Жексенбі, 9 Наурыз 2025
Аймақ 630 0 пікір 7 Наурыз, 2025 сағат 14:38

Жылжымалы дәріханалар – дәрі тапшылығын шеше ме?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

ЖЫЛЖЫМАЛЫ ДӘРІХАНАЛАР – ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДАҒЫ ДӘРІ ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШЕ МЕ?

Жылжымалы дәріхана ұғымы алғаш рет XX ғасырдың басында пайда болды. Мұндай бастаманың негізін қалаушылар – Еуропа мен АҚШ-тағы медициналық қызметкерлер мен фармацевтер.

Олар шалғайдағы елді мекендерге дәрі-дәрмек жеткізудің маңыздылығын түсініп, арнайы фармацевтикалық көліктерді қолдана бастаған. Алғашқы мобильді дәріханалар негізінен соғыс уақытында және дағдарыс кезеңдерінде де халыққа медициналық көмек көрсету үшін қолданылған. Кейін бұл тәжірибе дамып, әсіресе Канада, Австралия, Ұлыбритания және Германия сияқты елдерде кеңінен тарады. Ауылдық аймақтар мен шалғай елді мекендердегі халықтың қажеттілігін ескере отырып, мобильді дәріханалар дәрі-дәрмекті тікелей жеткізу және медициналық кеңес беру қызметтерін ұсынатын тұрақты жүйеге айналды.

Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде мобильді дәріханалар халыққа медициналық қызмет көрсетудің маңызды бөлігіне айналған. Елімізде де бұл тәжірибе біртіндеп енгізіліп, денсаулық сақтау саласындағы қолжетімділікті арттыруға көмектесуде. Дегенмен, Қазақстанның географиялық ерекшеліктері мен ауылдық жерлердегі халық санының аздығы бұл жүйенің қарқынды дамуын тежеп отыр. Әсіресе, өңіріміз сияқты халқы сирек орналасқан өңірде бұл мәселе ерекше өзекті.

Солтүстік Қазақстан облысы – елдегі халқы сирек орналасқан өңірлердің бірі. Көптеген ауылдар аудан орталықтарынан ондаған, кейде жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан, бұл әсіресе егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиындық тудырады. Қыста жолдың нашарлауы жағдайды одан әрі қиындатады. Медициналық мекемелер бар болғанымен, олардың барлығында дәріханалар жұмыс істемейді. Ал созылмалы аурулары бар тұрғындар үшін қажетті дәрі-дәрмекті уақытылы алу аса маңызды. Бірақ аудан орталығына жету үшін олар ұзақ жол жүруге мәжбүр. Бұл денсаулыққа қауіп төндіреді, әсіресе, қарттар мен жүкті әйелдер үшін.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста медициналық қызмет көрсететін 29 ауруханалық ұйым және 501 амбулаториялық-емханалық мекеме бар. Оның ішінде 12 аудандық аурухана, 58 дәрігерлік амбулатория, 41 фельдшерлік-акушерлік пункт және 397 медициналық пункт бар. Алайда, дәріханалар бұл мекемелердің барлығында бірдей орналаспаған. Көптеген ауылдық елді мекендерде дәріхана жоқ. Бұл жағдай солтүстікқазақстандықтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін күрделендіріп отыр. Мысалы, тұрғындар қарапайым суық тиюге қарсы немесе қан қысымын төмендетуге арналған дәрілерді алу үшін бірнеше шақырым жол жүруге мәжбүр. Ал жедел жәрдем көмегі барлық ауылға бірдей жылдам жете алмайды. Осыған байланысты дәріханалардың жетіспеуі – облыстағы денсаулық сақтау саласының басты мәселелерінің бірі.

Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау күшейтілуі тиіс. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары да жылжымалы дәріханалар желісін дамыту қажеттілігіне назар аударып отыр.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайдың пікірінше, жылжымалы дәріханаларды дамыту үшін жергілікті әкімдіктер тасымал шығындарын субсидиялауы тиіс екен алға тартады. Баға бақылауы күшейтіліп, делдалдардың нарыққа енуіне жол берілмеуі керек, сонымен қатар жылжымалы дәріханалардың қызмет кестесі нақты бекітілуі тиіс деп отыр.

– Тасымалдау шығындары дәрі-дәрмек бағасына әсер етпеуге тиіс. Ауыл­дар­ға жол шығыны алдын ала есептеліп, оны жергілікті бюджеттер көтеруі керек. Мысалы, еліміздің оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орналасқан, есесіне ол жерлерде дәріханалар баршылық. Ал теріскейдегі Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы кейбір ауылдардың шалғайлығы 300-400 шақы­рым­ды құрайды. Соған орай тасымал шығынын республикалық ортақ тарифпен белгілеу мүмкін емес. Аумақтар субсидиялауды өз аумақтық ерекшеліктеріне қарай жү­зе­ге асырса құп. Бұл облыстардың бюд­же­тіне көп салмақ салмайды, – дейді депутат.

Депутаттар жылжымалы дәріханаларға мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігін атап өтуде. Алайда, осындай бастамалар көтерілгенімен, бұл мәселе түбегейлі шешмін тапқан жоқ.

Бүгінгі таңда елімізде дәрі-дәрмек нарығы жыл сайын өсіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы фармацевтика нарығының көлемі 950 млрд. теңгеге жетті, оның ішінде 144,3 млрд. теңгесі отандық өндіріске тиесілі. Ал «СҚ-Фармация» ЖШС 437. млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алған. Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн. теңгеден асуы мүмкін. Алайда, нарықтың қарқынды дамуы шалғай ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекке қолжетімділігі мәселесін толық шешіп отырған жоқ. Аудан орталықтарына жету уақыт пен қаржыны талап етеді, ал кейбір елді мекендерде тұрақты дәріхана мүлде жоқ.. Осыған байланысты жылжымалы дәріханалар – ең тиімді шешімдердің бірі болып табылады.

Облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда өңірде тек бір ғана жылжымалы дәріхана жұмыс істейді. Департамент басшысы Батырхан Сарымсақовтың айтуынша, бұл дәріхана «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты «Жамбыл аудандық ауруханасы» жанынан ұйымдастырылған. Ол арнайы жылжымалы медициналық кешеннің негізінде құрылып, шалғай ауылдарға дәрі-дәрмек жеткізумен айналысады.

– Жылжымалы дәріханалардың жабдықталуы ауылдық аймақтардың қажеттіліктеріне қарай жүзеге асады. Мұнда тұрғындарға қажетті анальгетиктер, антибиотиктер, антисептиктер, витаминдер және алғашқы көмек көрсетуге арналған глюкометрлер, термометрлер, қан қысымын өлшеу құралдары сияқты медициналық жабдықтар ұсынылады. Бұл дәріханада екі маман – дәріхана меңгерушісі мен фармацевт тұрақты түрде жұмыс істейді, - дейді басшы. Дегенмен, өңірдегі жалғыз жылжымалы дәріхана барлық қажеттілікті өтей алмай отыр.

Жамбыл аудандық ауруханасы жанынан құрылған бұл мобильді кешен – облыстағы жалғыз жылжымалы дәріхана. Өңірдегі 500-ден астам медициналық мекеменің көпшілігінде дәріханалар жоқ, ал шалғай ауыл тұрғындары дәрі-дәрмек алу үшін аудан орталықтарына баруға мәжбүр. Бұл әсіресе қарттар мен созылмалы аурулары бар науқастар үшін үлкен қиындық туғызып отыр.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Мирасгүл Қасенғалиеваның айтуынша, өңірдегі жалғыз жылжымалы дәріханадағы дәрі-дәрмек бағасы тұрақты дәріханалардағы бағамен бірдей белгіленеді. Яғни, олардың құны Денсаулық сақтау министрлігінің №ҚР ДСМ-94 бұйрығымен бақыланады. Бұл бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік қадағалау жүргізілетінін білдіреді.

Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңнамаға сәйкес, дәріханасы жоқ ауылдық елді мекендерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Бірақ облыстағы ауылдардың көптігін және олардың аудан орталықтарынан алшақтығын ескерсек, бұл жалғыз жылжымалы дәріхана барлық сұранысты қанағаттандыра алмайды.

Сондықтан, жылжымалы дәріханалар санын арттыру – өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды қадам. Егер бұл жүйе кеңейтілсе, шалғай ауылдардың тұрғындары дәрі-дәрмекке қолжетімділік мәселесінен құтыла алады.

Дегенмен, бұл мәселені шешу үшін тек жылжымалы дәріханалардың санын арттыру жеткіліксіз. Өңірде олардың тапшылығы ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымдық қиындықтар мен қаржыландыру мәселелері де бұл жүйені кеңейтуді тежеп отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиеваның айтуынша, жылжымалы дәріханаларды кеңейту бірқатар кедергілерге байланысты баяу жүзеге асуда.

– Алғашқы мәселе – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Жылжымалы дәріханаларды ұйымдастыру үшін арнайы көлік, дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау жүйесі қажет, инфрақұрылымдық қиындықтар да айтарлықтай кедергі келтіруде. Ауылдық елді мекендердің көбінде жол сапасы нашар, ал қыс мезгілінде кейбір елді мекендерге көлікпен жету мүмкін болмай қалады. Сондай-ақ заңнамалық шектеулер бар. Кейбір дәрілік заттарды тасымалдау мен сақтау қатаң нормативтік талаптарға бағынады. Сондан кейінгі мәселе кадр тапшылығы. Ауылдық жерлерде тұрақты түрде қызмет ететін білікті фармацевт мамандар жетіспейді. Бұл жылжымалы дәріханалардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіруде, - дейді Гүлнәр Сайлауқызы.

Қазіргі таңда жылжымалы дәріхана қызметі Денсаулық сақтау министрлігі мен фармацевтикалық компаниялардың бақылауымен жүзеге асып жатыр. Бұл бастама «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес реттеледі.

Осылайша, еліміздің климаттық және географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ өңірлердегі халық санының аздығын ескерсек, ауылдық жерлерде фармацевтикалық пункттер ашу жеке бизнес үшін тиімсіз. Сол себепті, жылжымалы дәріханаларды дамытуға мемлекет тікелей араласуға мәжбүр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін қаржыландыру механизмдерін жетілдіру, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және заңнамалық өзгерістер енгізіп, жеке кәсіпкерлерді тарту сынды нақты шараларды жүзеге асыру қажет.

Бұл пікірді жергілікті «Семейная» дәріхана желісінің басшылығы да қолдап отыр. Аталған дәріхана желісі көп жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде желі Тайынша және Қызылжар аудандарында халықты дәр-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, егер мемлекет тарапынан нақты субсидиялар мен ынталандырулар қарастырылса, олар жылжымалы дәріхана жобасына қаржы салуға дайын. Алайда, логистика және лицензиялау мәселелері бұл процесті қиындатып отыр. «Қазіргі таңда шалғай ауылдардағы дәріхана тапшылығы өзекті мәселе. Біз тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге үлес қосқымыз келеді, бірақ логистикалық шығындар мен лицензиялауға қойылатын талаптар кәсіпкерлер үшін қиындық тудырады. Егер бұл бағытта мемлекеттік қолдау күшейтілсе, біз жылжымалы дәріханалар желісін дамытуға дайынбыз», - дейді дәріхана желісі өкілі Оксана Владимировна.

Дәріхана желісінің бұл бастаманы қолдауы жылжымалы дәріханалар жүйесінің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Егер жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекет күш біріктірсе, бұл бастаманы кеңейтуге мүмкіндік туар еді.

Жылжымалы дәріханалар – елімздің ауылды аймақтары үшін маңызды бастама. Бұл жүйе халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтермек.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз жылжымалы дәріхана өңірдегі барлық сұранысты қанағаттандыра алмасы анық. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі мемлекеттік қолдау қажет. Сондықтан бұл медициналық қызметті кеңейту күн тәртібінен түспейтін маңызды мәсәле болып қала бермек.

Осы мақсатта Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев арнайы заң жобасын ұсынды. Оның басты мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

«Еліміздің климаты мен географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ өңірлердегі халық санының аздығы мен қашықтығын ескерсек, ауылда фармацевтикалық пункттің жеке бизнес тарапынан болуы аса ұтымды емес. Сондықтан бұл мәселе қазір өте өзекті. Жылжымалы дәріхана пункттеріне қатысты жобаны іске асыру туралы заң жобасы ең алдымен шалғайдағы ауылдық елді мекендерде сапалы дәрілік препараттардың болуы жөніндегі мәселені шешуге бағытталған», – деді вице-министр.

Егер бұл заң жобасы қабылданса, әр ауданға кемінде бір жылжымалы дәріхана бөлініп, шалғай ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекке қолжетімділігі артады. Нәтижесінде, 1000-нан астам ауыл тұрақты медициналық қамту жүйесіне қосылады.

Түйін: Жылжымалы дәріханалар жүйесі дұрыс дамыса, шалғайдағы мыңдаған ауыл тұрғыны медициналық қызметке қол жеткізіп, денсаулығын нығайта алады. Бұл – тек денсаулық сақтау саласындағы ғана емес, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

Ләзиза Мырзантайқызы.

Солтүстік Қазақстан облысы

Abai.kz

0 пікір