Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2766 5 пікір 25 Шілде, 2024 сағат 16:31

Жоқ «құзыретті» Дүйсенова қалтасынан шығарып бере ме?

Коллаж: Abai.kz

Қазақстан премьер-министрінің
орынбасары Т. Дүйсенова ханымға!

Жақында – 22 шілдеде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Басқа елдерден келген этникалық қазақтарға 55 «Ата жолы» картасы берілді» деген ақпарат таратты.

Аталған ақпаратта: «Жергілікті атқарушы органдарға «Ата жолы» картасын алуға барлығы 75 өтінім түсті. 2023 жылы 44 карта: бизнес-иммигранттарға 20 карта және сұранысқа ие мамандарға 24 карта берілді. Биыл 11 карта берілді: бизнесмендерге 5 және сұранысқа ие мамандарға 6 карта», - деп жазылыпты.

Сондай-ақ: «Карта иегерлері (және олардың отбасы мүшелері) мынадай құқықтарға ие», - деп мынадай құқықтарды тізбелеп көрсетіпті:

– медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер алу және қызмет көрсету;

– ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;

– ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және өзге де құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;

– «Білім туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн орта бiлiм алу, мемлекеттiк орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн орта арнаулы және/немесе жоғары бiлiм алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;

– «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;

– азаматтық саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу.

Бір қызығы, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтарға берілген бұл ҚҰҚЫҚТАРДЫ сіз Қазақстанның ешбір заңынан таппайсыз.

Жоқ!

Тіпті, «Халықтың көші-қоны туралы» заңында да жоқ!

«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабында «Қандас» мәртебесін және «Ата жолы» картасының қолданылуын тоқтату», 25-1-бабында «Ата жолы» картасын беруден бас тарту үшін негіздері» ғана қарастырылған.

«Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІ мүлде қарастырылмаған!

Соған қарамастан, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым қатысты бес-алты министрлікпен келісе отырып, «Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын ұсыну қағидаларын» 2023 жылғы 30 маусымда №280 бұйрығымен тастай қылып бекітіп қойған.

Бұл Бұйрықта да ондай «ҚҰЗЫРЕТТЕР» көрсетілмеген.

Сонда, «Ата жолы» картасын алған  этникалық қазақтарға ешбір заңда жоқ бұндай ҚҰЗЫРЕТТЕРДІ Тамара Дүйсенова ханым қалтасынан шығарып бере ме?!  Бұл – бір!

Екіншіден, сонша дуылдатқандағы «Ата жолы» картасын алған  этникалық қазақтарға «берілген» «ҚҰЗЫРЕТТІҢ» сыйқы осы болса, жетістірген екен!

Құдай-ау, сонда, тек, мерзімі он жылға дейін берілетіні болмаса, «Ата жолы» картасын алғандардың «Қандас» мәртебесін алған ағайыннан асып бара жатқан «ҚҰЗЫРЕТІН» бұл жерде көріп тұрған жоқпыз!

Қайта, «Қандас» мәртебесін алған ағайынның ҚҰЗЫРЕТІ бұдан әлдеқайда көп және тиімді екен...

Тағы бір қызығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтынан «Құжатты алу үшін «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру немесе Қазақстан елшілігіне жүгіну қажет...» деген нұсқаулықты көзім шалып қалды.

Ал, бірақ, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 10-бабында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне «Ата жолы» картасына байланысты құжат қабылдау туралы ондай құзыреті берілмепті.

Бұл не сонда, мазақ па, әлде біздің атқарушы биліктің деңгейі осы ма?!

Жоқ, «Шеттегі қазақтарға бола береді!» деген бір астамдық па бұл?!

Әлде, министрлердің бәрі заңды қайырып қойып, тек Тамара Дүйсенованың айтқанымен ғана жүретін болғаны ма?!!

Айтпақшы, өткенде осы «Ата жолы» картасы туралы Дархан Қыдырәлі деген сенатор мәселе көтергенсіген соң, біз де сенаторға хат (ЖТ-2024-03929571) жазып, «...сенатор ретінде менің осы жазбамды Вице-премьер Тамара Дүйсенованың өзіне жіберіп, аталған КАРТА бойынша сұру салып, өз жауабын алып беріңізші!» деп, Тамара Дүйсенованың ПРЕЗИДЕНТТІ АЛДАП КЕЛГЕН осы жоқ «КАРТАСЫ» туралы сұрау салғамыз.

Дархан Қыдырәлі ол хатымызды «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына» жіберді, соңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті» қарап, Бірінші вице-министр А. Сарбасовтың қолы қойылған «Бас десе, құлақ...» деген жауап алдық.

Сонымен, бүгін Тамара Дүйсеноваға өз атымнан осы хатты жазып отырмын.

Садағаң кетейін, Тамара Босымбекқызы!

Осы «Ата жолы» картасы деген «ЖАҢАЛЫҚ» Сіз Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезде «АЙНАЛЫМҒА» енді.

Ендеше, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтарға беріледі деген «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі жариялаған сол «ҚҰЗЫРЕТТЕР» қайдан шықты?

Ол «ҚҰЗЫРЕТТЕР» қай заңның қай бабымен қашан бекітілді?!

Заңмен бекітілмеген мұндай «ҚҰЗЫРЕТТІ» этникалық қазақтар қалай пайдаланады?!!

Құдай тілеуіңді берсін, Тамара Босымбекқызы!

Сізден өтініш, осы сұрақтарға Өз қолыңызды қойып, маған жазбаша жауап беріңізші!

Егер, осы сұрақтарымның әрбіріне өз қолыңыз қойылған нақты жазбаша жауап бермей, бұл хатымды өзге министрліктерге жөнелте салатын болсаңыз, Сізді сотқа беретінімді ескертемін!!!

Сондай-ақ, осы және «Халықтың көші-қоны туралы» заңының атышулы 20-баптың 5) тармағы туралы сөйлесу үшін, мені жеке қабылдауыңызды сұраймын.

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972