Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2605 0 пікір 13 Желтоқсан, 2013 сағат 12:49

Жаңаөзен және Шетпе: Тәуелсіз қоғамдық комиссияның қарары

Жаңаөзен және Шетпе қасіретіне байланысты құрылған Тәуелсіз

қоғамдық комиссияның (ТҚК) кеңейтілген отырысының

Қарары

 

2013 жылдың 16, 17 желтоқсан күндерінде Жаңаөзен мен Шетпеде орын алған қанды оқиғаларға 2 жыл толады.

Төрткүл дүниені дүр сілкіндерген бұл қанды қырғын Қазақстанда орныққан саяси жүйе тудырған нәтиже болды: ҚР Президенті заңды деп таныған мұнайшылардың әлеуметтік талаптары дер кезінде және жеткілікті көлемде шешімін таппауы осы трагедияға әкеп соқты!

Жаңаөзен және Шетпе қасіретіне байланысты құрылған Тәуелсіз

қоғамдық комиссияның (ТҚК) кеңейтілген отырысының

Қарары

 

2013 жылдың 16, 17 желтоқсан күндерінде Жаңаөзен мен Шетпеде орын алған қанды оқиғаларға 2 жыл толады.

Төрткүл дүниені дүр сілкіндерген бұл қанды қырғын Қазақстанда орныққан саяси жүйе тудырған нәтиже болды: ҚР Президенті заңды деп таныған мұнайшылардың әлеуметтік талаптары дер кезінде және жеткілікті көлемде шешімін таппауы осы трагедияға әкеп соқты!

Өткен тарихында  алапат оқиғалардың талайын көрген  Қазақ елі мұндай сұмдықты бұрын-соңды бастан кешпеген еді. Жаңаөзен мен Шетпедегі бейбіт халыққа өз мемлекетінің билігі асқан жауыздықпен оқ жаудырды!  Жаугершілік замандағы, отарлық, бодандық кезеңдегі қантөгісті қырғындардың, қуғын сүргіндердің бәрінен асып түсті. Өйткені сырттан шапқан дұшпан жоқ, соғыс жағдайындағы қатерлі шақ емес. КСРО қираған соң қолға тиген Тәуелсіздіктің  жиырма жылдық  мерекесі күнінде қала мен ауыл тұрғындарын аң атқандай жайпап салды. Жараланғандарын қуалап жүріп соққыға жықты. Қазақ әдебиетінің классигі, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысушы, жазушы  Әбдіжәміл Нүрпейсов ақсақал «жараланғандарды фашистер де таяққа жықпап еді» деді. Қатыгездіктері,  өшпенділігі фашистерден де асып түскендігін айтқаны. Бұл – қылмысқа берілген дәл баға.

ТҚК пікірінше,  мұндай аса ауыр қылмыс ешқашан да кешірілмейді. Полицейлер  тапаншамен, автоматпен атып жаралаған жазықсыз жандар, ереуілге қатысқан, қатыспаған, тіпті мерекелеуге келген кездейсоқ адамдар жаппай қамауға алынды. Олардың көпшілігі айуандықпен азапталды, қорланды, тепкіге түсті, жасамаған қылмыстарын мойындатқызды, кейбірі түрмедегі тепкіден, ұрып-соғудан кейін қаза тапты, мүгедек болып қалды. Соттардың сорақылығы әлгіндей құқық қорлаушылардан бір мысқал да кем түспеді. Ақтаудағы соттар түгелге дерліктей сайқымазаққа айналды.

Осы екі жыл ішінде билік қанды оқиғаға саяси баға беруге жарамады. Қоғамдағы ашу-ыза мен наразылықпен санасуға мәжбүр болған ол бар кінәні мұнайшылар мен белгісіз бір топтарға артып, сүттен ақ, судан таза болғысы келетіндігін көрсетті. Орта деңгейдегі шенеуніктер ғана жазаланды.

Осы орайда ТҚК Жаңаөзен мен Шетпедегі қанды қырғынға тікелей Қазақстанның басшылығы, соның ішінде президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның саяси шешім қабылдауға тиісті командасы жауапты екенін тағы да мәлімдейді. Өз маңайындағы шен-шекпенділерді қорғаштап, оларды жауапкершіліктен құтқарған президент енді сол жауапкершілік өз мойнына жүктелерін сезінуі тиіс.

Адамгершілік, саяси, заңдық тұрғыдан оқ атуға бұйрық берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бүгін болмаса –  ертең. Ондай күн тумай қоймайды. Халыққа қарсы қару қолдануға , оқ атуға бұйрық берген генералдар мен ондай қылмысты бұйрықты орындаушылар уақыты келгенде  жауапқа тартылады. Сталиндік қасапшылар (ежовтар, бериялар, голощекиндер, мирзояндар, т. б. ) бірін бірі қалай жойса, бұлар да солай істейді. Өйткені қолы қанға малынғандар ертеңгі күнін ойлап, қылмыстарын жасыру үшін құпия тапсырманы орындағандарды біртіндеп құрта бастайды. Бұдан бөлек  Алланың жазасы және бар. «Қан жібермейді», « қарғыс атады», «зауал келеді»  дегенді  халық бекер айтпаған. Жаңаөзен мен Шетпедегі «адал қызметтері» үшін марапатталып, шен-шекпен, сыйлық алған, орден, медаль тағынған олар  қоғамдық айыптаудан, тарих сотынан құтыла алмайды.      

Қанды оқиғадан кейін келесі күні құрылған ТҚК осы уақыт ішінде біршама жұмыс атқарды. ТҚК өкілдері бірнеше мәрте оқиға орнында болып, қаза тапқан мұнайшылардың отбасыларымен, зардап шеккендермен және куәлармен жүздесті, тиісті материалдар жинады. Барлық сот процестеріне жан-жақты мониторинг жүргізді, сол ақпараттың бәрін БАҚ жариялады. ТҚК зардап шеккендерге, сотталушыларға қажетті материалдық және құқықтық жәрдем көрсетті.

Бірақ ТҚК бұл жұмыс әлі де жеткіліксіз деп санайды. Әсіресе, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету, түрмеде отырған мұнайшыларды босату, олардың жақындарына қол ұшын беру сияқты шаруа шаш етектен. Оған жалғыз ТҚК-ның шамасы жете бермейді. Сондықтан да ТҚК барша жұртты осы абыройлы да аса маңызды іске ат салысуға шақырады!

Трагедияның себептері мен салдарын ашық та әділ тергеп, зерттеуге еш құлқы жоқ Қазақстан билігінің осы екі жыл ішіндегі қимыл-әрекеті Тәуелсіз қоғамдық комиссияны Жаңаөзен және Шетпе оқиғаларын ендігі жерде халықаралық деңгейде көтеріп, дабыл қағуға мәжбүрлеп отыр!

Рас, ТҚК мүшелері, қоғамның басқа да өкілдері Жаңаөзен мен Шетпе шындығын халықаралық деңгейде көтеруге мейлінше атсалысты. Бірақ бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс әлі де жеткіліксіз. Ендігі жерде осынау қызметке жаңаша сипат беріп, жаңа сапа дәрежесіне көтеру керек екенін уақыт көрсетіп берді.

Соның бір көрінісі ретінде ТҚК Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттары мен талаптарына сәйкес осы қанды қасіретті халықаралық қылмыстық құқ талаптарына сәйкес халықаралық сотқа жеткізуді, оны геноцид, «адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» ретінде тану бағытында жұмыс жасау қажет екенін атап өтеді. Ол үшін тиісті қоғамдық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық алдына мәселе қою, арнайы ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру ұсынылады.

Рас,  билік те қарап қалмады, оқиғаның мән-жайын анықтамақ болып, тиісті Үкіметтік комиссия құрды. Бірақ оның жұмысы тіпті мардымсыз еді, жан-жақты да әділетті шешім күткен қоғамның көңілінен шықпады, керісінше, ел ішінде наразылық туғызды. Сол себепті ТҚК өзінің қанды оқиғаларды тергеу жөніндегі биліктің де, құқық қорғау органдарының да, қоғамдық ұйымдардың да өкілдерінен құралған Жалпыұлттық комиссия құру қажет және оған мейлінше кең өкілеттік берілуі тиіс деп санайды. 

Қаза тапқан адамдардың саны ресми деректе көрсетілгендей  16 адам емес, одан да көп деп топшылауға болады! Осы мәселе түпкілікті әрі жұрт сенетіндей түрде анықталмай, ел ішіндегі толқу басылмайды. Осы орайда ТҚК өз жұмысын жалғастырып, жер-жерден қосымша ақпарат жинау жұмысын жалғастырады.

Осы екі жыл ішіндегі БАҚ ролін ерекше атап өту парыз. Қанды оқиға кезінде және одан кейінгі уақытта тәуелсіз басылымдар биік кәсіби деңгей көрсетті. Олардың ішінде, әсіресе, қазақтілді БАҚ жетекші рөлге шықты. Ондағы журналистер тарих және қоғам алдындағы аса зор жауапкершілікті толық сезіне алды. Соған сәйкес шындықты мейлінше ашық та еш боямасыз көрсетуге тырысты. ТҚК тәуелсіз журналистердің БАҚ осы еңбегін ерекше атап, өз алғысын айтады.

Керісінше, биліктің бұғауындағы  БАҚ ұлттық тұрғыдағы позицияны түсіне алмады. Себебі ақпараттық саясатта билік бірізділік көрсете алған жоқ. Сол себепті де биліктің уәжін жеткізуде ресми БАҚ толық дәрменсіздік танытты. Ақпараттық соғыста масқара жеңіліске ұшырады.

Экономикалық, саяси дағдарыс кезінде өзге де ереуілдердің, наразылықтардың туындауы мүмкін. ТҚК соны  болжау,  ереуілдеушілерге  қарсы биліктің оқ ататын құралдарды  қолданбауы, оған жол бермеуі үшін  алдын-ала дабыл қағу шараларын жүргізу қажет деп санайды.

Турасын айту керек, Жаңаөзен және Шетпедегі 2011 жылдың желтоқсанында орын алған оқиға қоғамның 16 желтоқсанда тойланатын Тәуелсіздік күніне деген көзқарасын да түбегейлі өзгертіп жіберді. Сондықтан да ТҚК билікке 16 және 17 желтоқсан күндерін Жалпыұлттық еске алу күндері ретінде танып, Тәуелсіздік күнін бұрынғы датасы – 25 қазан күніне ауыстыру туралы мәселені қарастыруды ұсынады.

Жаңаөзен және Шетпедегі қайғылы қасіреттің екі жылдығы баршамызды осынау қанды датаның тарихтағы орны мен ролін қайта сараптап, болашақта қайталанбайтындай құқықтық, саяси, әлеуметтік, моральдық алғышарттар жасауға міндеттейді.

Тәуелсіз Қоғамдық комиссия барша қазақстандықтарды осы аса зор жауапкершілікті сезінуге және әділеттілік жолында бірге күресуге шақырады!

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383