Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2024
Әдебиет 477 0 пікір 16 Желтоқсан, 2024 сағат 11:26

«Әкем мен Жәкем» - өзекті мәселені көтеруімен құнды!

Суреттер: akzhol.kz, Хабар агенттігі, Farabi Media - KazNU.

Желтоқсан айының 17-ші жұлдызында Астанада есім-сойы елге белгілі журналист, публицист Арман Сқабылұлының «Әкем мен Жәкем» деп аталатын кітабының тұсаукесері өтеді.

Қоғамның өзекті мәселелерін қаламмен түйреп, оқырманның ойына сәуле түсіре алған, қаламы – қару, сөзі – намысқа тірек болған аға-қаламгер, ұстаз-журналист Арман Сқабылұлы биыл алпыстың асқарына шығып жатыр. Осы ретте біз Арман Сқабылұлының әріптестері мен замандастарынан пікір сұраған едік...

Сурет: akzhol.kz сайтынан алынды.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демпартиясының төрағасы:

Біз ширек ғасырдан аса уақыттан бері доспыз!

– Арман Сқабылұлы маған ең жақын деген, сыйлы достарымның бірі. Бұл жәй құр сөз емес, расында да өмірдің талай қилы кезеңдерінде бір-бірімізге демеу бола білдік! Біз ширек ғасырдан аса таныспыз, доспыз.

«Басы қатты болса, аяғы тәтті» демекші, алғаш танысқанымызда, мен саяси бағыт бойынша өз көзқарастарымды, пікірімды алғаш жариялап жүрген уақыт еді. Ол кезде Арман «Хабар» агенттігінің  жетекшілерінің бірі, «Жеті күн» бағдарламасының жетекшісі, беделді журналист. Менің кей ұстанымдарымды, пікірлерімді қатты сынаған жандардың қатарында болды. Жалпы саясат өз алдына жеке ауқымды тақырып. Негізі мен қоғамдық жұмыстарда, менімен келіспей, мені сынайтын, менің үзеңгілестерім жариялайтын кей тақырыпқа қарсы шығатын жандарды алғашында жек көретінмін. Бірақ, саяси тіршіліктің, саяси өмірдің заңдылығы сондай, еш өкпе, реніш болған жоқ. Әр адамның жеке өз құқығы, қоғамда орын алған жағдайларға байланысты өз жеке көзқарасы бар деп қабылдадым.

Біраз уақыттан кейін, Арман Сқабылұлы біздің баспасөз қызметін басқарды. Яғни,бірге жұмыс жасадық, қызмет еттік. Бұл уақыт аралығы көп дүниені жаңа қырынан ашқан мектеп кезеңіндей болды. Жасыратыны жоқ, бір-бірімізбен тәжірибе алмастық, үйренгеніміз көп болды. Ойлап қарасам, алғашында мені сынға алғанының өзі дұрыс екеніне көзім жетті. Кейін Арманның өзі маған келіп, сол күндерді еске алатынбыз. Қоғамдық жұмыстың ерекшелігі – нақты шешім қабылдағанша, әрбір қызметкер өзінің жеке пікірін айтып, өзара ашық түрде мәселені талқылайтынбыз. Сол себептен де, алғашында бір бірімізге сыни көзбен қарағанымызбен, қазір бір-бірімізді демеуші жандарға айналдық.

Арман Сқабылұлы өмірдің ауыр сынақтарынан сүрінбей өтіп келе жатқан батыл жан. Адал азамат. Қандай жағдай болмасын, бір-бірімізге берген сөзімізден, уәдемізден таймаған жандармыз. Сонымен қатар, Арман Сқабылұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті – ұлтшыл, қазақ еліне деген махаббаты, ел үшін, жер үшін жанын бере алатын, нағыз патриот жан. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, Арман Сқабылұлы ел басына күн туса барын беретін жан. Нағыс дос, қоғам қайраткері, білікті журналист, қарымды қаламгер. Жас буынмен тікелей қарым-қатынас жасап,әрдайым өзінің тәжірибесімен бөлісіп, журналистика саласында болсын, жазушылық қырынан да ең мықты деген майталмандарды шыңдаған жетекші ұстаз...

Сурет: Қанат Әбілқайырдың желідегі жеке парақшасынан алынды.

Қанат Әбілқайыр, жазушы:

Табылды Досымовтың есімін танытуда Арман ағаның еңбегі ерекше!

– Арман ағаны бала кезден танимын. «Хабар» арнасында жетекшілік еткен кезінен бастап, атқарған әр қызметі нәтижелі шыңға жетті. Алматы облысы, Райымбек ауданынан шыққан әр журналист Арман Сқабылұлын үлгі тұтады. «Жеті күн» бағдарламасында бас жетекші болып, сөз саптауы, сыни ойлауы, әмбебап журналист бола білуі көп жанға үлгі. Біз бала кезімізде осы Арман Сқабылұлын, Серік Жанболат және тағы бірнеше журналистерді көріп, қызығатынбыз. Біздің өз жолымызды, мамандығымызды таңдауға тікелей әсер еткен тұлғалар.

Арман ағаның жазушылық қырын алғаш «Өкпелемеші» кітабы арқылы байқадым. Бұл кітапты Арман Сқабылұлы денсаулығы сыр беріп, қатты ауырған уақытында жазған болатын. Өмірінің қызықты кезеңдерін, балалық шағындағы сағынышқа толы уақыттарды қағаз бетіне түсіру ойы сол уақытта пайда болған. Яғни, кітап қызықты, шағын әңгіме, эссе форматында жазылған. Менің ойымша, Арман ағадан Бердібек Соқпақбаевтың жазу стилі байқалады. Әдемі естеліктерге толы кітап болды. Ең алғаш кітаптың түпнұсқасын өзім оқып шықтым, редакциялауға алғаш маған берген болатын. Яғни, аз да болса бұл кітаптың шығуына өз үлесімді қостым деп білемін.

Арман ағаның бойындағы ерекше дарыны, таланты журналистика, кино саласында болсын, жазушылық қырынан да толықтай байқалады. Бойындағы адамгершілік қасиеттері, досқа деген адалдығы, қамқор аға буын ретінде де ерекше үлгі тұтар жан.

Осы орайда, Арман Сқабылұлы мен Табылды Досымовтың достығын ерекше айтып өткім келеді. Табылды ағамыздың «Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға», деген өлеңінің өзі досы Арман ағаны меңзегендей. Табылды Досымовтың есімін қазақ еліне жан-жақты танытуда Арман ағаның еңбегі ерекше.

Сурет: Хабар агенттігінің «Таулық Арман» деректі фильмінен скрин.

Болатбек Қожан, журналист:

«Әкем мен Жәкем» - өте бір өзекті мәселені көтеруімен құнды!

– Арман - өз оқырманын тапқан қаламгер. Ол деректі дүниелерді көркем тілмен шебер жеткізе біледі. Мысалы, «Егіз жүрек» хикаятын оқырманның бір деммен оқып шығарына күмәнім жоқ. Бір қарағанда, кешегі үркіншілік жылдардың зауалы қарапайым, жатық тілмен жеткізілгендей көрінеді. Арманның шеберлігі де сонда. Қазақтың қара сөзін құнары мен сөлінен айырмай қолдана біледі. Әлдекімдердей әңгімесін «сәнді тіркестермен» әлеміштеуге әуестігі жоқ.

Сосын шығармаларында Арманның құрмалас сөйлемдерді қолданудан қашатындығы байқалады. Қысқа да нақты сөйлемдер оқырманның ұғымына жеңіл. Қай әңгімесінде де оқиға желісі әдемі жымдасып, жетелеп отырады.

Ал «Әкем мен Жәкем» әңгімесі өте бір өзекті мәселені көтеруімен құнды. Ағайын арасындағы бауырмалдық, мейірім сияқты сезімдер бүгінгі таңда бойымыздан жоғалып барады. Содан да болар, әңгімені жүрегің елжіремей, көзіңе жас алмай оқу мүмкін емес. Қаламгердің өз оқырманын ізгілікке шақыруы деген осы шығар.

Қысқасы, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев сынды таланттарға талбесік болған қасиетті Нарынқол топырағы әдебиет сүйер қауымға тағы бір шебер қаламгерді сыйға тартты деп айта аламын. Тек Арман өз потенциалын әлі де толық ашпағандай көрінеді.

Студенттік кезде бір бөлмеде бір нанды бөлісіп жүрген уақытта, Табылды Досымов, Әбубәкір Смайылов, Әділет Баққараев, Әміржан Қосанов, Серік Абас-шах жақын достарға айналдық. Әкесі Сқабыл мен анасы Тәбия ханымның қолынан бірнеше рет дәм татып, Нарынқолда бірнеше мәрте бас қосатынбыз.

Арманның мен ұнататын қасиеттерінің бірі – ойындағысын күлбілтелемей айтатын турашылдығы. Өзі ұлтжанды, достыққа адал. Айналасын уытты әзілдерімен баурап отырады. Нақтылықты жақсы көреді. Қысыр әңгімеге әуестігі жоқ. Мұның бәрі Сқабылдай әкеден, Тәбиядай шешеден, Жазушыдай ағадан алған өнегелі тәрбиенің жемісі дер едім.

Материалды дайындаған Аружан Байжан

Abai.kz       

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1862