Жексенбі, 13 Сәуір 2025
Талқы 488 0 пікір 11 Сәуір, 2025 сағат 14:59

Аудиокітаптар: Тыңдарман мен уақыт талабы...

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

(Әдебиеттанушы, сыншы ғалым Амангелді Кеңшілікұлының Facebook-тегі жазбасына авторлық пікір)

Соңғы жылдары әлемдік деңгейде аудиокітап тыңдау мәдениеті қарқын алып келеді. Кітапты көзбен оқып қана емес, құлақпен тыңдау – әсіресе уақыт тапшылығын сезінетін, бірақ рухани дүниеден алыстамауға тырысатын заманауи адамның жаңа әдетіне айналды.

...Мен де осы үрдіске зер салып, өз тәжірибемде байқап көрдім. Бастапқыда тыңдау қиын көрінгенімен, бірте-бірте аудиокітаптың да өзіндік артықшықтарын сезіне бастадым. Әсіресе, жолда келе жатқанда, үй шаруасымен айналысқанда немесе көз шаршағанда – тыңдау қолайлы тәсілге айналды.

Алайда, мәселенің екінші жағы да бар... Қазақ тіліндегі аудиокітаптардың сапасы мен қолжетімділігі – әлі күнге дейін көңіл толарлық деңгейде емес. Бұл салада белгілі бір талпыныстар болғанымен, жүйелі әрі кәсіби дамымағаны анық байқалады. Мысалы, классикалық шығармаларды кәсіби дикторлар емес, жай ғана мәтінді оқып шыққан адамдар дыбыстап жүр. Дауыстың интонациясы, мәтінге сай сезіммен оқу, кейіпкерлердің болмысын жеткізу – бұның барлығы көркем әдебиетке тән талаптар. Ал олар орындалмаса, тыңдаушы шығарманың шынайы әсерін сезіне алмайды.

Әдебиеттанушы, сыншы ғалым Амангелді Кеңшілікұлының Facebook-тегі парақшасында, қысқаша түрде қозғалған бұл тақырып жөніндегі пікірімен толық келісемін. Оның нақты мысалдар келтіріп, «Абай жолы» романын сапалы оқылған туынды ретінде, ал Мағауиннің «Әйел махаббаты» шығармасын ер адамның оқуын сәтсіз шешім деп бағалауы – өте орынды. Себебі әр шығарма өз үні мен мәнерін талап етеді. Әйел болмысы, әйелдің ішкі әлемі жайлы жазылған туындыны әйел дауысы арқылы жеткізу – мәтіннің эмоционалдық астарын аша түседі.

Қазақ аудиокітаптары тыңдарман сұранысына сай болу үшін бірнеше маңызды талаптарды ескеруіміз керек. Біріншіден, шығармаларды кәсіби дикторлар, актерлер оқу керек. Екіншіден, дыбыстық сапа, монтаж, музыкалық сүйемелдеу – тыңдарманның эстетикалық әсеріне ықпал етеді. Үшіншіден, жасөспірімдер мен балаларға арналған аудиокітаптар бөлек бағытта дамығаны жөн. Өкінішке қарай, бұл бағыт мүлде кенже қалған.

Аудиокітап – жай ғана мәтінді оқу емес, ол – өнер. Ол тыңдаушыны баурап алуы тиіс, сезіндіруі, ойландыруы, тіпті шабыттандыруы керек. Қазақ тіліндегі осындай рухани өнімдер неғұрлым көп болса, әдебиетіміз де соғұрлым кең ауқымды аудиторияға жол тартады.

Сондықтан, менің жеке пікірім: қазақ аудиокітаптары – тек техникалық емес, рухани, көркемдік тұрғыдан да кәсіби деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл – әдебиетті жаңаша ұсынудың заманауи жолы, ал біз оны өз тілімізде, өз үнімізбен жеткізуге міндеттіміз. Тіл – дыбыс, үн – сезім. Ал бұл сезімді жеткізе алмасақ, әдебиет тыңдарманын таба алмайды.

Ерік Қайратбекұлы,

Құнанбай қажы атындағы "Алаш аудармашылар Одағының" Төрағасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1827
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4638
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3675