Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 1900 0 пікір 30 Мамыр, 2024 сағат 21:49

VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Шығын шұғыл шешім қабылдатты

Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) басшылығына Артфутболемио Франки келген соң, Қарт құрлықтың футболы ФИФА-ның өзімен иық теңестіріп сөйлесер беделді ұйымға айналды. Қызуқанды итальян маманы одақтың абыройын арттырып қана қойған жоқ, материалдық жағдайын да жақсартып алды. 1979 жылы өзінің 25 жылдығын атап өткен ұйым бұл кезде жылдық айналымы 8,5 миллион долларға жететін қуатты экономикалық корпорацияға айналып үлгерген болатын. Соның бір айғағы – Берн қаласынан «UEFA House» деп аталатын ұйымның он алты қабаттық жеке ғимараты салынды.

1976 жылғы Еуропа чемпионаты ойындарының өте жоғары деңгейде және аса тартысты өткеніне қарамастан, ұйымдастырушылар одан көк тиын пайда түспегенін, керісінше, әжептәуір шығынға (200 мың швейцар франкі) батқанын мойындады. Бұл – құрлықтың доп додасына құрылымдық өзгерістер қажет екенін байқатқандай еді. Жаңалықтар да көп күттіре қойған жоқ: осыдан біраз жыл бұрын айтып жүрген финалистер санын көбейту туралы идеясын Франки тез арада жүзеге асыруға кірісті. Сөйтіп, 1977 жылдың 11 наурызында Лондонда өткен УЕФА атқару комитетінің кезекті басқосуында тарихи шешім қабылданды: енді Еуропа чемпионатының финалдық турниріне бұрынғыдай 4 емес, 8 команда қатысатын болды. Доданың шешуші сынын өткізетін ел құрамасы іріктеу жарысынан босатылды.

Жаңа құрылым бойынша, «кішігірім әлем чемпионатына айналған» VІ құрлықтық доп додасы Италияда өтеді деп ұйғарылды. Еуропаның қалған 31 құрамасы төртеу-бесеуден 7 топқа бөлінді. 1976 жылғы чемпионаттың ширек финалындағы Югославиямен болған матчта жанкүйерлерінің «қызуқандылығынан» келесі чемпионатқа қатысу құқынан айрылған уэльстіктерге уақыт өте келе рақымшылық жасалды. Екі айналымдық жарыс қорытындысында топ жеңімпаздары бірден финалдық турнирге жолдама алды.

Демеушілер дереу көмекке келді

Іріктеу сынында күтпеген жайттар көп кездесе қойған жоқ. Жалғыз сенсация – осыған дейінгі бес құрлық додасының төртеуінде жартылай финалға іліккен, бір алтын, екі күміс жүлдесін олжалаған Кеңес Одағы командасының өз тобынан озып шығу былай тұрсын, бұрын 10 доп айырмасымен ойсырата ұтып жүрген финдердің өзінен аса алмай, өз тарихында бірінші рет соңғы орында қалуы болды. Айналдырған бір жарым жылда жаттықтырушысы үш рет ауысып, 6 іріктеу ойынында алаңға 36 футболшы (оның төртеуі – қақпашы) шықса, мұндай ала-құла ұжымнан қандай ұйымшылдық, нендей нәтиже талап етуге болады? Мұндай жағдайды Грекия командасы өте сәтті пайдаланып тұңғыш рет финалдық турнирге жолдама алды.

Бірінші орын үшін айқас әсіресе 2 және 4-топтарда тартысты өтті. Жарысты өте сәтсіз бастаған (алғашқы төрт ойында бірде-бір жеңіс жоқ!) бельгиялықтар бауыры қыза келе қаһарына мініп, қарсыластарынан қатарынан төрт рет басым түсті. Сөйтіп, емін-еркін топ бастап келе жатқан Австрияны басып озып кетті. Бенилюкстің тағы бір өкілі – Голландия да жолдаманы соңғы турда жеңіп алды. Бұл кезде олардың басты қарсыласы – поляктар 12 ұпаймен турнирді аяқтаған болатын. «Қызғалдақтар елі» құрамасы мен ГДР (Герман Демократиялық Республикасы) командасының қоржынында 11 ұпайдан бар еді. Яғни Лейпицгтегі соңғы, шешуші кездесуде алаң иелеріне тек жеңіс қажет болса, голландықтарды тең ойын да қанағаттандыратын. Шығыс немістері матч басталғаннан алға лап қойып, қарсыласын таптап кете жаздады. Олардың алғашқы 45 минутты аса қарқынды өткізгені сондай, тайм соңында таблода 2:0 деген есеп көз қарықтырып тұрды. Алайда Йохан Кройфтың ізбасарлары даңқты «ұшқыр голландық» салып берген жеңіс жолына адалдық танытып, екінші таймда алаң иелерінің қақпасына жауапсыз үш доп соқты да, немістердің қолында тұрған жолдаманы жұлып алды.

Басқа топтарда күші басым командалар аса қиналмай жеңіске жетті. Ақтық сынға шыққан 7 жеңімпаз бен чемпионат қожасы – Италия енді финалдық турнирдің жеребесін күтті. Дегенмен жеребеге дейін де біраз маңызды оқиғалар жанкүйер қауымның назарын аударды. Атап айтқанда, тұңғыш рет Еуропа чемпионатына демеушілер тартылды: «Coca-Cola», «Canon» және «Seіko» тәрізді атағы алысқа кеткен компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатқан УЕФА олармен өте тиімді келісімдерге қол жеткізді. Сосын бірінші рет чемпионаттың бойтұмарын таңдауға арналған бәйге ұйымдастырылды. Оның қорытындысында итальян жазушысы Карло Коллодидің танымал ертегісіндегі кейіпкер – Пиноккионың «Europa-80» деген жазуы бар қалпақ киіп, допты құшақтап тұрған қалпы бейнеленген сурет жеңімпаз атанды.

Италияның жолы болмады

Жеребе нәтижесінде шешуші сынға шыққан 8 команда екі топқа бөлінді: «А» тобы – ГФР (Германия Федеративтік Республикасы), Чехословакия, Голландия, Грекия; «В» тобы – Италия, Испания, Англия және Бельгия. Топ жеңімпаздары бірден финалда кездесті, ал 2-орын алған командалар өзара қола жүлдені сарапқа салды.

1976 жылғы чемпионат қай жұптың ойынымен аяқталса, 1980 жылғы дода да солардың кездесуімен ашылды. Төрт жыл бұрын алтын жүлде үшін айқасқан ГФР және Чехословакия құрамалары енді турнирдің беташар ойынында тоқайласты. Тартысты матчтың тағдырын 55-минутта Карл-Хайнц Румменигге соққан жалғыз доп шешті. Жалпы бұл топтағы ойындардың ең қызықтысы: жасыл алаңдағы «ел болмас ежелгі дұшпандар» – немістер мен голландықтардың жекпе-жегі еді. Бұған дейін аса артылып көзге түсе қоймаған «Кельннің» шабуылшысы Клаус Аллофс өте жауапты ойында бірден үш доп соғып, командасына жеңіс сыйлады. Үшеуінде де клубтас әріптесіне пасты ортаңғы шептегі ойлы ойынымен көзге түскен 20 жасар жартылай қорғаушы Бернд Шустер шығарып берді. 0:3 есебімен ұтылып жатып, голландықтар соңғы он минутта екі доп соғып, масқараның сәл алдын алғандай болды. Олар чехословактарды да тізе бүктіре алмады. Сөйтіп, финалға ГФР құрамасы шықса, 2-орынды ЧССР футболшылары иеленді.

«В» тобындағы ойындар тартыстылығымен ғана емес, мазмұндылығымен де ерекшеленді. Англия – Бельгия матчындағы екі гол да өте әдемі соғылды: ағылшын жартылай қорғаушысы Рэй Уилкинс төрт бірдей қарсыласын алдап барып есеп ашса, бельгиялық шабуылшы Ян Кулеманс бұрыштан берілген допты баспен дәл ұрып, торға түсірді. Футболшылар жанкүйерлер үшін жанын сала қимылдағанымен, олар, өкінішке қарай, кей сәттерде алаңға мүлде қараған жоқ: трибунада қос команда тілеулестерінің жан алысып, жан беріскен қырғын төбелесі жүріп жатты. Оны полиция көзден жас ағызатын газ шашып жүріп, әрең басты.

Ал Италия – Испания матчы бұдан да тартымды болды. Қос команда да өте сұлу футбол көрсетті. Мұнда техника да, жылдамдық та, ой да, қауіпті сәттер де болды. Бір ғана «әттеген-айы» – доп қақпаға еш енбей қойды. Соған қарамастан, төрешінің соңғы ысқырығы естілгенде, жанкүйерлер орындарынан тік тұрып қол соқты, ал бапкерлер – Энцо Беарзот пен Ладислао Кубала жігіттерінің әдемі ойынымен бір-бірін төс түйістіріп құттықтады. Өкінішке қарай, бұл екі команданың қимылы келесі ойындарда да көз сүйсінткенімен, ол нақты нәтижеге ұласпады. Сөйтіп, күтпеген жерден Бельгия топ жеңімпазы атанды да, италиялықтар 2-орында қалды. Қола жүлде үшін болған ойында да олардың жолы болмады: тең аяқталған матчтан соңғы пенальти сериясында Фульвио Колловати қателесті де, 9:8 (!) есебімен Чехословакия футболшылары басым түсті.

Бельгия өзінің керемет қорғанысымен, ұйымшыл ойынымен, жасанды офсайд әдісін шебер қолдануымен мамандарды таң қалдырса да, финалда ГФР құрамасының басымдығы айқын білінді. Бұл – даңқты Франц Беккенбауэр мен оның серіктері футболдан кеткеннен кейін келген талантты буынның алғашқы табысы еді. Қақпашы Харальд Шумахер, қорғаушылар Манфред Кальтц, Бернхард Дитц, Карл-Хайнц Ферстер, Ханс-Петер Бригель, орталық алаң ойыншылары Ханси Мюллер, Бернд Шустер, Ульрих Штилике, шабуылшылар Карл-Хайнц Румменигге, Клаус Аллофс, Хорст Хрубеш (финалдағы қос добының өзі неге тұрады?) – 80-жылдардың басында батысгерман футболын жеңіске жетелеген жігіттер осылар-тұғын. Сөйтіп, бас бапкер Юпп Дерваль бастаған неміс «мәшинесі» өзінің екінші алтынына қол жеткізді.

VІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1980 жыл, Италия)

Финалдық турнирде 14 матч өткізіліп, 27 доп соғылды (бір ойында орта есеппен 1,93). Мерген футболшы: Аллофс (ГФР) 3 доп.

«А» тобы

ГФР – Чехословакия – 1:0, Голландия – Грекия – 1:0, ГФР – Голландия – 3:2, Чехословакия – Грекия – 3:1, Чехословакия – Голландия – 1:1, ГФР – Грекия – 0:0.

  1. ГФР 3 4:2    5
  2. Чехословакия 3 4:3    3
  3. Голландия 3 4:4    3
  4. Грекия 3 1:4    1

«В» тобы

Англия – Бельгия – 1:1, Италия – Испания – 0:0, Испания – Бельгия – 1:2, Италия – Англия – 1:0, Испания – Англия – 1:2, Италия – Бельгия – 0:0.

  1. Бельгия 3 3:2    4
  2. Италия 3 1:0    4
  3. Англия 3 3:3    3
  4. Испания 3 2:4    1

3-орын үшін матч

Италия – Чехословакия – 1:1. Пенальти бойынша 8:9

ФИНАЛ

ГФР БЕЛЬГИЯ 2:1

22 маусым. Рим. «Стадио Олимпико» стадионы. 47 864 көрермен. Төреші Райня (Румыния).

ГФР: Шумахер, Кальтц, К.-Х.Ферстер, Бригель (Кулльманн, 55), Дитц, Шустер, Штилике, Х.Мюллер, Румменигге, Хрубеш, Аллофс.

Бельгия: Пфафф, Геретс, Л.Миллекампс, Ренкин, Меувс, Коолс, Франсуа Вандерэльст, ван Мур, Момменс, Вандерэйкен, Кулеманс.

Голдар: Хрубеш, 10 (1:0), Вандерэйкен, 72, пенальтиден (1:1), Хрубеш, 88 (2:1).

Ескерту алғандар: К.-Х.Ферстер, Л.Миллекампс, Вандерэйкен, Франсуа Вандерэльст. 

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2046