Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 4853 2 пікір 8 Қазан, 2024 сағат 14:40

Ел мүддесі үшін іргелі істер атқарған Асфендиаров

Суреттер Б.Қойшыбаевтың мұрағатынан алынды.

Биылғы 20 қазанда әскери дәрігер, мемлекет қайраткері, денсаулық сақтау ісінің көрнекті ұйымдастырушысы, аса ірі тарихшы, ғалым, ұстаз, профессор Санжар Жафарұлы Асфендиаровтың туғанына 135 жыл толады...

Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қарлығашы іспетті «Әділет» атты тарихи-ағарту қоғамы өзінің 1989 жылғы сәуірде құрылған алғашқы күнінен бастап 20–50 жылдарғы саяси репрессиялар шындығын ашумен шұғылданған еді. Сондай ұмтылысының нәтижесінде «Әділет» қоғамы 1990 жылдың басында Мәскеудегі КГБ-дан – ССРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен – Совет Одағы Жоғары соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы үкімімен  Алматыда атылған қазақстандықтардың алғашқы үлкен бір тобының тізімін алуға қол жеткізген болатын. Сол тізімнен Санжар Асфендияровтың 1938 жылғы 25 ақпанда атылғаны белгілі болды. Санжар сойы тізімде үшінші болып тұрған еді. Осы 25 ақпан күні, Асфендияровпен бірге,  іштерінде  Қазақ Республикасының белді қайраткерлері Сейітқали Меңдешов, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Садуақасов, Ғабдұлхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Ізмұқан Құрамысов, Қабылбек Сарымолдаев, Сәкен Сейфуллин, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов бар, барлығы 39 азамат атылған болып шықты.

«Әділет» қоғамының қызметі барысында – «Үлкен террор» жылдары жазықсыз саяси айып тағылып, Алматыдағы НКВД подвалында төрт мыңнан астам адам атылғаны әйгіленді. Және олардың құпия көмілген орны да анықталды. Сол орынға – Жаңалық зиратына – 2002 жылы үлкен монументті ескерткіш қойылды. Содан бастап сол жерге жыл сайын Саяси қуғын-сүргін  құрбандарын еске алу күні – 31 мамырда – Алматы қаласы мен облыс жұртшылығы өкілдері барып, тағзым ету шараларына қатысып жүр. (Алдағы уақыттарда Асфендияров есімі тарихына алғашқы ректоры ретінде жазылған Алматыдағы жоғары оқу орындары бас болып, жалпы оқушы, студент және жұмысшы жастар қауымы жазықсыз жазаланған аға ұрпақ ескерткішіне гүл шоқтарын қоюды әдетке айналдырғаны оң болар еді).

Саяси репрессиялардың бағдарлы, мақсатты жүргізілгені бұл күнде баршаға мәлім. Құпия полиция нысанасына алған азаматты қармағына түсіріп ұстауға ілік ету үшін қилы тәсіл қолданған. Сол тұста ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы директорының орынбасары лауазымында істейтін профессор Санжар Аспандиаров (30-шы жылдарғы әдебиетте қазақша – осылай, орысша – Асфендиаров түрінде жазылатын) хақында бұл әрекет жұртшылыққа алдын-ала жалған да жалалы мәлімет тарату жолымен жүзеге асырылды.

1937 жылғы 29 қыркүйекте «Казахстанская правда» газеті «Жапон шпионы тарихшы ролінде» деген тақырыппен Қазақ марксизм-ленинизм институты студенттерінің хатын жариялады. Онда Қазақстан тарихын жан-жақты қарастырып, ғылыми еңбектер жазып жүрген профессорды «жапон шпионы Асфендиаров» деп таңбалады. Сол тұста большевизм көзімен қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мен теңдессіз ғалымы Шоқан Уәлиханов патша жалдамалылары іспетті қаралатын, міне, сол айырым-белгіні жалаулатқан хат авторлары  «жапон шпионы Асфендиаров» «миссионер Алтынсарин мен патша жендеті Уәлихановты» көкке көтерді, қазақтың тарихын жазам деп хандарды дәріптеумен шұғылданды деп айыптады. Профессор Асфендиаров «әшкерелегіш» мақаланың артынша қамалды. Сосын оған «1934 жылы Тұрар Рысқұлов құрған контрреволюциялық ұйымның мүшесі-міс» деген кінә артылды, ақыры, атып тасталды. Кітаптарын оқуға ресми тыйым салынды.

Жиырма жылға созылған ызғырықты қапастан соң туған «жылымықта» – 1958 жылғы 27 мамырда ісі қайта қаралып, ғалым есімі жазықсыз жаладан аршылып, ақталды.

Содан бастап саяси қайраткер, шығыстанушы, Қазақстан тарихы бойынша ірі маман болған Санжар Сейітжапарұлы Асфендиаров есімі қоғам өміріне қайтарылуға керек еді. Бірақ олай болмады. Өйткені әділет жартылай ғана орнаған-ды. Оның өмірі мен саяси қызметі жайындағы деректер шындығы тағы отыз жыл бойы  ашып айтылмай, билеуші коммунистік партия тарапынан жариялылық және қайта құру саясаты жарияланғанға дейін, дұрысында, тоталитарлық жүйе тұғыры шындап шайқала бастағанға дейін толық ашылмаған күйі қала берді.

Дегенмен, әділдік орайында, мыналарды айтуымыз керек: Асфендиаровтың ғылыми еңбектеріне оның есімі нахақ жаладан тазаланысымен назар аударылды. Жаңаша шектеулерімен ерекшеленген тоқырау кезеңінде – 1959 және 1966 жылдары – Республика Ғылым академиясының Жаршысында тарихшы Рамазан Сүлейменовтың бірнеше зерттеу жұмысы жария етілді. Академик Мұхамеджан Қаратаев 80-ші жылдары шыққан естелігінде оны қоғам қайраткері, ұстаз, тарихшы-ғалым, әдебиетші ретінде бағалады. Қаратаев оның ұлт мәдениеті жайындағы еңбектерін ілтипатпен атап өтіп, шығыс халықтары өмірінен орыс тілінде «Шатер мира» деген повесть жазғанын да айтқан еді.

Бірақ біз тоталитаризм күшінде тұрған заман деп бағаланатын кешегі өткен советтік дәуірде оның қаламынан туған еңбектердің ешқайсысымен де тікелей таныса алмадық. Тек демократия лебі тоқтаусыз есе бастағанда ғана бұл мәселені шешу қажеттігі батылырақ көтерілді. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы 22 сәуірдегі санында осы жолдар авторының «Профессор Аспандиаров», «Казахстанская правда» газетінің 8 қыркүйектегі санында Ильяс Қозыбаевтың «Отыз жетінші...» атты мақалалары жарық көрді. Шамасы, қайраткердің елге сіңірген еңбегін мойындап, оны жаңаша тану қажеттігін түйсінуге солар да септессе керек, ұзамай, халықтың аяулы ұлы Санжар Сейітжағыпарұлы (Сейітжапарұлы, Жафарұлы) Аспандиаровтың (Асфендиаровтың) есімін мәңгі есте қалдыру шаралары жүзеге асырыла бастады. 1989 жылғы 11 қаңтарда республика Министрлер Кеңесінің қаулысымен іргесін өзі қалаған Алматы медицина институтына, бүгінгі университетке Асфендиаров аты берілді. Сол оқу орнында оның мұражайы ашылды. Еңбектері қайта басылып шықты. Тұрған үйіне мемориал тақта орнатылды. Қаланың бір көшесі оның есімімен аталды. Мерейжастары атап өтілуде.

Оның өмір жолына көз жүгіртсек... Санжар Жапарұлы Асфендиаров  Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторы жанындағы әскери аудармашы штабс-ротмистр (кейін орыс армиясының генерал-майоры шенінде зейнетке шыққан) Сейітжапар (Сейітжағыпар,  Жағыпар, Жафар, Жафар) Асфендиаровтың отбасында 1889 жылғы қазан айының 20-сы күні дүниеге келген екен. Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы (Әбілқайыр – Айшуақ – Сығалы – Асфендияр – Сейітжағыпар – Санжар) көрінеді.

Санжар алғашқы халық революциясы жылдары Ташкенттегі орта білім беретін реальды училищеде оқып, оны 1907 жылы бітірді. Ол шақта Ташкент революциялық дүмпулерге іле-шала үн қатып, жан-жағына озық ой таратып тұрған орталықтың бірі болатын. Мәселен, патша үкіметі 1905 жылғы 9 (22) қаңтарда орын алған Қанды жексенбіні халықтан жасырып қалуға тырысып, газеттерге жазуға тыйым салған-тұғын. Алайда солшыл күштердің астыртын әрекеттерін ауыздықтай алмады. Қанды жексенбіден үш күн өткенде Ташкент социал-демократтары жұмысшылар мен солдаттарға прокламация таратып, Питердің Сарай алаңында болған айуандықты әшкереледі,   самодержавиені құлатуға ұран тастады. Сол күні Ташкенттің либерал интеллигенттері Мәскеу университетінің 150 жылдығын банкетте атап өтпек еді, соны саяси митингке айналдырып жіберді. Орыс-жапон соғысын тоқтатуды талап етті, патшалыққа қарсы күресуге, Құрылтайшылық жиналыс ұйымдастыруға шақырды.

Сол қыстан бастап Ташкент кәсіпорындарында, Орта Азия, қала берді, қазақ даласында шашылған өнеркәсіп ошақтары мен ірілі-ұсақты елді мекендерде түрлі дәрежедегі экономикалық және саяси ереуілдер, тіпті үкіметтің әскери күштерімен екі арада қарулы қақтығыстар болып тұрды, ұзамай Түркістан өлкесі мен кей қыр облыстары соғыс жағдайына көшірілді.

Мұндай шулы оқиғалар мен жаңғырығы мол жәйттерден саяси өмірге құлағы түрік ташкенттік оқушы жастар қатарындағы Санжар да сөз жоқ хабардар болды, әрі белгілі дәрежеде сабақ алды. Оның үстіне, Санжардың әпкелері Гүлсім мен Мәриям Асфендиаровалар бірінші революция жылдары империя астанасында медицина оқу орнында оқып жүрген, яғни Петербургтегі студенттер қауымы арасында Қанды жексенбіге орай гулеген ой-пікірлер жайында каникулдарында Ташкентке, үйлеріне келгендерінде ержетіп қалған інісіне сыр шертуі әбден ықтимал. (Гүлсім Асфендиарова 1908 жылы Петербургте әйелдер медицина институтын бітірген, патшалық заманында жоғары білім алған санаулы қазақ қыздарының бірі).

Сонымен, Санжар Асфендиаров бүкіл елді жайлаған дүмпулер сырын біліп, қоғамдық-саяси ойларды жас кезінен жатсынбай өсті. Ол реакция жылдары Санкт-Петербургтің даңқты оқу орындарының бірі – Әскери-медициналық академияда оқыды. 1912 жылы академияны бітірген жас әскери дәрігер қиырдағы, Түркістан генерал-губернаторлығы мен Бұқара әмірлігінің шекарасындағы Термез бекінісінде полк емшісі қызметін атқаруға жіберілді. Екі жылдан соң, 5-ші Түркістан атқыштар полкының аға дәрігері қызметінде жүргенінде, ол алғашқы жаһандық соғыстың ұрыс далаларынан бір-ақ шықты. 1914 жылдың қыркүйек–желтоқсан айларында жараланған және науқастанып қалған сарбаздарға медициналық көмек көрсетті. Полкты желтоқсанда Шығыс Пруссиядағы, қазіргі Польшаның ірі қалаларының бірі  Лодзьда неміс әскері қоршап алды. Басынан ауыр жарақаттанған Санжар Асфендиаров тұтқынға түсіп, немістің Кутно, Торн концлагерьлерінде болды. 1915 жылғы желтоқсанда Халықаралық Қызыл Крестің көмегімен соғыс тұтқындарын айырбастау шарасы бойынша босап, Швеция арқылы Санкт-Петербургке оралды. Арнайы медициналық қараудан өткізіліп, денсаулығы нашар деп танылды да, Түркістан әскери-медициналық басқармасының резервіне жіберілді. Сонда 1916 жылдың қаңтарынан 130-шы жиынтық эвакуациялық госпитальдың ординаторы, ақпанынан Ташкенттің тәртіптік ротасы, қарауыл командасы және Түркістанның штаттан тыс батареялары санитарлық бөлімдерінің меңгерушісі, 1916 жылғы сәуірден 1917 жылғы ақпанға дейін мемлекеттік милицияның Ташкент жасағында аға дәрігер болып қызмет атқарды.

Ақпан революциясынан кейін Санжар Асфендиаров өлкедегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Термездегі және Бұхарадағы советтер жұмысына атсалысты. Ташкент облыстық, ал онан кейін жұмысшылар мен жауынгерлердің округтік Советіне сайланды. Ташкентте мұсылман жұмысшы депутаттарының алғашқы Советіне мүше болды. Бұхарадағы мұсылман қозғалысына араласты. Сол жылғы қараша айында Қоқанда Түркістан автономиясын жариялаған мұсылман депутаттарының 4-ші төтенше съезіне қатысты. 1918–1919 жылдары аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссиясының Сырдария облысы бөлімшесін басқарды. 1919 жылы Асфендиаров – денсаулық сақтау халық комиссары, 1920 жылы Советтік Түркістан Автономиялы Республикасы құрылғаннан кейін – Су шаруашылығы, Денсаулық сақтау,  Жер  халық комиссары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

Аспандиаровтың қызметі Орта Азия мен Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістермен тығыз байланысты болғаны бұл күнде баршаға мәлім. Оған қоса оның Одақ көлемінде мемлекеттік құрылыс ісін жақсарту жұмыстарына біліктілікпен қатысқанын да ерекше еске сала кеткен жөн. Бұған оның Түркістан Республикасында істеген кездерінде жинақтаған жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ, орталықтың Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік жіктеуге түсіру науқанында – өлкені жаңаша межелеу шаруаларына қатысып, Сұлтанбек Қожановпен бірге өзіндік көзқарас ұстанғаны көп септігін тигізгені күмән туғызбайды.

Әрине, ұлт мәселесінің нақты істерімен оған саяси қызметінің алғашқы қадамдарында-ақ шұғылдануға тура келген-ді. Ол Түркреспубликада салалық комиссариаттар қызметін басқара жүріп, өлкеде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан халықтардың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын, тарихын, мәдениетін қарастырып отырды. Осы мәселелерге жетік болуы оны күллі Совет Одағы бойынша сирек кездесетін құнды мамандар қатарына шығарды.

Сондықтан да ол Мәскеуде Түркістан Республикасының өкілі болған 1921–1922 жылдары – Ресей Федерациясы Халық Комиссарлары Кеңесінде ұлт мәселесі бойынша алқа мүшесі міндетін қоса атқарды. Одан Түркістан Республикасына қайта оралып, үкімет құрамында және Орталық Комитеттің Средазбюро хатшысы лауазымында партиялық қызметте болғанында да ұлт мәселесінің практикалық жұмыстарымен ұдайы бетпе-бет келіп, әр мәселенің әрдайым әділ шешілуі жолында тер төгіп жүрді.

1924 жылы Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу жұмыстары жүргізілгенде, ұлттық жіктеудің ортақ іске пайдасы шамалы ұлттық дербестенуге ұрындыратын қырларын жіті таныған ұлт қайраткері Қожановтың жағында болды. Сөйтіп, белгілі қазақ коммунистерімен бірге, Орта Азияда жаңадан құрылатын ұлттық-мемлекеттік құрылымдардың ғасырлар бойы жергілікті халықтардың аралас-құралас өмір сүруі барысында табиғи түрде қалыптасқан өзара экономикалық байланыстарын үзбей,  Орта Азия Федерациясын құру және сол арқылы Кеңес Одағы Республикаларының Одағына кіру идеясын қолдады. Сонымен қатар ол Орта Азия республикалары мен Қазақстанның бірлескен экономикалық қауымдастығын құруды талап етушілер қатарынан табылды.

Ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу науқаны аяқталғаннан кейін, Орта Азиядағы жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына біріктірген және Қарақалпақ облысын қосып алған жаңа да тұтас Қазақстан, халқының саны, ұлттық құрамы, жері, орналасуы, экономикасы, шетелмен шекараласуы, қысқасы, барлық көрсеткіштері сталиндік критерийлерге сәйкес келіп тұрғанмен, КСРО-ның құрылтайшылары қатарына жіберілмеді. Қазақстан Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республика дәрежесінде қалып қойды. Мұны Асфендиаров дұрыс шешім деп санамады.

Орта Азияда жаңа советтік мемлекеттер ту тігіп болғаннан кейін, Қазақ Республикасының Өзбекстандағы өкілі қызметінде істеп жүрген қайраткер 1925 жылы тағы да Мәскеуге аттанды. Оны Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) Төралқасының жанындағы Ұлттар бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқаруға шақыртқан еді.

Асфендиаров аталған тағайындалмалы қызметте ғана істеп қойған жоқ, ірі сайланбалы лауазымда да болды. Ол сол 1925 жылғы 7–16 мамыр арасында өткен Бүкілресейлік 12-ші Кеңестер съезінде ВЦИК Төралқасының мүшесі, оның артынша өткен ССРО Кеңестерінің 3-ші съезінде ССРО Орталық Атқару Комитеті  Төралқасының мүшесі болып сайланды. 1925 жылы 21 мамырда – ССРО Кеңестерінің 3-ші съезі сайлаған ОАК-тың 1-ші сессиясында – ССРО Орталық Атқару Комитеті Ұлттар Кеңесінің хатшысы болып сайланды. Санжар Жафарұлы бұл қызметтерде 1927 жылға дейін істеді.

Осы жылдары ол ғылыми және оқытушылық жұмыстармен қоса шұғылданып жүрді. Шетелдік шығыс қайраткерлерімен қызмет бабында жиі кездесіп, ғылыми-зерттеушілік, ізденушілік жұмыстарының ауқымын кеңейтіп отырды. Соның бәрі оның 1927 жылы Москва Шығыстану институтының директоры,  ССРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы КСРО Шығыс халықтарының этностық және ұлттық мәдениетін ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, одан директоры болып тағайындалуына жол ашты.

1928 жылы оның Қазақстанға оралғаны, Қазақ мемлекеттік университетінің –  бүгінгі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің – ректоры болғаны, бірер мезгіл Денсаулық сақтау халық комиссары боп, еліміздегі алғашқы медицина институтын ашқаны, ғылыми-көпшілік «Денсаулық жолы» журналын шығарғаны, Ағарту халық комиссарының орынбасары қызметінде де істегені, одан ғылыми мекемелерде – ССРО Ғылым академиясының қазақстандық базасын, сосын Қазақ филиалын басқарысқаны, тарих секторына тікелей жетекшілік еткені, еліміздің ежелгі заманнан бергі тарихын жазуды қолға алғаны мәлім.

Бірақ оның өмірінің мәніне айналған осынау ғалымдық және ұстаздық жолға біржола түсуі алдындағы бір тағдырлы оқиғаны айтпасақ, оның күрескерлік қырын да, белсенді саяси қызметтен кету себебін де толық түсіне алмаған болар едік.

Асфендиаров 1925 жылдың басында Ұлттар бөлімін басқаруға келген бетте Бүкілодақтық коммунистік партияның 1923 жылғы көктемде өткен 12-ші съезі мен сол жылы жазда Орталық Комитет өткізген Ұлт мәселесі жөніндегі әйгілі 4-ші мәслихат қарарларын толық және созбұйдаға салмай өмірге енгізу қажеттігін түйсінген қайраткерлер қатарынан табылды. Ол өзінің ВЦИК Төралқасының мүшесі, Төралқа жанындағы Ұлттар бөлімінің бастығы және КСРО Орталық Атқару Комитеті Төралқасының мүшесі, Ұлттар Кеңесінің хатшысы ретіндегі лауазымдық міндеттеріне сай, Ресей Федерациясы құрамындағы ұлттық құрылымдар ахуалын қарастыратын және жақсарту жолдарын ақылдасатын мәслихат өткізу жайында бастама көтерді.

Бұл мәселенің алғышарты Саяси Бюроның 1926 жылғы 3 маусымда Ресей Советтік Федеративтік Социалистік Республикасы және оның құрамындағы ұлттық республикалар мен облыстық органдардың құрылымын қарау үшін ЦИК пен ВЦИК төрағасы Калинин басқаратын арнайы комиссия құрғанында жатқан-ды.

Комиссияда Санжар Асфендияровтың қызметтесі болып табылатын ЦИК хатшысы Авель Енукидзе бар-ды. Ол Сталиннің жақын серіктерінің бірі болатын. Осы жәйтті және Санжардың өзінің де қызмет бабымен Саяси Бюро Комиссиясының төрағасы, «Бүкілодақтық староста» Калининмен тікелей сөйлесе алуы ықтималдығын, сонымен бірге, сол жазда Ресей Федерациясы Совнарком төрағасының орынбасары лауазымына бекіп жатқан Тұрар Рысқұловтың да Комиссия құрамына енгізілуін ескере келгенде, ВЦИК сессиясына қатысушы ұлт қызметкерлерін жеке мәжіліске шақыруға рұқсат алуда оның елеулі рөлі болғанын шамалауға болады.

ВЦИК Төралқасы жанындағы Санжар Асфендиаров басқаратын Ұлттар бөлімінің бастамасымен, Ресей Федерациясы Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басқаруымен өткен, тарихқа «Рысқұлов мәслихаты» деген атпен енген ұлт өкілдерінің 1926 жылғы 12–14 қарашадағы Жеке кеңесуін дайындауда Асфендиаров елеулі жұмыс тындырды деп батыл айта аламыз. Жеке мәслихаттағы пікірталастар негізінен Асфендиаров дайындаған тезистер бойынша өрбіді. Оның тұжырымдаған ұсыныстары мәслихаттың қорытынды құжатына негіз болды.

Санжар Асфендиаров ұлттық республикалардың бәрінде жергілікті және орталық аппараттарды батыл түрде және бірізділікпен нығайтуға кірісуді ұсынды. Ол биліктің барлық буындарында ісқағазды орыс және жергілікті ұлт тілінде жүргізу ісін кейінге қалдырмастан бастап, екі тілде қатар жүзеге асырып отыруды енгізу қажеттігін көтерді. Автономиялық облыстар мен республикалардың рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін – ағымдағы қор жасауға шақырды. Саяси сипаттағы ұсыныстары ішіндегі ең маңызды және көп резонанс туғызғаны – автономиялық облыстарды біртіндеп автономиялық республикаларға, ал автономиялық республикаларды – одақтас республикаларға айналдыру жайындағы жобалары еді. Атап айтқанда, Асфендиаров Вот және Мари автономиялық облыстарын автономиялық республикаларға, ал Қазақ автономиялық республикасын Одақтас республикаға айналдыру шарасын аялдамастан өмірге енгізу қажеттігін алға шығарды.

Сондай-ақ Ресей Федерациясы үкіметінің ССРО және РСФСР Конституцияларында белгіленген жалпы ережелерді белгілеу құқтарын сақтай отырып, автономиялық республикаларға бюджет құқығын, жалпы және жеке амнистиялар жариялау құқын беру керектігін айтып, біріккен халкоматтарға – белгіленген шектер аумағында ғана басшылық жасау, біріктірілмеген халкоматтарға – өз саласында заң шығару құқын беру мәселелерін шешуді ұсынды.

Ұлт өкілдерінің совет өкіметіне және большевиктер саясатына ұлт мәселесіне байланысты наразылығын Жеке мәжіліс айқын көрсетті. Мұны большевизм билігі кешіре алмады. Барлық қатысушы саны 49 болса, оның 12-сі қазақ еді. Сондықтан да шығар, орталық эмиссары Филипп Голощекин құлақ бұрауын әдемілеп келтірген жергілікті коммунистер Жеке мәслихатқа қатысқан қазақ қайраткерлерін Қазақстанда 1926 жылғы 25–30 қарашадағы Қазөлкеком пленумында, одан, 18 желтоқсанда арнайы өткізілген Қазөлкеком бюросының кеңейтілген – Өлкелік бақылау комиссиясының төралқасы, Халкомкеңес, Қазатком фракциясы қатысқан мәжілісінде  солақай сын тезіне салды. Тек айыптау тұрғысынан, өзіндік ой-пікірі бар қайраткерлерді тұқырту мақсатында өткізілген  қатты талқылау болды.

Рысқұловтың жеке мәслихатын айыптаудың арты кадрларды қудалауға ұласты. Анығы, ол – Мәскеу еркімен жасалған шаруа болатын. Большевиктер ұлт мәселесінде өздеріне қарсы келгенді, ұлт саясаты тұрғысында оянуға апаратын әрекеттерді, ұлттар мүддесін жақтағанды жақтырмайтын, сол себепті осындай талап-тілектердің тұжырымдалуына түрткі болған Асфендиаровты да мұндай саяси қызметте қалдыра беру орынсыз деп табылған тәрізді. Сондықтан да оның КСРО Орталық Атқару Комитеті Ұлттар Кеңесінің хатшылығынан босатылып, ғылымға жіберілуінің астарында осы Жеке мәслихатты – ұлт кадрларының өзара кеңесуін ұйымдастыруы жатқанында күмән жоқ.

Қазақстан одақтас республика тәжін Асфендиаровтың ұлт өкілдерінің жеке мәжілісінде жасаған ұсынысынан тағы он жыл өткеннен соң бір-ақ киді. Одақтас республика тәжін киді де, сондай дәрежеге көтеруді талап еткен қайраткерлерін саяси репрессияға ұшыратты. Санжар Жафарұлын атып тастау тек ғылым қайраткері ретіндегі, азамат ретіндегі оның өзінің көзін жою ғана емес, сонымен бірге күллі халықтың азат ойын жою, ұлттық санасын шегендеу болып шықты. Өйткені, патшалық тұсында санаға сіңірілген аңыздың астарын ашқан, қазақ жерін патшалық қарулы әскерімен жаулап алу арқылы отарлады деп қорытқан профессор Асфендиаровтың шыншыл тұжырымы оның тыйым салынған еңбегімен бірге бұғауланды. Содан, Асфендиаров жазған «Қазақстан тарихынан» ажыраған халқымыздың әлденеше ұрпағы қайтадан, тағы да, империя тұсындағыдай, «Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды» деген мифпен тәрбиеленді. Мұның залалды салдарын отаршылдық іздерін жоюға бағытталған арнайы бағдарламаның мемлекеттік тәуелсіздік дәуірінде де қабылданбауынан, тиісінше, қазақтың ұлттық мүддесінің мәселелерін шешу ісінің көп ретте кейінге ысырылып отырылатынынан аңғаруға болады.

Халықты тарихпен тәрбиелеу ісінде Асфендиаров тағлымы қандай болмақ? Әрине, оның өмірі мен қызметіндегі осындай белестерге назар аударып, кең насихаттау ләзім. Және мұндайда көрнекі насихаттың мәні зор екенін ескерген жөн. Осы ретте профессор Асфендиаров Алматыға келгеннен бастап тұрған және іргелі ғылыми еңбектері жасалған үйді (Төле би, 29) мемориалды мұражайға айналдыру мәселесін ойластырған орынды болар еді.

Бұл ғимарат 1904 жылы Верный Ерлер гимназиясының директоры үшін салынып, директордың үй-пәтері аталып кеткен. Сол шақта қазыналық үй ретінде гимназиялық  қалашықтағы ғимараттар кешеніне кірген. Осы үйде Санжар Жафарұлы Мәскеуден Алматыға келген 1928 жылдан 1937 жылғы 22 тамызда тұтқындалғанға дейін отбасымен өмір сүрді.

Осы үйде тұрғанында 1928–1931 жылдары Ташкенттен көшіріліп Қазақ мемлекеттік университеті ретінде шаңырақ көтерген қазіргі Абай атындағы Ұлттық педуниверситеттің ректоры, тарих кафедрасының меңгерушісі болды. Сонымен бір мезгілде 1929 жылғы 19 маусымнан Қазақ Республикасы Ағарту халық комиссариатының алқа мүшесі, 1929 жылғы 22 қыркүйектен БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті Үгіт, насихат және баспасөз бөлімінің алқа мүшесі, 1930 жылдан ҚазАССР Өлкетану орталық бюросының төрағасы қызметтерін атқарды. 1931 жылғы ақпаннан 1933 жылға дейін Қазақ медицина институтының директоры, сонымен бірге ҚазАССР Денсаулық сақтау халық комиссары болды. 1933 жылғы сәуірден ССРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы (кейінірек – Қазақ филиалы) төрағасының орынбасары, сонымен қатар 1936 жылдан ССРО ҒА Қазақ филиалындағы тарихи-археографиялық комиссияның жетекшісі, Қазақ ұлттық мәдениетін ғылыми-зерттеу институтында тарих секторының меңгерушісі боп істеді. Сондай-ақ 1933 жылғы қарашадан 1934 жылғы 25 маусымға дейін ҚазАССР Ағарту халкомының орынбасары, Қазақстан университеттері, ғылымы мен кітапханалары басқармасының бастығы болған.

Ел мүддесі үшін іргелі істер атқарған Асфендиаровтың қаламынан осы үйде өлмес тарихи еңбектер туды. Осы үйде Санжар Жафарұлы ғылыми жұмыстағы өзінің зерттеуші және оқытушы әріптестерімен бас қосып сұхбаттасып жүрген. Қожықовтар әулетінің отбасылық мұрағаты деректеріне қарағанда, алғашқы қазақ «Әліппесін» жазған мұғалімдердің бірі, қоғам және мәдениет қайраткері Қоңырқожа Қожықов ел ішін аралап тауып әкелген көне шығыс қолжазбалары мен Қазақстанның өткендегі тарихына қатысты әдебиетті бірлесіп жұмыс істеуге қолайлылық туғызу мақсатында сондағы Асфендиаров кітапханасына жинастырған тәрізді. Өкінішке қарай, кітапхана репрессия салдарынан із-түзсіз жоғалып кетті. Осы үйде ректордың орынбасары Халел Досмұхамедов те қуғын-сүргінге ұшырап, 1932 жылы Воронежге жер аударылғанға дейін тұрған көрінеді.

Осы ғимаратта еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң Түрік елшілігі орналасты. Республика орталығы Ақмолаға (Астанаға) ауыстырылғаннан кейін мұнда Түркия Бас консулдығы қоныстанды. Ұзамай консулдық өзіне жанынан жаңа мекенжай салып алды да, тозған көне ғимарат оның ауласы ішінде  қалды. Сол сәтте босап тұрған, он жылдай Үлкен террор құрбаны Санжар Асфендиаров мекендеген байырғы гимназия директорының үй-пәтерін қуғын-сүргінге түскен, азаттық жолында құрбан болған ғалымдар мен интеллигенция өкілдері музейіне айналдыру мақсатында қоғам меншігіне беруді сұрап, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқармасы билікке өтініш берген еді. Мәселе әзірге шешімін тапқан жоқ.

Ғимаратты «Әділеттің» пайдалануына беріп, біртіндеп онда мұражай  жасақтаған жағдайда, тек Санжар Асфендиаровтың ғана емес, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған ұлттық қайраткерлеріміздің талайының есімдерін ұлықтайтын, әрі кейінгі ұрпаққа отаншылдықтың, патриотизмнің үлгісі етіп тартатын тарихи-танымды көп шаруа тындырыларына күмән болмас еді деп ойлаймыз.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048