызметінің монетарлық тұтқыны болып келсек, енді Ресейдің Орталық банкінің құзыретіне топ ете түспекпіз. Кейбір сарапшылар эмиссиялық орталық ретінде Қытайды атай бастады. Себебі юань анағұрлым сенімдірек, ал Қытай экономикасы басқа елдермен салыстырғанда, анағұрлым әртараптандырылған. Сарапшылардың пікірінше, Ресей экономикасына қарағанда тұрақты. Бірақ бұл мәселенің мәнісін өзгертпейді, бірінші жағдайда да, екінші жағдайда да әлгі валюталық аймаққа ерікті түрде кірген немесе қосыла қоймаған елдер жеңіліс табады.
Монетарлық ойын соңынан экономикалық диктаттың басы қылтиып тұрғанын, ал одан әрі саяси үстемдіктің келетінін түсіну үшін Нострадамус болудың қажеті шамалы. Саясат, қорғаныс саласында тәуелсіздік болмай, мықты, тұғыры берік экономикада ұзақ уақыт тәуелсіздікті ұстап тұру мүмкін емес. Әсіресе, үшінші күшке иек артқанда, қолдан бәрі сусып кетеді.
Дағдарыстың дүлей дауылы барынша қатты соққан қазіргі кезде, неге екені белгісіз, Батыс Карл Маркстің идеялары туралы айта бастады. Капиталистік нарықтың заңдарын ашып көрсетіп, соны аяусыз сынаған, құлдырауын болжаған сол Карл Маркс еді. Жалпының теңдігі мен әділдік тұрпатындағы социализм туралы айтқан сол Карл Маркс. Өз ойларын дәлелді айтқаны сондай, арада 150 жыл өткенде ғалымдар қайтадан «Капиталға» ден қойды. Атақты неміс ойшылы сонымен қатар тарихта оқиғалар уақыт өткен сайын қайталанып тұратынын да айтқан болатын. Бірақ ол өзіне-өзі кереғар пікір білдірген сыңайлы. Әйтпесе қоғамдағы табиғаттың өзі бай мен кедей, күшті мен әлсізді қарама-қарсы қоя отырып, қаналған таптың мойнына мәңгілік ауыртпалық ілген ғой. Маркстың қайталанушылық (циклдік) жөніндегі көріпкелдігі ХХI ғасырда дөп келгенін қаламаймыз. Ал тең құқықтық, үйлесімдік пен гуманизмге негізделген социализм болса, ынтықтырған, бірақ орындалмаған арман күйінде қала бермек.
«Жас қазақ» газеті, №32, 11.09.2009