Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 3497 1 пікір 18 Қараша, 2024 сағат 14:10

Ұлы Абай мекеніне сапар...

Сурет Нұрмұхан Жанұзақұлының жеке мұрағатынан алынды.

Түсімде Абай атам мені іздеді.
Өңімде Абай рухын мен іздедім.
Ертісім – менің өзенім.
Қазақстаным – өз елім.

Абай рухы һәм мекенін іздеп келемін. Асфальт жолда атыла зулаған ақ түсті тойота жеңіл көлігінің даусы әлдебір әруақты шақырғандай гүрілдейді. Жол бағытым – Өскемен, Семей қалалары. Іздегенім – Абай әлемі. Мақсатым – Абай музейлерін аралау. Ең түйіні – түсіме екі рет кірген Абай атамның мазарына барып, басына құран бағыштау. Қасиетті мекен Жидебайға жету...

Түсіме Абай атам неге кірді? Бұл сұраққа жауап беру үшін әңгімені сонау балалық шағымнан бастауға тура келеді. Мен Абайды тануды, сүюді, Абай тәлімдерін үйренуді балалық шағымнан бастағанмын. Менің ұлы Абайды біліп, сезінуіме Абай атамның кітаптары мен әкем Жанұзақ Төлебекұлы тәрбиелеп, бағыт берді деуге болады. 7 жаста бірінші сыныпқа түскенмін. Еске сақтау қабілетім жоғары болса керек. Жарты жылдан соң кітап оқып кеттім. Оған тағы да әке үлгісі жетекші болды. Сол заманда біз тұрған аудандағы қазақтың 95%-ы сауатсыз еді. Әкем күндіз мал-жанына қараса, түні бойы сауат ашу сыныптарында болып, жылға жетпей әртүрлі кітаптарды судыратып оқып кетті. Қайдан тапқанын білмейміз, әкем кітап-журналдардың ең басындағы, Қазақстанда басылған, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазулы Абай өлеңдерінің жинағын қолыма ұстатты.

Бүгінгідей есімде, кітаптың басы Абайдың мына өлеңімен басталған еді:

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол...

Әкем кедей малшы болатын. 1951 жылы Қытайдың Құлжа қаласының жанынан ағып өтетін Іле дариясының жағасын мекендедік. Қосымша сауда-саттықпен Құлжа қаласына қурай, шыбық, отын, ағаш көмірін сатып жан бағатынбыз. Базардан қайтарда маған Қазақстаннан шығатын кітап пен суретті журналдарды сатып әкелетін әкемді әлі күнге сағынамын. Соның ішіндегі балалық өмірімнің негізгі оқулығы ұлы Абайдың кітаптары да бар еді. Сонымен, үшінші сыныпты бітірерде қолыма тиген Абай өлеңдерін негізінен жатқа оқитынмын... Әкем де менімен бірге жаттайтын. Маған Абайдың мына өлеңін жатқа айтып беруші еді:

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан!

Қазір қуана ойға кетемін де, Абай мен әкемді сағына еске аламын. Әкем Абайдың тәлімін алып, «кірпіш» болуға мені тәрбиелеп жүрген екен. Сондықтан әкемді сағынғанда түсіме кірсе, онда ұлы Абайдың түсіме кіруі де мен үшін сөзсіз еді.

Ұлы Абай атамды екі рет түсімде көрдім. Алғашқысы ҚХР-ның Үрімжі қаласындағы өз үйімде. Ол кезде Дэн Сяопиннің жаңа эконмикалық, саяси реформасының арқасында адамзаттың әлемдік руханияты алға басуға беттеген, Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті де қоғамға өзіндік серпін көрсетіп жатқан болатын. Осы үрдістің басында Абай шығармаларын үйрену, зерттеу мәселесі өз орнын тауып үлгерген еді. Дәл сол рухани алға басар реформаның ішінде ұлы Абайдың тау тұлғасы мен тәлімі де миллиардтар елі ішінде өзінің нұр шұғыласын шашып, жер шарының шығысынан шыққан күндей өз нұрын төге бастаған. Міне, осындай өзіндік ой мен қоғамдық өмірдің түйілісіне жолыққанда, бала күннен бергі ұстазым түсіме кіруі сөзсіз еді.

Абай атам екінші рет, 2009 жылы табиғи Отаным – Қазақстанға, атажұртыма көшіп келгеннен кейінгі екінші жылы күзде, туған жер топырағында түсіме кірді. Ендеше, Абайдың түсіме екі рет кіруі де қазақ ұлтының екі жолдың айрығына түскенде болатын. Екінші рет түсімде ұлы Абай аула бақшасының есігін қараушы болып елестеді. Осы түс арқылы тәуелсіздігіміздің тағдырын ұлы Абайдың рухани ойымен сезінгендеймін. Ендеше, менің қолымнан не келмек? Бәлкім, Абай атам – осынау заңғар тұлғамыз түсіме кіріп мені іздеп, маған «ел тағдыры жөнінде білгеніңді айт, септігіңді тигіз» деп аян берген шығар?.. Мен екі жұмыс істеуім керек. Бірі – ұлы Абайдың әлемдік рухани мәдениеттің төріндегі орнын түсіндіруге үлес қосу. Содан қолыма қалам алып «Миллиардтар елі ұлы Абайды ерекше құрметтейді» атты мақала жазып, жарияладым («Қазақ әдебиеті» газеті)... Тағы бір арманым – ұлы Абай туып, өскен өлкені көру, мұсылман ретінде тұлға рухына арнап өз жүрегімнің толқынысымен, өз аузыммен құран бағыштап қайту болды. Ұлы Абайды өсірген ұлтымды, Абайдың рухани әлемінің белгі тасы болған Жидебайдағы Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының алып мазарын іздеуді армандадым. Арманды жағдай билеп, өз уақытында бара алмадым. Ақыры арманым орындалып, 2022 жылы 19 қарашадан 30 қарашаға дейінгі «Абайды іздеу» сапарым басталды. Сапарыма Әлжан Нүкенұлы және күйеу балам Қали Тоқтасынұлы көмектесті. Әлжан мырза Өскемен қаласындағы үй құрылысы компаниясының маманы екен. Әрі күйеу балам Қали Тоқтасынұлының досы болып шықты.. Біз Өскемен қаласына дейін Әлжанның жеке көлігімен жүрдік. Алматы қаласынан таңғы сағат 8:00-де аттанып, тура 16 сағат жол жүріп Өскемен қаласына жеттік. Қали мен Әлжан артқы орындықта отырып үш рет ұйықтап оянды. Иә, ол жігіттер жұмыс бабымен талай жерді көргендер. Ал менің ұйқым келмеді. Оның үстіне тізгіншінің жанында отырып ұйықтамайтын жанмын. Отанға, оның ұлан-байтақ жеріне деген сүйіспеншілік сезім ұйқымды келтірмеді. Тізгіншіге де серік керек. Қауіпсіздік керек... Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің ұлан-байтақ көркем аумағына деген сүйіспеншілік, ұлт тарихында осы қасиет шалған, қасіретті де тартқан, өзім көрмеген Отан топырағын өз көзіммен көру... Көбіне оң жағымдағы сонау алыста ұшы-қиырсыз өркеш таулар тізбегі сұлу әрі айбатты көрінеді... Осылайша, түнгі сағат 00:00-де Өскемен қаласына жеттік.

Электрі жайнаған,
Көше аумайды айнадан.
Таулы туған даласы.
Жолдарда көлік заулаған.

Сол түнгі ұйқыны қандырып алып, Өскемен қаласының қақ ортасындағы ұлы Абайдың ғақлия сөздері әсемдеп жазылған, көп баспалдақты биік мұнараға жайғасқан қазақтың үш биінің мүсінін тамашаладық. Есті адамға билер мүсіні ой салады. Билер мүсінін көріп, билік біткенді орынсыз айыптаудан көз аштырмайтын көңілі көлеңке бір топ адамды есіме түсірдім. Ауыр бір күрсініп едім, ұлы Абайдың бір шумақ өлеңі ойыма оралды:

Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз...

Әбілет басқан елерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге көнер ме,
Түзелмесін білген ез?

Абайдың бұл өлеңі елім деп еңіреген осы билеріміздің қадір-қасиетін білмеген жандар заңғар тұлға жасаған дәуірде де болып, осыдан ой туған шығар деп ойладым. Отаршылдық туындатқан, ойсыздық жасаған ұлтсыздық, қазірге жалғасқан қияңқы қиқар, надандық тәуелсіз мемлекеттің өміріне тағы да күйе жағып, ел билеуші азаматтардың (билік) жемқоры мен елқорын айырмастан, бірдей қаралап жатқанына мұңайып терең күрсінесің. Ал мен ше? Мен үш биден тәлім алған барлық ұлтым деп, ел тізгінін ұстаған азаматтарға құрмет білдірер едім... Мұндайда болыс болған Абайды өзінің туыстары сабағаны еске түседі.

Адамзат ішінде ақылы асқан ұлы Абайды шексіз сағына отырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп, билеріміздің әруағына арнап өз аузыммен құран оқып, олардың рухының бүкіл мемлекет халқының санасына жұғысты болуын Алладан тіледім. Сонымен, ел мен жерді көрейін деп, Өскемен қаласына екі күн қонақ болдым. Көрікті тау электр станциясын тамашаладым. Қос айрықты алып, Ертіс өзенінде ұшқыр қайықпен зымырадық. Бұл неткен тұнық, алып өзен еді! Неше алып өзендерді көргенмін. Олар лай батпағы басына шапшып, жартастармен жағаласып, тасыса орманын ойрандап жатушы еді. Менің Ертісім қазақтың, қазақ мемлекетінің өзі сияқты тұңғиық терең, ойлы қазақ ғалымындай көрінді. көкпеңбек түспен суы жылжып ағады екен. Жаныңды сүйсіндіреді. Шіркін, көк түс-ай десеңші! Жан сұлулығы, мән сұлулығы екен-ау! Я, Алла, саған мың рақмет! Аспанымыз көкпеңбек ашық. Сол аспанда тәуелсіз Қазақстанның көкпеңбек туы желбірейді. Тауларымыз жап-жасыл, мынау Ертіске қарасаң, суының мөлдірлігі мен тұнықтығына көзің тұнады... Шіркін, қазақ «Мал иесіне тартады» деп бекер айтпапты-ау! Мен ақ қайық ішінде қарлыққан даусыммен айқай салдым...

Уа, Ертіс – өзенім менің,
 Сені көруге келді кезегім!
 Алатау, Шыңғыс... бәрі өз елім.
 Ұлы Абайдың рухы мен сөзі қалған,
 Жаса менің жаңа Қазақстан өз елім!
 Өмірің мен өңірің биік басқадан,
 Нұрлы болашақ пен асқақ арманды,
 Өзіңнен сеземін, менің Ертіс өзенім!

Таспадан таптым, «ұры» өзім екенмін

Ширек ғасырға жуық алтындай аялап, сары майдай сақтап келген екі кітабым екі жыл бұрын отбасылық кітап сөремнен жоғалып кетті. Өзім білетін «кітап ұрыларымды» аңдып та, тінтіп те таба алмадым. Кітапты сүйіп оқып кете алмаса да, кітаптарыммен жазған-сызғандарыма құрметпен қарап, мақтаныш көретін әрі шама-шарқынша қорғап жүрген жайы бар, момындау мінезді балаларымның анасы Дәшен Дошыметқызымен де бір-екі рет «түс шайысып» қалған жайым бар... «Ақшаңды сұраусыз алсам да, кітабыңа тиіспеймін» дейді әйелім. Шынында солай. Кейде қаламымның ұшы тиген қағаздарды маған көрсетіп, сонан соң қоқысқа тастайтын әдеті бар еді...

Сонда әлгі қасиетті кітаптар қандай кітаптар демейсіз бе? Ол екі кітаптың біреуі – «Абай қара сөздерінің» қытай тіліндегі нұсқасы, екі миллиардқа жақын қытай ұлтын таңғалдырып шулатқан кітап, тағы біреуі – қазіргі заманғы қолданыстағы қазақ тіліне сәйкестендіріп жасалған, қазақ төте жазуындағы «Абай өлеңдерінен таңдамалылар». Сонымен, бұл кітаптар екі жылдан бері ұмытылғандай болған. Биыл баспадан шығатын «Бағдаршам» атты кітабыма осы мақаланы қосатын болып, өмірімдегі ең маңызды осы сапарым туралы очер жазатын болып, екі жыл бұрынғы Абай сапары материалдарын ақтара бастадым. Сонымен, күйеу балам Қали Тоқтасынұлын үйге шақырып, сапарда түсірілген кескіндерді көре бастадық. Ең алдымен көзге айбынды, көркем де бай мазмұндарды басынан бастап телефонға түсірген едік. Телефоннан таспаларды (видиоларды), Семей қаласындағы ұлы Абай Құнанбайұлының ескерткіш сарайындағы (музей) көріністерді ақтара бастадық. Сарай сәулетінен бұрын, ондағы бай білім мен мазмұн жанды баурайды.

Абайдың бала кезіндегі Зере әжесінен қазақтың халық ертегісін терең ықыласпен тыңдап отырған тәтті де ғажайып мүсінінің жанына үш рет барып, ұзақ ойлана қарап тұрған көрінісім бар екен. Менің «Бір ауыз сөзім – мың ділдә» атты мың сөзден құралған кітабымда: «Ертек естімей өскен баланың ертеңі бұлыңғыр» деген даналық сөзімнің дұрыстығына осы арадан дәлел тапқандай болдым. Біз барған бейсенбі күні жер-жердегі мектептер Абай өмірі мен жолын білуге бастайтын күн ретіндегі шараға оқушыларды кезекпен бастап әкеледі екен. Бұған мен қатты қуандым. Басқа қала мен далада да, сөзсіз, осылай болу керек деп ойладым. Шараның бас жүргізушісі (атын ұмыттым) маған келді. Мен видиодағы көрініске таңғалдым. Жоғалған қазынам табылды. Әлгі екі кітабымды «ұрлап» апарып, Семей қаласындағы Абай музейінің төріне өзім қойыппын. «Атамыз келіпті ғой!» – деп аңқылдайды әлгі жігіт.

Қалимен бірге телефондағы видионы көріп ерекше таңғалдым. «Бұл жағдайды неге ұмытқанмын!?» деп өкінем әрі қуанам. «Бәрі Жаратқанның сәйкестендіруі шығар!» деймін өзіме-өзім ризашылық білдіріп. «Бұл кітаптар Абай музейіне жасаған ерекше силығым болды» деп ішімнен мақтанамын. Өйткені Абай ғақлияларының қытайша нұсқасы Қазақстанға әзірше таралған жоқ сияқты. Иә, бұл кітап жай халықтың емес, әлемдегі ең көп халықтың жазуымен жазылып, Абай музейінде тұр...

«Талай жыл болды, қарт адам түгілі, жастардың Абайдың ұлы рухын үйреніп, тарату үшін Сіз сияқты он мың шақырым жерді аттылы-жаяу аралап, ұлы Абайдың рухын насихаттап жүрген ешкімді байқамаппын», – дейді музейдің жауапты жігіті.

Абайдың қабірі басында / Сурет Нұрмұхан Жанұзақұлының жеке мұрағатынан алынды.

Қасқабұлақ

Келесі күні, күн көтеріле салып, такси жалдап Семей қаласынан Жидебейды бетке алып заулап келеміз. Тізгінші (шофер) жігіттің аты Жанасыл екен. Қазақ қарттарының өзіндік міндетіне сәйкес, Жанасылдан әкесін, ру тармақтарын түгел сұрадым. Керей ішінде Қарақас екен. «Құда балам екенсің» деп жабыса кеттім. Жігітім де алыс кетпеді. Мәз болып келе жатыр. Сонымен, жастарға қазақтың «қарға тамырлы қазақ» деген сөзі осындайдан шыққан деймін. Тізгінші таңғалып көп сұрақтар сұрайды. Ол рас. Қазір Астана қаласындағы белгілі атағы бар дәрігер қызым Нұршаш Нұрмұқанқызы осы керей тайпасының Қарақас руының келіні.

Көлік жүйткіп келеді. Семей қаласынан батысқа бет алған жолдың екі жағындағы біраз ауылдар көп өтпей-ақ артта қалды. Күз мезгілінің орта айының соңы болғандықтан шығар, анда-санда көзге шалынатын биіктеу жоталар мен аласа дөңдер болмаса, қалған жер ұшы-қиырсыз көз жетпес кең сары дала. Әдеттегі кең дала емес, күрең сары дала. Жазда жайқалған жасыл шөп шығар, қазір күреңітіп бір беткей шығысқа қарап жатып қалған. Мүмкін жел батыстан шығысқа қарай соғатын шығар. Тізгіншіден сұрап едім, ол ары-бері өтіп жүріп, жазда жасыл даланы, күзде керең даланы, қыста жылмита басқан қарлы даланы көретінін айтты. «Мен бұл арадан адамды да, аң мен құсты да көргенім жоқ», – дейді тізгінші мұңайған бейнеде. Мұңға баттым.  Себебі өзім туып, өскен Қытайда қалған туған жер еске оралды. Ол жер тауы, суы, жазығы бар ұлан-ғайыр алқап, бірақ тебендей тесік бос жер жоқ. Содан түсімнен шошып оянғандай болдым. Иә! Иә! Үрімжі қаласындағы үйімде көрген түсімде дәл осындай шалқар күрең далада киімшең шалқамнан түсіп ұйықтап жатыппын. Үстінде түйенің жүнінен тоқылған күрең түсті тоқыма пальтосы бар, басында дөңгелек қоңыр бөркі бар Абай атам қолындағы имек аса таяғымен түртіп оятты да, артына үш рет қарап, ғайып болды. Шошып оянсам, өз төсегімде жатырмын. Бұл түсті көрген кезім 2008 жылдың күзі болатын. Қытайдағы қазақ қандастардың атамекенге қоныс аударуы толқынға көтерілген тұс еді. Сол күні таңғы асты Абай атама арнап құран оқып іштік. Содан елге қайту ойымды немесе Абай атамның «тапсырмасын» орындауға бекідім. Сөйтіп, сол жылдан бастап 2014 жылдың ортасына дейін өз кіндігімнен болған жоғары білімді, қытай өкіметінің мемлекеттік штатындағы, тақтары да тар емес, табыстары да аз емес 4 ұл, 4 қызымның отбасының барлығының ұлттық Отанына оралуына мұрындық болдым. Алайда ұлы Абай зиратының басына барып, өзімнің ет жүрегіммен, өз аузыммен құран оқу арманым тек 2022 жылы қазан айының соңғы он күні ішінде орындалды...

Шексіз де шетсіз күрең даладан тізгінші Жанасылдың таныстыруымен жол бойындағы Салиқа-Сәмен тас мүсініне түсіп құрмет көрсеттік. Бірақ құран оқымадым. Себебі менің өзімнің таным, білімімде бұл ғашықтардың ұлт пен діні анық емес еді. Оның үстіне КСРО идеологиясы ақ көңіл қазақ ұлтын өзінің отарлық зұлымдығымен ғашықтар әлемі арқылы алдап-соқты деп түсінетінмін. Ғашықтар бастауынан су ішіп жатқанда тізгінші балам: «Ата, алдымызда 50 шақырымдай жерде ұлы Абай атамыз бен Мұхтар Әуезов екеуінің туған ауылы «Қасқабұлақ» деген ауыл бар. Қасиетіңнен айналайын әулиелер су ішіп үлкейген Қасқабұлақ деген бұлағы бар, жолшыбай соға кететін шығарсыздар», – дегені. Денем бір ысып, бір суыды.

«Аңсағаным аспаннан түсті», – дедім тізгінші балама. «Мен мынадай қасиетті аты бар хабарды тұңғыш сенің аузыңнан естіп отырмын. Айналайыным, ақыңды еселеп ал да, тарта бер!» Абайды сүйіп, құрметтеп оқып, зерттегенсымақ болып жүрген жан болсам да, «Абайдың, Мхтар Әуезовтің туған ауылы» деген атауға көңіл бөлмеген әбестігімді қарашы!» деп өкініп қоямын. «Тағдыр тағы да мені жақсы көреді екен, тәлейім бар екен» деген ойлар келді... Әне-міне дегенше «Әуезов ауылы» атты жол белгісін көріп: «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан», – деп қуандым. Жол белгінің жанына Абайды ғана емес, «Абай жолы» романы арқылы қазақ атты ұлтты оң жағынан жер шарына танытқан Әуезов сынды әулие жазушының көлемді суреті үлкен тақтайдың бетіне ілініпті. Бұны көріп өз-өзімнен қорқыныш билеген адамдай денем тітіркеніп кетті. Бұл менің қаламгер ретіндегі жүрек құрметім еді.

Бұл ауыл шағын ауыл екен. Алайда «Қасқабұлақты» іздегендердің ат тұяғы үзілмейтін көрінеді. Біз ауылдық мәдениет үйінің алдына келіп тоқтадық. Мәдениет үйінің жауапты қызметкері Мереке қақпаны ашып, жанында төрт серігімен қарсы алды. Біздің мән-жайымызды сұрады. Әлгі бастық жігіт таңданысын жасыра алмай, маған тесіле қарап: «Жалғыз өзіңіз бе, аға?!» – деген сұрақты қайталай берді. Содан көрген түсімді іздеп келе жатқанымды баяндадым.

– Мен аға емеспін, атаңмын, балам, – дедім. Әлгі жігіт сасып қалды.

– Бұл арада ата атауы аз айтылады. Қазақтың қасиетті сөздері жоғалып, азайып кеткелі қашан, кешіріңіз! Әкелеріміз қалай айтса, біз де солай айтып әдеттеніп қалыппыз... – деді жігіт.

– Жасыңызды сұрасам бола ма?

– 78 жастамын.

– Жасай беріңіз, ата! Сіздің жасыңыздағылар көппен, топпен бірге келген шығар, бірақ байқалған жоқ. Батаңызды беріңізші, ата, – деді жігіт.

Әуелі сол жігіттердің алдымен маңдайларын сұрадым. Мен балаларымның маңдайынан иіскемей тұрып бата бермеймін. Бұл әдетім жас мемлекетіміздің, ұлтымыздың, оның иесі – осы жастардың маңдайлары жарық болсын дегенім ғой! Барлығының маңдайынан иіскедім. Құмарым қанғандай көңілім кеңіп қалды. Артынан өзеріне Алладан ұзақ өмір, жұмыстарына сәттілік тілеп, «Абай мен Мұхтар аталарыңның әруағы қолдай берсін» деп бата бердім. Қасқабұлақ данышпаннан төрттен туса екен деп жастарды ду күлдірдім... Бұнда күз басталғалы көрермен мен сапаршы жоқтың қасы, әсіресе қараша айы басталғаннан бері солай екен. Әнші қыздар да ауылға қайтқан...

Жастар бізді Қасқабұлақтың қасына ертіп барды. Өз өмірімде талай бұлақ пен сарқырамаларды көріп өскен жанмын. Талай тентек бұлақтар жартастардың қоспасынан атылып жататын. Ал ұлы Абай мен Мұхтардың Қасқабұлағы ғажайып. Шығысқа қарап тұрсаң, сол қол жағыңнан ортада кең еденді жазық кеңсай қатар жатыр. Қарсы алдымдағы сары қоңыр жота бейне алып қауынның формасын жасап тұр. Біз тұрған жерге келгенде алып «қауынды» қақ ортасынан сондай тегіс «жарыпты». «Қауынның жарты бетін» геометриялық өлшеммен өлшеп тілгендей, дәл ортасындағы теп-тегіс сары қыл тас беттен қазақ қарттарының тонының жеңіндей көлемдегі, әйнектей тұнық су атқылауда. Атып шыққан су цемент тоғандармен әудем жердегі шалғын шөп басқан жазық сайға жеткізіліпті. Сайда жарқырап арнада бұлақ ағып жатыр. Семей қаласынан шыққаннан бері, жолдың екі жағалауынан төрт түлік малды көргеніміз осы. «Мал еңкейіп иіскемеген жер жетім» дегендей, малды көріп көңіл шалқыды. Біз үш адам әңгіме бастаудан бұрын ақ тастан атқылап жатқан суға басымызды салып жіберіп тұнығынан қанғанша жұттық. Судың дәмін айтпаңыз. Бастаушылар ауыз ашқан жоқ. Өзіміз ішіп, өзіміз сампылдап сөйлеп, өзіміз қуанып жатырмыз. Басымды көтеріп сонау сайлы жазықтағы тіршілікті көріп, Абайдың «Жаз» атты өлеңін жатқа заулаттым. Абай жасаған жаз суреті мен мына мал толы сайдың суреті ұқсайды екен.

Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының,
Шалғыннан жүні қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап...

Сыдыртып аяғына бір-ақ шықтым. Айналамдағылар қол шапалақтап құрмет білдірді. Жиырмадан асқан бір жігіт атасын құшақтады. Мен оның маңдайынан үш рет сүйдім.

– Қанша жасыңыздан бері Абай ата өлеңдерін жаттап жүрсіз, – деп сұрады әлгі жас жігіт қызығып.

– Үшінші сынып оқығаннан бастағанмын.

– Өзің ше? – деп сұрап едім, әлгі бала төмен қарады да:

– Мен ақын емеспін, – деді.

– Жоқ балам, – дедім мен. Абай өлеңдері – жақсы адам (толық адам) болудың жолы. Адамзаттың ақылы ғой, – дедім де, – қалғанын «Қасқабұлақ» ауылының қақпасының алдына барып, айырылысарда айтып берейін, сендер дыбысқа жазып алыңдар! – дедім. Менікі уақыттан ұту, ойланту, шабыт беру үшін еді. Қақпа алдына да келдік. Жүрегімнің әмірін алдымен Абайдың екі шумақ өлеңімен жеткіздім:

Пайданы көрсең, бас ұрып,
 Мақтанды іздеп, қайғы алма.
 Мініңді ұрлап, жасырып,
 Майданға түспей бәйгі алма.

 Өзіңде бармен көзге ұрып,
 Артылам деме өзгеден.
 Күндестігін қоздырып,
 Азапқа қалма езбеден.

 Ақырын жүріп, анық бас,
 Еңбегің кетпес далаға.
 Ұстаздық қылған жалықпас
 Үйретуден балаға.

Ұлы Абайдың ұлылығы да осында болса керек. Ол алдағы заманның бәсекелі ғасыр боларын болжаған. Мен де өз өлеңімді жатқа оқып, қоштастым:

Құрметтім, қуатымсың Қасқабұлақ,
Ағыпсың тасты тесіп, тастан құлап.
Абай менен Мұхтарға сусын болған,
Орның сенің әлемде басқа бұлақ.

Өзіңмен сан бұлақтың теңдігі жоқ.
Гүл, шөптермен ағасың елді бөлеп.
Айналған қасиетіңнен Қасқабұлақ,
Нәріңнің ана сүттен кемдігі жоқ.

Абайды туған бұлақ, Мұхтарды да;
Тарихсың қасиетіңді ұққан ұлға.
Нұрмұқан жарым ғасыр жасарғандай,
Суыңнан құлқылдатып жұтқанында.

Ей ұлтым, Қасқабұлақ – бас суатың!
Болса екен Абайдайын ұл туатын.
Болса екен тәуелсіз ел болашағы,
Абайдың мұратымен бір тұратын.

Қоштаспаймын Қасқабұлақ! Тіршілігім болса, тағы келемін.

Ұлтымның қасқа маңдай тағдырын қазақтың ұрпағына, Қасқабұлақтың ұрпағына тапсырамын! Алла аман кездестіре гөр!

Қаламгердің көз жасы

Міне, Жидебайдағы Абай мүзейінің ішінде, музейге айналған ұлы Абай атамның отбасында, тіпті ол отырған орындығына отырып, заңғар тұлға ұстаған қауырсын қаламды дірілдеген саусақтарыммен ұстап, Абай атам істеткен камаси сияға матырып, Абайша әлденелерді жазғым келді. Бірақ бүкіл денем дірілдей бастады. Кәрі көзден бұлқынып, бұлақтап, бетті жуып жас кетті... (Қазір дәл осы сағатта, осы сапар естелігін жазып компьютер алдында отырмын. Тағы да солқылдап жылап отырмын (Я, Алла! Өтірік айтсам, аямаңызшы мені). Ішімнен «Аташым, сенің әруағыңнан ұрпақтарыма, ұлтыма, тәуелсіз мемлекетіме медет сұрап келдім» деп тілек айттым...

Мен тегінде боркемік, жылаңқы жан емеспін. Өзімнің ел ісіне деген адал жүрегіме сүйеніп өскен, әділет десе тік тұратын жанмын. Бұлай болуы өткен заманның қатыгездігі ішінде жасағанымнан болар. Әсіресе әкемнің мені ес білгеннен бастап Абай тәлімімен баулығанынан шығар! Осы сөзіме өзімнің өмірімнен дәлел айтайын.

Алдымен менің балалық кезімнен жаттап өскен Абай өлеңінің екі шумағын жаза кетейін:

Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапағат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма.

Иә! Әділетсіздік пен зұлымдықтың алдында көзімнен бір түйір жас шығып көрген жан емспін... 1966 жылы маусым айынан басталған, Қытай елінің мәдени, рухани, азаттық өмірін 10 жыл ойрандаған, адамзат тарихындағы ең жабайы да жауыз қозғалыс «Мәдениет төңкерісі» дегеннің өткір тырнағына мен де ілінгенмін. Мен сол 1966 жылы бар-жоғы 21 жаста едім. Көрініп тұрған әділетсіздік пен зұлымдыққа шыдап тұра алмай «Мәдениет төңкерісі қате жүргізіліп жатыр, мұғалімдердің жазығы жоқ», – деп айтпаймын ба! Сонымен, осы бір сөзім мені он жыл жұлмалады. «Партия Орталық Комитетінің қаулысына қарсы келген, партияға қарсы элемент» деп, басыма қалпақ кигізіп, уралап күреске алып ұрып соққанмен, азаптап қинаған жұдырық пен шапалағына ыққаным жоқ. Көзімнен түйір жас шығарғаным жоқ. Сонымен, «тоңмойын» элемент деген желеумен жұмыстан айдады. Отбасым, сол баяғы қамқор әкем Үйсін тауының күнгей бетінде қалды. Мен теріскейіндегі Мұңғұлкүре деген ауданның орталығындағы батпақты көшесінде, жанашыр бір адамым жоқ жалғаз қалдым. Күндіз ағашты паналасам, түнде жұмыстан босатылған «бұзақылардың» үйін паналап жүріп (Бір-біріне пана бола алатын менің мейірімді ұлтым десеңші), сонымен, партия Орталық Комитетке, сібе ұлтынан шыққан аудармашыны тауып, арызданып жүріп үш айда жұмысымды қалпына келтіріп едім, жұмыс бөлісімді аудан орталығынан таулы шет қыстаққа аударды. Мұны жазып отырғанымның себебі, осы үш ай барысынды сол заманның жастары жолықпауға тиіс небір азаптарға тап келдім. Мен сияқты басына күн түскен адамдардан аудан бойынша он неше адамды ұрып өлтірді немесе өзіне-өзі қол салды. Ал мен ше? «Қайрат пен ақыл жол табар, қашқанға да, қуғанға» деген тәлім бойынша іс қылдым. Көзімнен бір тамшы жас шығармадым. Иә! Бүгін тәуелсіз Қазақстанның еркін азаматымын. Ұлы Абай атамның «үйіндемін». Ақ көңілімнен ақтарыла шыққан қуаныш жасы бір ғасыр тығылған, бұғынған дертті жуып жатыр. Бақыттың жасы. Жоқ, айтарым әлі бар. Қаламгердің көз жасы өлім алдында да шығып көрген жоқ.

1970 жылы қаңтар айының мезгілі. Мұңғұлкүре ауданының Ақдала ауылы. Сол Мәдениет төңкерісінің жалғасы. «Бірді жаныштау, үшке қарсы тұру» деген атпен жүріп жатыр. Коммунаның мемлекет органдарының бірлескен үлкен тобында менің үстімдегі күрес қызу жүріп жатыр. «Қаладан қашқан, партияға, Мәдениет төңкерісіне қарсы атақты тоңмойын элементті партияға қарсы тұрғандығын мойындату үшін қатаң күрес қызу жүргізілуде. Қайдан тауып келді білмеймін, «тоңмойынды жібіту үшін», Чех мемлекетінде жасалған, ауырлығы 25 килограмм келетін сүт айыру машинасының шойын бөлімін, екі шетінен сым темірге байлап, екі адамдап көтеріп әкеліп тоңқайтып қойып, мойныма асты. Күресті басқарушылар мен бастаушылар «Жұмысшылар табы» немесе орган мектебінің тазалықшысы, күзетші Әуелқан Аюкеұлы жолдас пен коммуна астық пунктінің күзетшісі Қалмақ Гешіл жолдас. Алдыман Әуелқан ағам білген айыптау, әшкерелеу сөздерін айта келіп: «Партияға қарсылығыңды тапсыр!» – деп, құлашын барынша керіп келіп, құлақ шекемнен соғып қалды. Алғаш қолтығын жазғанда «өлтірді» деп ойлағам. Ғажабы қазақтан шыққан жұмысшы табының жұдырығы жұмсақ екен. Ішім сондай жылып кетті. Көзімнен жас та шықпақшы. Бірақ жауым жасыды деп біледі, сондықтан өзімді қолға алдым. Кезек әлгі Гешіл деген керең қалмаққа келді. Түлейлігі ме, атажаулығы ма, ит надандығы ма, әлгі қалмақ ауыр шойын желкемнен қан ағып тоңқайып тұрғанымда, көтен тұстан қатты теуіп жіберді. Етпетімнен ұшып түстім. Мойныма асулы шойынға басымның тигенін білем. Есім ауып қалыпты. Сүт машинаның қыры төбе құйқамды сыдырып тастаған екен. Күрес майданы қанға толды. Ауруға шыдамай ойбайладым кеп, бірақ көзімнен жас шыққан жоқ. Сыпырылған құйқаның орнына, сым темір қиған желкеме күрес біткеннен кейін аппақ шаш шықты. Мен 25 жасымда «Ақбас Нұрмұқан» атандым. Құдіреті күшті Құдайдан, мен сүйенген Абай атамның әруағынан, мені Абайға табындырып кеткен әкемнің әруағынан мың айналайын! Сонда да көзімнен жас шықпаған...

Әлгі дүлей, надан, жауыз Гешіл дәл сол түні күзет үйінің пешінен шыққын көмір газына уланып сеспей қатты.

Мен алған осы жолғы қанды соққыдан кейін коммунаға түскен армия, жұмысшылар үгіт отряды дегендер сескеніп қалса керек, жауыздық жазалар саябырлады. Мысалы, жалаңаштап көмір шоғына қақтау, үстел астына басын тығып қойып құйрықпен белді жалаңаштап, шандар тартпаның айырбас жағымен соғу сынды әрекеттер тоқтады. Мен сондай айдау мен азапта 7 ай жүріп не көрмеді дейсіздер?!.

Содан бері жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Өмірдің қуанышы мен күлкісі, көз жасы мен өкініш, өксулер де болған шығар. Бірақ дәл ұлы Абайдың жазу үстелінде отырып алып көз жасымды көлдеткендей кезім ешқайда болған жоқ. «Неге?» деген сұраққа толық жауап бере алмаймын. Иә! Иә, бір рет болған. 1976 жылы маусым айының 22-күні – әкем қайтыс болған күні. Сол кезде қатты жыладым. Әкемнің әкелік мейірімін, тәрбиесін, тағы басқаларды жіпке тізген маржандай етіп, таяққа сүйеніп тұрып жиылған көптің алдына төгіп бердім. Сол әкем ғой мені ұлы Абайдың рухани баласы етіп кеткен...

Біз музей директоры Гүлай атты ханымның бастауымен Абайдың үш әйелінің жатын бөлмелерін араладық. Менің сезінгенім, заманына қарай адамдары жарасқан. Үш бөлменің жабдықталуы ұқсас екен. Ол ұқсастықты былай қойғанда, қазақтардың ру, тайпасының қалыптасу тарихи уақыты талай ғасырлардың еншісін алып жатса да, орналасқан мекенжайлары соншама шалғай болса да тұскиіз, шымылдық, төсек жабдықтары, сырмақ, текеметтердің ою-өрнектерінің ұқсастығына, тұтынған үй жабдықтарының бірдейлігіне таңғаласың. Тіпті қазір де солай ұқсас. Әлем қазақтарының тілі ғана ұқсас болып қалмастан, күнкөріс қағидалары, үйлену формасы, тағысын-тағылардың бәрі ұқсас. Мұны басқа ұлттардан таба алмассыз, бәлкім. Таңғаласың да, сүйсінесің. Тоқсан тайпа болсаң да түбің бір, туысқан екеніңді дәлелдеп тұр. Ортада ас үй. Ас үй әбзелдері мен тұтыну бұйымдарының ою-өрнектері, тіпті қымыз ішетін тостағандары да, келі-келсаптарының жасалуы мен шеберлік өнерлері де ұқсас. Маған ерекше көрінгені, Солтүстік шеттегі ас мәзірлерін қоятын үй ішіндегі алтын түсті үлкен екі адалбақанға ет сүрлейді екен. Бұл адалбақан Абай отбасының сәулетін тағы асырғандай. Осыдан ұққаным, қазақ ұлтының мәдениетінің тарихы өте алыс, тереңде жатыр деуге келеді. Бұларды көріп ұлтыма деген жан сүйіспеншілігі тіпті арта түсті... Абай отырған пәуескемен пәуеске арбаға да отырып мауқымды басқан жайым бар.

Қаламгердің көз жасының көкесі ұлы Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының қабірлерінің басына жеке-жеке құран оқығанда тағы тамшылады. Ақ мрамордан құйып жасалған зәулім екі кесенені құшақтап біраз уақыт тұрдым. Тарих пен тәуелсіздіктің қарама-қарсылығы ойымды ойлы-қырлы қиялдарға жетектеді. Мауқымды басып, одан ұлы Абайдың сүйегі жатқан жерге барып құран оқыдым. Құран аяттарын, 1957 жылы күзде шешем дәрігердің жоқтығынан туыттан өлген соң, әкем менің 12 жасымда «Шешеңе барып құран оқып тұр» деп бес сабақ (құран аяттары) үйреткен. Мен осы бес сабақты көбейткенім де жоқ, азайтқаным да жоқ. Әкем қайтыс болған соң, басына барғанда да арнайтыным осы бес аят. Енді екеуіне де осы құран аяттарын арнап жүрмін. Әкем шешем Мерует Рахымжанқызынан кейін үйленген жоқ. Ойлағаны төрт жетімнің өгейлік өмір көрмеуі еді. Бұл ұзақ әңгіме. Міне, ұлы Абай атамның басына да сол құранымды оқып отырмын, бірақ тілеуім ұқсамайды. Құраннан кейінгі батам:

Я, Алла! Мен сізге шексіз сенемін, құрметтеймін! Осы оқыған құранымды Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар бастаған ислам дінін адал тұтынған әулие-әнбиелердің рухына бағыштадым. Я, Алла! Күллі адамзаттың, мұсылман әлемінің тыныштығын, береке-бірлігін бере гөр, Алла!

Осы құранымды ұлы Абай Құнанбайұлының рухына, Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына арнадым. Жанын жәннатта қыла гөр! Артындағы мынау жер бетіндегі ел-жұртын аман ете гөр, Алла! Я, Алла, ұлы Абай елімен бірге ұлы қазақ атты ұлтымның елін, мемлекетін, оның тәуелсіздігінің қадір-қасиетін, Абайдың әруақты білімі мен тәлімін ұлтына, барлық адамзатқа сіңдіре гөр! Я, Алла! Қазақ атты ұлтымды бай-бақытты ете гөр! Ұрпағыма әлемнің озық ғылымы мен білімін алуына медет, ықыласыңды бергейсің, Алла! Я, Алла! Еліме, жеріме, мынау әлемге тыныштық бер! Я, Алла! Я, Алла! Мына елімді дүлей бораннан, бөгеу бермес тасқыннан, шайтанның кесірінен, қауіпті басқыншыдан, жемқор биден, дүлей, содыр санадан сақта! Ұлы Абай атамның тәлімін, рухын ел дамуының тірегі ете гөр, Алла!..

Мен орнымнан тұрдым...Үшеуміз алыстап барамыз. Күн ұясына қарай жамбастап барады. Қаламгердің көз жасы тоқтаған сияқты. Өйткені ол Абай атасының өзін көргендей қуанышты сезімде. Бір арман, бір қуаныш.

Қош бол!
Ұлы Абайды туған мекен!
Ел мен жер арманына жетер ме екен?!
Адамбыз, адамбыз ғой бәріміз де,
Толық адам болмасаң, бекер екен!

Нұрмұхан Жанұзақұлы

2024 жылдың қыркүйегі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1436