Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 1857 1 пікір 24 Маусым, 2024 сағат 12:55

Жаңа салық кодексі: Министр Байбазаровтың сұхбаты

Сурет ҚР Үкіметінің ресми телеграм арнасынан алынды

Primeminister.kz редакциясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша сұхбаттар топтамасын жалғастырады.

Бүгінгі спикер — Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Сұхбат барысында инвестиция тарту, экономиканың түрлі салаларында жаңа даму бағдарламаларын іске қосу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды қалыптастыру, жаңа Салық кодексін әзірлеу және т. б. мәселер талқыланды. Біз аталған сұхбатты Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық...


Үкімет экономиканың өсіміне салынған инвестиция көлемін 9,6 трлн теңгеге бағалайды!

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикадағы өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестициялау жоспарланып отырғанын айтты. Бұл сомаға бюджетте қарастырылған бюджеттік инвестициялар және бюджеттен тыс инвестиция көздері кіреді.

«Негізгі бөлігін 7 трлн теңге көлеміндегі бюджеттен тыс инвестиция көздері алады. Біріншіден, бұл біздің ұлттық холдингтеріміздің қаражаты. "Самұрық-Қазына" мен "Бәйтеректің" барлық еркін өтімділігі осы өсу бағдарламасына бағытталған. Екінші көзі — ішкі және сыртқы капитал нарығы. Біз қазір ішкі ресурстарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл екінші деңгейдегі банктер мен басқа да институционалдық ішкі инвесторлардың қаражаты», - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Халықаралық қаржы ұйымдарымен де маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр, жобаларға ұзақ жеңілдікті қаржыландыру көздері тартылуда. Сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлардың жеке инвестициялары маңызды рөл атқарады.

Инженерлік желілер, газдандыру және жолдар: Үкімет инфрақұрылымдық жобаларға 2,6 трлн теңге бөледі

«Бұл – халыққа арналған тұрғын үйлер мен жолдар салу, жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды іске қосу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және газдандыру. 2,6 трлн теңге инвестиция бөлеміз. Негізінен, бұл бюджеттен тыс қаржыландыру көздері. Қазіргі таңда өңірлерде осы бағыттардың барлығы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр», - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

195 млрд теңге көлеміндегі қаражат есебінен 300 мыңнан астам адам тұратын 87 елді мекенді газдандыру көзделген. Биыл «Отбасы банк» желісі бойынша инвестиция көлемі 450 млрд теңгені құрайтын «Отау» және «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. Сондай-ақ 12 мың шақырым жолды жөндеу және салу, 6,5 мың коммуналдық желіні жаңғырту және 55 жылу көзін ретке келтіру қажет.

«Шілдеден бастап Қазақстанның Даму банкі коммуналдық қызметтер мен табиғи монополиялар субъектілері үшін теңгемен қаржыландыруды ұсыну жаңа бағдарламасын іске қосады. Бұл осы саладағы күрделі шығындарды қаржыландыруға қатысты. Біз алғашқы 5 жыл ішінде кемінде 300 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз», - деді вице-премьер.

Су қоймалары мен суару арналарының құрылысы: Үкімет су саласындағы 16 негізгі жобаны анықтады!

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров еліміздің су шаруашылығы жүйесін белсенді қалпына келтірудің басталғанын хабарлады.

«Көктемде орын алған су тасқыны еліміздің су шаруашылығы жүйесі инфрақұрылымының дұрыс дамымағанын көрсетті. Біз 500 млрд теңгеден астам инвестицияны талап ететін 16 жобаны анықтадық», - деді вице-премьер Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында.

Бұл инвестициялардың қаржыландыру көздері анықталған. Ислам даму банкі тарапынан жеңілдетілген қаржы тартылғалы отыр. Қаражат ұзақ мерзімге және өте төмен мөлшерлемемен беріледі, бұл аталған салада қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Су шаруашылығы жүйесін жаңарту су қоймалары мен суару арналарын салуды, сондай-ақ қызметтердің техникалық инфрақұрылымын нығайтуды қамтитын болады.

«Ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесіндегі техникалар мен құралдарды толық жаңартамыз. Су шаруашылығында «Қазсушар» жүйесін қажетті техникамен жабдықтаймыз», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров «Жасыл даму» қаражаты орман және су шаруашылығы, төтенше жағдайлар жүйесі секілді техникамен жасақтауды және оларды жаңартуды қажет ететін салаларға бөлінгенін атап өтті. Бұл – 200 млрд теңгеден астам қаражат. Жобалар бүгінде жүзеге асырылып жатыр, техниканың бірінші партиясы биыл жеткізіледі.

Үкімет ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірледі!

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет 200-ден астам жобаны қамтитын ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлегенін мәлімдеді.

«Жұмыс 2029 жылға дейін жалғасатын болады. Сол аралықта осы 200-ден астам жобаға 40 трлн теңгеден астам инвестиция жұмсалады», - деді вице-премьер.

17 жоба іске асырылып жатыр. Ол – энергетика, көлік, логистика, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобалар. Биылдың өзінде 770 млрд теңгеге жуық инвестициялар осы жобаларға бағытталатын болады.

Елімізде темір жол құрылысы жобалары жалғасып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» жолы басталды, Алматыны айналып өту жобасы қолға алынды. Сонымен қатар биыл жаңадан «Мақтаарал – Дарбаза», «Аягөз – Бақты» темір жолдары салынады. Бұл жобаның іске асырылуы еліміздің көлік-транзит әлеуетін арттыруға бағытталады.

Транзиттік әлеуетті дамыту: вице-премьер Нұрлан Байбазаров авто және темір жол құрылысы туралы айтты!

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биыл бұған дейін басталған жолдардың құрылысы аяқталатынын хабарлады. Олардың қатарында Талдықорған – Өскемен трассасы, Астана-Алматы жолын реконструкциялау, Балқаш маңындағы және батыс өңіріндегі кейбір жолдарды қайта жаңарту және салу жобалары бар.

«Достық – Мойынты», Алматы қаласының айналма жолы, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз темір жолдарының құрылысы жалғасуда. Аталған жобалар өткен жылы басталған болатын. Бұл жобалардың барлығы еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға және Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын бекітуге бағытталған. Осы жобалардың барлығын іске асыру, әрине, Орта дәлізді дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» жүйесіндегі негізгі құралдар белсенді түрде жаңартылып, жаңа жүк вагондары сатып алынуда. Бұл жұмысқа отандық өндіріс қуаты тартылған.

«Біз осы саладағы зауыттарымызға тапсырыс береміз. Мұның барлығы көлік-транзит әлеуетін дамытуға бағытталған», - деп атап өтті вице-премьер.

Фермерлерді қолдау: жеңілдетілген несиелер және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту!

Агроөнеркәсіптік кешен — Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Биыл осы саладағы азық-түлікті қайта өңдеуге ғана емес, көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға да көп көңіл бөлінді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

«Фермерлер теңгемен жылдық 5% жеңілдетілген қаражатқа қол жеткізді. Сондай-ақ таяуда "Бәйтерек" холдингі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша лизингтің жаңа бағдарламасын іске қосты, ол да шаруалар үшін 5% деңгейінде», - деп атап өтті ол.

Өз өніміне тапсырыс алу есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі де алға басады.

Вице-премьер Нұрлан Байбазаров: Ұлттық инфрақұрылым жоспарында 40 трлн теңгенің 200 жобасы бар!

Әзірленген және қазір Үкіметте бекіту сатысында тұрған 200-ден астам жоба Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың бөлігі болып саналады.

«Жалпы жоспар биылдан бастап 2029 жылға дейінгі кезеңде 200-ден астам жобаны іске асыруды көздейді. Инвестиция көлемі 40 трлн теңгеден асады. Бұл айтарлықтай елеулі инвестициялар және біз оларды тарту бойынша маңызды міндет тұрғанын түсініп отырмыз», - деп атап өтті вице-премьер Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында.

Жоспарды қаржыландыруда басты назар жеке инвестициялар мен сыртқы тікелей инвестицияларды тартуға аударылады.

Жаңа Салық кодексі бизнесті теңгерімдеуді және ынталандыруды қамтамасыз етеді!

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет кірістері мен экономикадағы өсімді ынталандыру арасындағы теңгерімге қол жеткізуге бағытталған Салық кодексіндегі жоспарланған өзгерістер туралы айтты.

Құжаттың негізгі міндеті — тепе-теңдік принципі болып саналады. Салық кодексі, бір жағынан, әлеуметтік саланың жұмыс істеуі және басқа да мемлекеттік міндеттерді орындау үшін бюджеттің жеткілікті кірісін қамтамасыз етуге тиіс. Екінші жағынан – бизнес пен инвестицияларды ынталандыру, экономикалық өсімді және өндірісті ұлғайтуды қамтамасыз ету.

«Негізгі бағыттардың бірі ынталандыру және қолдау шараларын, сондай-ақ процестерді толық цифрландыруды қамтитын, сервистік модельге көшумен салықтық әкімшілендіруді жетілдіру болады. Біз бизнесті ашқаннан бастап сүйемелдеу үшін жазалау шараларынан консультативті және қолдау шараларына көшуіміз керек», - деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ ол 1,3 трлн теңгеден астам сомаға салық жеңілдіктерін қысқарту және салықтар мен алымдарды оңтайландыруды ұсыну жоспары туралы хабарлады.

«Мемлекет басшысы салықтық жеңілдіктердің кем дегенде 20%-ға қысқарту міндетін қойды. Біз жағдайды жалпы бағалау бойынша жұмыс жүргіздік және енді нақты шараларды ұсынамыз», - деп түсіндірді Нұрлан Байбазаров.

Экономиканы, инвестицияларды және бизнесті ынталандыру үшін Салық кодексінде негізгі инвестициялық преференциялар сақталады, сондай-ақ шетелдік және ішкі инвестицияларды тартудың жаңа шаралары ұсынылады. Тау-кен өнеркәсібін одан әрі дамыту әлеуетін түсіну үшін геологиялық барлау белсенді түрде ынталандырылатын болады. Бірінші кезекте, шағын және орта бизнеске қатысты салық базасын кеңейту және көлеңкелі экономиканы төмендету қажет. Арнайы салық режимдерін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын бизнес және шаруалар үшін жеңілдету ұсынылады. Бюджет кірістерін арттыру үшін корпоративтік табыс салығы бойынша сараланған тәсіл ұсынылды.

«Біз жоғары маржиналдық қаржы операциялары мен ойын бизнесінде КТС арттыруды, бірақ нақты сектор үшін қолданыстағы мөлшерлемені сақтауды ұсынамыз. Өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары қайта өңдеуге инвестициялар салу кезінде КТС екі есеге – 10%-ға дейін қысқартылады», - деді вице-премьер.

Сонымен қатар Нұрлан Байбазаров ҚҚС қайтару процесін автоматтандыру жоспары және зейнетақы табысына 10% мөлшерінде жеке табыс салығын салуды алып тастау жөніндегі ұсыныс туралы айтып берді. Бірақ соңғы шешімдерді Парламент пен Мемлекет басшысы қабылдайды. Бұл шаралар Қазақстанда экономикалық өсімге және бизнестің дамуына ықпал ететін неғұрлым қолайлы салықтық ортаны құруға бағытталған.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279