Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 9541 0 пікір 30 Қыркүйек, 2024 сағат 15:13

Ақ жалындай бұрқырап жүретін ақжарма азамат еді

Суреттер автордың мұрағатынан алынды.

Эссе

Адам балсы өзі жасаған ортаның төңірегіндегі қадау-қадау тау шоқыларының биіктігін, ұлылығын, асқақтығын оларға қаншалық жақындаған сайын соншалық айқын сезінсе, өзі бірге жасап, біте қайнасып өскен замандастарының, саптастарының, туыс-туғандарының, дос-жарандарының қадір-қасиетін, кісілігін, азаматтығын, адамгершілігін олардан қаншалық алыстаған сайын, олардан айырылған күндері қаншалық ұзарған сайын соншалық терең сезінетін көрінеді ғой!

Ақын, журналист, фотограф, редактор марқұм Жүнісбек Нүсіпұлы

Жүкең туралы осы мақаламды жазуға ниеттенген сәтте менің басыма осындай бір ой оралып, кеңсірігім ашып, тамағыма әлде қандай бір қатты түйіншек көлденең тұрып қалғандай, қос жанарым мұнартып, бір сәттік қиналысты күй кешкен жайым бар. Бәлкім, бұл менің Жүкеңе деген сарғайған сағынышымнан, қимастығымнан, іззет, құрметімнен туындаған сыйластық, достық, туыстық сезімімнің атылып шығып өлім мен өмірдің көкжиегіне барып түскен жанымның бір жасыны шығар?

Кеше ғана жолыққан ортада жарқылдай күліп, жалпылдай амандасып, аңқылдай әзілдесіп, ақтарыла сырласып, ақ жауындай төгіліп, ақ жалындай бұрқырап жүретін ақжарма азаматтың тіршілік базарындағы-панидегі орны неге өгейсімеске?! Оны неге сағынбасқа?! «Кеше ғана» дейтінім, мен Жүкең қайтыс болардан бір күн бұрын яғни 2002 жылы көкектің 21күні (жексенбі күні еді) төрт айға жуық қасына бара алмаған аяулы саптасымның қасына көңіл сұрай барып, екі сағаттай жанында отырып, өткен-кеткендерді айтып, әңгімелесіп қайтқан болтынмын. Менің барғаныма Жүкеңнің өзі де, бала-шағалары да көңілденіп кеткендей болды. Қарындасым Бұлбұлдың «Аға, сізді аузынан тастамайды. Әлгі бір сөзіңізді қайта-қайта айтып көңілденіп қалды» дегені есімде бар. Сол үшін де көбірек отырып қалғам. Төрт айға жуық қасына бара алмаған себебім: Желтоқсанның 27-күні аяқ астынан ауырып, мен Автономялы райондық Жұңиы шипаханасына жатып қалғамын. Ал, Жүкең Иышөйанның ауруханасында, балалары барып-келіп тұрады. Екеуіміз әр күні дегендей телефонда сөйлесіп тұрдық. Сонда мен ылғи (телефон соққан сайын) «Е, Жүке, қалқатай сен аржақта, мен бер жақта» дегендей деп Жүкеңді күлдіруші едім. Бұлбұлдың «әлгі бір сөзіңізді» дегені де сол болтын. Мен барғанда Жүкеңнің хал-жайы төмендеп қатты қиналып отыр екен. Мен барғаннан қайтқанға дейін інісі Жүнісәлі Жүкеңнің бел омыртқаларын уқалап отырды. Жан төзгісіз ауру азабына әрең шыдап отырсада, үміткерлік сезіміне титтей де қылау түсірмеген Жүкең қайта-қайта Толы ауданындағы мен барып емделіп қайтқан шипагердің мән-жәйін сұрап, соған барып емделгісі келетінін айтты. Байқайым, марқұм өзінің сауықпас кеселге душар болғанын білмейтін сияқты. Мен шығып бара жатқанда оң қолын көтеріп, біртүрлі қимастық сезіммен хош айтысты. Мен шығып кеткен соң, Бұлбұлға: «Сәкең, мен олай-былай болып кетсем, артымда сендер барсыңдар ғой деуші еді. Мына беталысыма қарағанда, Сәкеңе сол сөзді мен айтатын сияқтымын ғой» депті. Бәлкім, Жүкеңнің өз ауруынан ең алғаш секем алуы болар? Бұл біздің ең ақырғы әңгімелесуіміз әрі ең соңғы қоштасуымыз екенін қайдан білейін?! Ертесі (дүйсенбі) түстен кейінгі сағат екі мөлшерінде Ботакөз қарындасымның телефонда айтқан қаралы хабарын естігенімде, өз құлағыма өзім сенбей бір сәт сілейіп тұрып қалыппын. Жұбайым Күлшікен «үй, саған не болды?» дегенде барып, ұйқымнан шошып оянғандай, «Қайран Жүкем жүріп кетіпті!» деппін ғой. Онан ары сөйлеуге дәрменім жетпеді.

Теріс айналып көз жасымды сүртіне бердім, өкси бердім. Бір дүлей күш ет жүрегімді езіп жібергендей, бір суық ағыс тұла бойымды жүйе-жүйкемді кеулеп бара жатқандай қатты түршігіп кеттім... Бірақ, амалым қанша?...

Біз дереу жабданып, көлік тосып, Жүкеңдікіне тарттық. Екі үйдің арасы жеңіл көлікке 15 минуттық ғана жол болғанымен, осы сәттік аралықта менің көңіл экранымнан тірі Жүніспектің өзім білетін кешірмелері бір-бірлеп елестей берді, өте берді... Біз, осыдан 40 жыл бұрын яғни 1963 жылы көктемде танысқан едік. Онда мен жоғары мектептің 4-курсында оқитын студентпін. «Ашаршылық» деп аталтын алпатты тақсыреттен енді-енді ес жиып, арқамызға жабысуға шақ қалған кіндігіміздің қайтадан көтеріле бастаған кезі. Ол тұстағы студенттер мен студенткалардың өздерін іздеп келгендерді күтіп алу салттары да қызық еді. Кімге қонақ келсе, соның жатағындағылар немесе өзі өте жақын аралсатындар асханадан (оқушылр асханасынан) өздеріне тиеселі тамақтарынан алып келіп, жатақта ортақ «дастарқан» жайып бірлікте күтісетін. Қонақ та, қонақ иелері де барына мәзір, ешкімді ешкім сөге жамандамайды. Ортадағы ортақ дәмді көңілді отырып ішіп-жеп болған соң, ешқандай ішімдіксіз-ақ әңгіме айтып, ән шырқап, ыңғайы келсе студенкалрды шақырып келіп би билеп, алуан түрлі ойындар шығарып, мәре-сәре болысып жататын-ды.

Мен, Жүкеңмен әне сондай «берекелі» бір дастарқанда танысып едім. Ол күнгі қонақ иесі-менің жатақтас сабақтасым (қазір Орталық Ұлттар баспасының зейнеткері) Ақапбай Шоғанұлы еді. Ол Жүкеңмен сабақтас әрі бір аудандікі екен. Кездесіп отырғанымыз сол болғанымен, мен Жүкеңді Жүкең мені әбден білетін болып шықтық. Ол тұстағы студент-студенткалардағы ортақ бір қасиет: күнделікті сабақ өтіліп болғаннан кейінгі уақытымыздың көбін мектеп кытапханасында кітап, газет-журнал оқумен өткізетінбіз. Сол тұстағы Жүкеңнің жазған хабар-очерктерінен де, өлеңдерінен де недауыр хабарлы болтынмын. Үлкенді-кішілі газет, журналдарда менің де өлеңдерім үздік-создық жариялнып тұратын. Екеуіміздің сырттай танысатын себебіміз де осы еді. Оның үстіне Жүкең дәл сол күнгі «Шынжаң газетіне» менің бір өлеңім басылғандығын айтып, мені құттықтады. Онда бір өлеңіміз жарық көрсе, еңсеміз бір биіктеп қалғандай сезінетін, жүрегіміз кеудемізге симастай алып ұшып тұратын кезіміз. Сөйтіп, біз солай танысқан болтынбыз. содан былайғы күндерде де біз анда-санда жолығып қалып жүрдік. Жүкеңдер мектепке келіп-кетіп жүреді. Әрине, салт бас сабау қамшылы жігіттердің ондай жүрістері нысанасыз болмайтыны айтпасақ та түсінікті ғой. Сол тұста бізден кейінгі жылдықта (тарих факльтетінде ме, әлде, саяси мағарып факльтетінде ме? Есімде қалмапты) оқитын шапшалдық бір әдемі бөйжеткен болушы еді. Кейін ұқсақ, Жүкең сол қызды айналсоқтап жүреді екен ғой.

«Мәдениет зор төңкерісі» кезінде де біз оқта-текте бас қосып қалып жүрдік әрі бір көзқараста болдық. Сол кезде ме, әлде бертінде ме біреулер Жүкеңе «Жүн Дапау » деп лақам ат қойыпты. Марқұм, солай деп «Жүн» дегені Жүнісбек, «Дапауы» зеңбірек дегені еді. Шақырсақ та ауыр алмай, жарқылдай күліп «а» деуші еді.

Марқұм Ж.Нүсіпұлы әріптес, ақын-жазушы, тарихшы ағаларымен бірге түскен естелік суреті.
Алдыңғы қатар оңнан: Ахметбек Кірішбаев, Оразбек Қанапиін, Омарғазы Айтан, Әбдірешіт Байболат, Нығымет Мыңжани, Сәбиғазы Мақпұш, Бұлантай Досжан, Шәкен Оңалбай.
Артқы қатар оңннан: Жүніспек Нүсіпұлы, Ырысбек Аухан (қызғыз), Әуелхан Қали, Зейнолла Сәнік, Оразанбай Егеубаев, Тәліпбай Қабай, Жүмәділ Маман.

Ал, Жүкеңмен менің ішкерілей аралсып, бірте-бірте сырлас жандарға айналуымыз 1973 жылдың қоңыр күзінен басталып еді. Сол жылы тамыздың ақырғы күндерінде біз «Шұғыла» журналын қалпына («Мәдениет зор төңкерісі» басталғанда түтіні өшіп, түңлігі жабылып қалған «Шұғыла» арада 8 жыл өткеннен кейін қайта қалпына келтрілген-ді) келтіру үшін алдымен, Тарбағатай аймағынан шығарма ұйымдастыруға барғанбыз. Біз барғанда Жүкең Шәуешекте тілшілік істеп жүр екен, бізге қосыла кетті. Шәуешекте күндіз-түні бірге болып жүрдік. Шағантоғай ауданына бірге бардық. Ақын Сәбит Ниғыметжанұлының жатағында болып, оның қамақханадағы кешірмелерін бірге естідік. Ертесі «Алтын-Еміл» аталтын гұңшыға (колхозға) баратын болып дайындалып жатқан едік. Аудандық Халық үкімет кеңсесінің жауаптысы көлік жағдайының шешілмей тұрғанын айтып қасымызға келді. Дәл сол кезде аймақтық газетхананың орынбасар бас редакторы Ақан Бейқұтұлы ағамыздың жетіп келмесі барма! Қасында өзі баулып жүрген 4 шәкірт тілшісі бар екен. Оларда «Алтын-Емілге» бет алыпты. Сонымен, Ақан ағамыз 3 шәкіртін қалтырып «Жүкең кәсіптесім ғой, ал сендер қонақсыңдар, сендерді ал кетейін» деп Оразқан Адаспайұлы екеуімізді бес кісілік пикабына салып алды да жүріп кетті. Жүкең мен 3 тілшіні аудан жауапты болып «Алтын-Емілге» жеткізіп қоятын болып келісім берген. Содан тұп-тура түн ортасы болғанда Жүкеңдер әрең жетті. Жеткенде де жырғап жетпепті, топыраққа көміліп отырып зорға жетіпті. Сөйтсек, біз кетіп қас қарайғанша көліктің дерегі болмапты да, әбден қас қарайғанда төртеуі «не болсада, тәуекел» десіп «Алтын-Еміл қайдасың!» деп жаяу тартып келе жатып, бір өгіз арбаға жолығыпты да, сол арбамен келіпті ғой. Егер, Жүніспектен өзге біреу болса, тілшілік салауатын көлденең тартып-ақ жерліктегі шолаң-шоштыраң мансаптылрдың екі аяғын бір етікке тығып, астындағы атын болса да мініп кете берер еді ғой, шіркін! Үйткені, дәл сол кез тілші дегендердің қақырығы-қайма алтын, түкірігі түйме алтын болып тұрған кезі еді. соншалықты азаптанып, ақ топыраққа көміліп, арып-ашып жеткеніне ренжігенді қойып, Жүкең айнадағы екі көзі ғана жылтырап тұрған өз өңіне өзі қарап мәз бол күліп, «Біз-тілшілер, сендер сияқты дайын ас, дайын көлікті үнемі ұшырата бермейміз. Аш та жүреміз, тоқ та жүреміз, көлікпен де жүреміз, көліксіз де жүреміз, күй талғамаймыз»... деп бізді сыбай қамшылп-сынап та алды.

Сөз арасында өздерін алып келген арбакешін «біздің шөферіміз де осал жігіт емес екен, қайта, сендерден бөлініп қалғаным мұндай жақсы боларма, мына жігіттен көп жағдайларды ұғыстым. Бізге керегі де осы емес пе» деп өзінің тілшілігіне қатысты бірінші қол материалға ие болғанын да мақтанышпен айтып алды. Айтса айтқандай, Жүкең сол жолғы сапарынан балғаның сабындай шып-шымыр «тілші естелігін» жазып «Тарбағатай газетінде» жариялды.

«Алтын - Емілде» екі-үш күн аялдап, аралықта біз Шағантоғайдың Жиек гұңшысының бір түкпірінде жатқан (онда гұңшы мүшесі екен) Жұмабай Біләлұлынікіне бардық. Ертесі Жұмабайдың бір өлеңі үшін (Жүкеңнің жазған октябрь туралы өлеңін гұңшыдағылар тексеріп көреміз деп алып кеткен екен) арнайы гұңшыға бардық әрі Жүкеңнің өлеңін алып кеттік. Сол күні Жүніспек менің «Отанға арнау» деген өлеңім мен Жұмабайдың әлгі өлеңін, өзінің бір хабарымен қосып «Шынжаң газетіне» жолдап жіберді. Арада ұзақ өтпей менің өлеңім мен Жұмабайдың өлеңі «Шынжаң газетінің» бір күнгі санында бірге жариялнды. Бұл – Жұмабайдың да менің де «Мәдениет зор төңкерісінен» кейін тұңғыш жариялнған туындыларымыз еді. Ал сондағы газет пен біздің арамызды жалғағандәнекеріміз марқұм Жүкең болып еді.

Біздің сол жолғы төменге барудағы тағы бір міндетіміз: Ілгерінді-кейінді өрістетілген саяси науқандарда соққы көрген, қақпайланған, албаты айдауда жүрген қаламгерлерімізді тауып, хал-жағдайларын ұғысып, амалдың барынша оларды қолдап-қуаттап, шабыттандырып, қайтадан қалам шебіне оралту еді. Жұмабайды да сол мақсатпен іздеп барғанбыз.

Біз «Алтын-Емілден» бір-бір ат мініп, Барлық тауының Жақсылық асуынан асып, Барлықтың күнгей бетіндегі Алмалыдағы менің қайын атамның үйіне келіп 5-4 күн тұрдық. Бұл күндерді Оразқан екеуіміз көңілді демалыспен өткіздік. Бірақ, Жүкең төтенше қарбалстықпен өткізді, дадұйдың (қыстақ), шияудұйдың (кент) дұйжаңдарымен (басшылары), егіншілерімен, малшылрымен, мұғалімдарымен кезек-кезек әңгіме дүкенін құрып, оларды суретке түсіріп әбігерленді де жүрді. Ол жылдар фото апараттың да тым аз кезі. Ал, суретке түсу дегеніңіз – ауыл адамдарына біртүрлі таңсық құбылыс сияқты сезілсе керек. Біресе анау, біресе мынау келіп суретке түсіруді өтінеді. Жүкең бәріне де мақұл. «Шырт-шырт» еткізіп тартады да жатады. «Жүке, сенің лентаң таусылмай ма?» десек «үндеме» дегендей көзін қысып, жымың етіп қояды. Сөйтсек, Жүкең бәрін де «көңіл аулау» үшін істеп жүріпті ғой, оны кейін білдік. «Енді қайтем, біреуін түсіріп, біреуін түсірмесем не деп ойлайды. Сонан соң өтірік болсада түсірген болып бәрін де разы еттім» деп күледі. Үлкен болсын, кіші болсын, ер болсын, әйел болсын, кадр болсын немесе еңбеккер болсын, Жүкең бәрімен де тез тіл табыса біледі екен. Мен оның осы ізгі қасиетын сол жолы тіпті де терең сезінген едім. Марқұм пәни дүниеден аттанғанша осы қасиетіне қылау түсірмей, осы қасиетінен жазбай кеткеніне ешкім де көз жұма алмас-ау.

Жүкең бертінде бастық та болды. Ең жоғары ғылыми атақ та алды. Бірақ, ол бұрынғы Жүніспек кейпін титтей де өзгертпей өтті. Кісілік деген де, кішілік деген де болса-осындай-ақ болар.

Сол бірге жүрген күндеріміз де мен жүкеңе:

Алыс тастап барасың жиырманы,

Е, Жүніспек ахуал қиындады.

Қыз-қырқынға тиссең де қырғидайын,

«Жүкенім» дер бір бикеш бұйырмады, – деп басталтын әзіл өлең жазған едім. Жүкең де осал түспеді.

Кездерім көп лепіріп тынысты өткен,

Күндерім жоқ думансыз тыныш өткен.

Әйеліңді жылына бір көресің,

Артық сенің қай жерің Жүніспектен?! деп маған «тойтарыс» жасады. Олай дейтіні, менің әйелім жоғары мектеп бітіре салып оңтүстік Шынжаңға «қайтали тәрбие» алуға кеткеніне 5 жыл болған. Ауыстырып әкеле алмай жүргем.

Жылына бір-ақ рет барып-келуімізге бір айлық рұхсат беріледі. Жүкеңнің айтып отырғаны да сол еді. Екеуіміздің де өлеңіміз Толы аудандық оқу-ағарту бөлімінің бастығы Тұрсын Жаппар ұйымдастырған, біздің Толыдағы авторлармен бас қосу жиынымыздың құрметіне жайылған дастарқанда оқылған болтын. Ол тұста топты ортада өлең оқудың өзі біртүрлі сөдегей қылық саналтын-ды. Содан да болар, екеуіміздің әзіл өлеңіміз бырталай адамдардың есінде қазірде бар екен.

Сөйткен Жүніспегім кейін өзіме күйеу болмасы барма! Содан былай мен «қайын аға» ол «күйеу» болып, ішектеріміздің қырындысына дейін білісетін жақын адамдар болып кеттік. Содан бері де міне аттай желіп жиырма неше жыл өте шығыпты. Ой, зымыран заман-ай деңізшы!

Жасаған ортамыздың, шұғылданған кәсібіміздің, жүріс-тұрысымыздың, арман-тілегіміздің, көздеген нысанамыздың ұқсастығы біздің тонның ішкі бауындай жақындастырып, достастырып жіберді. Ал, содан бергі Жүкеңнің өмір кешірмелерін мен бес саусағымдай қанық білемін. Бірақ, оның бәрін осындай бір шағын мақалны қойып, дардай қомақты ғұмырнамалық романға сидыру мүмкін болсын ба?!

Жүкеңнің кісілігі, кішілігі, қалтықсыздығы, ақжарқын ашық көңілділігі, ұлт демей, ру демей, жер демей барлық адаммен шығысқыштығы, силасымды берекешілдігі, жұмысқа шөгелділігі, ұйымға адалдығы, туыс-туған, дос-жаран, бала-шағалрына қамқорлығы, үлкенді құрметтеп, кішіні аялғыш асыл қасиеті, қарапайым, қағылез, төзімді, ізденгіш адамдық бөлымыс-бітімі т.б ... бәрі-бәрі де тірі жүрген біздің де, бізден қалып бір-біріне кіндік жалғап өсіп-өніп жататын сансыздаған ұрпақтардың да мұрагерлік етіп жалғастырып, үнемі үйренетін үлгісі боларына өз басым шүбә келтірмеймін. Жүкең қайтыс болғаннан кейін, оның қаралы қазасына жолданған көптеген телеграммалрдың біреуінде: «Біз Жүніспек Нүсіпұлының қайтыс болғандығы жөніндегі қаралы хабарды естіп қатты қайғырдық. Халқына қалтқысыз еңбек еткен, ақжарқын сақа журналисімізден, жақсы ақынымыздан айырылғанымызға қабырғамыз қайыса егілдік. Мезгілсіз келген рақымсыз қазаға налыдық. Амал қанша, тағдыр жазмышына шара жоқ... Өлім атты шындықты мойындамасқа, қадірлі азаматымыздың пәниден бақиға аттанғанына сенбеске амал болмады. Біз аға тілші, майталман редактор, танымалы журналист, айтулы ақын Жүніспек Нүсіпұлының жайдарман мінезін, еңбек сүйгіш елпектігін, баршаны бауырындай көретін кішпейлдігін, адамдық асыл қасиетін сағына еске алмыз. Еліне, туған халқына деген қалтқысыз адалдығы мен өшпес мол еңбегіне құрмет етеміз!» делініпті. Бұл бір мекеменің телеграммасы болғанымен одан адамдық қасиеттің арайлы алуын таныған сан-санақсыз адамдардың, әлеуметтік, қоғамдық жіктердің, оқырмандар мен кәсіптестердің жүрегін жарып шыққан шындықтың риясыз дауысы мен қылау түспеген таза кейпі жатқанын кім мойындамасын?!

Ендігі сөзді Жүкеңнің өмірбаяны мен елеулі еңбектерінен сабақтайық. Жүніспек Нүсіпұлы 1943 жылы науырыз айында қазіргі Іле қазақ автономиялы облысы, Шапшал ауданының Алтынбұлқ ауылында қарапайым малшы отбасында дүниеге келген. Ол 1950 жылдан 1956 жылға дейін Шапшалдағы бастауыш, орталу мектептерде оқыған. 1956 жылы күзде Үрімжідегі Шынжаң педагогика институтына оқуға қабылданып, одан 1959 жылы оқу тауысқан. Содан соң Шынжаң педагогика мектебінен тағы да екі жылдық курс оқып (мектеп ұйымының нысаналы оқыту ұйғарымы бойынша)  1961жылы оқуын тамамдаған әрі сол жылы күзден бастап қоғамдық жұмыстарға аралса бастаған. Жүкең көзінің тірісінде өзінің тілшілік кәсібін сөз ете қалған сәттерінде Хуаң юансай, Хы иын, Бұлантай Досжан, Ли моң, Ғани Саржанов қатарлы аға ұстаздарын аузынан тастамаушы еді. Айтса айтқандай, 1961жылы газетхана босағасынан имене аттаған түбіт иек, шынашақтай қаңылтақ бал жігітке алғаш жылы шырай көрсетіп маңдайынан сипап, оның үмітке толы балғын санасына кісіліктің, адамдықтың, азаматтықтың, үміткерліктің, құлшыныстың алғашқы сәулесін түсірген осы кісілер болған екен. Осы орайда айта кетейін: баяғы да Жүкең екеуіміз тағы да Шағантоғайға бара қалдық. Ертесі ертерек даланы айналып келмек болып кеткен Жүкем, жерден жеті қоян соғып алғандай қуана қайта оралды. «Ой, не болды?» дейім ғой, «Ой, Сәке, жолымыз болатын болды!» дейді Жүкем. «Иә, сәт!» деймін. Сөйтсем, әлгінде ғана өзімен бірге тілшілік кәсіпте болған бұрын газетханада бірге істеген бір ханзу досына жолығып қалса болды. Ал, ол Шағантоғай аукомының орынбасар шужиы (хатшысы) болып істеп жатыпты. Сонымен, Жүкең де мен де қарық болдық та қалдық. Әп-сәтте барлық қолайлылықтан игіліктене бастадық. Әлгі ханзу жігіт әмалиятта (із жүзінде) Жүкеңнің алғашқы ұстаздарының бірі екен. Бірақ, ұстаз едім деп кергіген ол жоқ, шәкірт едім деп тартыншақтаған Жүкең жоқ, екеуі бал жаласқан достардай шұрқырасып табысыпты. Біз кетер кеткенше, әлгі шужиымыз неше дүркін келіп-кетіп жүрді. Сонда байқағам мен, Жүкеңнің өзгелермен тез үйірлескіштігін. Кейін ұқсам, жоғарыда аты аталған ханзу тілшлер бертінде үлкен-үлкен мансаптылар болыпты. Оларды былай қойған күннің өзінде, Жүкеңнің Бұлантай аға мен Ғани ағалардың алдынан кесе көлденең өтпей, құрметтеп өткенін мен де жақсы білетінмін. Жүкеңнің өмірдегі ұстаздарына деген құрметі расында бөлекше еді.

Ақын Ж.Нүсіпұлы жұбайы Бұллылмен дастарқан үстінде екеу ара әңгімелесуде.

Жүкеңнің тілшілік ғұмырнамасын еске алар болсақ, мейлі шілденің ми қайнатар ыстығында болсын, мейлі қараша мен желтоқсанның сүйектен өтер үскірігінде болсын, мейлі қақырған қақырығың жерге мұз болып түсетін қаңтардың сақылдаған сары шұнақ аязында болсын, мейлі күллі тірліктің көбесі сөгіліп, өзегі қарайып, қара жердің миы мыжылып жатқандай тізеңе дейінгі мүшеңді қоймалжың батпақпен сылап жататын көкектің көк өзек шағында болсын Жүкең бармаған тау-тас, Жүкең баспаған ой-дала, Жүкең аралмаған отар, кен, көктеу, күзеу, әскери база, мекеме, мектеп қалды ма екен деші?!

Автономялы райондағы партия, үкімет, Халық құрылтайы, Саяси кеңес құрылтайларынан, жиындарынан құлдай аудан, ауылдарда кезек-кезегімен өтіп жататын жиындардан, мәжілістерден Жүкеңнің қаншама көп хабарлар, естеліктер, ақпарлар жазып жариялғанын есептеп шығудың өзі бірер адамның қолынан кел қоярма екен?! Ол үшін елімізде басылым көріп жатқан газет-журналдардың (оған радионы қосыңыз) 40 жылдық түптемелерін ақтару қажет болтыны түсінікті шығар!

Тілшілік ғұмырнама дегеннен шығады. Жүкең тілшілік ғұмырын бастаған күннен тартып, өзінің тілшілік қабылетін жетілдірумен бірге, қыруар ерікті тілшілерді баулып, жетілдірген аға тілші әрі жерлік газеттердің кемелденуіне бір кісілік ақылын қосып, демеуші болған, жебеуші болған қормал азамат еді. Енді төмендегі қаралы телеграммалрды оқыңыздар!

«Біз, Іледегі тың игеру районның 67 туанындағы (полк) қалың егінші-малшылар қауымы бір жақсы ақпаратшымыздан, жақсы перезентімізден, ақынымыздан айрылдық... Бірақ, оның қажырлы да қарапайым, төзімді де шөгел кәсіптік рухы мәңгілік біздің үйренуімізге татиды».

«Жүніспек жолдас талай мәрте ауданымызға келіп тілшілік сапарда болып, ерікті тілшілерімізді баулып, көптеген мақаллар жазып елдің алқауына бөленген ақкөңіл, адал жан еді».

«Марқұм Жүніспек Нүсіпұлы ұзақ жыл бойы ақпарат, баспа сөз істеріміздің гүлденіп, көркейуіне ерекше есе қосқан халқымыздың аяулы перезенті еді, ол атажұртының, туған елінің көңілінен терең орын алған»...

«Мен мекемеміз атынан кәсіптегі таңдаулы ұстазымыз Жүніспек ағаның қаралы қазасына қайғылы сезіммен көңіл айтамын».

«Ақын, журналист Жүніспек Нүсіпұлының қаза болғандығын естіп қатты қайғырдық. Марқұм тірі кезінде газетіміздің өсіп-жетілуіне әрдайым көмек қолын созып, демеуші болып келген еді. Ақпарат шебіміздегі осы бір ардагеріміздің құлауы біз үшін зор жоғалту болды».

Марқұм Жүкеңнің тілшілік ғұмырнамасының ендігі бір үлкен тарауы-әрине, оның тілшілік жазбалары, хабарлары, естеліктері, өчерктері, тілшілік кәсібі турасында жазылған ғылыми мақаллры т, б лары құрайды. Жүкеңнің өзі кәсібі бойынша ең жоғары ғылыми атақ алуы үшін өтініш етіп жазған «Жеке материялында» жоғарыдағы еңбектерінің жалпы санын мыңнан астам деген екен. (Материял 2000 жылы көкектің 10-жұлдызы жазылыпты) бәлкім, бұл сан екі дәреже бағалу комиссиясы жағынан тұрақтандырылып, мойындалса керек. үйткені, Жүкең сол жылы қазан айында ең жоғары «аға редактор» атағын иемденіпті. Жүкеңнің жоғарыдағы еңбектерінен кезінде әр дәрежелі сыйлықтарға ие болған «Қарлы алқаптағы қажырлы жандар», «Отардағы оттар», «Қарда ашылған қарғалдақтар», «Он алты жылдан соң»..., «Талап талғардан асырады», «Биде де бар заманның айбындары», «Жел өті қағыр кешегі, дыр-думан бүгін есебі» атты өчерктері мен естеліктерін, «Газеттің әдебиет беті және әдеби туындылар жөнінде оқырмандармен сырлсу», «Ақындар айтысы туралы ой толғау», «Тілші мен тілшілік дайындық туралы», «Дың шяупиң назариясы ұлы туын биік көтеру және оны ішкерілей үгіттеу-ақпарат салсының бұлжымас борышы» қатарлы әдеби, сын-зерттеу мақаллары арқалған әлеуметтік жүктерімен қоғамға жасаған ықпалдарымен, оқырмандар арасында тудырған әсерлерімен іс-жүзіндік кәсіптік жұмыстардағы өнімділігімен оқырмандардың жақсы бағасына, жылы қабылдауына ие болған туындылар еді. Ал, олардың арқайсысындағы тағылымдық, тәрбиелік, көркемдік ерекшеліктер жөнінде аялдау-бұл мақалның міндеті болмағандықтан, арнайы тоқталмадық.

Ақын, марқұам Ж.Нүсіпұлы ұлы Талғармен бірге.

Деседе, осы орайда Жүкеңнің 10 нан астам жазбалары мен өз басының да талай-талай бағалауларда арт-артынан «озат қызметшы», «үздік партия мүшесі», «үздік редактор», «үздік тілші» деген даңықты куәліктермен сыйланып отырғандығына (куәліктерін көріп) айғақ болалтындығымды айта кетуді жөн көрдім. Соншалық көп марапатталып, сыйланып, даңқ төрлерінен көрініп жүрседе, Жүкеңнің өз аузынан «мен анандай болдым, не мынандай болдым» деген бір ауыз лепірме сөз естімеген екенмін. Халқымыздың «жемісті ағаштың басы қашан да төменге қарай иіліп тұрады» деген даналық тұжырымы-әне, сондай – Жүкең секілді азаматтарына қаратылса керек қой. Бізде Жүкең секілді 40 жыл халық үшін тер төккенді қойып, титтей бір істі сәтті тындырар болса, жаңа ғана жұмыртқалған шіби секілді «қо... қо...  қоқақтап» айналаны басына көтеретін алөкпе, бөспелер азба?! Жылт еткен орай табылса болды, өзін базарға салып көрсеткісі, мақтанғысы, қампиып алғысы келіп тұратындар азба?! Болшақта болғысы келетін, күндер өткен сайын толысып, ірленгісі келетін жастар мен жасқөспірімдердің осы бастан сақсына жүретін бір қадасы да міне осы дер едім. Кішіліктің өзі-нағыз кісілік, кісілігі жоқ адамнан не күтерсің!

Жайшылықтағы жағдайда, алғаш жолыққан кімде-кім Жүкеңнің сыртқы бітіміне, сөз әлпетіне, жүріс-тұрысына, қимыл-әрекетіне қарап оның шекесі, мінезі, көңіл шанағы тар адам болуы керек деп мөлшерлеуі мүмкін. Әмалиятта, ол мүлде олай емес еді. Сөзіме дәлел ретінде өз көзіммен көрген бірнеше істі айта кетейін:

Сол 70-ші жылдардың іші,  біз Сауанның Бортынко ауылына бара қалдық. Марқұм Қажет Жақанның үйінде отырғанбыз. Бір уақытта дастарқан басына масалаңдау бір жігіт келіп отырды да, іле-шала жөн сұрады. Жөнімізді Қажет таныстырды. Сол-ақ екен әлгі жігіт орнынан қарғып тұрып «ұры Жүніспек сенбісің?» демесі барма. Ал, Жүкең оның сөзін кәперіне алмағандай жымиып: «Иә, жігітім, неменеңді ұрлатып едің маған?» деді. «Сен XX тың өлеңін ұрлғансың, маған оның өзі айтты» дейді анау. Сол-ақ екен, Жүкең ішек-сілесі қатқанша күлді-ай келіп. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей Жүкеңнің мына қылығына мен де, Қажет те, әуелі әлгі масалаңымыздың өзі де аң-таң болыстық. Сөйтсек, әлгі жігіт «Жүніспектің өлеңін Дөрбілжіндегі XX ұрлап алыпты» деген хабарды тағы да Масалаңдау кезінде естісе керек қой. Ал, оның «маған оның өзі айтты» дегені өз қалтасынан қосып алған өтірігі болып шықты. Егер, сол арада Жүкеңнен басқа біреу болса, тіпті мен болсам да әлгі жігітке «оттапсың, шық үйден» дер едік. Ол сөзді арада Қажет марқұм айтып та салған. Бірақ, тағы да Жүкең «естіген құлақта айып жоқ» деп бәрін жаймашуақтатып тастап еді. Кейін сәті түсіп мен Дөрбілжінде Жүкеңмен бірге әлгі өлеңін ұрлаған жігітке де кезігіп қалсам болды. Ұрланған Жүніспектің «Алтынбұлақ» деген өлеңі екен. Ал, ұрлаушы «Алтынбұлақты» Дөрбілжіннің XX деген жер атауына ғана өзгертіп жариялған екен.

Екі газет те Жүкеңде бар болтын. Әлгі жігітке, «Мынауың не сойқан, қарағым-ау» десем, қызармай бүйрегі бүлік етпей, бетіме тігіліп қарап түріп: «Сіздерден өстіп үйренбесек болма?!» деп ыржың-ыржың етеді, не дауа? Жүкең тағы да қарқылдап күлді де қойды. Алдында Қажет те мен де осы ұрланған өлең туралы мақала жазсақ дескенбіз. Оған Жүкең «оған бола Жүйкелеріңді жұқартып қайтесыңдер, ондайларға айтқан сындарыңның өзі дари ма екен?» деп ұнамады.

Тағы бір жолы ұмытпасам 1972 жылдың қысы болар. Біз Шәуешекте бірге бола қалғанбыз. аймақта гұңшыдан жоғарғы басшылрдың кезекті бір шұғыл жиыны ашылып жатқан. Жүкең тілшілік істеп жиында жүрген. Бір күні Жүкең жатағыма келді. «Сәке, Заманбек деген шужиды танимысыз, сіздің аудандікі екен» дейді. «Танығанда қандай, біздің гүңшінің шужиы» деймін. «Өзі қызық әрі қырсықты адам екен. Жиында сөйлеген сөзін алайын деп барсам, бермей қойды» дейді. «Неге?» десем, «білмеймін» дейді. Сонымен Заманбек шужиға барамын ғой. Закең айтады: «Қайдан білейін Сәке, жұдырықтай бір бала алкөбе шақта тілші едім, сөйлеген сөзіңізді ала қойсам дейді. Қоянның өзін көріп қалжасынан түңіл дегендей, ананың сыртқы топанына қарап, тілшімін дегеніне сенбедім» дейді. Егер, өзге бір тілші болса, Заманбек ақсақалға қайта қайырылып барғанды қойып, оны қатысты басшыларына жамандап, келістіріп сөктірер еді. Бірақ, Зәкеңнің қылығына Жүкең титтей де іш жимады, қайта содан былайғы күндерде Зәкеңмен жақсы танысып, сыйласып өтті.

Ақын Ж.Нүсіпұлы кенже қызы Шұғыламен бірге.

Жүкеңмен менің ең соңғы істес болғаным  1999 жылы Үрімжіде өлкелік ақындар айтысы өткізілген кез болды. Екеуіміз бір жатақта жаттық. Көп-көп сір шертістік. ақындар айтысының күнделік барысында баға берісіп, жорамалдар жасасып, алдағы күндерде айтыс жөнінде арнаулы жазылтын мақалмыз жөнінде ой бөлісіп жүрдік. Мен қырық неше майдан айтысқа түсетін ақындар мен термешілерді, күйшілерді сахынаға шақыру өлеңдерін жазумен әбігер болдым да, Жүкең алда жазылтын мақалмызға «шикізат» топтады. Сөйтіп, мен қалам тербеп, Жүкең қасы-көзін жөндеген «Қуат болып ақыл-ой санамызға, жыр тойы өтті дүбірлі қаламызда» деген өчерк мақаламыз «Шынжаң газетінің» сол жылғы 8-қыркүйек күнгі санының бір жарым бетінде недәуір толығымен жариялнды. Соңынан, осы мақалмыз жайында бірталай хаттар мен телефондарды тапсырып алдық. Олай болтыны айталмыш мақалада ақындар айтысының бүкіл барысы таныстырылумен бірге айтысының заңдылықтары айтыс ақындарының ерекшеліктері жөнінде де недәуір сауатты тағылымдар байымдалған еді.

Жүкең өзінің 40 жылдық ақпаратшылық ғұмырында әдеби жасампаздықпен де шұғылданған қаламгерлеріміздің бірі. Өзінің поэзиялық сапарын сонау алпысыншы жылдардың басында «Аңшы», «Іле өзені», «Ауыл көркі», «Дәрігер қызға», «Жаңа жұрт», «Көктем» қатарлы өлеңдерімен бастаған ақын ғұмырының соңғы нүктесіне дейін бірнеше жүз өлең, толғау, 10 нан астам баллада, дастан жазып 1982 жылы өз оқырмандарына «Балашық» атты алғашқы жыр жинағын ұсынған еді. Енді жуырда Шынжаң халық баспасынан «Жастық шақ» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Ол поэзия жасампаздығымен қоса, проза жанрымен де айналысып 1999 жылы «Үш тамшы» атты әңгіме-өчерктер жинағын баспадан шығарды. Ол және ұйғыр халқының әйгілі жазушысы Зордұн Сабырдың «Іздену» атты романын қазақ тілінде сөйлеткен қарымды қайраткерлеріміздің бірі.

Жүкеңнің кезінде айтуынша әрі оның кәсіптес саптастарының әр дәуірдегі жетекшілерінің растауынша, оның ақпарат салсында өткен 40 жылдық ғұмырының аз дегенде төрттен бір бөлегі төменде-негізгі сатылрда өткен екен. Ал, үйлі-баранды болғаннан кейін де оның тұрмыстық шарт-жағдайы тым шіркін-ай болмағанын бүкіл ел-жүрт біледі. Ол алғаш той жасағанда Ян-анлудағы бір жекенің айналсы он шаршы метрге де жете қоймайтын аядай үйде отырғанын бәріміз білеміз. Марқұмның көзі тірісінде игіліктенген қазіргі үйі де белгілі.

Ақын Ж.Нүсіпұлы үлкен қызы Жаннамен бірге.

Бірақ, мен соншалық аралас-құралас өткенде Жүкеңнің өз басына жасалуға тиісті қамқорлықтар мен игіліктер жөнінде бір ауыз тіл қатқанын білмейді екем. Ол әне сондай қажырлы, қарапайым, көмпіс, қанағатшыл асыл азамат еді. Жүкең – 1996 жылдан тартып бір бөлімнің жұмысын басқарды. Осы 6 жылда ол ұйымнан бірде бір күн жеке жұмысына бола рұқсат алмағанын айтып еді. Рас екен, ал, кәсіптік қызметке жастап, өзінің жеке жұмыстарын тындыра жүрген кездері болған да шығар. Әрине, ол жолды ғой!

Марқұм Жүніспек басқаларға бауырмал, өзім дегенге өзегін жұлып беретын досқа адал, мейірімді жан еді. Сондықтан да болар, Үрімжіні қойып, алыс аймақтардағы араласатын достарының той-томалақ, өлім-жітімдерінен қалмаушы еді. Бір жылы қыста Жүкеңдер біздікіне соғым басына келіп отырған, аяқ астынан Сауандағы Қажет Жақанның қатынас шырғалаңына душар болған хабары келді. «Қайтеміз?» дегендей мен оның бетіне қарап едім. ол «барайық»! деп шорт бекімге келді. Ертесі біз пойызбен Сауанға бардық, біздің барғанымызға Қажеттің 80 нен асқан анасы Ырымқан апамыз, 70 ке жуықтаған ағасы Қошандар, Қажеттің бала-шағасы ерекше қуанып көздеріне жас алып, рақметтерін айтысты. Жүкеңнің Қажетпен достығы тіпті ерекше еді. Марқұм Қажет те жөп-жөнкі адамдарды көзіне іле қоймайтын өркөкіректеу жігіт еді. Бірақ, сол Қажет сонау 70 жылдардан тартып өле-өлгенше Жүніспекке сиынып, Жүніспекті ұстаз түтіп өтіп еді. Сонан да болар, Қажет Жүніспектің бірталай өлеңдерін жатқа білетін. Бұл жағдайды осы күні Сауанда зейнетте жүрген Орынғазы ақын әбден біледі.

Кейін біз Қажеттің шешесінің өліміне де, Қажеттің өліміне де бірге бардық. Мен білгенде үш аймақтағы аты танымал ақын-жазушылардан (жас тәлімгерлерде аз емес) Үрімжіге келе қалғандарының Жүкеңе, Жүкеңнің отбасына соқпай кететіндері кемде-кем еді. Үйткені, Жүкең солардың бәрімен тату-тәтті, берекелі, силасымды өтіскен еді. Ал, бара қалса солардың бәрі де жүкеңді төбелеріне хан көтеретін-ді. Сөйткен Жүніспегіміздің мәңгі оралмас сапарға аттанып кеткеніне де міне бір жыл болыпты. Жылдық-сықтадық, еңіредік, күрсіндік! Бірақ, оны қайта оралата алмадық. отбасындағы, кеңсесіндегі оның орны үңірейіп бос қалды. Қоғамдық ортадағы оның жарқын бейнесі енді көзімізге көрінбес болды. Амал қанша, бәріне де көндік, көнбеске шара не? Бірақ, Жүніспектің аты өшпеді, орны оңалды. «орнында бар оңалар» деген өсі ғой дестік. Көзі тірісінде Жүкеңнің аты қалмайтын «Шынжаң газетінің» беттерінде енді міне жүніспектің ұл-қызының аты шығып жатыр. Әрине, олармен бірге Жүкеңнің де аты оқырмандарының аузына имандай үйірілетін шығар?! Осыған да шүкірлік!

Деседе, мен Жүкеңмен бірге өткен 30 жылдық ғұмырымның ең ақырғы жылының орны толмас өкініш арқалатып кетерін мүлде ойлмаған екенмін. Әсіресе, айықпас індеттің алқымыннан алып, жан азабын әбден тартып жатқан күндерінде Жүкеңмен ұзақ-ұзақ бірге бола алмағаныма, әшкере сездірмесем де ептеп-суыртпақтап қалжыңға жастап болсада оның көңіл түкпіріндегі арыз-армандарын азда болса ұғып қалмағаныма қатты өкінемін. Үйткені 2001 жылы желтоқсанның соңынан 2002 жылы көкектің ортасына дейін өз денеме дарыған індеттің азабымен алысып жатып, мен Жүкеңнің қасына да бара алмадым. Солида, аурухана төсегінде жатсам да Жүкеңнің көңілін аулап, рухани жақтан азда болса серпілтуді есімнен шығармадым. Сонымның айғағы осы өлеңім еді. Өлең өзім емханаға кіріп екі аптадан кейін жазылғанын. Сиясы құрғамай тұрып телефонда Жүкеңе оқып бергенімді бала-шағалары, інілері әбден біледі. Мақтанғаным емес, осы өлеңіме Жүкең ерекше разы болды. Марқұмның көңілін сұрай барған жақындарына менің осы өлеңімді оқытып жатқанын кейін естідім.

Марқұм Ж.Нүсіпұлы, досы, осы мақаланың авторы ақын Сәли Сәдуақаспен бірге.

Енді мен Жүкеңнің аруағына бағыштаған дұғам ретінде мақалымды осы өлеңіммен ақырластыруды жөн көрдім.

Больницадан хат

(Ж.Нүсіпұлына)

Енді-енді кеңігенде тыныс-демің,
Жолшыбай болдырмауға тисті едің.
Өскенде мәртебең мен салауатың,
Не болдың жаны таза Жүніспегім?

Сезімсіз соқыр, мылқау, есалаң ба?
Жүкем-ай не жазып ең жасағанға.
Азабы аурудың қара тастай,
Алдымен батады екен дос адамға!

Ертеден жүрегіңді түсінгемін,
Дәл мендей қадіріңді түсінді елім.
Соған да, көңіл сұрай барғанымда,
Езіліп кетті-ай сәтке ішім менің.

Күшейіп дауылың да, нөсерің де,
Жеткенде ұшпағыңа осы өмірде.
Тосын дерт қоймаса егер жіпсіз байлап,
жатарма ең балнитсаның төсегінде.

Шабыттың ауыздығын бір күн алмай,
Шауыппыз бір күн мұндай, бір күн ондай...
Қайнағаң қалды жатып, үшінші рет,
Баруға өз қасыңа үлгіре алмай.

Тұрғанда көкіректе бір шыбын жан,
Танбаппыз ұлы өмірге құлшынудан.
Амал не, жазымыш мені жолбарыстай
Жымып кеп алып ұрды ұршығымнан.

Жанғанда тірліктегі еңбегіміз,
Көп еді көргеннен де көрмегіміз.
Бірақта, мынау сүркей тауқыметке,
Осы ма мойын сұнып көнбегіміз?

Еңбексіз тегін келген жоқ-ты асымыз,
Не көрді тағдыр деген «қақбасымыз».
Құлазып көшкен жұрттай аз-ақ күнде,
Біз жоқта жүдей қапты-ау отбасымыз.

Қабақтан қасыреттің бұлты ығысып,
Жүруші ек мәре-сәре күлкі құшып.
Қарашы! Енді ұл-қыздар жаутаңдайды,
Торғайдай қырғи көрген үрпиісіп.

Қайтпаған қайрат пенен қажырымыз,
Жандар ек жарасымды әзіліміз.
Жүз ойлап мың толғанып таба алмадым,
Не екенін жаратқанға жазығымыз?

Тоғысқан арман, тілек, құштарымыз,
Сондықтан шығушы еді күшті әніміз.
Біз үшін жұрт қамықса, күлері шын,
Қызылкөз, көре алмаған дұшпанымыз.

Көркеуде, қуыс қурай, боз өкпенің,
Білемін, сыртымыздан сөз еткенін.
Қыңсылап қызыл иті қызғаныштың,
Сұмдардың тырнары хақ өзектерін.

Ит үрмек, ілінгенде басыңа бүлт,
Е ,Жүке, Оған бола жасымайық!
Достықтың құдыретін асырайық,
Біздерге бәрінен де осы лайық.

Баулыған батырлыққа ел-анамыз,
Ертеңге бүгінгіміз болды аңыз.
Қайрай түс қиындыққа қылышыңды,
Аз күнде-ақ ортамызға ораламыз.

Балаймын жақсылыққа жұрт аңысын,
Илайым басыңнан тез бұлт арылсын!
Жасаймыз әлі талай ақын Жүке,
Отбасы, жарымыз бен ұрпақ үшін!

13 қаңтар 2002 ж.

Сәли Сәдуақас

Автордың өтінішімен төтешеден аударып порталға дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060