«Дін» деп жүрген, екі дос, ұрыспаңдар!

(Іліми Хат)
Адам Аллаға бара алмайды, Алла адамға келеді...
Бисмиллай Рахмани Рахим.
Бұл үнім – «Абай» порталында жарық көрген; «Досай мырза ақ пен қараны ажырататын әділ қазы ма? Әлде...» (09.12.2024 ж) деген тақырыппен жазылған Йассауийтанушы Зікірия Жандарбектің реніші мен соның жазылуына себебші; «Садақ. Медийа» сайтына сұхбат берген Досан Кенжетаймен діни ара ағайындық тілдесуім. Менің өз қабылдауымда күні кешеге дейін екеуі Түркістанда егіз қозыдай жарасымды Йассауийтанушы ғалымдар болатын, араларына не кір жүріп өтті екен?.. Сондықтан, алдын ала айтарым, «бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс» деп төрелік те айтпаймын. Екеуі – Түркістанда, мен – Алматыда болғандықтан, көзбе-көз айтар осы әңгімемді қарапайым, өзіме көктен түскен ілім сабақтарын алға тарта отырып осылай жеткізгенді мақұл көрдім.
Зікірия, 2017 жылы жазда Түркістанға зияратпен барғанымда өзіңнің шақыруыңмен үйіңде қонақта болдым. Сол бас қосу, Алла сәтін салған, маған білім мен ғылым, ілім иелерінің кездесуі болып есімде қалды. Сенің дәнекерлігіңмен алғаш рет профессор Досан Кенжетай мен хазіреті Құрбанәлі Пір екеуімен ұшырастым. Өзінің бір топ пірәдарларымен жүрген Шейх Құрбанәлі маған Досан Кежетайдың Алғы сөзімен 2015 жылы баспадан шығарған 1111 беттік «Тарихатнама» кітабын ұсынды. «Білім, ғылым, ілім иелерінің бас қосуы» деп айтып отырғаным, сол жерде отырған пірадарлар – білім иелері, сендер үшеуің; бірің Пір, екіншің теолог-философ, үшіншің дін тарихын зерттеуші белгілі дін ғалымдары болсаңдар мен ілімгер ретінде өз-өзімді әлі толық игере алмай жүрген кезім еді. Сол кездесуде маған Бұхара медресесі мен Ташкенттегі Ислам институтының түлегі – Құрбанәлінің діни білім шоқтығы биік көрінді. Сөзге шешен, араб, парсы, өзбек, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерген. Еркін сөйлейді, есте сақтау қабілеті де ерен, өздігінше ізденіп оқығаны мен білген-түйгені де мол. Осы орайда алдымен Пір жайлы Ғызырдың мына аянын алға тартамын; «... Адам Ата сұрап алған Пірдің атқаратын қызметінің орыны бөлек. Пірді құдай сайлаған, Алланың әмірмен келеді олар. Пірдің айналасын асыл періштелер қоршаған. Пірдің бойында қонып тұрады Ғызыр оның оң қолынан тартқан. Арғы жағында Бақ тұрады сыбырлаған. Пірдің қасиеті құдайға жақын болса, қолынан бақ тарқайды Алладан тілеп алған. Пірдің сұрары бар, Алладан жылап тілері бар, береді оған құдай сұрағанын. Береді Пірге, себебі ол сонау заманнан Алланың әмірімен келе жатқан. Болсын, дос болсын, Пірге жақын болсын, діннен безіп бара жатқандар, құдайдың жолынан танбасын, өшпесін, тозбасын, Пір оған ақыл болсын, жеткізсін», – деген. Себебі, Адам Ата мен Хауа Ана бұл дүниеге жеткенде ол кезде Алла имамды берген жоқ. Ол кезде Алла Пірді берген.
Пірдің мақсаты – Аллаға жақындату. Сені жолдан тайдырмау. Алланың сөзін орындату. Тәңірге құлшылық еттіру, құдайға жақындату. Алла тағала Пірді сол үшін берген. Себебі, Пірді Алла жіберген; «Ғызыр мен Бақты жеткіз деп оған. Бердім Ғызыр арқылы», – дейді ары қарай. Демек, Кітап Пірден кейін келген. Пірлік қасиет тек Алладан. Елдегі қазіргі пірлер пір емес, бірақ Пір емеспін деп айта алмайды. Оған Алла; «Андай бол, мындай бол» деп үйретпеген, оның бойына Алла ерекше әсер берген. Ол әсерді ол сол қалыпта ұстауы тиіс...». (28.11.2020 ж).
Демек, Құран Пірден кейін келген. Дінді үйретер нағыз ұстаз, ғайыптан келген қасиетке ие, Алланың аманатын орындаған жан. Пірлік қасиет келіп, кетіп тұратын дүние. Егерде Пірлік қасиетті алған адам сөзінде «Мен» деп айтар болса, Ғызыр мен Бақтан бұрын ол қасиет кетіп қалады. Осындай қасиет иелерінен көз жазып қалғандықтан қазір біздің еліміз дінді дұрыс қабылдай алмай отыр. Пірлердің де өз деңгейлері бар. Құрбанәлі ілім иесі емес. Ол Ташкент пен Бұхарада ілім иелерінен білім алғанымен ілім таңдалғандарға ғана қонатын қасиет. Ондай қасиет қонар алдында ол адамды рухани қопсытуға, «Есім зат» ілімімен Мұхаммед пайғамбардың рухы түседі. Құрбанәлі тек ілім түскен сондай ұстаздардан ілім тыңдаған. Ілім Алланың әмірімен іске асатын дүние...
Ал, Досай Кежетай туралы айтарым, елде «Мәдени мұра» мемлекеттік Бағдарламасы жасалғанда соны іске асырар Кеңес құрамына еніп, «Әлемдік философиялық мұра» сериясымен жарық көрген ғылыми еңбектерге көп тер төгіп, елдегі мұсылман философиясы бойынша тарихи зерттеулер жасады. Бұл ретте әл-Фараби мен Йәссауийге байланысты өз көзқарасы мен мұсылман философиясындағы негізгі мектептер мен ағымдар туралы жазған еңбектерін айту ләзім...
Зікірия, маған сол бас қосуда екеуің бірдей Құрбанәліні Пір тұтып, оны мойынсынып, соған қол беріп қойғандай көріндіңдер. Оны;
– «Менің пірім – Иассауий» деп айтасың, тарихатын жеткізіп университет те дәріс бересің, солай бола тұра Нақышпанды тарихаты Піріне қол беріп қойғандай көрінесің, – деп сол жерде Досайға айтап та үлгердім. Менің бұл пікірімді, өзін бірде «дінтанушы», бірде «дінтанушы емес» деп таныстыратын Досай, оны; «...Дінтанушы емес, философ ретінде айтарым, Пірлік – дүние ұғымының категориясына жатпайды. Құрбанәлі ишанның «Намазнама» деген кітабынан пір, руханият, тақуалық, сопылық жан, т.б. сауалдарға толық жауаб табуға болады. Дінімізде 73 жолдың 72-сі қателесіп жүр дейтін болсақ, Йассауий ілімімен астасып жатқан жалғыз ғана тура жол осы кітапта ашып көрсетілген» («Тарихатнама», 2015 жыл, 690 -шы бет), – деп Құрбанәлінің еңбегі мен білімін оның кітабына берген бағасымен өзі де мойындайды.
Ал, Өзіңмен таныстығым, содан шамалы бұрын, 2016 жылы мамыр айында менің руханият әлемімен байланысып, ғайыптан қабылдаған «Аллаһтың маған аяны» атты кітабыма орай Йассауий университеті ұйымдастырған Халықаралық дөңгелек столда болды ғой. Менің әңгімем тыңдалған сол бас қосуға университет ғалымдары атынан өзің басшылық еткенсің...
Менің бұл жерде айтпағым, үйіңдегі болған бір әңгімеге сен сол кезде мән бермедің. Алдымен өзің, сосын Досай, соңынан Құрбанәлі дін жайлы ашылып сөйлеген соң, соңынан мен ілім туралы әңгіме қозғадым. Сонда:
– Сендер атағы бар көрнекті ғалымсыңдар, оқығандарыңды, білгендеріңді дәлелмен айтып сөйлейсіңдер. Бұл – сендердің деңгейлерің. Бұған ешкім таласпайды. Менің ерекшелігім, маған ғайыптан (көктен) не келеді – соны ілімші ретінде қабылдап алып жеткіземін. Ілім – ерекше әлем, ол уақи болып жетеді. Мен соны ғана айтамын, – дегенімде, «Тарихатнаманың» авторы Құрбанәлі бұл сөзге: «Онда біз кітапты несіне жазамыз?» – деп тарлық танытқанда, «Құранды түсіну жоқ, түсіндіруші бар. Ол – Алла. Сен көктен ілім түсетініне сенбесең, онда көктен Құран түскеніне де сенбейтін болдың ғой? Ғайып (көмес) туралы айтқан «Бақара» сүресіне де сенбегенің бе?» – деп едім, орынынан ұшып тұрып: «Астапыр Алла, кешір...» – деп кеудесіне қолын қойды.
Құрбанәлі өзімен аяқталатын силсила шарифі Нақышпанды тарихатының 36 Пірінен асып еш жаққа ұзамайды. Пірлік ұстаным жолын осылай бекітіп алған оны кінәлай да алмайсың. Ол тіпті Иассауий туралы сөз де қозғамайды. Әйтпесе, Нақышпанды Иассауийдің шәкірті емес пе? Мен сол кездесуден соң, екі әулиенің бірігіп жеткен рухымен сұхбаттасып, «Тарихат» жайлы айтқан ілімдерін таспаға түсіріп, баспадан шығардым. («Қажы Ахмет Йассауий; Сары кітап», 2020ж. 142-197 беттер «Үш қиян» баспасы). Аллаға жетер жолды іздеген екі тарихатшының, бөліну емес, төрт масхабты біріктіру бағытында түсірген ілімін оқыған жан, екеуінің рухани тұтастықтары мен ажырамас байланыстарына разы болары хақ. Мен осылай айтқаныммен, Құрбанәлі өз деңгейінде қалады, тереңдеп ұмтылуға ықылас таныта қоймайды...
Құрбанәлі ғана емес, осы деңгейден аспай: «...Мұндай тәжірбие негізінен дін психологиясы саласында көп зерттелген және өзекті мәселе. Кезінде Батыс ғалымдары Г. Юнг шығармаларындағы «Рухтың алты сатысы» туралы тұжырымдарынан ықпалданған психоаналитикалық әдіснамалар сонау орта ғасырлық сопылық халдерден бастау алатындығы белгілі. Бұл да позитивизм кезіндегі адамтануға ерекше әсерін тигізген жаңалық болғаны рас. Бақтыбай Айнабеков қазақ діни танымы мен ойлау жүйесі тарихи қабаттарындағы Йассауий, Фараби, Арыстанбаб тұлғасымен (аян, илһам) сұхбаттасады. Яғни бұл – адам мен ғайып арасындағы (метафизика) қатынастың тәжірибесі. Мұндай тәжірибені жоққа шығара алмаймыз. Керісінше рухани парапсихологиялық тәжірибесі анықталған, тылсыммен үндесу яки сұхбаттасу деген құбылыстың мәніне үңілгеніміз абзал...», – деп менің жоғарыда келтірген «Қажы Ахмет Йассауий; Сары кітабыма» өз пікірін білдірген Досай да өзінің ғалымдық деңгейінде қалады.
Ғалымдар Құранға сенеді, «Раббымыздан келген» деп Құраннан, болмаса дін ғұламалары мұрағаттарынан дәлелдер келтіріп, оқып білгендерін, не естігендерін, өз деңгейлерінде жеткізіп, соны орындау керектігін айтады, айтылғанды қайтып орындау керек екендігін түсіндіреді, бірақ Алламен әңгімелесуге өздерінде құлық болмайды. Бұл ретте Батыс ғұламалары еңбектерін мысал етіп өнеге тұтқаннан басқа талпыныс жасамайды... Адам Құранмен ғана Аллаһпен тілдесу шыңына шығады. Бұл сөзді: «Раббыларың бұйырады; Маған дұға етіңдер, жауап берейін» («Ғафыр»,60), – деп Алла Тағалам Құранда бекіткен. Дұға – Рахметтің кілті.
Дін – сенім. Алла Тағала; «Маған келетін тура жол – дін жолы» («Хыжыр» сүресі,41) деген. Ал сол сенімнің иелері кімдер? Білімділер, ғалымдар мен ілім иелері. Үшеуінің білу деңгей дәрежесі үш түрлі болғанымен, айтқысы, білгісі келетін діңгек біреу – дін. Үшеуі де сатылап отырып Құранда ескертілгендей Алламен сөйлесуге келеді. Алланың сөзі – әріпсіз, дауыссыз. Адам Аллаға бара алмайды, Алла адамға келеді. Алламен сөйлесу – Алламен бірігіп тұрғаныңды мойындау.
Исламның рухани кеңістігіне жарық нұрын шашқан Құран – адамзаттың жалғыз тәрбиешісі. Онда: «Бұл – Құран адам баласы үшін ескерту және үгіт-насихат. Алла Тағаланың жалғыз екенін Құран арқылы білсін, ақыл иелері естерінде сақтап, үгіт және білім алсын» («Ибраһим»,52), – деп ескертсе, «Сендерге сондай бір аманат қалдырдым; ол аманатты мықтап ұстағандар ешқашан да тура жолдан адаспайды. Ол аманатым – Алла Тағаланың кітабы – Құран кәрім», – деп Мұхаммед пайғамбар өзінің қоштасу сөзінде осы қасиетті кітапты үмбеттеріне аманаттап кетті.
Ілім иесі – Құранмен тілдеседі. Күнделікті оқитын бес уақыт намазынан тыс Раббысына тәуекел етіп, ракәт санын көбейтіп, намаз тәжі нәпіл намазын оқып немесе зікірге отырып, құдайы-құрбандық жасап, Алламен тілдесуге ниетте отырады. Құранның негізгі бір қасиеті – адамды тазалау. Ұғыну – Алладан. (Бұл нақыл ілім иелеріне берілген жабық ілімнен).
Зікірия, байқап отырсың ба, мен бүгінгі бұл Үнімде, сенің Досайдың атына жазған Хатыңдағы ренішіңе сол кезде ілми жауап беріп қойыппын. Мына жазуым соны жаңғырту, сол арқылы сендерді ынтымаққа шақыру ғана. Сондықтан, Хатыңдағы Досайға байланысты айтқан ренішті әңгімеңді алға тартпай, сеніңше соған себеп болған Мағдиға байланысты шырылдаған әңгімеңе, өзін 2015 жылы «Махдимін!» деп жариялаған Алла Тра Данилов Игорь Михайлович пен ол құрған рухани бірлестігі халық рухын рухани әлеммен байланыстыруы, рух мәнін түсіндіруі, өзінің бір мезгілде бір емес, бірнеше жерде болуы, жасанды интелект жасауы туралы оған әбден құлаған ықыласты әңгімеңе байланысты бастағым келіп отыр. Осы орайда айтарым, қазір әлемде имам Мағдидің жерге оралуын, оның адамзат баласына берер көмегін күтушілер көбейіп отыр...
(Жалғасы бар)
Бақтыбай Айнабеков,
Ілімгер – жазушы
Abai.kz