Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2344 1 пікір 26 Шілде, 2024 сағат 15:16

«Біз СССР-дің шақыртуымен оралған қазақпыз»

Коллаж: Abai.kz

Басы: «Біз СССР-дің шақыртуымен оралған қазақпыз»

Жалғасы: 

Жолаушы-9: Шекарадан өткенде қандай сезімде болдыңыздар?

Ә.Әшімұлы: Ол кездегі сезімді қазір айтып жеткізу мүмкін емес, көңіл күйіміз керемет болды ғой!1992 жылы 9-желтоқсанның таңғы сағат алтысында бір күн бұрын жүктерді тиеп қойған (жүк болғанда көрпе-жастық, киіз, келем. Басқа мүліктің бәрін елге беріп жіберген) жүк көлік пен біз отырған автобус Мойынгүзерден Қорғасқа қарай бет алды. Түске қарай Құлжа қаласына келіп түстеніп алып, қайта аттандық. Балардың қуанышында шек болмады, Қазақстанға көшіп баражатырмыз деп қояды әңгіме арасында. Аралықта біреуі, «Әке, Қазақстанға барғанда маған машина алып бересіз ғой»,  – деді. «Иә, балам, алып беремін» деп жауап берді әкесі. Оны естіген қалғанымыз қыран-топан күлкіге баттық. Саққұлақ балалар бұрынғы Кеңес одағында машина көп, елдің көбі жеңіл көлікпен жүреді дегенді ары-бері өтіп жүрген жолаушылардан естіген сияқты. Жеңілкөлік емес мотоцикл алу ол кезде Қытайда қиын болды ғой, ол жағын сіз де жақсы білесіз. Біз күлкі еткен Құралжандеген ініміз кейін мектеп бітіріп үлкен азамат болған соң көліктен көлік ауыстырып қазір Алматы мен Сөгетінің ортасында шапқылап жүр.

Сол күнгі біздің жоспарымыз шекараға барып жатып ертесі 10-желтоқсанда ары қарай өтіп кету болатын. Сағат 3 тен аса Қорғас шекараға өткеліне келіп жеттік. Біз Кеденде басшы балып істейтін Тұрсынбек деген бұрыннан таныс қырғыз жігітке жолығып Қазақстанға көшіп бара жатқанымызды, ертең таңертең өтөтінімізді айттық. Ол: «Сендер мұнда жатып әуре болмаңдар, ертең адам көп болуы мүмкін, босқа қиналып қаласыңдар, одан да бүгін өтіп кетіңдер. Кеден қазір бос, ары-бері өтіп жатқан адам қазір жоқ», – деді. Біз Қазақстандағы туыстарға желтоқсанның 10-ы күні өтеміз деп телеграмма жіберген болатынбыз деп едік, «Бұл жақта жатқанша Жаркент автовокзалына барып бір күн түнеп шығыңдар, ертең аржағынан туыстарың келіп алып кетеді ғой»,  – деді.

Тұрсынбектің айтқан әңгімесінен кейін біз ақылдаса келіп, бұл да дұрыс қадам екен, бүгін өтсек өтіп кетейік деп шешіп,  Кеденнен өтуге бел буып жүкті түсіріп Жаркентке баратын екінші көлікке ауыстыруға тура келді. Шекараға дейін бізді аттандырып салуға келген ағайын, туыстың 5-6 жігіті қояма, жүкті екінші көлікке жылдам ауытырып үлгірді. Осы аралықта Қытай Кеденшілері құжаттарымызды реттеп, төлқұжатымызды таңбаларын басып қолымызға ұстатты. Бізді шығарып салуға келген Ботай, Әбдірешіт, Тасболат, Оралбек, Серікжан, Ләлай секілді қимас жігіттермен қоштасып, Жаркент автобусына келіп отырдық. Автобус 10-15 минутта Қазақстан Кеденіне жеткізді. Қақақстан шекарашылары мен Кеденшілерінің бізді қарсы алуы өте жақсы болды. Олар бізге «көш көлікті болсын, елге ел қосылса құт деген осы» деп жылы тілектерін айтып, жүгімізді көліктен түсіргізбей, тексермей, бізді көп кідірпей өткізіп жіберді. Бұған қалай қуанбайсың, Кеденшілерге рақметімізді айтып тағы аттандық.

1990 жылы көктемде Бейжіңдегі СССР консульына хат жазып, Қазақстанға көшу туралы алғаш жол тапқан үлкен ағам Есім Әбдірәсілұлы. Ақсақалды қария болды. Тоғызбұлақ ауылы.

Жолаушы-9: Сіздің мына әңгімеңізді естіп отырып, сіз емес мен шекарадан өтіп бара жатқандай әсерде болып отырмын. Содан Жаркенке бардыңыздар ғой.

Ә.Әшімұлы: Жаркент автовокзалына кешкі апақ-сапақта барып түстік. Автовокзал ықшамды, бір қабатты екен. Көшеге қараған жағының түгіл қабырғасы адам бойындай әйнек екен. Сыртта сапырылысып жүрген жүргіншілер мен келіп, кетіп жатқан автобустар көрініп тұрады. Біз сол кең залдың ортасына жүгімізді үйіп қойып, өзіміз қатар-қатар тізіліп қонақтадық. Арамызда зембілге салып көтеріп алып келе жатқан науқас адамымыз бар. Бір аяғынан сүйек рагы болып, Құлжа ауруханасында екі-үш рет ота жасалған болатын. Тұрып жүруден қалған болатын. Бұл әкпем Тоғызтарау аудандық ұрық жетілдіру функитінде ұзақ жылдар агроном болып жұмыс істеп, біраз нәтижелерге қол жеткізген Кенжақын Әбдірәсілқызы болатын.

Кенжақан әкпем Қазақстанға тезірек көшуге асықты. Ел-жұртқа 15 қарашада қоштасу шайын беріп, желтоқсанның 10-ы көшеміз деп белгілегенде ол кісі қатты алаңдады. «Көшу уақыттын тым ары созып жібердіңдер, тездетіп өтіп кетуіміз керек еді, менің түрім болса мынау» деп решінін білдірді. Бұл жақта емес Қазақстанға барып өлсем арманым жоқ деген бекімге келген еді.  Екі қызы бар болатын, үлкені он жаста, кішісі 8 жаста болатын. Мен бұл жерде өліп қалсам, жолдасым Қазақстанға барудан айнып, екі қызды да жібермей қалып қояды деп ойлады.

Бірақ Кенжақан әкпемнің тілеуі қабыл болып, шекарадан аман-есен өтіп туыстармен қауыштық. Әкпемді бұл жақтағы туыстар Алматы қаласындағы №4-ауруханаға жатқызып біраз күн емдетті. Кеселдің асқынғаны соншалық, бұл ауруға бәрібір ем қонбады. Әкпем атамекенінің дәм-тұзын үш айдан артық татып, 1993 жылы наурызда Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында қайтыс болды. Осылай әкпеме атажұртының топырағы бұйырды. «Өлсем де Қазақстанға барып өлейін» деген араманы орындалды.

Автовокзалда Жаркент пен Алматы арасында әр сағат сайын автобус жүріп тұрады екен. Шығып-кіріп сапырылысып жатқан адамдардың аяғығының сырпылы мен есіктің шиқылы түнгі сағат 12-ге дейін үзілген жоқ. Басқамыз шыдадық, науқас адамның біраз мазасы болмады. Автовокзал маңындағы учаскелік полицилер бізге ауық-ауық келіп хал-жағдайымызды біліп тұрды. Арада электр шайнекпен су қайнатып әкеліп беріп жүрді. Сол күні ұйқылы-ояу жүріп таңды зорға атырдық. Жолда жейміз деп салып алған бауырсақ пен піскен етімізді жеп таңғы оразамызды ашттық. Алдымыздан шығып алып кететін туыстар әлі келмеді, уақыт жылжып жатыр, түсте таяп қалды. Осы аралықта түрі ұйғырға келіңкірейтін, басында құндыз терісінен тігілген қара тымағы бар, үстінде тізесіненен асатын сұр пальто киген бір орта бойлы, қараторы адам есіктен кіріп келіп, бізге қарап көзін қыдырып алды да, «Әлімжан деген қайсың?» – деді. Бәріміз бір-бірімізге таңырқап қарастық, содан: «Әлімжан деген менмін» – деп едім. Әлгі кісі маған қарай ұмтылып, екі-үш аттап келді де мені құшақтап, бетімнен сүйіп, хал-жағдайымды ұйғыр тілінде сұрап болып, «Жүр, кеттік», – деді, мен таңырқап, «Қайда барамыз, басқалар шы?» – дедім, «Бұлар кім?» – деді, «Бұлар менің әке-шем, туыстарым, бауырлапрым» дегенде түсінген болар, «Менің Қытайдағы туысымның Әлімжан деген баласы бүгін шекарадан өтемін деп телегамма жіберген болатын. Мен ол баланының түрін танымағандықтан «Әлімжан деген қайсың?» деп сұрағаным содан еді, мен іздеген адам сен емес екенсің, кешіріңіздер! Мен шекара жаққа барайын», – деп шығып кетті. Біз күлерімізді, күлмесімізді білмей аңтарылып қалдық.

Арада «Біздікілер қайда жүр» деп қоямыз, өзіміздің ұрланып келгендей болып, өтетін күннен бір күн бұрын шекарадан өтіп алып автовокзалда қаңтарылып жатқанымызды есімізден шығарып алдық.

Бұл құжат біздің отбасының еш жерден мемлекеттік көмек алмағандығымызды айғақтайды. Сол үшін оқырмандардың біле жүруіне байланысты салып отырмын.

Түс ауа біздің туыстар да асыға, алқына жеті. Сағыныштан айқасқан құшақтар мен көзін сығымдаған жастан кейін, аман-сәлем жасасып кешіккен себептерін айтып жатты. Нағашы атам Жамалбек, нағашы ағаларым Жапар, Оразәлі, нағашы  әкпем Асуқан, жездем Ұмытшақ  әкпем Айқаннан мен жездем Қыдыржаннан, жиен Бектұрсыннан басқасын жөнді тани алмадым. Екі ауылдан ақсақалы бар, қарасақалы бар  оншақты адам келіпті.

Сөйтсек, ол кісілер шекарадан тосып аламыз деп азанғы сағат бесте біздің жанымыздан өте шығыпты. Менің бетімді сүйіп кеткен жаңаға ұйғыр ака шекараға барғанда оларға айтыпты, «сендердің тосып отырған көштерің Жаркенттің автовокзалында кешеден бері жатыр екен. Мен қазір солардың жанынан келдім. Арасында Әлімжан деген бір жігіт бар, және зембілде жатқан ауру әйел адам бар» депті. Ұйғыр акамның айтқан сөзінің шындығына көзін жеткізген олар содан кейін артына қарай қайтыпты.

«Бұл не тұрыс, Тоғызбұлаққа баратын көштің жүгін, Тоғызбұлақтың машинасына басыңдар, ал Сөгетіге баратын көштің жүгін Сөгетінің машинасына басыңдар», – деді, орта бойлы, бидай өңді, ат жақты кісі. Содан бұйрық орындаған жауынгер секілді әпсәтте таудай үйіліп тұрған жүкті екіге бөліп көлікке тиеп тастадық. «Жүкті тиеп болсаңдар көлікке отырыңдар, Қаланың аяқжағына барып тамақтанып алайық», – деді, әлгі кісі тағы. Содан шағын автобус бен жеңіл көліктерге жамыраған жамырап қозыдай бөлініп отыра кеттік. Жаркент қаласыннан шығып батыс оңтүстікті бетке алып жүйткіп келе жатырмыз, көліктің терезесінен сыртқа қарап қоямын, жақын маңнан асхананың қарасы көрінбейді. Бұлар қай жерден, қалай тамақтанайын деп жүр, іштеме көрінбейді деп қоям ішімнен. Он шақырымдай жол жүргеннен кейін көшті бастап келе жатқан жеңіл көлік жолдың оң жағына бұрылып, бір жазықтау көгалға барып тоқтады. Бәріміз көліктен түстік, кең дастархан жайылды. Дастарханға бауырсақ пен табақ-табақ ет қойылды. Бата жасалып, тамақ жеуге жайғастық. Сөйтсек, бұл кісілер екі ауылдан екі қойдың етін пісірып алып келген екен. Бауырсақ, ірімшік, құрт, салат, тосап деген өз алдына, дастарқанның үсті жайнап тұр. Бір-бірін таныстыру басталып, тілектер айтылып жатты. Сол кезде білдік, жаңағы бұйрық беріп жүрген кісі Жалағаш ауылындағы бір мекеменің директері, менің нағашы апам Мерекенің Ізбасар Құсайынов деген інісі екен. Ол кісі колхоз директері болды.

Жолаушы-9: Осы қарсы алудан кейін қалай болды?

Ә.Әшімұлы: Тамақ желініп болғаннан кейін, дастарханға бата беріліп, орнымыздан тұрып атқа қондық. Іле өзенінен өтіп Шонжыға барғанда алты отбасы  екіге бөліндік. Оның төртеуі Алматы облысы Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылына кетті. Біздің екі отбасы Шелек ауданы қазіргі Еңбекші қазақ ауданының Сөгетті (Нұра ауылы деп те атайды) қой совхозына барып қоныс тептік. Әсіресе, біздің екіге бөлініп кеткеніміз барлығымызға ауыр тиді... Сол жылы қыста туыс-туған, ел-жұрт ерулікке шақырып, қыстай қыдырып қонақ болып шыққтық. Елдің қонақжайлығына дән риза боласың.

Жолаушы-9: Неге бір жерге қоныс теппедіңіздер?

Ә.Әшімұлы: Мұның басты себебі, бізге ие болып шақырғандар екі ауданда болатын. Кеген ауданының Тоғызбұлағына кеткен төрт отбасын әкемнің туған қарындасы Айқан Әбдірәсілқызы шақырса, ал бізді Шелек аданының Сөгеті қой совхозындағы нағашыларым Жамалбек Тәкабаев пен Жапар Жамалбеков ие болып шақырған болатын. Сол үшін біз екіге бөлініп кеттік. Олай болмасына да амал жоқ-тұғын. Өйткені, бізге ие болғандар жергілікті әкімшілікпен «Қытайдан көшіп келетін тусытарымыздың барлық ауыртпалығын өзіміз көтеріп аламыз, баспанамен қамтамасыз етеміз» деп келсімшартқа отырған екен. Олай істемесе бізге көші-қон визасы берілмей қалуы мүмкін еді ғой. Өйткені шақырған адаммен, көшіп келетін адамның фамилиясы бірдей болу керек.

Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті қой совхозынан әкем жер учаскесін алып ұй тұрғызған кезі. Сырты толық бітпеген үйдің алдында түскен сурет. Суретте әке-шешем, аға-інілерім және Тоғызбұлақтан құтты босын айтып келген Сейтақын ағамның отбасы.

Жолаушы-9: Сіздердің Бейжің, Мәскеу, Алматы арқылы көші-қон құжатын жасағандарыңызды білдік,  бірақ сіздер көшіп барғанда Қазақстан тәуелсіздігін алған кез ғой. Сіздерге мемлекет тарапынан көмек болды ма?

Ә.Әшімұлы: Иә, біз көші-қонға қатысты құжаттарды өткізіп, оның рұқсаты шыққанға дейін екі жыл өте шықты. Біз көшіп келгеннен кейін 1992 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігіне бір жыл толды. Біз Қазақ елінің бір жылдық мерекесін жергілікті халықпен бірге тойладық.

Ал мемлекеттік қолдауға келсек құжаттарымызды тіркеп, қолымызға ықтияр хатымызды аптаға жеткізбей ұстатты. Балалар мектепке еш кедергісіз барды, медициналық тегін ем көрсетілді. Ал басқа да матриалыдық көмекке келсек, біз келген Сөгеті қой совхозының директері үй салу үшін жер учаскесін берумен бірге, 100 шипыр, бес тона цемент  берді. Бұл бізге үлкен көмек болды. Ал Тоғызбұлаққа барған отбасыларға бір тана, бес қойдан беріпті. Ал квотамен берілетін баспана Әшім, Құрманжан, Санатбек, Садықжан отбасына және маған бұйырмады, оның ауылы бізден өте алыс болды. Ары жүгіріп-бері жүгіріп жете алмадық. Ал Сейтақын мен Есім ағам баспаналы болды. Өйткені үйін сататындардың Кеген аданының Көші-қон бөлімінде істейтін таныс адамдары қол ұшын беріп, көмектесіпті.

Бұл бізге берген ықтияр хаттың көшірмесі. Мына сурет шешем Әйімхан Жамалбекқызының ықиярхаты. Оқып отырсаңыз келген елі Қытай, ал қоныстанған елі СССР деп жазылып тұр. Бұл құжат 1993 жылы 6 қаңтарда берілген. Берген мекеме Алматы облысы УВД.

Жолаушы-9: 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттік рәзміздерге конкурс жариялағанда сіз Қытайда жүріп Қазақстан Мемлекет туының жобасын жасап, ұсыныс-пікір жібергеніңізді ұзын құлақтардан естігеніміз бар, бұл рас па?

Ә.Әшімұлы: Ол айтқаның рас. Мен ол кезде Құлжада істеп жүрген кезім еді, бұл хабарды «Шалқар» радиосынан естіген соң Қазақстан туы туралы өз жобамды сызып, мазмұнын түсіндіріп поштадан жібердім. Арада бір жолдас жігіттің қырғыстандық бизнесмен досы Құлжаға келген екен, сол қырғыз жігітімен танысып, «сіз Алматыға барғаннан кейін осы конверрті поштадан салып жіберіңіз» деп өтіндім. Себебі, поштадан салған хатым тексеруден өтпей, бармай қалама деп ойладым. Ол жігіт өтінішімді қабыл алды. Кейін Қазақстанға көшіп келгеннен кейін білдім, сол қырғыз жігітінен жіберген хатым ҚР Жоғары Кеңесіне жетіпті. Өйткені, Жоғары Кеңестің Баспасөз хатшысы Ербол Шаймардановтың хатты тапсырып алғаннан кейін маған жазған  жауап хатын Алматы облысы, Талғар ауданы, Бірлік ауылында тұратын нағашы әкпем Асуқанның мекенжайына жіберіпті. ­Өйткені, мен қырғыз жігітінен жіберген хатымда «егер бұл хатым сіздердің қолдарыңызға тиіп, маған жауап хат жазбақ болсаңыздар, Талғардағы нағашы әкпемнің мекенжайына жіберіңіздер» деп толық мекенжайын жазып жіберген едім. Егер бұл хат Қытайға келсе маған біраз әурешілік тудырама деп ойладым. Бұл ұсынысым жайлы Қазақстан Респуликасы Жоғары Кеңесінің Баспасөз хатшысы Ербол Шаймерденовтан келген хаттың мәтіні былай:

«Қытай Халық Республикасы – «Іле әйелджері» журналының редакциясы. Әлімжан Әшімұлына, 30 шілде, 1992 жыл.

Құрметті Әлімжан Әшімұлы!

Сіздің Қазақстан Респуликасының Жоғары Кеңесіне жолданған хатыңызбен мұқият танысып шықтық. Өзіңіз айтқандай, атамекеннен шалғай жүрсеңіз де Қазақстанның Мемлекеттік Туының жобасы жөнінде ұсыныс-пікір білдіргеніңізге бек ризамыз. Жоғары Кеңеске шет елдерде жүрген ағайындардан мұндай мазмұндағы хаттар көптеп түсті. Олардың бәріне мезгілінде жауап беруге мүмкіндік болмады. Сол себепті Сізге де жауап хатымызды кешіктіріңкіреп жолдап отырмыз. Бұған айып етпесссіз.

Ал хатыңызда айтылған барыс-келіс мәселелері жөніндегі өтінішіңізге Қазақстан Респуликасының Еңбек Министрлігі толық мағлуат бере алады. Министрлікпен мына адрес бойынша хабарласа аласыз. 480091 Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы, 93/95.

Қазақстан Респуликасы Жоғары Кеңесінің Баспасөз хатшысы Е.Шаймерденов.

ҚР Жоғары Кеңестің Баспасөз хатшысы Ербол Шаймерденовтың нағашы әкпем асухан арқылы маған жазған хатынның конвертінің суреті. 1992 жылы.

Жолаушы-9: Сіз Алматыға барған соң сізге хат жазған Жоғары Кеңестің Баспасөз хатшысына кездестіңіз бе?

Ә.Әшімұлы: Мен ол кісіні бара салып іздегенім жоқ. Кейін ол кісіні Қазақ радиосында жұмыс істеп жүр екен деп естіп арнайы іздеп барып таныстым, жылы қабылдады. Сіз кезінде Жоғары Кеңестің Баспасөз хатшысы болып жүргенде менің жазған хатыма жауап хат жазған едіңіз деп айттым. Маған сол туралы жазып берші деп өтінді, бірақ мен қайта оралып ол кісіге бара алмадым. Кейін естісем Астанаға жұмысын ауыстырып кетіпті.

Айтпақшы, сол кездегі Алматы облысы, Шелек ауданының «Еңбек туы» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ескендір Рақымбайұлы мен туралы «Атамекеніме аңсап жеттім», – дейді Қытай Халық Республикасынан келген Әлімжан Әшімұлы» атты мақала жазып газетіне жариялады. Кейін бұл мақала халықаралық «Азия» газетіне берілді. Сол кезде Жоғары Кеңестің Баспасөз хатшысы Е.Шармерденовтің маған жазған хатын Ескендір ағам алған болатын, кейін қайтарып ала алмай қалдым. Қазір тек газетте жазылған нұсқасы мен хаттың конверті ғана бар.

Жолаушы-9: Сіз қоныс аударып барғасын бірден өз мамандығыңыз бойынша  журналист болып жұмыс істедіңіз бе?

Ә.Әшімұлы: Мен мамандығым бойынша жумыс істейін деп Алматыдағы Қазақстан Республикасының Еңбек минстрлігіның жанындағы Көші-қон департаментіне ағам Есім Әбдірәсілұлымен бірге бардым. Ол кісі Қытайда мұғалім болған, осылай көшіп келердің алдында зейнеткерлікке шығып келген болатын. Бізді қабылдаған Көшы-қон департаментінің орынбасары (қазір атты-жөні есімде жоқ): «Сіздер мұнда қызмет істеп қайтесіздер, одан да ауылға барып қой бақсаңдаршы. Сен (мені айтады) Кеңес одағы кезінде атағы шыққан Сөгеті қой совхозына келіпсің ғой. Біле білсең, кезінде Қытайдан келгендер қой бағып шетінен байып кетті. Кейбіреуінің Алматыда екі-үштен үиі бар. Балаларын жоғары оқу орындарында оқытты. Жергілікті халықтан олардың тұрмысы жақсы тұрады», – деді. Мен недерімді білмей аңырып қалдым. Есім ағам маған қарайды, мен оған қараймын. Алғашында Алматыға көңілді барған мен осылайша ауылға көңілсіз қайтым.

Жолаушы-9: Сіз сол ақыл айтқан кісінің нұсқауымен қойшының таяғын ұстап кеттіңіз бе?

Ә.Әшімұлы: Жоқ. «Үмітсіз сайтаның ісі» демекші, мен Қазақстанға бегілі ақын-жазушыларға жолығып ақыл-кеңес алмақ болып Алматыға екінші рет тағы аттандым. Алғашында қазақтың біртуар ақын қызы – Фариза Оңғарсынваны арнайы іздеп бардым. Ол кезде Фариза апай жастарға арналған республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы болып жумыс жасайды екен. Бұл кісі мені жылы қабылдап, менің жумысқа орналасуыма қол ұшын берді.

Жолаушы-9: Сонда сіз Фариза апайдың көмегімен жумысқа тұрған болдыңыз ғой?

Ә.Әшімұлы: Ол кісі көз алдымда біреуге телефон жалғап: «Қытайдан Әлімжан деген журналист бауырымыз келіпті. Жұмыс іздеп жүр екен, мен журналға ала қояиын десем орын болмай тұр. Сендер осы баланы жумысқа алыңдар!» деп телефон тұтқасын қойды да: «Осы үйдің артына айналсаң республикаға тарайтын қоғамдық-саяси газет «Алматы ақшамының» редекциясы бар. Мен газеттің бас редекторы Ерғали Сағат деген азаматқа сені тапсырдым, барып ол жігітке кездес. Сені жұмысқа алады. Бірақ маған хабарласуды ұмыт па?» деп шығарып салды. Ол кісінің «осы үй» деп айтып отырғаны Алматының атақты Көкбазарының жанындағы Дәуір баспасының тоғыз қабатты үйі болатын. Ол кезде Қазақстандағы баспасөздің редакциялары негізінен дерлік осы Жібекжолы көшесі №50-үйге жайғасқан еді.

Содан Фариза апайым айтқан бағытпен ұрып отырып «Алматты ақшамы» газетінің редекциясына бардым. Олар мені бірден жумысқа алды. Бұл 1993 жылдың наурыз айы еді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Еңбек туы» газетінің редакторы Ескендір Рақымбаев ағамыздың мен туралы жазған «Атамекеніме аңсап жеттім», – дейді Қытай Халық Республикасынан келген Әлімжан Әшімұлы» атты мақаласы. Халықаралық «Азия» газеті (ақпан, 1993 ж. №9 (37).

Жолаушы-9: Сіз «Алматы ақшамы» газетінде қанша жыл жумыс жасадыңыз?

Ә.Әшімұлы: Сен жылды айтасың, апта болмай үш күннен кейін жумыстан кеттім.

Жолаушы-9: Бұл қалай болғаны?

Ә.Әшімұлы: Мен «Алматы ақшамының» саяси, қоғамдық, әулеуметтік бөліміне тілші болдым. Сол кездегі бөлім редекторы Бекзақ деген жігіт мені Әділет минстрлігінің орынбасарынан сұхбат алып келуге жұмсады. Ол әйел адам екен. Онымен сұхбаттасып отырғанымда қазақшасынан орысшасы көбейіп кетті де мен оның сөзін түсінуден мүлде қалып:

– Кешіріңіз, сіздің сөздеріңізді түсінбей отырмын, – деп едім. Маған таңғала қараған ол:

– Қалайша түсінбейдің?! Әлде сен ғарыштан түстің бе?! – деді. Мен оған имене қарап:

– Мен Қытайдан келіп едім, – дедім. Ол алдында бір құбыжық отырғандай маған шошына қарап:

– Сен есіктегі күзеттен қайтіп кіріп кеттің? – деп телефон тұтқасын көтерді де бөлім редакторы Бекзаққа телефон жалғаған болу керек:

– Неге бұл баланы маған жіберегенсің, бұл кеше ғана Қытайдан келіпті ғой?! – деп ұрса сөйлеп, телефон тұтқасын қоя салды да маған бажырая қарап:

– Мен саған сұхбат бере алмайды екенмін. Қайдан келсең сонда бар! – деп шығарып салды.

Мен Еңбек минстрлігінің жанындағы Көші-қон демартаменті басшысының орынбасарының «ауылға барып қой бақ» деген сөзінің мағанасын сонда барып түсініп қызметті тастадым да, ауылыға тартым.

Жолаушы-9:  Ауылға барып қандай жумыспен айналыстыңыз?

Ә.Әшімұлы: Мен ауылға келіп үйдегілердің диқаншылығына көмектестім. Ара-тұра Қытайға келіп-кетіп ұсақ-түйек тауар апарып, ауыл арсында кішігірім саудамен шуғылдандым. Арасында «Алматы ақшамы» газетіне көкейге түйген ойларымды жазып тұрдым. Жазған мақалаларым газетте жарық көріп жатты.

Жолаушы-9:  Ол қандай мақалалар еді?  Есіңізде бар ма?

Ә.Әшімұлы: «Алыстан келген ағайыннның айтары бар...», «Қытай реформасы, оның негізгі түйіні туралы», «Егемендігімізді сақтаймыз десек...», «Қытайда тудым, пәлесін көрмедім», «Өнер сату қайыршылық па?», «Қытайлық қазақтар: дәстүр мен салт», «Болашаққа барар жол бұралаң ба?» деген секілді мақалалар болатын.

Сонымен, араға екі жыл салып 1995 жылы наурызда  Алматыға қыдыра барған кезімде «Алматты ақшамы» редакциясына кіре кетейін деп барсам мен алғаш жұмысқа тұрған бөлімге Бейбіт Жұмажан деген апай бөлім бастығы болып келіпті. Менің ауылда жатып жазған мақалаларым осы кісінің қолынан шығыпты. Ол кісі мені көрген жерден жабысып, бас редактор Ерғали Сағатқа айтып жумысқа қайта алды. Мен Бейбіт апайдың ұстаздығының арқасында Қазақстан журналистикасының қыры мен сырын  жақсы меңгеріп алдым. Мұнда жыл соңына дейын жумыс жасап, бас радектор Ерғали Сағат, бас редактордың орынбасары Бақытжан Жиенғали, жауапты хатшы Жексен Әлпардың «ауылдың елі қалаға қашып жатса, сен ауылда не істейсің. Онан да жылы орныңда істей бер» дегеніне қарамай ауылға қайта кетіп қалдым.

Менің «Алматы ақшамы» газетінде істеп жүргендегі жалғыз естелік суретім. 1995 жылы. Бұл менің Қазақстан баспасөз тарихында алғаш рет жұмыс істеген жерім болып есте қалмақ.

Жолаушы-9: Сіздің осы жолғы ауылға кетуіңіздің себебін түсіне алмай отырғаным?..

Ә.Әшімұлы: Оған басқа себеп болды.

Жолаушы-9: Ол қандай себеп еді?

Ә.Әшімұлы: Ол кезде Алматыдағы мәжілістердің бәрі орыс тілінде өтетін. Бұл жиынға негізінен баспасөз бен ақпарат құралдарының журналистері баратын. Соның қатарында мен де жүрдім. Жиналыста сөйлеген басшылардың аты-жөнінен басқа дым білмей қайтатынмын. Мен сол кезде бір қулық ойлап таптым. Күнде кешкісін қазақ тіліндегі жаңалықтарды телеарнадан көріп өзім қатысып қайтқан жиналыстың мазмұнын жазып алып, оған басқа тон кигізіп ертеңгі күні шығатын газетке беретінмін. Кейбір әріптестерім: «Әлімжан, сен орыс тілін білмеймін дейсің, жаңалықтарды әжеп-тәуір жазып жүрсің ғой» деп күлетін.

Жолаушы-9: Қалай десе де, орыс тіліндегі қиыншылықты шешіп үлгіріпсіз. Солай бола тұрып, қалайша ауылға қайттыңыз?

Ә.Әшімұлы: Өйткені, Қазақстанда нарықтық экеномика жолға қойылғаннан кейін мал-жер, мүлік жеке меншікке берілді. Бұрынғы ұжымдық жумысқа үйреніп қалған халық жеке меншіке көндіге алмай, оған тосырқай қарады. Қалаға барып жумыс істеуді жөн санап, үдіре қалаға қарай көшіп жатты. Сыртай қараған адамға ауылда ешқандай тіршілік белгісі қалмағандай сезілді. Осындай аласапыран заманда жаңадан Қытайдан көшіп барған бізге де оңай түспеді. Соны ойлап ауылға барып әке-шешемнің қасына болып, ауылда қалай өмір сүрудің қам-қарекетін жасауды ойлап аттанып кетім.

Жолаушы-9: Жергілікті халықтың өзі ауылда не істерін білмей қалаға көшіп жатқанда, сіздің ауылға барып тірлік жасаймын дегеніңіз көзсіз батырлық болған жоқ па?

Ә.Әшімұлы: Менің алғаш ауылдан байқағаным ол кезде әр отбасында тонна-тонна бидай болады екен. Оны тек малға жем ретінде пайдаланатын болған. Оны диірменге тартып ұн қып жеуді білмейді екен. Себебі, Кеңес одағы кезінде олар дайын ұн мен дайын нанға көндіккен. Тіпті, ол кезде ауылда шағын диірмен де болмаған. Дәл осы кезде ұн қымбаттап дүкендерде нан тапшылығы байқала бастады... Мен осыларды зерттей келе «неге Қытайдан шағын диірмен алып келіп халықтың қамбасындағы бидаиын ұн қып тартпасқа» деген оймен Қытайға келіп сағатына 300 килограмм ұн тартатын шағын диірмен алып бардым.

Ол кезде жоғары кернеулі токтің рұқсатын алудың өзы өте қиын болатын. Әлі де қиындау… Мен соны ескеріп соляркамен жүретін кішкене трактордың маторын бірге ала барып тирменді іске қостым. Дайын ұнға үйренген халықтың кейбіреуі: «Біз зауыттың дайын ұнын жеуші едік, малға беретін бидайдің ұнын жеп көрмептік» деп адам күлетін сөз айтып, қап-қап бидайларын тартқызып жүрді. Тіпті, көрші ауыл, аудандардан келіп ұн тарттырып кететіндер де болды. Ауыл халқы ұн тапшылығы қиыншылығын осылай шешті. Осылайша өзіміздің де хал-жағдайымызды жақсартып алдық. Тоғызбұлақ пен Жалағаш ауылында тұратын Есім мен Сейтақын ағаларыма екі диірмен орнатып бердім. Олар да өз тіршілігін жасап, нарықтың қиыншылығынан қиналмай аман өтті.

Қытайдағы егістік жерімізге әкем күздік бидай еккен еді. Ол жерді  қабырға ағайын Мәсімғали деген кісіге тегін тастап кеткен болатын. Құрманжан ағам да жерін солай тастап кетті. Ол жерді кейін ұйым әр отбасына маулап (мау – қытайша жер өлшем) бөліп беріпті, қазір ол жерге үйлер салынып кеткен. Өйткені біздің егістік жер ауылдың түбінде болатын. Ал үйлерімізді 2000, 3000 юаньнан ақшасын кейін алатын болып сатқан болдық.

Біз Қазақстандағы ауылдан он гектар суғармалы жер, екі жүз гектар жайылымды 49 жылға жалға алып «Алаш» шаруа қожалығын құрып, егін егіп, мал өсірдік. 1998 жылы мен Аматыдан жеке жай сатып алып, 2001 жылы шілде айында бас құрап Алматыға қайта оралдым.

Әкем марқұм мықты диқан болды, өз ісінің білгірі еді. Қазақстанға келгенен кейін де диқаншылықпен айналысып Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданны әкімінің алғыс хатын алды. Қытайда жүргенде диқаншылықпен атағы шығып еді. Қашқардың Қотан аймағындағы бір ұйғыр диқанның бидайдан мол өнім алғаны туралы ақпаратты Шынжаң газетінен оқып, Қотандағы диқанға хат жазып, пошта арқылы 5 кг бидай алдырады. Сол 5 кг бидайды жарты му жерге (қытайдың 15 муы – 1 гектар) қолмен шашып, оны тағы бір бидай сортымен будандастырып келесі жылы үш центнер өнім алады. Бидайды будандастырған әкемнің бірге туған қарындасы, жоғарыда айтып кетен Кенжақан әкпем еді. Сол үш центнер бидайды 30 му жерге (екі гектар) әр муына 16 жыңнан (8 кг) шашып, бір муынан мың екі жүз жың (6 центнер) өнім алады. Бұл бидайды ауыл тұрғындары қырман басынан ұрықтыққа бір юаннан қалдырмай сатып алып кетеді. Тоғызтараудағы журналистер осы ақпаратты сенсация ретінде жариялайды. Әкемнің тәрбиесін, тәлімін алған Сыдықжан ағам мен Құрманжан ағам қазір мықты диқан, өз кәсібінің білгірлері. Менде де ондай ерекшелік бар, егін егуді, баптауды жақсы білемін.

Оның үстінде біздің кенітте алғаш сауда-сатық дүкенін ашып еді. Ол кезде елдің де, халықтыңда тұрмысы онша мәз емес-тұғын. Міне, сол әкеміздің еңбектеніп жинаған қаражатымен елге оралдық қой. Болмаса басқа қомақты табыс бізде болған жоқ. Құлжада қызмет істеп жатқан менің айлық жалақым ол кезде 220 юань болатын.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Керімтай Әбдірахмановтың «Алаш» шаруа қожалығының төрағасы әкем Әшім Әбдірәсілұлына берген алғыс хаты. 12 шілде, 2002 жылы. Есік қаласы.

Жолаушы-9: Сіз Алматыға журналистикамен шуғылдану үшін бардыңыз ба, әлде басқа себеп болды ма?

Ә.Әшімұлы: Менімен бас құраған қыз орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатын. Ол Алматыдағы №19-мектепте жұмыс істейтін. Соның жағдайын ойлап мен қалаға келген соң халықаралық «Қазақыстан-заман» газетіне арнайы барып, газеттің бас редакторы Марат Тоқашбаев ағама жолығып бұйымтайымда айттым. Ол кісі өтінішімді екі еткен жоқ, бірден мені жұмысқа алды. Бұл газетте 2004 жылға дейін бөлім редакторы болып жумыс жасаған соң Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы еларалық «Қазақ елі» газетіне ауысып кеттім. Себебі, бұл газеттің бас редакторы, белгілі сыншы Бақыт Сарыбалаев: «Әлімжан, сен бізге келсең шы? Сенің табиғатыңа біздің газетке жақын келеді ғой», – деп өтінген соң келген болатынмын. Шынымен де, бұл газетте көші-қон, оралман, шетел қазақтары және қазақ тарихына қатысты жазылатын мақалалар көп жарияланып тұратын.

Жолаушы-9: Сіз шетел қазақтары тұралы көп сұхбаттар өткіздіңіз. Бұл тақырыпқа көп оралуыңыздың себебі осында жатыр екен ғой?

Ә.Әшімұлы: Дұрыс айтасыз. Мұның түп тамыры осында жатыр деп ойлаймын. Сол себептен де осы тақырыпта қалам тербеуіме тура келді. Мен бұл газеттен сырт төте жазуда шығатын еларалық «Шалқар-2» газетінде де жумыс жасадым. Өйткені, бұл газет те маған жат емес-тұғын. Содан бастап мен шетел қазақтарын Қазақ еліне таныстыруды өз әдетіме айналдырдым.

Жолаушы-9: Сіздің сұхбатыңызды оқыған адам оның еркін, табиғи жазылғанын және оның шындыққа жақын екенін байқау қиын емес. Мұның сыры неде?

Ә.Әшімұлы: Мен кіммен сұхбат өткізсем де сол адамның жалпы ерекшелігін, ішкі сырын, ойын ашуға тырысамын. Өйткені ол менің шығармамның кейіпкері. Ол қанша еркін, қанша ашыла, көсіле сөйлеген сайын оның жалпы образы ашыла түседі. Сонда барып бұл сұхбат әрі жанды, әрі әсерлі, әрі мазмұнды, әрі мәнді болып шығады. Мұндай сұхбатты оқып отырған адам, өзін бір тарихи әңгіме оқып отырғандай сезінеді. Мұның құпиясы осында деп ойлаймын.

Жолаушы-9: Кейбір журналистер біреумен сұхбаттасудың алдында сұрақтар дайындап алады. Ал сіз де осылай әдіс қолданасыз ба?

Ә.Әшімұлы: Мен ешқашан алдын ала сұрақ дайындаған емеспін. Кейіпкермен сұхбаттасудың алдында онымен сөйлескенімде: «Сұрағыңыз дайын ба? Мен сұрағыңызбен танысып алайын» деп жатады. Ал мен: «Ешқашан алдын ала сұрақ дайындап көрмеппін. Алдын ала сұрақ дайындайтын журналистердің қатарында мен жоқпын» деп айтамын. Оған келіссе барамын, келіспесе бармаймын. Бірақ көбі келісетін. Өйткені, алдын ала сұрақ дайындап алған сұхбаттан тартымды сұхбат шықпайтынын олар да жақсы біледі.

Мен негізінен кейіпкермен әңгімілесе отырып, сұрақ қоюға әдеттенгем. Кейбіреулер бір сұрақтан шыға алмай ұзақ әңгімеге түсіп кетеді. Сонда оған сұрақ қойып оның әңгімесін басқа арнаға бұрып әкетемін. Кейде кейіпкердің өзі сұрақты аузыма салып жатады. Міне, осындай табиғи әңгімелесудің арқасында кейіпкер еркін ашылып, айта алмай отырған ойын жылт еткізіп кетеді. Оны сен күшейтіп, жандырып жібересің. Бұл сұхбат жарық көрісімен кейіпкердің өзі алдымен алғыс жаудырып жатады.

Жолаушы-9: Сіз тақырыпты тамаша қоясыз, осының сыры неде?

Ә.Әшімұлы: Оқырманның қолына газет-журнал тиісемен алдымен ақтарып тақырыптарына көз жүгіртіп шығады да, ішіндегі тартымды тақырыпқа көз тоқтатып мақаласын оқи бастайды. Өйткені тақырып мақаланың жаны, көзі, өзекті ойы, айнасы. Егер мақаланың тақырыбын жақсы, тартымды қоя алмасаңыз сіздің мақалаңыз қанша жақсы болса да оқылмай қолуы әбден мүмкін. Бұл табиғи құблыс. Сондықтан тақырып қоюға арнаулы ізденіс жасаймын. Басқа әріптестеріммен ақылдасамын. Бұл Қазақстан баспасөзінде қалыптасқан жақсы дәстүр.

Жолаушы-9: Сіз журналист болып жүріп көптеген әдеби сын мақала, әңгіме жазып жүрсіз. Осы жанрларға келуіңізге не себеп болды?

Ә.Әшімұлы: Мен сын жазуды қытайда жүргенде бастағам. Бірақ ол әдеби сын емес еді.  Өзің білесің, Қытайда қазақ хаткерлігі өте кеш қолға алынды ғой. Соның алғашқыларының бірі болып, мен де осы олқылықты толықтау үшін хаткерлікпен айналысқан болатынмын. Ол туралы жоғарыда айтып өттім. Сол кезде мен «Көркем жазу аты-затына сай болсын» деген сын мақала жазып қазақ хаткерлігіндегі кейбір олқылықтарды сынап, артықшылығын мақтаған едім. Бұл мақала «Іле газетінде» жарияланған.

Ал, әдеби шығармаға сын жазу 2011 жылдан басталды. Онда да сын жазайын деп жазғам жоқ. Қазақстандағы мүйзі қарағайдай сыншылардың сынына көңілім толмай, сынға сын жазудан бастадым. Мәселен, алғашқы сын мақалам «Қазымыр ененің қаңқуы немесе Бек Алдамжарыптың дүресі» болды. Одан кейін Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығында болған мүшәйрада жүлде алған ақындарыдың өлеңдеріне сын жазған Жұма-Назар Сомжүректің «Ашынғанда шығады ащы даусым» деген мақаласына қарсы «Сын ба, әлде сандырақ па» деген сынымды жаздым. Бұл мақалалар оқырманның қолдауына ие болып әжеп-тәуір сыншы атана бастадым. Содан бастап ара-тұра әдеби шығармаларға сын жазып жүрмін.

Қазірге дейін «Өз шығармасына өзі күйе жаққан жазушы», «Ер мінезді өр ақын Жұлдызай», «Атан түйенің жүгін көтерген «Көктүйме», «Алты өлеңнің алты қыры немесе Сейіт ақынның ішкі бұлқынысы», «Шынайы өмірдің нақыштары» деген секілді оншақты әдеби сын мақалам жарық көрді. Ал қоғамдық-әлеуметтік мәселелер туралы жазылған сын мақаламның өзі бір төбе.

Енді шығарма жазуға оралатын болсам, мен институтың 3-ші курсында оқып жүрген кезімде «Бұрылыс» (үш перделі) деген шағын саханалық шығарма жазған едім. Бұл негізінен Қытай реформасынан кейінгі баю жолына түскен ауыл қазағының өмірі болатын. Осы саханалық шығармамды белгілі жазушы Оразхан Ахметовқа көрсетіп пікір алғаным бар. Ол кісі ақыл-кеңесін бір бет қағазға түсіріп, шығармамды қайта жазып шығуға жол сілтеген болатын. Бірақ мен ол шығарманы Оразхан ағаның талабы бойынша қайта жазып шығуға мұрсам болмай кетті. Оның себебін басқа емес, суретке деген қызығушылығымнан көремін.

Араға отыз жыл салып әңгіме жаздым. Онда да жазайын деп жазбадым. 2013 жылдың тамыз айы болатын. Кенжеғали Қошым-Ноғай деген жазушы-журналис маған телефон шалып «Шұғыл сақшы», «Мектеп оқушысы» деген жаңа газет шығатын айтып, мені жұмысқа шақырды. Бұл адамның аты-жөнін баспасөзден оқып жүргенім болмаса түрін көрген адамым емес еді. Ол кісі де менің мақалаларымды баспасөзен оқып, сыртай біледі екен. Телефонымды республикалық «Үш қоңыр» газетінен алыпты. Алғашында менің бұл газетке барғым келмеді. Өйткені, бұл газет қылмысқа, құқықа, заңға қатысты тақырып жазылады. Менің оған бейімім жоқ-тұғын. Содан болар, шыны керек бұған баруға жүрексіндім. Бірақ редакторы Кенжағали: «Әлімжан, бұл газетке сенің қалам-қарымың жетеді. Мен мақалаларыңды оқып жүрмін ғой» деп мені мақтаңқырып, қолқа салған соң жауапты хатшы болып бардым.

Айтса айтқандай, бұл газетте мен білмейтіндей құпия жоқ екен. Оған ерте бауыр басып кеттім.  Әр санға қылмысқа қатысыты әңгімелер беру керек болды. Кенжеғали өзі жазған екі әңгімесін жариялады. Содан кейін ары қарай әңгіме беру тоқтады. Қайсы жазушыға барып қылмысқа қатысты әңгіме жазып бер деп айтасың. Бұл тақырыпта шығарма жазатын жазушыны табудың өзі қиын еді. Бір күні аяқ астынан редактор Кенжеғали:

– Әлімжан, әңгімені өзің жазсаңшы демесі бар ма?

– Кенжеке, мені масқаралайын деп отырған жоқсыз ба? – дедім, оған алая қарап.

– Оның несі бар. Сен өзің білетін әдіске салып, қылмысқа қатысты әңгіме жазсаң болды ғой. Ертең бұл сенің жазу стилің болып тарихта қаласың, – деп күлді де, – Әлімжан, бұл менің қалжыңым емес, нартәуекелге келіп әңгіме жазып көрші. Мен сенің әңгімеге бергісіз мақалаларыңды оқып жүрмін. Саған сенемін, – демесі бар ма Кенжекең.

Содан «Шырға» деген әңгімемді екі апта зорланып жаздым, одан кейін

«Қауырсын», «Мен қашқынмын», «Жазымыштан озымыш жоқ», «Барымта», «Өзімізге де обал жоқ» қатарлы әңгімелерді жазып газетке арт-артынан жариялап отырдым. Содан барып менің де қолымнан бірдеме келетінін байқадым. Бірақ керемет көркем әңгіме жаздым деп айта алмаймын. Бірақ оқырман жылы қабылдады. Болашақта осы дәстүр жалғасын тапса, көрім бірдеме жазатыныма сенемін. «Мен қашқынмын» деген әңгімені кеңейтіп, романға айналдырсам ба деген ойым бар. Өйткені, бұл өте кең тақырып, әңгімемен қалып қалумауы керек. Ол алдағы күннің еншісінде.

Біз «Шұғыл сақшыдан» басқа «Мектеп оқушысы» деген газетті қосы шығардық. Кейін газеттің қаржысы болмай, айлығымызды бере алмаған соң Кенжекең екеуіміз жұмыстан кетіп қалдық.

Жолаушы-9: Сіздің сыныңызға қарсы пікірлер болған жоқ па? Тіпті, авторлардың өзінен де?

Ә.Әшімұлы: Қарсы пікір болған жоқ. Себебі, мен авторлардың өз сөзін өзіне қайырып, артық ауыз сөз қоспай дәлелдеп бергенімнен болса керек.

Жолаушы-9: Сіз Қытайдың кино саласындағы жарық жұлдызы, кинорежиссер Жанар Сағатқызынан бір-екі рет сұхбат өткіздіңіз. Бұл өнерге деген құрметіңіз бе, әлде, басқаша себебі бар ма?

Ә.Әшімұлы:  Еларалық «Қазақ елі» газетінде жумыс жасап жүрген кезім болатын. Бас редактордың орынбасары, жазушы-журналист ағам  Зәкім Жайлыбаевпен бірге 2006 жылы маусым айында Құлжаға келіп қайттым. Бұл сапар менің араға 8 жыл салып келуім еді. Қытайда болып жатқан көп жаңалықты мен де білмеуші едім. Осы сапарымызда режиссер Жанар Сағатқызының Қытайдың кино өнеріндегі тасы өрге домалап тұрғанын білдік. Мұны естіген біз де қуанып, Жанар тұралы мақала жаза кетуді мақсат тұтық. Бірақ Жанармен кезігу орайына ие бола алмадық. Көп адам оның дәл сол кезде қайда жұмыс жасап жатқанынан бей хабардар екен. Сонда Құлжадағы жігітер Жанар туралы жазылған «Табиғат талантты» деген кітаптің шыққанын айты. Ол кітапты да таба амалдық. Біз Алматыға қайтып барғанан кейін, Құлжадағы жігітер бұл кітапты артымыздан жіберіп беріп, қолыма тигізді.

Мен кітапты оқып шығып «Жарты әлемді жалт қаратқан Жанар» деген эссе жаздым, бұл «Қазақ елі» газетінде жарық көрді. Кейін бұл эссені «Жас алаш» газеті ықшамдам «Қытайдың хорқызы» деген тақырыппен жариланды. 2008 жылы ақпан айында Үрімжіге барған сапарымда Жанарға жолығып сұхбат өткіздім. «Қазақ елі қазақтың актерін өз киносы арқылы шетелге танытуы керек» деген атпен жарияланған бұл сұхбатты Қазақстан оқырмандары жылы қабылдады. Сол жылдың 12-13 қарашасында Астана қалалық әкімдік пен тілдерді дамыту басқармасы Елорданың 10 жылдығы мен Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай ұйымдастырған «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл-мәдениет және Алаш мұраты» деген халықаралық ғылыми конференцияға қатысып қайтты. Сол кезде онымен тағы сұхбаттасу орайына ие болдым. Бұл сұхбат «Тыңдырған ісімді ешкімге міндет етпеймін...» деген атпен «Қазақ елі» газетінде жарық көрді. 2009 жылы республкалық балалар газеті «Ұланның» арнайы тапсырысымен  «Ең үлкен байлығым – ана тілім» деген сұхбат «Бізде бала болғанбыз» деген айдармен басылдды. Ал «Жанардың жарық жұлдызы» деген сухбатым 2012 жылы еларалық «Атын бесік» журналында жарияланды.

Қытадағы танымал кинорежиссер Жанар Сағатқызымен сухбаттасып, естелік қалдырған бір сәт. 6 ақпан 2008 жылы. Үрімжі.

Өзіңіз айтып оырғандай Жанар Сағатқызы қазақтан шыққан өнер жұлдызы, қазақ қайраткері. Әр жылы оның режиссерлік еткен телехикаялары Қытайда күшті аңыс қозғап, үлкен сыйлықтарды қанжығасына байлап келеді. Бұл кезкелген қазақтың қолынан келе бермейтін үлкен шаруа. Әсіресе, Қазақ елінің оқырмандарына оның осы жетістікетері қатты қызықтыратын. Мен жазған эссе мен сұхбаттар арқылы біздің оқырмандар Жанар Сағатқызының кім екенін, оның өнер жолындағы ізенісін, қайсарлығын, шыққан биігін, тұлға болып қалыптасу барысын жақсы білді деп ойлаймын. Әлі де Жанар менің ғана емес, жалпы журналист қауымының назаранда. Оның өнер жолындағы әрбір қадамы мен іс-әрекетін олар бақылап, аңдып отыр... Жанар Сағатқызы туралы сұхбаттар ғана емес, ғұмырнамалық роман жазылса да артықтық етпейді. Оның да ауылы алыс емес шығар деп сенемін...

Өзің де білесіз, Жанардың әкесі Сағат Жайпақ белгілі баспагер-аудармашы, анасы Қытай қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш журналист, ағасы Амантай белгілі баспагер, Бейжіңдегі Ұлттар баспасының қазақ бөлімін біраз жыл басқарған. Әкпесі Майгүл де журналист, Шынжаң радиосының қызметкері. Бауыры Айдос Амантай талантты, болашағы зор жазушы. Оның «Жетесіз» деген повесі «Жалын» (№12, 2014 ж) журналында жарияланған болатын. Айдостың бұл шығармасы классик жазушы Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықты қанжығасына байлады. Қазақстанда жарық көрген Айдостың шығармалары алдымен менің қолымнан өтеді. Оның «Алматыны жазу қиын» атты эссесі «Қазақ әдебиетіне» жарияланды. Белгілі ақын Балапан Рабаттың қытай тілінен аударған Айдос Амантайдың «Айдос пен Шолпан» романын өзім оқып шығып, баспаға дайындап отырмын. Қазір екеуіміз шығармалық байланыстамыз. Демек, бәрінің кәсібі маған жақын. Әріптесім десем де болғандай. Сондықтан мен олармен жиі хабарласып, пікірлесіп тұрамын. Үрімжіге барған сапарларымда міндетті түрде Сағат аға мен Тұрсын апаға кіріп амандасып шығамын.

2008 жылы Үрімжіге барған сапарымда Шынжаң-3 телеарнасының жүргізушісі, журналист Нұрсара Татанайқызының менен сухбат алып жатқан сәті...

Жолаушы-9: Сіз Қазақстанда кітап шығардыңыз ба?

Ә.Әшімұлы: Шетел қазақтары туралы жазылған мақалаларымды жинастырып «Араласпаса ағайын жат» деген атпен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасына ұсынғам. Олар тендерге екі-үш рет ұсынды, бірақ менің бұл кітабым тендерге ілікпеді, жолы болмады. Енді басқа баспаларға беріп көрмекпін. Мемлекеттік жоспарға кіріп жатса, алдағы жылдары шығып қалар.

Менің Қазақстанға келгенен кейінгі жазған дүниелерім қазір бес кітапқа жүк болайын деп тұр. Құдай қаласа соны алда дайындап баспаға ұсынуым керек. Бұл еңбектерім кітап болып баспадан шығып жатса, халықтың рухани дүниесіне айналатынына сенімім кәміл!

Жолаушы-9: Өкінген кездеріз болды ма?

Ә.Әшімұлы: Әрине, өкінген кездер болады. Өкініш пен қуаныш егіз қозыдай қатар келе жатыр. Онысыз өмірдің қызығы да болмайтын шығар.   

Жолаушы-9: Арнайы уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Ә.Әшімұлы: Сізге де рақмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Сұхабатты жүрізген Жолаушы-9.

10-шілде 2014 жылы, Үрімжі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052