Сенбі, 22 Ақпан 2025
Естелік 1858 1 пікір 21 Ақпан, 2025 сағат 15:32

«Адам жылап өледі...»

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

                                                                                     ... Адам жылап туады,
                                                                                          Жатады жұрт жұбатып.
                                                                               Адам жылап өледі,
                                                                                    Басқаны да жылатып.
                                                                                    Жылайтыны туарда –
Жамандар бар қинайтын.
                                                                                    Жылайтыны өлерде –
Жақсылар бар қимайтын.

Қадыр Мырза Әлі

Ақынның осы шумақтары мен «Әтәй» дейтін Хакім Омаровқа арналғандай. Иә,  соңғы сапарына жоқтау айтып шығарып сала алмағаныма мен де жылаймын... Қайдан білейін, апарған тамағымызды ішіп, әңгімесін айтып, көзімізше  рахаттана ұйықтап тұрған соң, тек қана алған  еміне көңілі толмай,   жақтырмайтынын  уайымдап қайтқанбыз. Алдын-ала жоспарланған екі министрліктің біріккен жобасы бойынша Астанада өтетін бес күндік семинардың модераторы екенімді айтып, Әтәйімнен рұқсат сұрадым. Өйткені менен жасырып, ішіне бүгіп қалатын еш сыры болмайтынына сенімді  едім.

– Құлыным-ау, жолыңнан қалма, жұмысың ғой. Олардың қолында ақша бар. Қытығына тиме, барып қайт, – деді.

– Дәлел қасыңызда болады, жазыласыз, – деп түкті орамалды жылы суға малып отырып, басынан башпайына дейін аялай сылап-сипап, сүртіп, батасын алып, қайта-қайта құшақтап қоштасып, жолға шықтым.

Сұмдық-ай, ертесіне түнде артымнан жеткен хабар осындай болды... Бұрын естелік оқысам, еске алушы өзін дәріптеп кететіндей көретінмін. Сөйтсем, өзіңнің қатысыңсыз сөздің дәмі, тұздығы келмейді екен ғой... Әтәй екеуміздің бақандай 46 жыл өміріміз бірге өтті. Біз Жаңаарқаның Сәкен ауылында бір шатырлы, екі есікті қазынаның үйінде дүниеге келдік. Әтәйімнің әкесі Нұрлан марқұм – басқарма басшысы, менің әкем Түлкібай –  бас зоотехник болған жылдар. Анасы Ізғұттықызы Шәрбан – біздің Алсайдың қызы. Өте бауырмал, көпшіл, қолы ашық, шешімді ғана сөз айтатын жан болғанын шешей марқұм аузынан тастамай айтып отыратын. Ол кезде компартия қайда айдаса, қызметтегі мамандар сонда баратын. Солай біз есіміз кірместен іргеміз бөлініп, 20 жасқа дейін бөлек өстік. Әтәйім аудан орталығындағы, республикалық деңгейдегі Н. Крупская атындағы орыс мектебінде оқыды. Шіркін-ай десеңізші, кейін мен сол Әтәйімді оқытқан мұғалімдерінің көбін өз көзіммен  көрдім, әріптес болдым. Әлі күнге дейін басымды шайқататын ұстаздық қасиеттерін еш ұмытпаймын. Ондай ұстаздар тәңірден берілген құдіреттің күшімен сабақ береді екен ғой. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан болады» дейді кемеңгер Абай. Оған Алла сана берген, оқуға зейінін ашқан Хакімдей шәкірттің ілім-білімге тойымсыздығы қосылса, толық адам болып қалыптаспағанда қайтеді! Біз арада жиырма жыл өткенде КазГУдің 8 - жатақханасында қайта кездестік. Студсоветтік міндетті атқару мақсатымен бөлмелерді тексеруге шыққанбыз. Үстімде ол кезде ешкім кимейтін Жаңаарқамның қолдан тігілген қызыл пүліш шапаны. Кезекті  есікті қағып тұрмыз, ашпайды. Қасымдағылар: «Бұл бөлмеде карта ойнайтын үлкен жігіттер тұрады, екі-үш рет ескерту жасадық, тыңдамайды» деді. Ақыры, есікті ашты. Кілең сайдың тасындай көркем жігіттер орындарынан тұрып  амандасып, кібіртіктеп бірдеңе айтқан болды. Мен: «Жатақханада карта ойнайтындар емес, жоғарғы білім алатындар тұрады. Ертеңнен бастап пәтер іздеңіздер» деп бұрыла бергенім сол еді: «Қарындас, тоқтаңызшы» деді байсалды дауысты біреуі. Тоқтадым. Сосын «Қарындасым, шапаныңызды жақын тартып тұрмын. Біздің  Жаңаарқа деген жерде жастар кешкілік серуенге осындай шапан киіп шығады» деді күлімсіреген жүзбен. Жүрегім солқ ете қалды. Ол да, мен де үнсізбіз... Біз солай табысқанбыз. Одан кейін туған ағалы-қарындастай жақындықта болып, тонның ішкі бауындай жылылықпен араласып кеттік.

Екеуміз де - шайқормыз. Семіз етті, құрт қосқан сорпаны жақсы көреміз. Ауылдан посылка үзілмейді. Жатақхананың дәу тоңазытқышы да менің бөлмемде тұрады. Іші толған тамақ. Жанжақта оқитын жаңаарқалықтардың берекелі  орталығы сияқты еді. Бізден кейін оқуға түскен Анар марқұм жатақхана ала алмай, біреулердің нұсқауымен анасы мені іздеп келіп, жағдайын түсіндірді. Жасы үлкен кісі болған соң, өзімнің екі адамдық бөлмемдегі қызға басқа орын тауып беріп, оны қасыма орналастырдым. «Жас қой, ерке өсті, жеңілтектігі бар, қаттырақ ұста» дегенді өтініш қып  айтты. Алайда, «Жазымыштан, озымыш жоқ» бірінші курсты бітірмей жатып, Әтәйім екеуі жедел үйленуге тұра келді. Оқып жүріп нелер қиындықты бастан өткерді. Пәтерден-пәтерге көшіп жүріп ұлды, қызды болды. Ол кезде мен тұрмысқа шықпаған, Казтелерадионың  гонорары көп, «куәлігінің» күші мықты: сөрелерде жоқ затты оңай табатын, ең табысты комментаторы едім. Соның қызығын туғаннан мектепке барғанша Әтәйімның екі баласы мен  келіншегі көріп бақты. Анар марқұм ломбардқа зат өткізгіш еді, қиналғанда соның көбін мен алып беретінмін... Алматыда тұратын Әтәйімнің Бәтима апасы мен Мағрипа апайы бауырынан ештеңе аямайтын. Елдегі атқамінер, еңселі екі  ағасы Сайын мен Хамит марқұмдар да қарайласып бағатын. Ақсудағы қайын жұртынан да сәлем-сауқат аз келмейтін...

Энциклопедиялық білім жиған, білімдар Әтәйім – алтын басты адам еді. Бар оқуды орысша оқыған қазақтан ондай бүтін болмысты қазақи тұлға шыққанын бірінші көруім... Дүниетанымының кеңдігінде шек жоқ-ты. Қазақ, орыс, әлем әдебиетін терең зерделеуімен қоса: тіл ғылымы, тарих, этнография, география саласында да ұшан-теңіз білімімен таң қалдыратын. Әттең, барын бағалай алмады. Жазып, қағазға түсіре бермеді. Ғылымға жұмсайтын уақытын серілікке жұтқызып қойды. Әйтпесе, бір «Демб» емес, көзі ашық қазақ демін ішіне тартып оқитын сан кітапқа жүк болар қазына өзімен бірге кетпес еді...

Әтәйім пешенесіне бұйырған 66 жас ғұмырында азаматтың азаматы істейтін ірі істер атқарды. Қолынан бәрі келді. Нарықтың талабын ерте түсініп, алғашқылар қатарында шетелге шығып, рухани байланыс орнатты. Қазақ жастарының сыртта оқуына жетекшілік етті. Руханиятқа негізделген жеке кәсіп ашты. Ол «Темірқазық» орталығы шығарған кітаптар, өзі «Әсемхат» деп аударып, сүйіспеншілікпен түрлендірген шақыру билеттеріне деген сұраныс пен табыстың қарқынын айтсам, бүгінгілер сенбеуі мүмкін. Сол опасыз дүние-байлықтың буы да пенділікке бой ұрғызды ма, қайдан білейін?.. Дос та көп, ағайын да көп, бәрі «Хакім, Хаке!» деді ғой. Күнде думан, күнде той!  Ондай қайырымды, ондай мейірімді, ондай қадірлі болған жаңа заман байларын сирек кездестіресіз. Бірде Бәтима апам марқұм бәріміз  бір таныстың үйінде қонақ болып, бірге қайттық. Онда Әтәй көп пәтерлі үйде тұратын.

– Хакім, өзіңнен жас жігіттің үйін көрдің ғой... Ойға, қырға шашыла бермей, сен неге сондай үй тұрғызбайсың?–деді бауырына. Сонда Әтәй ойланбастан:

– Оның не қызығы бар, жігітте масштаб болуы керек, - деді. Бәріміз ішімізді басып күліп, содан кейін өз арамызда Әтәйды «масштаб» деп те атайтынбыз.

Шіркін, қыз бауырдың жөні бөлек қой, Бәтима апам марқұм көзі жұмылғанша Әтәйімді маған тапсыра беретін: «Сені тыңдайды, саған айтатынын ол ешкімге де айтпайды, қарап жүр, соңынан қалма. Оның жүрегі  өлтірмей тынбайды» дейтін. Бірақ Әтәйімнің ажалы жүректен емес, жүйкенің шаршауынан болған дерттен келді... Әтәйім сыртта батыр болғанымен, үйде момын, көнбіс еді. Тартысты тағдырынан ертелеу жеңіліп қалғанын біреу білсе, біреу білмес... Ол бәрін жасап, бәрін дайын тұрмысқа үйретсе де, отбасындағы бабы мен бағы келіспеген есіл ер болғанын жасырмаймын. Тектіден туған текті ғой, адами зиялылығында шек жоқ-ты. Қандай сапарларда, қонақтарда бірге жүргенде, тіпті ішіп басын көтере алмай отырғанда, боқ ауыз сөзбен аузын былғамайтын, біреулердің дөкір қылығына  дауыс көтеріп, деңгейін түсірмейтін. Өткен ғасырдың соңында, жарлылау кезінде: әр жылдардағы үш бірдей балдызының тойын басқартуға мені Ақсуға апарып, бүкіл елдің көзінше «Менің тойға қосқан сыйлығым қандай, ә!»  деп мақтанатын. Кейін бай болғанда апа, ене, жеңгелері, әйелі бара жатқан ұлының құда түсу жолына мені басшы қылып, бар билікті қолыма бергеніне төрт көзі түгел үлкендері, аудан әкімі, ағасы келіспеске лажы қалмайтын. Иә, Әтәйім – басшы, мен – қосшы болып студент күнімізде,  сонау 1984 жылы Сәкен Сейфуллиннің 90 жылдығына орай, бүкіл Алматыдағы жаңаарқалықтардың басын қосып, марқұм Қордаш ағам директор болған «Алатау» ресторанында дүбірлі той өткізуден бастап, ақтық сапарға аттанғанша «Ел емеспіз бе!?»  - дейтін ұстанымнан айныған жоқпыз. Бізге, Алматыдағы жаңаарқалықтар ұйымына, дос – сүйінетін, дұшпан – күйінетін. Соңғы он жылдықта тең жартысынан астамы келместің кемесіне мініп кетіп қалады деп кім ойлаған? Қатарымыз селдіреп, қабырғамыз қайысқан соң, қалғандарымыз бір-бірімізді сүйеп жүруге бел будық... Әтәйімнің дархан жүрегі ешкімді алаламаушы еді ғой. Құдай-ау, түбі жаңаарқалық екенін баяғыда ұмытып кеткен үлкен-кішіні тауып алып, шежіре тарқатып «бұл біздің жақынымыз екен» деп қатарға қосып алудан жалықпайтын. Сол бір елде жүргендей болатын есіл күндердің басшысы – Әтәйімнің мезгілсіз өлімі бәрімізді есеңгіретіп қана емес, жетімсіретіп кеткенін енді түсініп жүрміз. Сағынғанда қалың ойдың орманын шарлап кетесің...

Өткен 2019 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлының менімен жеке таныстығы арқасында 60 жас мерейтойым Қарағанды, Жезқазған қалаларында кең көлемде аталып өтті. Біз, Алматыдан жаңаарқалық: әйгілі диктор Сауық Жақанова; алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісімақ; түркітанушы оқымысты Хакім Омар; әнші, өнер зерттеуші, жазушы Ерлан Төлеутай бесеуміз қонақ боп бардық. Оннан аса аудан, шағын қалалар әкімдігінен арнайы құттықтаушылар келді. Арасында Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары да болды. Ол иығыма қамзол жапты-ау деймін, соған Әтәйім қатты намыстанды. Көпке дейін «Бір ат мінгіздік десе қайтеді, бір жылқы далада  арам өліп те қалады ғой. Елдік қасиет, жігіттік мінез ұсақталып барады» деп біраз кейіді. Бір күні: «Ел өзгерейін депті, облыста қолдаушың отырғанда Жаңаарқа халқымен бір кездесу өткізейік. Оны мен жүргізейін, Ерлан ән айтсын, алдыңдағы екі апаң да елін танып, бір қауышып қайтсын» деді. Жыл соңы болатын, жұмысым басымнан асып кетті және өзімнің құлқым да болмады... Қазір ойласам туған жерге үлесі бар адамның жер ортасынан асқанда туған елмен қауышуға ұмтылуы – табиғи қажеттілік екен ғой...  Әтәйімнің осы бір орындалатын-ақ арманының өзімен бірге  кеткеніне жаным ауырады. Ойпырмай, жан бөлек болған соң ұмытылмайтын адам да, ұмытыла береді екен. Қойыны суық қара жер «Әтәйлаған» дауысымды естіртпегесін, «Қымбатым келді!» демегесін, ебіл-себіл, жылап-жылап өксігіңді жұтып қатая береді екенсің. «Дәкөнтай» деп еркелететін Дәлелі мен төренің тұқымы деп көтермелейтін Жандос Ұзақбайұлы екеуі апта сайын басына барып құран оқып, зиярат етіп қайтады. Солардың алдынан шығып  көрісіп, егіліп-төгіліп аламын. Әйтпесе, басқалар «жылама, жылама» деп жылатпайтын да болған. Көзден кеткен соң, көңілден де кете беретіні рас па, сенейін бе?!.. Әтәйімсіз өтіп жатқан жиын-тойларда бір орын, төрдегі  орын ылғи  үңірейіп бос тұрады. Көңіліме қарайтын, қайда барса да қасынан орын алып қоятын, елеңдеп есікке қарап отыратын, «бір ақылдасып алайық» дейтін жанашырым, арқа сүйерім Әтәйімнің қай қасиетін айтайын. Соңғы рет өз қолымнан кескен кеспемді сүйсініп ішіп, «дәмін-ай» деп тамсанғанына, терлеп-тепшіп рақаттанып, өңі кіріп қалғанына қуанып жүрсем, ол ардақтымның соңғы асы – атау-кересі,  бой жазғаны екен ғой...

Орны толмайтын қайран Әтәйім, Алла рахымына алып, жатқан жеріңіз жайлы болсын!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қымбат Әбілдәқызы, 

«Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі

Abai.kz

1 пікір