Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 361 1 пікір 11 Желтоқсан, 2024 сағат 14:30

Кимешек – келіншектің төлқұжаты...

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

«КИІМ ПІРІКИМЕШЕК»

Өтейбойдақ Тілеуқабылұы

Желтоқсанның бесінші жұлдызында елордадағы Ұлттық Музейде ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты жеке көрмесі салтанатты ашылу рәсімі таныстырылды. Автор қазақ әйелдерінің ұмтылып бара жатқан киімдерінің бір түріне егжей-тегжейлі тоқталды. Іс—шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының «Руханият» КММ қолдауымен өтті. Сондай-ақ, елеулі оқиғаға мұрындық болған ҚР Ұлттық музейі «Қара Шаңырақ» ҚБ-мен бірлесіп. Бұдан бөлек, идея авторы  әр аймақтың әйелдерінің кимешектерінде қандай айырмашылықтар болатынын көрсетті.

Лауазымды тұлғалар мен қазақ ұлттық нақыштарын дәріптеушілер сөз сөйлеген соң, түрлі кимешектерден дефиле басталды. Дефиле дегеніміз – кәнігі модельдердің  киім үлгілерін сән алаңында көрсетуі. Жоба кимешекті кию мен шылауыш ораудың тәсілдері көрсетілген Тілек Сұлтаннның шеберлік сабағына жалғасты. Дәрістен кейін аранайы көрме ашылды. Экспонаттар қатарында Тілек Сұлтанның қолынан шыққан сәнді ұлттық бас киімдер мен еліміздің түрлі аумақтарының өзіндік ерекшеліктерін айшықтайтын кимешектер қойылды. Келушілер үшін көрме келер жылдың 16 қаңтарына дейін жалғасады.

Қазақта кимешекті екінің бірі кимеген. Тілек Сұлтанның сөзінше, тіпті, өмірінде кимешек киюге зар боп өткен әйелдер де болған. Неге десеңіз, кимешек киюдің бір қағидасы – әуелі бір баласы өмірге келген болуы керек. Сонда ғана баласын тамақтандыруға т.с.с. себептермен киюге негіз болған. Үлкен апаларымыз да дәл солай. Олардың ою-өрнектеріне қарап, қайсысы сыйлы, абыройлы болса, олардың ою-өрнегі, әгәрәки, кимешегінің безендірілуінің өзі өзгеше болған.

Мұның бәрі қазақ халқының төл мәдениетінің бірден-бір мұрагері қазақ халқының ұлттық киімінің тарихымен таныстыру және жас ұрпаққа дәстүрлі киім үлгілерін ұсыну, сонымен қатар өскелең ұрпақ арасында қазақы салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған дүние.

Бұдан бөлек, бәріміз біле бермейтін сан алуан түрі бар. Солардың бірнешеуіне жіті тоқтала кетейін.

Ақкерім – дәстүрлі кимешек түрі.  Оның жөрмелі кестелі жағы – түпнұсқа, ал қалған бөлігі кейін қосып тігілген жаңғыртпа.

Айымене – Әнімай. Аянмен келген бірінші кимешек. Қиғаш қиылған, күмбез күндігі “шаңырақ”, “уық”, “керегемен” көмкеріліп керіліп түседі.

Аруана – төбесінде “Ханшатыры” деп аталатын сәлдесі бар кимешек. Бұл баласы емізулі келіншектерге таптырмас киім.  Күндіктің қатарластырыла дестелденген  желбірі бөлек қиылып, жиектеліп қосымша тігіледі

Ай-қаған – айнала шілтермен жиектелетін, ойма пішімді кимешек. Негізінде, шылауышқа тағылған шекелігі тәті маңдайына тізбектелетін үзбе моншақпен айшықталатын тұсынан бөлек қиылады да, білтеленген тігіспен жалғастырылады.

Айтоты – қанатты сәукеленің үшкіл төбесі мен маңдай әшекейі – алмалы-салмалы көз тартарлық әшекей. Сәукеленің үшкіл төбесінен артқы желек жиырылып бүгілген жерден көзтанамен бекітіледі.

Басқа киім түрлері сияқты кимешекке де өзіне лайық маталар таңдау – басты мәселе. Жыл он екі ай үнемі бастан түспейтін кимешектің басты жауып тұратын бөлігі таза табиғи матадан тігілгені абзал. Бөздің – бязь, биз, боз, кар бяз, нока деген әртүрлі тілде баламасы бар. Табиғи таза мата төзімді болады. Тағы да бір азбас, тозбас матаның түрі торғын. Өзі нәзік, өзі мықты шүберек, денеге де жайлы. Кимешектің өзін ақзу, үлде, жұқа мақта матадан тігіп, желек күндік күнқағарын жасанды талшық қосылған қатпарланбайтын бір түстес матадан жасауға болады. Әсіресе бетке, маңдайға тиетін тер- лік астары табиғи шүберек болуға тиіс. Жалпы атауы «ақ кимешек» деп аталғанмен, менмұндалаған шаңқан ашық түске әуестенбей, ақбоз, көк жасыл, сия күлгін, көгілдір, солғын көк түстермен үйлесетін маталардан тігіп қиюге болады. Негізінен дәстүрлі кимешектің түсі ақшаңқан, яғни ақ түсті болып келеді. Кимешек желдің өтінен, күндік күннің бетінен қалқалайды.

Әр заманда киім-кешек тігу қолда бар мүмкіндіктермен іске асырылған. Төрткүл дүниенің есігі ашылған бүгінгі таңда әшекей-әбзелдер көз тұндырады, тек тани білу, таңдай білу, ескіні ескеріп, жаңаны жатырқамай үндестіре білу қажет. Қолдан тігілуге тиіс көптеген ұсақ-түйектер, бөлінбес бөлшектерді дайын күйінде сатып алуға болады. Білте, шілтер, жиек, желбір, шашақ, кесте жиек, ызба- бау, шоқ, оқалы таспа, өрме арқау, бұрама арқау т. б. керекті заттар кимешектің әрін кіргізіп, ажарын арттырады.

Кимешекті тігу ғана емес, киюдің де өзіне тән талғамы бар. Басыңдағы бүркеншік үстіндегі киіміңмен сәйкес келмесе, бүтін дүниеге жамау салынғандай болады. Қысқасы, кимешек жаңғыртпа ғана емес, жаңа заманның сән үлгісіне айналуға тиіс.

Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Әз Жәнібек пен Асанқайғы, Жиренше шешеннің тұсында өмір сүрген ұлы бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Киім пірі кимешек» деген анықтама берген баскиім бүгінгі күні де өз құндылығын жойған жоқ деп санаймыз. Ұлы бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабыл –  ұлы кимешекті киім атаулыға пір ететін анықтама бергенде бір кез кездемені сөз етіп тұрған жоқ – кимешек киген әйел затының басындағы бөз бүршіктің беделі мен айбатын, дәрежесі мен деңгейін, сұқ көзден қағатын қалқан пірі етіп көрсетуді мақсат еткен. Кимешек төбеден табанға дейін салмақ береді, қалған киім кимешекті көтеріп көріктендіре түседі. Осыншалық мадаққа ие болған кимешек осындай түйін жасалғанға дейін пір, яғни киімдердің қорғаушысы дәрежесіне көтерілген. Демек, ақ шаңқан желек –  әйел-ананың басын жабатын желбегей ғана емес, еліне ес, ұрпағына сес болған қаруы мен құралы екенін аңғартып, уақыттың елегінен еленіп, қастерлі киім, қасиетті бұйым деңгейіне көтерілген. Дуалы ауыздан шыққан жалғыз ауыз сөздің астарында әйел-анаға деген ұлан-ғайыр құрмет бар.

Қорыта келе, менің түйгенім, келекшекте керемет дизайнерлік жұмыстар жасалынып жатса, біздің қазақтың әйелдері, келіншектері де кимешекті киюі мүмкін. Жауапты министрлікке жеткізу үшін де, әуелі қарекет керек.

Бейбарыс Сакенұлы,

журналист.

Кимешек туралы мәліметтер ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының дереккөздерінен алынды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1675