Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2064 0 пікір 3 Маусым, 2024 сағат 14:37

VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Ғаламат ойынымен жанкүйер жанын рахатқа бөлеген француз футболының Д’Артаньяны һәм оның серіктес «нояндары» тұңғыш рет «Күміс амфораны» қанжығаға бөктерді.

Реформаның жеңісі және рекорд

Финалдық турнирге қатысатын командалардың саны екі есеге көбейе сала, қайтып азая жаздады. 1981 жылдың маусым айында Швейцарияның Цюрих қаласында бас қосқан УЕФА-ның игі жақсылары содан бір жыл бұрын өткен Еуропа чемпионатының нәтижелерін қорытындылаған болатын. Тұңғыш рет 8 құрама қатысқан доданың аса қызықты болмағанын тілге тиек еткен кей мамандар жаңа формуланың тиімсіздігін дәлелдеуге тырысты. Бір қарағанда, олардың сөзінде де жан бар деуге болады: 1976 жылғы чемпионатпен салыстырғанда Италиядағы ойындар жанкүйерлік-көрермендік тұрғыдан тартымсыздау көрінгені рас, оның үстіне нәтижелілік те күрт төмендеді (алдыңғы турнирде қақпаға бір ойында орта есеппен 4,75 доп енсе, 1980 жылғы додада бұл көрсеткіш 1,93-ке бір-ақ түсті). Осының бәрін жіпке тізгендей санап шыққан олар баяғы 4-ақ ойыннан тұратын «финалдық турнирге» қайта оралуды дауысқа салды. Абырой болғанда, жаңа формуланың жақтастары көбірек дауыс жинап, Артемио Франкидің бастамасы әрі қарай жалғасын тапты.

Расында да, топтық турнирдің стратегиясы өзінше бөлек болатындықтан, оны бұрынғы олимпиялық жүйенің өліспей беріспес психологиясымен жарыстырудың жөні жоқ еді. Бұл пікірдің дұрыстығын келесі құрлық додасы толығымен дәлелдеді: Францияда ұйымдастырылған футбол мерекесі өте жоғары деңгейде өтті. Өкінішке қарай, Еуропа чемпионаттарына тың серпіліс әкелген УЕФА-ның реформатор президенті оны көре алған жоқ – 1983 жылдың тамыз айында Артемио Франки жол апатынан қайтыс болды. Оның орнын басқан француз Жак Жорж ұстазының ісін іркілтпей алып жүрер адал шәкірт екенін танытты. Жаңа президент жарыс ережесіне екі-ақ өзгеріс енгізді: біріншісі – енді финалдық сындағы екі топтың жеңімпаздары ғана емес, екінші орын алған командалар да алтын жүлдеден үмітін үзбейтін болды, өйткені олар шешуші матчта шекісер қос үздікті жартылай финал сатысында анықтауға мүмкіндік алды; екіншісі – жеребе алдында командалар кейінгі екі (әлем және құрлық чемпионаттарының) іріктеу турниріндегі көрсеткіштері қоса есептеліп, сол бойынша 5 қоржынға жіктелетін болды.

1984 жылғы чемпионат ұйымдастырылу деңгейі жағынан ғана емес, қатысушылардың саны (33) жөнінен де рекорд жасаған турнир болды. Олар, әдеттегідей, 7 топқа бөлініп сынға түсті. Топ жеңімпаздары доп додасының қожасы Франциямен бірге шешуші сында күш сынасар үздік сегіздік түзді.

Жолдамалар тағдыры соңғы сәтте шешілді

Іріктеу кезеңіндегі қызықтарға тоқталсақ, әуелі 1-топта ешқандай «қызық» болмағанын, алғашқы 4 ойынның бәрінде де жеңіске жеткен Бельгияның қарсыластарының ешқайсысын шаңына да ілестірмегенін айтуға тиіспіз. Ал басқа топтың бәрінде жалғыз жолдама үшін жан алысып, жан берісер айқас соңғы турға дейін созылды.

2-топтың көшбасшылары ақырғы турда Лиссабонда тоқайласты. Марқұм Валерий Лобановскийдің жетекшілігіндегі КСРО құрамасына тең ойын да жеткілікті болғанымен, олар бұл мақсатына жете алмады. Рас, португалдықтар соққан жалғыз голға байланысты күмән жасамыстау жанкүйерлер арасында әлі күнге әңгімеге арқау болып келеді. 44-минутта алаң иелерінің шабуылшысы Шалананы қорғаушы Боровский айып алаңына бір метрдей қалғанда шалып жыққанымен, француз төрешісі Конрат 11 метрлік нүктені нұсқаған болатын (Жордао пенальтиден мүлт кеткен жоқ). Жарысты өте сәтті бастап, Мәскеуде Португалияны 5:0 есебімен талқандаған КСРО командасы, сөйтіп, екінші орында қалып қойды.

Дегенмен нағыз сенсация 3-топта болды: қарсыластарының бәрін бет қаратпай ұтқан Дания құрамасы бірінші орынды айқын басымдықпен жеңіп алды. Команда тізгінін 1979 жылы қолына алған батысгермандық бапкер Зепп Пионтек ешкімнің алдында тізесі дірілдемейтін, ерік-жігері өте мықты ұжым жасап шығарды. Оның 1983 жылы ағылшынның «Уорлд соккер» журналы өткізген сауалнама нәтижесінде әлемнің үздік жаттықтырушысы атануы тегін емес-ті. Шынын айту керек, «құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, бапкердің бағына орай, тап осы кезеңде дат футболында бірінен-бірі өткен бірегей ойыншылар буыны өсіп-жетілген болатын: Аллан Симонсен, Пребен Элькяер, Йеспер Ольсен, Мортен Ольсен, Сорен Лербю және басқалардың есімі үнемі елдің аузында жүрді. «Дат динамиті» атанған Пионтектің (бапкердің өзіне «Пиротехник» деген айдар тағылды) шәкірттері «Уэмблидің» төрінде де ойнақ салып, Англияны 1:0 есебімен ұтып кетті.

Югославтар 4-топта өте қиын жағдайдан сытылып шықты. Негізгі қарсыласы – Уэльспен екі ойында да тең түскен олар соңғы матчта өз алаңында Болгарияны қабылдады. Матч тең аяқталса, бірінші орынды уэльстіктер алар еді, ал егер югославтар мен болгарлардың бірі ұтса, жолдама сол жеңімпаздың қанжығасына бөктерілетін. Сондықтан қос қоманда да алма-кезек шабуылдаумен болды. Таблодағы есеп соңғы сәтке шейін 2:2 боп сіресіп тұрды. 89-минутта ғана қорғаушы Раданович қапталдан әуелеп келген допты торға дәл түсіріп, командасын финалдық турнирге алып шықты!

Жұрт 5-топтан сол кездегі әлем чемпионы аса қиналмай озып шығар деп күткен еді, бірақ Италия құрамасының бұл жолы өте солғын ойнағаны сондай, финалдық турнирге берілер жолдама үшін күреспек түгілі, қарсыласын тізе бүктірудің өзі оған қол жетпес арманға айналды. «Скуадра адзурра» топтағы 8 матчтың тек ең соңғысында – Перуджада өткен Кипрмен ойында ғана жалғыз жеңісіне қол жеткізді (3:1). Содан бір жарым жыл бұрын ғана алтыннан алқа таққан командаға не көрінгені түсініксіз. Бұл топта румындар мен шведтер өте жинақы ойын көрсетті. Соңғы турда Братиславада чехословактардан бір ұпай жырып алған Румыния құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының шешуші сынына жолдама алды.

6-топтың көшбасшысы да жолдамаға соңғы турда әрең қол жеткізді. Бұл жерде ГФР (Германия Федеративтік Республикасы) құрамасының Солтүстік Ирландияға сырт алаңда да, өз стадионында да есе жібергені (екеуінде де есеп 0:1) ел-жұртты ерекше таң қалдырды. Алайда турнир соңындағы ГФР – Албания матчы алдында жолдама солтүстік ирландиялықтардың қолынан сусып кеткен болатын. Өйткені олар 11 ұпаймен жарысты аяқтап қойған-ды, ал 9 ұпайы бар батысгермандықтар өз алаңында албандарды кез келген есеппен жеңсе бітті (бұған ешкім күмәнданған жоқ), бірінші орынға қонжияр еді. Себебі, ол кезде бірдей ұпай жинаған командалардың үздігін өзара кездесулерінің нәтижесіне емес, доп айырмасына қарап анықтайтын. Алайда Албания футболшылары немістерге аса қажет екі ұпайды ізетпен ұсына қойған жоқ. Ол аз болса, ойынның 22-минутында Генц Томори есеп ашып, алаң иелерінің ахуалын одан бетер қиындатып жіберді. Енді телеэкран алдындағы Солтүстік Ирландия жанкүйерлерінің жүзі бал-бұл жанып, жүрегінде үміт оты тұтанды. Олардың еңсесін бірінші таймда-ақ таразы басын теңестірген Карл-Хайнц Руммениггенің голы да түсіре алған жоқ. Алайда талай адамның жүйкесін жүндей түткен матч ақыры ерік-жігері ерекше мықты ГФР құрамасының жеңісімен аяқталды. 80-минутта бас бапкер Юпп Дервальдің абыройын өмірі гол соғып көрмеген орталық қорғаушы Герхард Штрак сақтап қалды.

Испания мықты ма, Мальта әлсіз бе?

Бір қарағанда, 7-топта ешқандай сенсация болуға тиіс емес-ті. Бірінші орын үшін талас испандықтар мен голландықтар арасында өрбіп, қалған үш команда осылардың ортасында қақпақыл болады деп күткен мамандар, жалпы алғанда, қателескен жоқ. Жарыс соңында қос жүйрік бірдей ұпай жинап, турнир кестесінде қатар тұрды. Енді екеуінің де бір-бірден ойыны қалды, қызық болғанда, екеуі де Мальтаны қабылдайды. Жұрттың бәріне ұпай үлестіріп жүрген шағын арал-мемлекеттің футболшылары 1983 жылғы желтоқсанның 17-сінде Роттердамда қонақта болып, 0:5 есебімен ұтылды. Бұдан соң осы айдың 21-інде Севильяда өтетін соңғы матч алдында Испания құрамасының жағдайы тіптен қиындап кетті. Жо-жоқ, Мальтаны жеңу олар үшін түк емес қой, қиыны – аса ірі есеппен ұту. Өйткені 13 ұпай жинаған Голландияның доп айырмасы – 22:6, ал 11 ұпайы бар испандықтарда ол көрсеткіш әлдеқайда нашар – 12:7. Демек, ұпай тең болған жағдайда, доп айырмасы жағынан Голландия басым болғалы тұр. Оны басып озу үшін бұлар Мальтаны 11 доп айырмасымен талқандау керек. Мұндай «қиял-ғажайып ертегіге» сенбеген голландықтар нәтижеге онша алаңдамай, финалдық турнирдің жеребесіне дайындала бастады.

Бірақ... Севильядан жеткен сенсациялық ақпарат оларды ғана емес, бүкіл Еуропаны есінен тандыра жаздады: Испания – Мальта – 12:1!

Бір қарағанда, мән беруге де тұрмайтын осы матчтың тұла бойы – тұнған драма! Испандықтар салған жерден алға ұмтылған. 2-минутта шабуылшы Франсиско Карраско қарсылас қақпасына таяй беріп, қорғаушыларға соқтығып жығылды. Телеқайталауда ойын ережесінің айып алаңына «кіреберісте», яғни оның сыртында бұзылғаны аңғарылады, бірақ түрік төрешісі Еркан Гөксел ойланбастан 11 метрлік нүктені нұсқады. Алайда Хуан Антонио Сеньор алаң иелері үшін аса қымбат пенальтиді тура бағанаға сарт еткізді! 7-минутта мальталық қақпашының қателігін пайдаланған Мануэль Сарабияның соққысын қақпа сызығында тұрған қорғаушы кері қайтарып жіберді. 8-минутта қақпашымен жекпе-жек шыққан Виктор Муньос басқа бағананы «дәл көздеді»: алғашқы он минутта-ақ испандықтар үш гол соғуы керек еді!

Ақыры жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отырған алғашқы гол 16-минутта торға енді (Карлос Сантильяна баспен дәл соқты) – 1:0. Испан футболшылары допты тездетіп алаң ортасына жеткізу үшін бір-бірімен таласып жатты. Осы қарбаласта біреудің шынтағы мальталық қорғаушы Саймон Тортеллдың тұмсығына тиіп кетіп, оған дәрігерлік көмек көрсетілді. Төреші бұзақының кім екенін байқамай қалды ма, әйтеуір ешкімге сары қағаз көрсеткен жоқ. Ойын екі минуттан соң әзер жалғасты. 24-минутта қонақтар өздерінің осы ойындағы жалғыз қауіпті шабуылын ұйымдастырды – Сильвио Демануэльдің 25 метрден далбасалап тебе салған добы Антонио Маседаның... жамбасына тиіп, бағытын өзгертті де, басқа бұрышқа құлаған қақпашы Франсиско Буйоның көзін бақырайтып қойып, торға күмп берді – 1:1! Ойын бітуге 65 минут қалды, ал испандықтарға әлі де сол 11 голды соғу керек!

Осыны түсінді ме, әйтеуір Мигель Муньостың шәкірттері іске ерекше ерік-жігермен кірісті. 26 және 29-минуттарда Сантильяна қос доп соқты. Екінші таймды Испания футболшылары тіпті қарқынды бастады. 48 және 57-минуттарда Иполито Ринкон, 61 және 63-минуттарда Маседа екі-екіден көзге түсті – 7:1. Үзілістен кейін мальталықтардың аяғына мүлде доп тиген жоқ. 64-минутта Ринкон осы ойындағы екінші хет-трикке қол жеткізді – кейінгі 135 секундта байғұс Джон Бонелло тордан үш доп алып шықты! 76-минутта Сантильяна және бір гол соғып, әріптесінен тағы озып еді, үш минуттан соң қапталдан әуелетіп тасталған «мыңыншы пасқа» Ринкон бұрын жетіп, «Реал» шабуылшысының көрсеткішін қайталады – бір ойында қос «покер», ал есеп болса 10:1! Испан телекомментаторлары соғылған голдарды емес, енді нешесі қақпаға енуі қажет екенін есептеп, естері шығып жатыр – төрт, үш, екі... 80-минутта Сеньор алыстан теуіп еді, әлсіздеу шыққан соққы қақпа алдында тұрған Сарабияға таптырмас пас болып шықты – 11:1!

84-минут. Дүниенің жартысын дүр сілкіндірген испан спектаклінің шарықтау шегі! Және қандай символизмге бай сәт десеңізші! 3-минутта пенальти соға алмаған сормаңдай Сеньордың өз айыбын жуып-шаймақ болған кезекті соққысы басқа емес, тура Мальтаның жалғыз сенсация-голының авторы Демануэльге тиіп барып, тордан тыныштық тапты – 12:1!!! Бақыттан бастары айналған испан футболшылары Севильяның «Бенито Вильямарин» стадионының жасыл алаңына спектакльдің бас режиссері Мигель Муньосты алақандарына салып алып шықты. Испания басты қарсыласын доп айырмасы жағынан ғана емес, оның жалпы саны жөнінен де басып озды – 24:8 (ал голландықтарда 22:6).

Ашуға булыққан голланд атқамінерлері УЕФА-ға қарсылық хат жолдап, бұл ойынның «өзара келісілгенін» дәлелдеуді, сосын «спорт этикасына жат әрекетке барған» Испанияны барынша қатаң жазалауды өтінді. Бірақ Еуропа футболының басшылары матчты әрі зерттеп, бері зерттеп, «әй, осының түбі шикі-ау» дейтіндей ешқандай кілтипан таба алмады. Ұстап алар бір ілік жоқ! Сөйтіп, испандықтар финалдық турнирге жолдама алды, ал голландықтар чемпионатты теледидардан ғана көретін болды.

Арконаданың ерлігі мен ...қателігі

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл – Еуропа чемпионаттарының ішіндегі ең тартымдысы болды. Әсіресе «А» тобына түскен Франция мен Данияның аяқ алысы айрықша көрінді. Француздардың капитаны Мишель Платини осы доп додасындағы бес ойында да алаңнан голсыз кеткен жоқ. Сондай-ақ ол – бір финалдық турнирде екі хет-трик жасаған бірден-бір ойыншы. Оның осы бір ғана чемпионатта соққан 9 голы көп жыл рекорд боп тұрды, оны кейін бес турнирге қатысқан Криштиану Роналду ғана әрең басып озды (14 гол). 1984 жылғы «Еуроны» журналистер «Мишель Платини фестивалі» деп атады. Бұл топтағы Бельгия мен Югославия алаң иелері мен дат командасына лайықты қарсылас бола алмады.

«В» тобында өзара деңгейлес құрамалар күш сынасып, жартылай финалға ГФР мен Румынияны жолдан ығыстырған испандар мен португалдар шықты.

Бірінші жартылай финалда Португалия құрамасы турнирдегі ең үздік команда – Францияға кәдімгідей төтеп берді. Есепті айып добын дәл соққан француз қорғаушысы Жан-Франсуа Домерг ашқанымен, негізгі уақыт бітуге он бес минуттай қалғанда Жордао таразы басын теңестіріп үлгерді. Қосымша уақыттың 8-минутында португалдық «қарамаржан» әдемі соққысымен өз командасын алға шығарды. Алаң иелерінің көз алдына осыдан екі жыл бұрынғы «Севилья трагедиясы» елестеп (1982 жылғы әйгілі Франция – ГФР матчы есіңізде болар?), жан ұшыра алға ұмтылды да... өз қақпасына үшінші голды жіберіп ала жаздады: абырой болғанда, қақпашы Жоэль Батс қырағылық танытып, Фернанду Гомиштің соққысын нысанаға дарытпады. 115-минутта Домерг қақпаны тағы бір дәл көздеп, бір күнде Францияның құтқарушысына айналды. Дегенмен нағыз құтқарушы Платинидің өзі еді. Қосымша уақыттың соңғы секундтарында ол Жан Тигананың тамаша пасын ұтымды пайдаланып, командасын финалға алып шықты.

Осы чемпионаттағы айрықша әдемі ойынымен бүкіл жанкүйер қауымның жүрегін жаулаған дат командасы екінші жартылай финалдың алғашқы бөлігінде испандарды таптап кете жаздады. 6-минутта Лербю есеп ашты, қалған уақытта да олардың гол соғуға бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ Испания құрамасының қақпашысы Луис Арконада өте шебер ойнады. Даниядай дара қолтаңбасы бар команданы финалда ойнау құқынан айырған осы жігіт десек, артық болмас. Екінші таймда ептеп есін жиған Мигель Муньостың шәкірттері бірте-бірте ойын тізгінін өз қолдарына алып, шабуылды үдете түсті. Ақырында ұзын бойлы қорғаушы Маседа баспен дәл соғып, 67-минутта есепті теңестіріп тынды. Қосымша уақытта-ақ дат футболшыларының жүйкесі сыр бере бастады. Нәтижеде Клаус Берггреен алаңнан қуылды, ал Элькяер ойыннан соңғы пенальтиді аспанға тепті.

Финалда француздардың жеңетініне жұрттың бәрі сенді. Дегенмен Платинидің айып добын керемет соғатыны белгілі болса да, 57-минутта гол болады деп ешкім ойлаған жоқ. Өйткені 17 метрдей жерден бағытталған оның соққысы тура қақпашыға дөп келген болатын. Бірақ... қолтығының астына кеп кідіргендей болған ала допқа Арконада ие бола алмай қалды: доп қақпа сызығынан жайлап өтіп барып дамыл тапты. Осыған дейін қорғаныстан қолы босамаған испандықтар енді тайлы-таяғы қалмай шабуылға шықты. Есіл-дерті есепті теңестіруге кеткен олар ақыры арт жаққа қарайлауды мүлде ұмытып, соңғы секундтарда Бруно Беллонның қақпаға қарай дара шапқанын байқамай қалды – 2:0.

Француздар Еуропа чемпионы атанды.

VІІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1984 жыл, Франция)

Финалдық турнирде 15 матч өткізіліп, 41 доп соғылды (бір ойында орта есеппен – 2,73). Мерген футболшы: Платини (Франция) – 9 доп.

«А» тобы

Франция – Дания – 1:0, Бельгия – Югославия – 2:0, Франция – Бельгия – 5:0, Дания – Югославия – 5:0, Франция – Югославия – 3:2, Дания – Бельгия – 3:2.

  1. Франция 3 9:2    6
  2. Дания 3 8:3    4
  3. Бельгия 3 4:8    2
  4. Югославия 3 2:10  0

«В» тобы

ГФР – Португалия – 0:0, Румыния – Испания – 1:1, ГФР – Румыния – 2:1, Португалия – Испания – 1:1, ГФР – Испания – 0:1, Португалия – Румыния – 1:0.

  1. Испания 3 3:2    4
  2. Португалия 3 2:1    4
  3. ГФР 3 2:2    3
  4. Румыния 3 2:4    1 

Жартылай финал

Франция – Португалия – 3:2 (қосымша уақытта), Испания – Дания – 1:1 (пенальти бойынша 5:4). 

ФИНАЛ

ФРАНЦИЯ ИСПАНИЯ 2:0

27 маусым. Париж. «Парк де Пренс» стадионы. 47 368 көрермен. Төреші Христов (Чехословакия).

Франция: Батс, Ле Ру, Босси, Баттистон (Аморос, 72), Домерг, Фернандес, Тигана, Жиресс, Платини, Лякомб (Женгини, 80), Беллон.

Испания: Арконада, Хулио Альберто (Сарабия, 77), Уркиага, Сальва (Роберто, 85), Камачо, Сеньор, Гальего, Виктор Муньос, Франсиско, Карраско, Сантильяна.

Голдар: Платини, 57 (1:0), Беллон, 90 (2:0).

Ескерту алғандар: Ле Ру, Фернандес, Гальего, Карраско.

85-минутта Ле Ру алаңнан қуылды.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048