Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2138 20 пікір 13 Тамыз, 2024 сағат 14:44

Теменов: Біз рухымызды ұрлатқан халықпыз!

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

«Жығылганға жұдырық» жақсы емес... Осыдан төрт жыл бұрын біздің команда Токиодан түк алмай келгенде үндемей-ақ, қояын дегем. Енді шыдауға амал қалмады...

Қайран желге ұшқан, жо-жоқ жебірдің қалтасына түскен халықтың қаражаты ай...  Ол да құрсын. Сағымыз сынды-ау... Мақтанғанда «казахский понтты» айтсаңшы. «Пәлен алтын, түглен күміс әкелеміз», - деп емексітіп қойды ғой. Есіме туссе екі бетім өртеніп кетеді. Бәрі өтірік , бәрі құр сөз боп шықты. Спортымыз да, даңқымыз да құр дақпырт екен...

Осыдан біраз жыл бұрын осыны бір жазып ем. Тағы қайталайын, жас ұрпақ білсін! Кезінде Димаш Ахметұлы Қонаевтан бір журналист сұраған екен... «Сізді алаңдатар немене», - дегенде: «Мен  «Қазақфильм» мен «Қайратқа» алаңдаймын», - депті. Қандай көрегендік?! Бірі – мәдениет, екіншісі – спорт. Екеуі де елдің имиджіне қызмет етеді. Мемлекеттің экономикасынан, саясатынан бұрын шет елге рухымызды паш ететін нәрселер. Қазір мәдениет те, спорт та ешкімге керек емес болып қалды. Менің айтып тұрғаным – жанашыр тұлғалардың спорт пен мәдениеттің басы-қасында болмауы. Біз қазір осы дерттің диогнозын тауып емдемесек, бұл мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешпесек, болашағымыз бұлыңғыр  болуы ғажап емес. Министр бастап, Мемхатшы қостап, Премьер қолпаштап, осы түйінді шешуге кірісу керек!

Жабулы қазан жабулы. Алайда қазанда не бар? Қайнайтын суы қалды ма, болмаса буланып кетті ме, тексерген жөн. Жақында әлеуметтік желіден жапон түркологы Наката Оконын жазғанын оқыдым. «Сіздер - адасқан, жолынан жаңылып қалған халықсыздар, меніңше», - депті . Не деуге болады? Басқа бірдеңе десе «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп айтысар да, жұлысар едім.

Алайда оның айтқаны шындық болса не істейін? Себебі жоғарыда айтылған дүниелер мәдениет пен спорт, яғни, руханият – болашақ ұрпақты, ертеңгі тұлғаларды өсіретін, дайындайтын, оқытатын, үлгі беретін, ертеңге  тарбиелейтін алтын бесіктің белдеуі. Ия, солай?..

Ғылым мен мәдениет жоқ жерде дін төрге шығады. Дін қазір тарамданып бөлініп жатыр. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, зерттеп, зерделеп елге түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Кейде біз осы отыз жылда не бітірдік деп ойласам мешіт пен тойхана салуды уйреніппіз. Той тойлауды меңгеріппіз. Бүткіл дүние жүзінде той туралы, би жайлы, құда жайлы ән шығарудан бізге ешкім шақ келмейді. Рас айтамын!  Қай неміс, болмаса француз құдасына ән арнапты? Жарайды... Ол да әңгіме емес шығар...

Қазір мәселе басқа боп тұр. Әңгіме ертеңге немен барамыз? Болашақ ұрпаққа нені аманат етеміз? Мемлекетімізді қалай өркендетеміз? Ең басты құндылық – адам екенін қайтіп көрсетеміз? Тілімізді қалай сақтап қаламыз? Дарынды, оқыған жастарымызды қашан, қалай елге қайтарамыз? Кім ойланар екен? «Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер? Барары жоқ, байлау жоқ,е рім қайтіп күн көрер? Бәріңнің  де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер?» деп М. Әуезовтің Абызы зарлағандай, бізде кейде ұйқысыз өткізетініміз бар.   Болмаса, ең маңызды өнер – киноның жағдайын неге Үкімет отырысында қарамайды? Неге жемқорлардың кезіндегі қабылданған заңдарды өзгертпейді? Неге көрші елдер сияқты кино агенттігін құрмайды? Неге біз осындай маңызды мәселелерді  ұмытып кетеміз? Бұл сұрақтар біз үшін Гамлеттің сұрағынан бір мысқал да кем емес! Иә,себебі біз құр сөзден шаршаған ұрпақпыз...

Олимпиададағы алтын – ол біздің балаларымызға, болашағымызға үлгі болар еді.  Мақтанышымыз болары хақ. Өйткені қазір бізге саналы, ұлтын сүйер, елін, жерін сыйлайтын жаңа ұрпақ керек! Егер бізге Жаңа Қазақстан керек десеңіз, оны тек жаңа ұрпақ жасайды деп үміттенем.

Сондықтан президентіміз Қ.К.Тоқаев алтын алған Елдосқа телефон шалып сөйлесті.  Өйткені  Елдос рухымызды көтерген азамат.

Айтпақшы тенисші қыз Рыбакина Олимпиаданың алдында ауырып қалды. Екіншісі тағы солай... Ауырды ма, ауырмады ма, білмеймін. Білетінім – кешегі Томирис пен Зарина, Рабия бегім немесе Әлия мен Маншүктер ауырмақ түгілі қансырап жатса да алаңға шығар еді-ау деп ойлаймын. Өйткені осыны ұғыну үшін сен патриот болуың шарт! Оны біздің қаршадай қарындасымыз Абиба қарындасымыздан көрдік. Яғни, бізге тек намыс керек екен ағайын.

Көрші өзбек ағайындарға тағы да  риза болдым.  Мүмкін олар біз сияқты сөмке, чемодандарына қазы-қарта, бауырсақ, құрт салмаған болар. Бірақ олар кеуделеріне намыс пен арын салып барғаны анық!  Сондықтан да өзбектер 13 орында, ал  Қазақстан  41.

Өзбектер Олимпиадаға 160 млн доллар жұмсаса, Қазақстан 660 млн шашыпты. Өзбектерге біздегідей жағдай жасалды ма, жасалмады ма ол акаларға аян. Меніңше Ташкенттегі азаматтар спортсмендеріне сенім мен Отансүйгіштікті үйреткен сияқты. Иә, бүгін Өзбек боксы Орталық Азияда мықты. Оны төрткүл дүниеге дәлелдеп берді. Міне, идеология деген осы! Міне,  патриотизм деген қайда жатыр? Бізде ше? Қысыр сөзден басқа ештеңе жоқ!

Енді маған, бәзбіреулер спорт пен мәдениет, яғни, руханият жайлы қандай ұран айтса да  сенбеймін! Өйткені біз жалған сөзден шаршадық. Қазіргі «идеологтар» яғни, блогерлер  бір нәрсені түсінбей жүр: Оның сыры – біз атадан балаға мирас боп келе жатқан рухымызды жоғалтқанымызда.  Генетикалық код – Ұлттық тәрбие, яғни, рухымыздан адасып қалғанымызда. Біз «арым-жанымның садағасы» деген қағидамен өмір кешкен ата-бабаның ұрпағы емес пе едік?

Алайда айдын күннің аманында, біздің рухымыз жоғалды. Генетикалық кодтан айрылып қалдық. Ұлттық тәрбиеден ада болдық. Олимпиадаға біз қазы-қарта емес, намыс пен жігерді, яғни рухты апаруымыз керек еді. Шамасы Қазақстанның тойымсыз жебірлері алтын, күміс, мұнаймен қоса рухымызды да сатып жіберген сияқты. Не айтуға болады?  Апам айтпақшы «не бетімді айтайын?» Жердің асты-үстіндегі  байлығымыз талан-таражға түсті, тіліміз эмиграцияда жүр, оған да шыдар едік-ау... Алайда рухымызды неге ұрлаттық екен? Неге 30 жылда Назарбаев дәуірі бізді осынша күл қылды? Затымыз жоғалса полицияға арызданамыз. Ал рухымызды ұрлағанды кімге айтайын? Кімге барып шағынамын? Кімге барып көз жасымды көл қылам? Кім біледі, бұл сұрақтың жауабын? Айтыңдаршы, ағайын...

Талғат Досымғалиұлы Теменов,

ҚР Халық артисі кино режиссер

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1990