Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3720 0 пікір 20 Желтоқсан, 2013 сағат 10:42

Сейілбек Мұсатаев. Қазақ немқұрайдылығының қатері (жалғасы)

Жыл сайын жаңа жылдық қала безендіру мен той-думанға қанша қаржы желге ұшатыны белгісіз. Жаңа жылға дайындықты қазақ үшін қасіретті әрі қасиетті күн болып табылатын 16 желтоқсаннан кейін қолға алсақ та үлгеруге болады ғой? Жалпы, ұлттық рухты жалындататын Тәуелсіздік мерекесіне көлеңке түсіретін кез-келген мәселені мемлекеттік тұрғыда шешіп, нықтап шегелеп алу аса қажет. Ал егер қоғамда Жаңа жылды тойлаудың дәстүрі күшті дейтіндер болса, онда, ұлттық зиялы қауым өкілдері ұсынып жүргендей, мемлекеттік егемендігіміз туралы декларация жарияланған күн – 25 қазанды ел болып дүркіретіп тойлайық. Тәуелсіздік мерекесіне немқұрайды қарау ауыр күнә, елдігімізге сын.

Жыл сайын жаңа жылдық қала безендіру мен той-думанға қанша қаржы желге ұшатыны белгісіз. Жаңа жылға дайындықты қазақ үшін қасіретті әрі қасиетті күн болып табылатын 16 желтоқсаннан кейін қолға алсақ та үлгеруге болады ғой? Жалпы, ұлттық рухты жалындататын Тәуелсіздік мерекесіне көлеңке түсіретін кез-келген мәселені мемлекеттік тұрғыда шешіп, нықтап шегелеп алу аса қажет. Ал егер қоғамда Жаңа жылды тойлаудың дәстүрі күшті дейтіндер болса, онда, ұлттық зиялы қауым өкілдері ұсынып жүргендей, мемлекеттік егемендігіміз туралы декларация жарияланған күн – 25 қазанды ел болып дүркіретіп тойлайық. Тәуелсіздік мерекесіне немқұрайды қарау ауыр күнә, елдігімізге сын.

Өкінішке орай, қоғамға байқап қарасақ, ел-жұртымыз үшін өзекті мәселелерге немқұрайды қарайтын, бір сәттік қызық қуған тұтынушы тобыр үшін сауық-сайран мен қызық-думан маңыздырақ сияқты көрінеді. Тұтыну, эгоизм, пайдакүнемдік басты ұстанымдарға айналды. «Өзім дегенде өгіз күшім бар» дейтін тұтынушыларымыз кезінде Жапониядан әкелінетін, жетегі оң жақтағы, біздің жолға теріс автокөліктерге тыйым салынғанда тез арада ұйымдасып, қоғамдық қозғалыс құрып алғанын ұмыта қойған жоқпыз. Тура сондай, тұтынушылардың ұйымдасуымен «алданған үлескерлердің», «несиені қайтара алмағандардың», «жөргекпұлдары қысқарғандардың» ұйымдары құрылып, наразылық акцияларының көптеп өтуі әдеттегі жағдайға айналды. Пайда табуды жөн көретін, қоғамдық істерге сырттай көрермен базар саудагерлері тек өздеріне тықыр таянғанда ғана ойбайға басқыш. Жекелеген азаматтар  тұтынушылық құқықтарын қорғау үшін құрылыс кранының басына шығып, құлап өлеміз деп қорқытса, енді бірі өздерін-өздері өртеп, суицидке дейін баруда. Екі жыл бұрынғы Жаңаөзендегі қанды оқиғаның себептері: жұмыс берушілердің еңбекші тағдырына неқұрайлы қарауы, жұмысшылардың алатын айлық жалақыларының төмендігі мен сол азғантай жалақының уақтылы берілмеуі болды. Уақытында берілмейтін болса, азын-аулақ жалақыға тәуелді жұмысшы-тұтынушылар үшін бұдан асқан проблема жоқ. Биыл болған несие реформасына наразылық танытушылардың да қозғаушы күші зейнетақының тұтынушылары. Жақында ғана орын алған салық реформасы бастапқы заң жобасындағыдай қатал жүзеге асқанда, кім біледі, наразылықтың толқыны қандай боларын... Қанша айтқанмен, салық төлеу мен тұтынушылық халықтың бәріне ортақ мәселе ғой.

Көріп отырғанымыздай, басқа мәселелерге немқұрайдылық танытатын халқымыз тұтыну мәселесіне келгенде көздері жайнап шыға келеді. Қу құлқынның қамымен жүріп, шынында, тұтынудың құлына айналғанбыз ба қалай? Осы күні, «Ақшаң болса шешілмейтін проблема жоқ» деген қағида тұтынушылық өмір сүрудің басты ұранына айналды. Ақша деген «құдіретті күш» заң мен әділдікті аяққа таптауда. Қоғамды жайлаған жемқорлықтың тамырында осы ұстаным жатыр. Ақша үшін адам өлтіруден тайынбайтындар да арамызда баршылық. Тіптен, кейбір жерлестеріміз ақша табу үшін Сирия сияқты соғыс жүріп жатқан елде жалдамалы әскер ретінде қан төгуге даяр екеніне жақында куә болдық.  Тұтынушылыққа жанасатын мәселелерде қазақтар немқұрайдылық танытпайды, алақандарын ысқылап, мұндай бағыттағы іс-шараларға белсенді түрде, бел шешіп кірісуге даяр тұрады. Қазақтардың той-томалақ өткізу мен ас беру, байлық-билігін паш етіп, сән-салтанат құруға келгенде алдына жан салмай, бір бірінен асып түсуге тырысады. «Бұдан да жаман кезімде той жасағам» дегіш қазақ несие алса да той жасайды, бұдан тойбизнестің тасы өрге домалап тұр. Осыған қарап, «Біздің қазақ жомарт!» деп мақтанамыз. Бұл мақтан тіптен, мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп, бюджет есебінен түрлі саммит, съезд, форум, мерейтой өткізуді сәнге айналдырдық. Той жасау былай тұрсын, игі жақсыларымыз бақилық болған жақындарын о дүниеге салтанатпен шығарып салу, ат шаптырып, ас беру, қабір басына кең сарайдай зират тұрғызу, атасының аты берілетін мешіт салуда өзара бәсекелесетін болды. Обал-сауап, қанағат-ынсап «модадан» қалған. Қысқасы, атақ-даңқ, даңғазалық пен бөсіп мақтану үшін ысырапшылдыққа бару үрдісі қоғамымызда қызып тұр. Оның есесіне, қайыр-садақа беру, кем-кетіктер мен жетім-жесірлерге қамқорлықпен қайырымдылық жасап, қоғамдық істерге демеушілік көрсетуге келгенде бай-манаптарымыз сараң әрі немқұрайды бола қалады. Жаңа ғана мақтаған жомарттық қайда кетті сонда?

Осылайша, тұтынушылық қоғамның адамдарды немқұрайды ететін түрлі факторлардың маңдай алдысы екеніне көзіміз жетті. Осы жерде Ресей академигі Владимир Арнольдтың мынадай тұжырымына тоқтала кетейік: «Американские коллеги объяснили мне, что низкий уровень общей культуры и школьного образования в их стране - сознательное достижение ради экономических целей. Дело в том, что, начитавшись книг, образованный человек становится худшим покупателем: он меньше покупает и стиральных машин, и автомобилей, начинает предпочитать им Моцарта или Ван Гога, Шекспира или теоремы. От этого страдает экономика общества потребления и, прежде всего, доходы хозяев жизни - вот они и стремятся не допустить культурности и образованности (которые, вдобавок, мешают им манипулировать населением, как лишённым интеллекта стадом)». Тоқ етерін айтсақ, тұтынушылық қоғамға керегі - өмірге немқұрайды қарайтын, тек тұтынуды ғана білетін тұтынушы бар болса болғаны.

Біздегі әлеуметтің тұрмыс-тіршілігіне зер салсаңыз, тоңмойын немқұрайдылықтың деңгейі жоғары екені тайға таңба басқандай көрінеді. Бұған мысалдарды мыңдап келтіруге болады, басқасын айтпағанда, қазір замандастарымыз көшеде құлап жатқан адамның халін сұрауға да немқұрайды, маскүнем немесе қаңғыбас адам болар деп, айналып өтіп, жөнімен кете береді. Өркениетті қоғам құрамыз деп жүріп, өліп жатсаң қарамайтын, немқұрайды адамдардың немкетті қоғамына қалай өтіп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалған сияқтымыз. Бүлінген дүниеге немқұрайдылықпен қарау, ысырапшылдықты елемеу біле білгенге көпе-көрнеу зиян жасағанмен бірдей. Біздің адамдарда қазір «менің меншігім емес, не шаруам бар» деген ұстаным басым. Қоғамдық меншік, елдің игілігі деген ұғымдарға осы күні сарказммен қараушылар көп, вандализм мен ұрлық-қарлық  асқынып тұр. Ар, намыс, ұят, иман, обал, сауап, ынсап, қанағат, қайырымдылық, парыз, борыш, міндет, өзара көмек сияқты киелі ұғымдарды да немқұрайдылық тұмшалады. Гиппократқа ант берген дәрігерлердің басым бөлігі немқұрайды болуы қанша қайғы жұтқызғанын, Отан алдында адал боламын деп ант еткен түрлі санаттағы қызметкерлердің (әскер, полиция, мемлекеттік қызмет т.б.) жауапсыз салғырттығы елімізге қаншама шығын, қасірет пен қауіп әкелгенін кім есептеп жатыр дейсіз... Немқұрайдылықтың себеп-салдары жетіп артылады: бөгенді бұзған қызыл судан болған Қызылағаш қырғыны, Қарағандыда қираған Бесоба үйіндісі, жұмысшыларды қан жылатқан Жаңаөзен қақтығысы, түрлі нысандардың жиі өртенуі, Шымкенттегі сәбилердің айықпас індет жұқтыруы, ұшақтардың құлауы, пойыз апаттары, елді елең еткізсе де, тура тергелмейтін ауыр қылмыстар, ашылмай жатып жабылатын «зауыт-фабрикалар», ел қазынасының аяусыз тоналуы т.б. толып жатыр. Осылардың бәрінде әлдекімдердің салғырттықпен қосқан үлесі - немқұрайдылығы бар. Қызметтегі салғырттық қылмысқа тең.

Біздегі мамандардың өз кәсібіне немқұрайды қарауына ықпал ететін тағы бір фактор – ынталандыру тетіктерінің әлсіз болуы. Қазақстандағы ең төменгі жалақы деңгейі биыл 18660 теңге деп бекітілген. Бұл 7 % өсіп, 1221 теңге қосылғандағысы. Әйтпесе, 2012 жылы ол 17439  теңге болатын. Ең төменгі зейнетақы деңгейі биыл 19066 теңге. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 9330. Азық-түлік себеті 2005 жылы 43 түрлі атаудан (оның 60 % азық-түлік, 40 % басқа заттар), көлемі 10 400 теңге болып белгіленген еді. Бұл биылға дейін өзгерген жоқ, енді ғана оның деңгейін 15469 теңгеге дейін аздап көтеруге талпыныс жасалуда. АҚШ азық-түлік себетіне - 300, Англияда – 350, Германияда – 475 түрлі азық-түлік және өзге де тұрмыстық заттар мен қызметтер кіреді екен, сәйкесінше, құны да ондаған есе көп. Қазақстандағы ең төменгі өмір сүру деңгейі – 18660 теңге, бұл бір адамның бір ай бойы өмір сүруіне жететін ақша дегенді білдіреді, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді есептеудің негізі саналады. Дамыған елу елдің қатарына басқа қырымыздан енсек енген болармыз, мысалы, тұрғын үй, азық-түлік, киім-кешек, техника мен тұрмыстық заттардың қымбаттылығы, қызмет көрсету тарифтерінің тым жоғары болуы жағынан кейбір дамыған елдерден «басып оздық». Алайда, ең төменгі өмір сүру деңгейі, әлеуметтік төлемдер мен азық-түлік себеті, еңбекақы мен зейнетақы мөлшері жағынан Қазақстан өркендеген елу елдің ауылынан алыста жатыр. Салыстырып айтсақ: Қазақтың еңбекті ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Серікжан Берешовтың пікірінше, Қазақстандағы жалақы мөлшері «БҰҰ еңбекақы көлемін есептеуге арналған ұсыныстарында» көрсетілген деңгейден 4 есе төмен екен. БҰҰ стандартына сай болу үшін біздегі ең төменгі жалақының мөлшері 500 АҚШ долларынан кем болмауы керек, мысалы, Швейцариядағы ең төменгі жалақы деңгейі 3 мың АҚШ долларын, ал, орташа - 5 мыңды құрайды (http://news.nur.kz/249839.html). Еуропадағы жұмыссыздарға мемлекет әп-әжептеуір өтемақы төлейтіні және бар. Ал, қымбатшылық қысып тұрған Қазақстанда 18660 теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін бе? Қазақстанның статистикалық агенттігі анықтаған еліміздегі орташа айлық жалақының деңгейі 106 286 теңге. Бірақ бұл орта есеппен алғандағы мөлшер. Ал ол алдамшы көрсеткіш: 1 млн. теңгеден астам жалақы алатын топ менеджерлер мен 25 мың теңге алатын қатардағы жұмысшылардың ара-жігін ашпайтын орташа есеп. Іс жүзінде бюджеттік саланың басым бөлігінде жалақы төмен және елімізде жұмыссыздар саны көп. Бізде көбінесе «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деген жасанды категория арқылы жұмыссыздардың саны төмендетіліп көрсетіледі. Өз-өзімізді алдамай, шынын айтсақ, қазақстандық мамандардың жалақысы төмен, қазіргі тұрмыс шынайылығына сай емес. Әлеуметтік жағынан қамсыздандырылмаған, айлығы шайлығына жетпейтін маман өзінің жұмысына салғырт қарамағанда қайтсін.

Қазақстандық жастардың да көпшілігі өздерінің болашағына немқұрайды қарауынан жаман қылықтарға бой алдырып, тура жолдан таюда. Адасудың соңы қылмыс, нашақорлық, сектанттық, суицид. «Қызға қырық үйден тыйым» деген аталы сөзге немқұрайды қараудан көптеген қаракөз қыздарымыз аналық емес, анайылық жолға түсуде. Өзге емес, өзіне де немкетерлікпен қарайтын, қуыс кеуде, сасық намысты, жігерсіз жігітсымақтар да көбеюде. Біз ұлтымыздың тектік қорын жоятын тасбауыр ана, көкек әке, тастанды бала, мәңгүрт ұрпақ туындауының бір факторы немқұрайдылық екеніне мән бермейміз. Көлік жүргізушілердің немқұрайдылығынан болған жол-көлік апаттарынан жыл сайын мыңдаған адам опат болуда. Білім беру саласына да немқұрайдылық енгелі қашан, сан мәрте ауысқан білім-ғылым министрлерінің жасаған қайта құрулары ретсіз  реформадан көз аштырар емес, қаптаған қағазбастылық пен ынтасыз көзбояушылық орын алып отыр. Осыдан келіп ұстаз да, шәкірт те немқұрайды. Обалы не керек, не көп, немқұрайдылықтан болатын зиян, шығын, ысырап көп. Немқұрайдылықтың зардабы туралы айта берсек, шыға бермек. Жалпы, немқұрайдылық деген тажал адамның өзегіне түскен жегі құрттай болып, қазақстандық қоғамды іштей ірітіп барады. Қорытып айтар болсақ, қатардағы жәй мәселе сияқты көрінетін немқұрайдылық шын мәнінде адам мен қоғам үшін, ұлтымыз бен еліміз үшін қиын түйінге айналып отыр.

Қазір билік тарапынан «Жаңа қазақстандық патриотизм» қалыптастыруымыз қажет деген асқақ міндет қойылып жатыр. Бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты рухани өзегі ретінде айқындалған. Патриотизмді қалыптастыру мен дамыту кез келген ел үшін аса маңызды идеологиялық міндет болып саналады. Бірақ, патриотизм жалаң ұранмен, науқаншылдықпен қалыптаспайды. Патриотизм көзбояушылықты көтермейтін, киелі ұғым. Оның мәні әлеуметтік сипатта болғанымен, өзі жүректен шығатын ыстық сезім болып табылады. Патриотизмді сыңаржақ түсінуге болмайды, ол Отанды сүюмен ғана шектелмейді. Патриотизм дегеніміз көп деңгейлі құбылыс. Өзінің ұлтын, тілін, дінін, ділін, кәсібін, туған жерін, тұрғылықты мекенін, жұмыс орнын сүйетін, өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің нышандарын қастерлейтін, жүрген жері мен айналасын нұрландыра білетін азаматты Отанын сүйетін нағыз патриот деуімізге болады. Дегенмен, ғаламдану мен нарықтық экономика жағдайында адамдар санасында «Отан» деген қасиетті ұғым әлеуметтік-экономикалық мұқтаждықтарды қамтамасыз етумен бағаланатын деңгейге жетті, бұл тек бізге ғана тән емес, мұндай үрдіс дамыған мемлекеттерде де байқалуда. Космополиттік саяси сана жетегіндегі адамдар үшін қай елде өмір сүруге қолайлы жағдай болса, сол ел олардың отанына айналуда.  Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу барысында біз осы келеңсіз үрдісті туындатушы алғышарттар мен факторлардың алдын алуымыз қажет.

Сонымен қатар, Қазақстандағы отаншылдық мемлекеттік билік пен азаматтар арасындағы екі жақты қарым-қатынасқа негізделуі тиіс: бір жағында азаматтардың «Менің өз елім үшін қандай пайдам тиеді?» деген патриоттық сезімі, екінші жағында, мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы, олардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруына жағдай жасауы.  Мұндай екі жақты қарым-қатынас болмаса, шынайы патриотизмнің қалыптасуы мен дамуына аса қажетті әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, идеологиялық негіздерге сызат түседі. Қазақша айтсақ, «Елі ерім деп қадірін білмесе, елім дейтін ер қайдан шығады?». Ерекше атап өтетін мәселе - қазақстандық патриотизмнің өзегін қазақ ұлты құрайды, сондықтан қазақ ұлтына жүктелетін міндеттің жүгі ауыр әрі жауапты. Яғни, қазақтар бір жағынан, ұлтжанды болуы тиіс, екінші жағынан, отаншыл болуы қажет. Қазақстандық патриотизмнің байланыстырушы қызметін қазақ тілі  атқаруы тиіс, мемлекеттік тілді - қазақ тілін білуді – әрбір қазақстандық азаматқа міндеттеу керек. Сонда ғана  қазақ тіліне деген немқұрайдылық жойылады, қазақ тілі нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріліп, патриоттардың қатынас тіліне айналады. Отаншыл рух еліміздің Тәуелсіздігімен ажырамас бірлікте, егемен ел үшін Тәуелсіздік мерекесінен ұлық мейрам жоқ. Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым, оны қастерлеп, қадірін білуіміз керек. Тәуелсіздік мерекесін тойлауға әсіресе жастарды жаппай тарту аса қажет. Өкінішке орай, әзірге бұл мәселеде түйткілді тұстар баршылық. 16 желтоқсан күні Желтоқсан даңғылындағы ескерткішке гүл шоғын қойып, бостандық үшін күрескен батырларымызға тағзым етіп, аруақтарына құран бағыштау ұлттық намысымызды жанып, ерік-жігерімізді тулатып, рухымызды көтеретіні сөзсіз. Патриот адамға немқұрайдылық деген жат сапа, біз қазақстандық патриотизмді дамытамыз десек, ең алдымен азаматтардың бойындағы немқұрайдылықты жоюымыз қажет. Бұл өзі кешенді іс-шараларды қажет ететін қиын проблема.

Ең алдымен, адамдардың бойындағы материалдық құндылықтарға негізделген дүниеқоңыз тұтынушылық психологиядан арылудың жолдарын іздегеніміз жөн.  Мұның ең тиімді жолы - уды умен қайтару принципін басшылыққа алу: адамдардың әл-ауқатын арттыру арқылы материалдық қажеттіліктерді барынша қанағаттандыра алатын өмір сүру деңгейі мен сапасына қол жеткізсек, көп кешікпей, постматериалдық құндылықтардың маңыздылығы арта бастайды. Мұндай үрдіс дамыған шетелдердің тәжірибесінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған. Тұрғылықты халықтың негізгі материалдық сұраныстары қанағаттандырылып, әр-алуан мүдделері бар әлеуметтік топтардың қарқынды пайда болуы өз кезегінде постматериалдық құндылықтарға (қоршаған ортаны аялау, адамгершілік пен имандылықтың оянуы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамды жан-жақты жақсарту, мәдениетті болу және т.б.) көп мән беретін “жаңа саяси” талаптарды туындатады. Әлеуметтік әділеттілік пен серіктестік дамып, орта тап өкілдері көбейген сайын бай мен кедей арасындағы алшақтық та қысқарады. Негізгі материалдық қажеттіліктері шешіліп, тойынған тұтынушы айналасына қарап, ел мен жер, қоғам туралы ойлана бастайды.

Екіншісі, «Заң алдында адамдардың бәрі тең» деген қағида бұлжымай орындалатын құқықтық орта қалыптастыру. Азаматтардың бойында құқықтық мәдениетті дамыта отырып, олардың заң мен құқыққа деген сенімін ояту аса маңызды. Өзінің құқықтарын білетін және сол құқықтардың сақталатынына сенімді адам немқұрайды бола қоймас.

Үшіншісі, мемлекеттік билік органдарында орын алып отырған немқұрайдылық фактілерін дер кезінде және қатаң жоюды жолға қойғанымыз жөн. Зардаптарымен емес, оған қандай себептер бар, алғышарттар қандай дегенге ойлануымыз қажет. Жемқорлыққа арқау болып отырған мәселелерді, ең алдымен тиімсіздігі жырға айналған тендер өткізу, мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалауға тиіспіз. Мемлекеттік басқаруда тиімділік пен нәтижелік басты ұстанымдар болуы шарт. Жегі құрттай болып, елімізді іштен жеп бара жатқан жауапсыздар пен жемқорларға жазаны әлі де ауырлата түсуіміз керек. Халық пен БАҚ билік органдарына қоғамдық бақылау орнатуда немқұрайдылық танытпауы тиіс. Сонда ғана қоғамдық пікірдегі немқұрайдылыққа жол жоқ.

Төртіншіден, Қазақстанда азаматтарды жан-жақты ынталандырудың тетіктерін дамыту қажет. Ең төменгі өмір сүру деңгейін орташа дамыған елдердің деңгейіне жеткізе отырып, мамандардың айлық жалақысын, зейнетақы мен өзге де әлеуметтік төлемдердің деңгейін көтеруіміз қажет. Дамыған елу елдің қатарына ендік, енді, озық отыздыққа кіреміз деп құлшынып отырмыз. Олай болса, халықтың өмір сүру деңгейі мен өмір сапасы да соған сай болуы тиіс. Оның үстіне, әл-ауқаты түзелген сайын, бұқара халық қоғамдық істерге бей-жай қарамайтын болады. Білімді, тәжірибесі мен біліктілігі жоғары мамандарға қосымша әлеуметтік қамсыздандырулар жасалса, олардың ынтасы мен кәсібилік деңгейі арта түсері сөзсіз. Еңселі ел боламыз десек, непотизм, трайбализм, жершілдік, кландық сияқты жағымыз тенденцияларға қарсы тұрып, артқа тартушы факторларды жоюымыз қажет. Оның орнына еркін бәсекелестік, атына заты сай мансап жасау қағидаларын шынайы жолға қоя білуіміз керек. Отанын сүйетін, ғылым-білімге құштар, таланты мен өнері, қабілеті мен талабы барларға барынша мемлекеттік қолдау жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Ата заңымызда «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет» деп бекітілген, сондықтан, шынайы әлеуметтік әділеттілік орнатуға күш салатын кез келді. Мұндай игі істер қоғамдағы немқұрайдылық пен жемқорлықты жоюға күшті ықпал етпек.

Бесіншіден, отбасы институтын қоғамның бастапқы ұйымы әрі іргетасы ретінде бағалап, оның қызметін жандандыруымыз қажет. Қазақстандық отбасы да мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Бұл мемлекеттік саясат үшін ең маңызды мәселе болуы тиіс. Шыны керек, қазір отбасының қоғамдық маңызы жеткілікті бағаланбайды, оған адамдардың жеке өміріне ғана қатысты әлеуметтік институт ретінде қарау басым. «Отбасы, ошақтың қасы» дегендей. Шын мәнісінде, Отан отбасынан басталатынын ұмытпайық. Ата-ананың жауапкершілігі мен міндеттерін, отбасының атқаратын қызметтерін дұрыс жолға қоюымыз қажет. Жас ұрпақтың бойкүйез, немқұрайды болып бара жатқанына қоғам мен мемлекетпен қатар, отбасының да кінәсі бар екені даусыз.

Алтыншысы, еліміздің ақпараттық саясатын қайта қарау қажет. Жақында қазақстандық телеарналарды жаулап алған жылаңқы сериалдарды көрсету тоқтатылатынын Мәдениет және ақпарат министрі М.Құлмұхамедтің аузынан естіп, естіп қуанып қалдық. Бірақ, тоқмейілсуге әлі ерте, ақпарат майданында шешімін таппаған қыруар жұмыс бар. Ең бастысы - жастардың санасын жаулап алған, рухани аздырып-тоздыратын арзанқол бұқаралық мәдениеттің туындысымақтарын шектеп, олардың орнына адамгершілікті, имандылықты, достықты, адалдық пен махаббатты, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын, адамды рухани байытып, жүректе үміт отын жағатын, немқұрайдылықтан арылтуға ықпал ететін нағыз мәдени туындыларды бере білсек қана жағдай түзеле бастайды. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясаттың құзырындағы мәселе.

Жетіншіден, жастардың бос уақытын мәнді өткізуіне мемлекеттік қолдау жасау қажет. Бұл толғағы жеткен, өте өзекті мәселе. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көп болуы мен өмірге немқұрайды қарауының бір себебі осында жатыр. Жастардың спортпен шұғылдануы, кітап оқуы, көркемөнерпаздық және өнертапқыштық үйірмелерге баруы, түрлі жарыстарға қатысуы мемлекет тарапынан шынайы қолдауға мұқтаж. Мемлекеттік бюджет есебінен тегін етіп, ауыл-қала деп бөлмей, аула мен көше спортын дамытып, ұлттық спорт пен өнер түрлеріне жас ұрпақты баулысақ, немқұрайдылық деген жау жансауғалап қашар еді. Бөлінген бюджет қаражатын игере алмаған министрліктерді жазалап, олардың жарата алмаған қаржы-қаражатын осындай игі мақсаттарға жұмсасақ, бұл еліміздің болашағына құйылған теңдессіз капиталға тең. Адами капиталдан қымбат не бар?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: немқұрайдылықтан арылмай, даму былай тұрсын, ел болуымыз қиын. Қазақ қоғамының немқұрайды болуы ұлтымыз үшін де, еліміз бен жеріміз үшін де аса қатерлі құбылыс болып табылады. Немқұрайды болмайық, оянайық, ойланайық!

Мұсатаев Сейілбек – саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347