Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Әдебиет 621 0 пікір 11 Наурыз, 2025 сағат 12:46

Чы Зыжиян. Әйелдің қолы

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Чы Зыжиян, 1964 жылы өмірге келген. Қытайдың танымал жазушысы. «Ергуна өзенінің жағасы» атты романы үшін бірнеше үлкен әдеби сыйлық алған. «Кеште соғылған таңғы қоңырау», «Ыстық құс», «Ағаш астында», «Бұлт саясындағы жарық», «Ақ қар мен қара қарға», «Жер сыпырған түтін» атты кітаптары жарық көрген.


Егер мен біреуді жақсы көрсем, қолымды оның шашына қойып, әр талын сипар едім.

Егер ерекше жағдайлар болмаса, әдетте, әйелдің қолы ер адамның қолына қарағанда кішілеу, нәзік те жұмсақ әрі сезімтал келеді. Әйелдің қолын сипаттағанда «нәзік саусақтары бар», «он саусағы сүйріктей» деп айту да тегін емес қой. Ескі заманда әйелдің қолы нағыз еңбек құралы болатын. Тоқыма тоқу, киім тігу, кір жуу, жіп иіру, аяқ киімнің табанын тігу, үй шаруасымен айналысу, ата-енеге күтім жасау, жұмыс іздеп кеткен еріне жолға қажетті керектің бәрін дайындау, жөргек жуу – осының бәрі әйелдің қолымен істелетін шаруалар еді. Әрине, тек кесте тігіп, күй тартып, ән айтып, желпуішпен көбелек ұстаған нәзік жандылар да кездеседі, бірақ бұл жағдай көп әйелдің басындағы тағдыр емес, сондықтан олар туралы айтпай-ақ қойғаным дұрыс.

Әйелдің қолы қаншама ауыр еңбекке жегілсе де, бәрібір әйелге тән нәзіктігін сақтап қала береді. Олардың қолы икемді әрі жылтыр келеді. Ежелгі әйелдердің бейнесі салынған картиналарға көз салыңызшы, ең әдемі салынғаны – әйелдердің көзі мен еріні емес, кеуде тұсында тұрған екі қолы ғана. Олар көздің жауын алатындай, әдемі, жарқыраған нефриттей болып елестейді. Сан ғасыр өтсе де, сол суреттердегі әйелдердің қолына жан біткендей әсер береді: қазір майшамның жарығын реттеп, бөлмесіндегі ер адамға көз салмақшы, сосын өзен жағасына барып, сыбдырлатып күріш жуатындай күй кешпек.

Әйелдің қолы – мәңгілік бейне.

Шындығында бүгінгі әйелдер бұрынғыдай ауыр бейнет кешпейді. Бірақ бәрібір ас үйге күні бойы жүріп, бала тәрбиесімен айналысуы тиіс. Олар әлі де кір жуып, күріш тазалап, көкөніс турап, газ пешінің алдында тұрып, қайнап жатқан майға пияз салып, қазандағы қуырылғанына назар салады. Егер әйелдің көңіл-күйі жақсы болса, тоқыма тоқып, киім пішіп, үйін жинастырадыі. Әйелдер қолының күшімен үйді монтаздай етіп, тазалады. Тіпті терезе алдындағы гүлдердің жапырағына да шаң тұрғызбайды. Әйелдердің қолының күшімен үйдің ауасы таза да мөлдір болады. Ал осылай жүре келе олар уақыттың қалай жылыстап тез өткенін байқамайды, маңдайына, көзінің айналасына әжім түседі, шашының қарасынан ағы көбейе түседі. Бірақ олардың қолы бәрібір ер адамдардың қолынан өзгеше болып қала береді, қалай болғанда да, олардың қолы ерекше, нәзік сипатын сақтай береді.

Кейде өзіме: «Әйелдің қолы неге қартаймайды?» деген сұрақ қоямын. Бұның басты себебі олар үнемі көкөністермен, жемістермен, гүлдермен, өсімдіктермен және сумен үнемі байланыста болуында шығар. Әйелдер көкөніс турағанда, қызанақтың алқызыл шырыны, балдыркөктың қою сөлі, қиярдың хош иісті суы, картоптың ақшыл нәрі сыртқа ағып шығады. Бұл шырындардың бәрі әйелдің қолына сіңіп, оны нәрлендіріп, әйелдің қолын балғын қалпында сақтайды. Әйелдер гүлдер мен жасыл өсімдіктерді баптағанда, олардың иісі мен ерекше энергиясы оның қолына сіңеді, сезінсек, бұл ер адамдарға бұйырмаған қасиет.

Әйелдердің көбі суды жақсы көреді. Күріш тазалап, кір жуған сайын қолдары жұмсарып, сол арқылы ерекше күтім көреді. Мұны айтып отырған себебім, әйелдерді ас үйге байлап қою деген сөз емес. Бірақ ас үйге мүлде кіргісі келмейтін әйелде бұндай қасиет пен тартымдылық бола ма екен?

Әйелдің қолы тез қартаймайтын тағы бір себебі бар. Меніңше, бұның сиқыры – көз жасының нәрлендіруінде. Әйелдер жылауға бейім екенін білесіз. Сирек кездесетін жандар болмаса, көбіне олар көз жасын мойнына, жағасына ағыза салмайды немесе классикалық романдардағы кейіпкерлердей бет орамалмен сүртпейді. Әйел жылағанда, көбіне «мұрнын да, көз жасын да» қолымен сүртеді.

Көз жасы – адамның ішкі мәнінің көрінісі. Әйелдің жасы тек тым қуанышты немесе өте қайғылы сәттерде ғана сора-сора болып төгіледі. Сондықтан оның әйелдің қолын нәрлендіретін рөлі де ерекше болатыны шындық. Көз жасы қолдың терісіне жайлап сіңіп, адамның өн-бойына бойлап, іштегі мұңды ерітіп жібереді. Сол сәтте алыста қалған жастық пен үміт қайта оралады, ал әйелдің қолы көз жасына  жуылғаннан кейін бұрынғыдан да елгезек бола түседі.

Осы айтқандарымды медицина мамандары оқымаса екен деймін. Әйтпесе, олар менің ғылыми негізсіз пікірлерім үшін сынап, дәлел сұрап әбігерге салар. Ал мен ғылымда өзгермейтін, сан ғасыр бойы қасаңдап қалған «ақиқаттардан» әрдайым денем түршігеді де тұрады.

Бұдан әрі бұл туралы айтпай-ақ қояйын.

Қай жылы екені есімде жоқ, бір кітаптан мынадай дерек оқығаным бар: әйелдер өмірінің соңғы сәтінде ер адамдарға қарағанда қолын көбірек созады екен. Олар соңғы рет бірдеңені қармап қалғысы келеді. Сол сәтте олардың сөйлеуге дәрмені жетпей, соңғы тілегін қолымен білдіреді. Өйткені қол – әйелдің өмір бойы ең көп сөйлеген, ең көп әрекет еткен мүшесі. Әйелдер соңғы құштарлығын да қолына аманат етеді.

Бұндай күй дәл қазір менің өз басымда кездеседі. Қолыммен жазамын, кір жуамын, төсек саламын, көкөніс тураймын, тұшпара түйемін, тағам тұздаймын, дәретхана тазалаймын. Егер мен біреуді сүйсем, қолымды оның шашына тигізіп, әр талын еппен сипар едім. Егер өмірімнің соңында көптеген әйелдер сияқты әлсіз қолымды қармау бақыты бұйырса, сол шақта менің кәріліктен қаусап, қалтырап қалған қолым жанымнан артық сүйген адамымның қолын ұстап үлгерсе екен деген тілегім бар.

Қытай тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір