Жұма, 22 Қараша 2024
291 0 пікір 25 Қыркүйек, 2024 сағат 15:02

Ұлттық өнер – қазақ халқының бейнесі

Сурет Әбдірашит Бәкірұлының мұрағатынан алынды.

Ұлт өнері – ғасырлар бойы халықтың өмірімен бірге тұтастықта сараланып, іріктеліп өзінің өміршеңдігін жалғастырған, халықтың санасына «айшықты белгі» ретінде таңбаланған рухани құндылықтар жүйесін құрайды.

Олардың көнесі бар, жаңасы бар – бір‑бірімен тарихи тұрғыда сабақтасып жатады. Бірақ, өнердегі осы сабақтастықты түсінетін және айтқызбай ұғатын халық біреу ғана, ол – сол өнердің егесі болып табылатын халықтың өзі.  Қазақ өнеріне қатысты айтсақ, ол ‑ қазақ ұлтының өзі.

Кейінгі кездері осы бағытта мемлекет тарапынан біршама ілгерілеу бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ, қазақ мәдениетін сыртқа шығаратын, әлемге танытатын «мемлекеттің өзі» деп айту қателік. Оны жүзеге асырушылар – мемлекеттен белгілі бір дәрежеде өкілеттік алған нақты адамдар: мәдениет министрінен бастап, кинорежиссерлер, суретшілер, шеберлер, жазушылар, ақындар және т.т.  Өйткені, шет елдерге «мемлекет» бармайды, сол жекелеген өнер туындылары «барады».

Міне, осы бағытта бізде айтулы жетістіктер мен үлкен қателіктер қатар орын алуда. Өйткені, біздің елде ұлттың «өзіндік идентификациясы» туралы мәдениет жетіспейді. Біз осы бағытта «ненің жақсы, ненің жаман» екеніне баса назар аудармаймыз.

Мысалы, біздегі кино саласын алсақ ‑ осының жарқын көрінісі байқалады. Біз қазақ киносын шартты түрде екі бағытқа бөліп қараймыз: бірі – шынайы ұлттық құндылықтар мен ұлттық мінезді паш ететін фильмдер болса, екіншісі – «әлемдік өнер бағыты» девизімен эксклюзив ретінде түсіріліп, халықаралық бәйгеге барып, кейде орын алып жатқан фильмдер. Мысалы, жуырда ғана шет елге «сапарлап» келген «Тоқал» фильмі көрсетілді. Ол, Б.Майлиннің шығармалары негізінде түсірілген дейді. Сондықтан, былай қарасақ ‑ тарихи фильм деуге болады. Міне, осы фильмде «шоқпытқа оранған кір‑қожалақ кіл қазақ» өздерінің бір мәселелерін шешумен әуре... Әрине, режиссер оны «тарихи кино болғандықтан, біз сол заманғы реализм тұрғысынан келдік» деп ақталуы мүмкін... Бірақ, осы фильмнің шетелдік көрермендері бұл фильмді «тарихи» бағалай ма? Әрине, жоқ. Олар бұл фильм арқылы «қазіргі қазақтың бейнесін» көреді. (Оларға «қазақтың тарихы» аса қажет деп кім айтады?)...

Иә, фильмнің оқиғалары өткен уақыттарда өзге халықтардың да жағдайы мәз болмағаны анық. Бірақ, бұл әр халықтың «өз шаруасы». Ал, мына фильмде қазіргі өркениетінің бар қызығына малынған шет елдік көрермен тек бір ғана кейіпкерді көреді, ол – шоқпытқа оранған қазақ деген ұлт.

Сондықтан, «өнер – ұлттың айнасы» десек, әрбір өнерге қатысы бар адам алдымен «жақсысын асырып, жаманын жасырып» отыруға тиісті. Біздің «ұлттық мүддеміз» осылай дейді! Егер олай болмаса, қазақтың тіліне де, мәдениетіне де жуық арада шет елде ғана емес, өз ішімізде де құрмет қалыптаспайды. Ендеше, Қазақстанда «бір жақсыға біріккен» халықтың да ауылы алыстай бермек...

Дегенмен, қазір ұлттық қолөнерге деген көзқарас позитивті бағытта дами бастады. Ол, әрине, режиссердың қиялына тәуелді кино болмағандықтан, мұнда бәрі керісінше – қол өнері неғұрлым тарихқа тереңдеген сайын, оның егесі болып табылатын халыққа деген құрмет те соғұрлым жоғарылай береді... Мысалы, екі мың жылдан астам тарихы бар біздің Алтын адам – әлемді таң қалдырады. Көне сақтардың «аң стилі» деп аталатын алтын құймалары да таңғажайыптар қатарында. Сондықтан, қазіргі өрлеуге бетбұрыс жағдайында бізге шетелдіктермен байланысты бір ғана мақсат – қазіргі Қазақстан мемлекетіміздің мүддесі тұрғысында құруымыз қажет.

Бізге қазіргі қажет болып отырған нәрсе – халқымыздың қай салада болмасын асқақ тарихының дәріптелуі. Оны біреулер «өткенін айтып мақтану» деп сынайды. Бірақ, егер, біздің бүгінгі ұрпақ санасында дәл осындай «асқақ тарих» өшетін болса, онда ол ұрпақтың болашақта «өз тарихын жасауы» екіталай... Мәне, мәселенің мәнісі неде?! Өйткені, бүгінгі алмағайып заманда бізге тәуелсіздік туы бар, іргелі ұлт екенімізді өзіміз де сезінуіміз керек, өзгеге де сездіруіміз керек.

Сонда ғана Отанын жанын сала қорғайтын ұрпақ өмірге келеді,

Сонда ғана Отанын гүлге айналдыратын ұлт қалыптасады,

Сонда ғана Қорқыттың мәңгілік сарыны естіледі,

Сонда ғана Асанқайғының жерұйығы көзге көрінеді...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5296