Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дей салдым-ау 1796 3 пікір 8 Қараша, 2024 сағат 13:41

Қазақстан билігі Трамптан не үйренуі тиіс?

Сурет newtimes.kz сайтынан алынды.

Америкадағы президент сайлауындағы Доналд Трамптың жеңісінен кейін қазақтілді әлеуметтік желілерде алуан түрлі пікір, болжамдар айтылып жатыр. Тіпті, «Трамп қазақты Қытай мен Ресейден қорғайды» деп желпінетіндер де жетерлік.

Бірақ ақиқатқа тура қарайық. Американың президенті кім болса да, ол Американың президенті. Ешбір шетел басшысы қазақтың мұңын мұңдап, бас қатырмайды, тек мұнайын сорып, өз есебін түгендеуді ғана ойлайды. Ресей де, Қытай да, өзге де солай.

Оның үстіне Трамп эмоцияның, жұмсақ саясаттың адамы емес. Іскер ортадан шыққан ол Американың әр долларын есеппен жұмсайтын кәсіпкер. НАТО елдерінен қорғаныс үшін төленетін қаржы көлемін ұлғайтуды талап етіп отырған ол – Украинаға да сондай есепшінің көзқарасымен қарайды.

Мен оның сайлау алдындағы науқанда Аризона, Солтүстік Каролина штаттарында сөйлеген сөздерін ғана тыңдадым. Бәрінде де демократтарды ақылсыз, ал қарсыласы Камала Харристі «марксист, коммунист, Камала жолдас» деп кемсітіп сөйлеп, америкалықтардың санасындағы коммунистерге деген жеккөрушілікті жақсы пайдаланды.

Ал оның бағдарламасында Қазақстанға пайдалы тұстары да бар сияқты. Мысалы, Латын Амеркасынан келіп жатқан заңсыз босқындарға шекараны жабу. Ресейден, өзге елдерден шекара асып, ағылып жатқандар ертең елге қауіп төндірмесіне кім кепіл?

Сайлаудан кейін жақтастары алдында сөйлеген сөзінде: «Мен баж салығы деген сөзді жақсы көремін», - деген Трамп Қытайдан келетін өнімдерге баж салығын 60 пайызға, Еуропалық Одақ елдері үшін 20 пайызға көтеру жоспарын мәлімдеді. Бұл да бізге ішкі нарықты қорғау қшін қажет шара.

Электр қуаты тарифін елу пайызға дейін төмендетемін, Американы заңсыз босқындардан тазартып, қылмысты азайтып, өндірісті шет елдерден Америкаға көшіремін де жұмыс орындарын ашамын деген Трамп халықтың көңіл-күйін дөп басты. «Джон Дир» компаниясының басшылығы комбайндарды Мексикада шығармақ екен. Жақсы, солай болсын. Бірақ президент болғаннан кейін мен Америкаға әкелінетін «Джон Дир» комбайнына жүз пайыз салық енгіземін», - деді ол Аризона штатындағы сөзінде.

Ямайкалық-үнділік отбасынан шыққан Камала Харрис болса - халықтың басым бөлігін құрайтын жұмысшы табын назардан тыс қалдырып, латынамерикалық, азиялық сайлаушылардың қолдауына үміт артты.

«NBC» компаниясы жүргізген сауалнамада халықтың 35 пайызы демократиялық еркіндікті, 31 пайызы экономиканы, 14 пайызы әйелдерге түсік жасату хұқы берілуін, 11 пайызы босқындар ағынын қысқартуды Америка үшін ең маңызды мәселе десе, тек 4 пайызы ғана сыртқы саясатты маңызды мәселелер қатарына қосқан.

Бізде де үкіметтің әлеуметтік, саяси маңызы бар шешімдерін осындай сауалнамалар негізінде халықтың көңіл ауанын ескеріп, қабылдауына мүмкіндік беретін зерттеу орталықтары болса артық болмас еді.

Марат Ермұқанов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048