Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Дидар-ғайып 1911 3 пікір 26 Маусым, 2024 сағат 15:29

Бақұл бол, Досым!..

Сурет мақала авторының жеке мұрағатынан алынды

1960-жыл. Өскемен. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар», гәзетінің редакциясы. Мамыр айы.

Редактор түс ауа  ұжымды жинап алып, бөлмесінде отырған бейтаныс екі жігәтті бізге, бізді оларға таныстырды. Орта бойлы екеуінің жұқалтаң сарысы Уахап Қыдырханов, сәл жуантықтау аққұбасы Рамазан Сағымбеков екен. «Бұл екі жігіт Алматыдан, университтің журналистика факультетінен бізге практикаға келді. Уахап жолдас «Мәдениет және тұрмыс» бөлімінде, ал Рамазан жолдас «Үгіт және насихат» бөлімінде болсын, бәрің баяғыдан таныстардай жарасып жүріңдер», - деп жылы жымиды.

Уахаптың содан бергі өмірі көз алдымда. Екі үй бір отбасындай болдық.

Уахаңның Қазақстанына, қазағына сіңірген еңбегі мол екені баршаға мәлім, оларды  баяндамай, ерекше маңызы бір-екеуін біліп-түйгенімше айтуды жөн көрдім.

Алматыда қызмет істеп жүрген Уахап жаңа ашылған «Шалқар» атты халықаралық гәзеттің Бас редакторы болды. Өзі айтқандай, шет елдердің қайсысында қазақ барын анық білуге, олармен өзара байланыс орнатуға құлшынып, мүмкіндік берер жолды іздеді. Өзі 1955-жылға дейін тұрған, журналшылық жолын бастаған Қытайдағы дос-жолдас қандастарына гәзтті жіберіп, олардың құптай көмектесуімен өрісін кеңейте түсті. Қысқасы: гәзетте алыс-жақын шеттегі қазақтардың хаттары, өлеңдері, халқымыздың салт-дәстүрлері туралы мақалалары жариялана бастады. Бізде ұмыт болған тарихи жырымыз – «Аушадиярды» алған Уахап бала кезінде құлағы сан шалған жырдың ұзақ айтылатыны ойына оралып, қолындағы қысқа түрі екенін бажайлап, оны жіберген жігітпен хат арқылы хабарласып, әйтеуір,  толық нұсқасын алып, гәзетінде жариялады.

Сонымен, Уахап бізде Шет елдердегі қазақтармен ынтымақтастық  кеңестің құрылуына, сонау жылдары еріксіз шет ауған ағайындарымыздың ұрпақтарының Отанымызға орала бастауына негізгі себепші болды.

«Құран Кәрімді» Қазақстанда түп нұсқасынан қазақ тіліне алғаш аударған – Уахап. Бірінші аудармасына жоғарыдағы бір «күшті» өз төтесінен «екінші аудармашыны» қосып қойғанын «Құран» шыққаннан кейін көрген Уахап ол «шындықты» әлгі «күштіге»  қайтарып беріп, екінші басылымын заңды өз авторлығымен шығарды.

Мемлекет және қоғам қайраткері болған, қашанда арын туы етіп, қаламын қаруы еткен Уаха!.. Қайран Досым!.. Иманың жолдас болсын!

Ғаббас Қабышұлы 

Abai.kz

3 пікір