Жұма, 21 Наурыз 2025
Билік 220 0 пікір 21 Наурыз, 2025 сағат 17:39

Наурыз мейрамы - әлем назарында!

Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.

Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

«Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

«Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды», – деп жалғастырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәнін айрықша атап өтті.

«Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.

Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Наурыз мейрамымен құттықтады.

«– Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып келеді. Достас халықтарымыздың игілігі жолында, Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында өзара тиімді байланыстарды одан әрі арттыру үшін ортақ күш біріктіретінімізге сенімдімін», – деп жазылған құттықтауда.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Наурыз көктемнің келуі мен табиғаттың оянғанын білдіретінін жазған. Сондай-ақ бұл мейрам Қазақстан халқының игілікке, ынтымақ пен өрлеуге ұмтылысымен ұштасатынын атап өткен.

«Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға баса мән беремін. Сізбен берік достығымды мақтан тұтамын. Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, екі елдің мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін күш-жігерімізді біріктіруге дайынмын», – делінген жеделхатта.

АҚШ Президенті Дональд Трамп жеделхатында Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын ынтымақ пен жаңару мерекесімен құттықтады.

«Біздің мемлекеттерімізді ұзақ жылдардан бері қалыптасқан өзара тиімді ықпалдастық байланыстырады. Алдағы уақытта қауіпсіздік, экономика және басқа да салаларда жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Біздің жасампаз елдеріміз табысты жолға қадам басқан кезеңде, Америка халқы Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын әрдайым қолдайды», – деп жазған Дональд Трамп.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған жеделхатында Наурыздың сан ғасырлық дәстүрі бейбітшіліктің, бауырмалдық пен келісімнің маңызын еске салатынына тоқталған.

«Наурыз – дүние жүзіндегі бейбітшілікке деген үмітті нығайтып, халықаралық диалог пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Елдеріміз арасындағы берік достық пен бауырластық байланыс қарқынды дамып, екіжақты ықпалдастығымыз кеңейе беретініне сенімдімін», – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Палестина Президенті Махмұд Аббас, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және бірқатар халықаралық ұйымның жетекшілері мен басқа да ресми тұлғалар құттықтады.

Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Abai.kz

0 пікір