Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 1313 1 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 16:03

БРИКС-тың валютасы бола ма?

Сурет bonistika.net сайтынан алынды.

«Ойбай БРИКС валюта жасап жатыр екен», «Қазанда БРИКС-тің ортақ валютасы көрсетілді» деп шулап жатыр. Сонымен БРИКС-тың валютасы бола ма?

Кеше әлеуметтік желілерде Путин қолына бір купюра ұстап тұрған фото жарияланды. Ресейлік арналар оны «БРИКС валютасы» деп жазып жатты. Алды-артында мемлекеттер бейнеленген екен. Арасында Қазақстанның да туы тұр. Бірақ бұл шынайы валюта ма? Әлбетте жоқ. Кей жобалар жоба күйінде қалады. Ал мынау тіпті жоба да емес.

Тура осы валюта өткен жылы ОАР-да (ЮАР) болған БРИКС саммитінде көрсетіліп еді. Соны биыл ресейлік сайттар қазып алып, қайта жариялады. Былтырғы жарияланған ақпараттың сілтемесі пікірде тұр. Валюта суреті де)

Яғни, бұл «валюта» бар болғаны символикалық дүние. Сувенир сияқты. Ресми жиындарда «Батыстың қаржылық үстемдігінен құтылу» жайында айтылады. Ол үшін төл валюталарымызбен сауда жасайық дегенді айтып жүр. Бірақ салмақты негізде ортақ валюта жасайық дегенді айтқан емес. Өйткені бұл ұйымда жақын аралықта, бәлки ешқашан ортақ валюта болмайды.

Мысалы еуро жайлы айтайықшы. Доллар бұл мысалға сәйкес келмейді. Еуроны жасаудың өзі ондаған жылды қажет етті. Валютаны айналымға енгізбес бұрын ЕО-ға мүше елдер қаржылық саясатын, шекаралық байланысты, дағдарысты еңсеру механизмдерін, банктық жүйелерін және басқаны ортақ талапқа жақындатты. Содан кейін барып қана еуроны айналымға енгізді. Бұл өзара қайшылығы аз елдерде жүзеге асырылады. Ал БРИКС-тың ішінде өзара қайшылық жоқ па? Қайшылықтың көкесі бар ғой. Арыға бармай Үндістан мен Қытайды алып қарайық. Осы екеуі-ақ «ортақ валюта» деген идеяны өзара саяси, әскери, экономикалық қақтығысымен жерлеп тастайды. Ұйымға кірген өзге елдердің де өзара қайшылықтары жетерлік.

Қытайға БРИКС-тың ортақ валютасын жасауды қолдағанша, өзінің юаньнын халықаралық валюта ретінде позициясын күшейту әлдеқайда тиімді ғой. Өйткені сенің валютаңды қаншалықты көп қолданса, соншалықты үстемдігің арта түседі. Доллар соның мысалы.

Осыдан 6 күн бұрын Путиннің өзі «БРИКС-та ортақ валюта енгізу қарастырылып жатқан жоқ» деді. Сілтемесін пікірге салдым.

КСРО кезеңінде «доллардың күні қараң» деген мақалалар жазылатын. КСРО құлаған соң да айтылды. Қазір де айтылып жүр. Бірақ шындық біреу. Бенджамин Франклиннің суреті бар көк қағаз әлі ұзақ әлемге әмірін жүргізетін болады. Ал «БРИКС валютасы жасалуда, ол долларды жерлейді» деген сөзді саммиттер мен ресейлік сарапшылардың сөздерінен әлі ұзақ уақыт бойы естиміз...

Асхат Қасенғалидың желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052