Жұма, 2 Мамыр 2025
Жаңалықтар 562 0 пікір 2 Мамыр, 2025 сағат 10:18

KazNARU өміріндегі үлкен тарихи күн

Суреттер: KazNARU Баспасөз қызметінен алынды.

2025 жылдың 30 сәуірінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Алматы облысы, Талғар ауданы, «Байбұлақ» ауылында орналасқан «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы жаңа Студенттік жатақхананың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ардагер ұстаз, профессор Тастанбек Атақұлов бұл күнді осылай деп бағалады.

«Мен өзім осы университететің «агрономия» факультетінің 1972 жылғы түлегімін. Оқу бітіргелі алпыс жылдан аса ғұмырымды осы қара шаңырақта шәкірт тәрбиелеуге арнап келемін. Бүгін бәріміз үшін, ең бастысы – білім алушыларымыз үшін керемет, есте қаларлық тарихи күн! Мұндай жаңа үлгідегі замануи жатақхана соңғы 30 жылда алғаш рет бой көтеріп отыр! Өзіміздің қара шаңырақтағы осындай игі бастаманы жүзеге асырған университет басшылығына Ардагерлер қауымдастығы мен профессор-оқытушылар құрамы және барша білім алушылар атынан зор алғысымызды білдіреміз», - деді ардагер профессор Тастанбек Атақұлұлы.

KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректоры, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде осыдан екі жыл бұрын университет студенттерімен кездескенде – «Байбұлақ» ауылындағы жатақхананың санитарлық-тұрмыстық жағдайы сын көтермейтінін, әбден тозғанын,  практикаға барғанда адам төзгісіз жағдайда тұрып жүргендерін, тіпті асхана, жуынатын жердің жоқтығын айтып шағынғанын еске алды.

«Осындай жылдар бойы орын алған жүйелік келеңсіздіктерді жою үшін университет басшылығы соңғы екі жыл ішінде ауқымды шаруалар атқарды. Мына студенттік жатақхананы жаңғырту бізге оңай болған жоқ. Себебі, бұл оқу-өндірістік шаруашылықтың көлемді жерлері, оның ішінде, осы жатақхана орналасқан жер университет балансынан шығарылған. Оқу орнымыздың басшылығы, әсіресе проректор Қуат Сұлтанғазиев пен заңгерлеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында бұл активтер университетке қайтарылып, оқу ордасына тиесілі барлық жерге «мемлекеттік актілер» алынды. Содан кейін ғана жатақхананы жаңғыртуға кірістік. Оның нәтижесін міне, өздеріңіз көріп отырсыздар. Жаңа жатақханамыз құтты болсын! Студенттеріміздің теориялық білімдері мен шеберлігін ұштастыратын нағыз тәжірибе алаңы атансын!» - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Бұл оқу-тәжірибелік шаруашылықтың жатақханалары 1973 жылы салынған, соңғы 30 жыл бойы бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Кезінде шаруашылықтың көптеген жерлерінң  активтен шығарылып кеткендігі және жатақханалардың тозып пайдалануға жарамсыз болып қалғандығы туралы мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет көтеріліп, Мәжіліс депутаттары мен көпшіліктің назарын аудартты.

Жалпы, соңғы үш жыл ішінде университетте жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді кері қайтару жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Мысалы, кезінде баланстан шығып кеткен №3 және №6 студенттік жатақханалар тұрғын үй қорына кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. 2024 жылы №9 жатақхана да күрделі жөндеуден өткізіліп,  студент жастардың игілігіне берілді. Осындай нақты істердің нәтижесінде, KazNARU Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанып отыр.

Оқу корпустарына да жөндеу жұмыстары жүргізілді, университет стадионы да заманауи үлгіде жаңғыртылды. «Студент» әлеуметтік дүкені ашылды, ондағы бағалар 10-15 пайызға төмен.

Соңғы 30 жылда алғаш рет университет аумағында 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі медицина орталығы бар жатақхананың құрылысын салу қолға алынды, ол  жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Аграрлық мамандыққа деген сұраныстың артуына байланысты, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университетімізге ерекше қолдау көрсетіп келеді. Себебі Қазақстан – аграрлы мемлекет, бұл ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Білім алушыларымызды сапалы оқытып, алған білімін тәжірибемен ұштастыруына, ғылыммен айналысуына толық мүмкіндік берсек, еліміздің ауыл шаруашылығы да қарқынды дамитыны сөзсіз», - деді университет басшысы.

KazNARU базасындағы оқу процесінің сапасын арттыру бағытында үлкен бетбұрыстар жүруде. Білім беруді зерттеу қызметімен біріктіру, университеттегі жұмыс бағыттарын цифрландыру толыққанды жүзеге асырылды. Ғылыми-зерттеу институттарының базасында дуальды оқыту және өндірістік практикадан өту жолға қойылды. Біздің басты құндылығымыз, еліміздің зияткерлік қуаты  – профессор-оқытушы құрамының орташа жалақысы соңғы үш жылда  2 есеге артты. Бұл – Жаңа Қазақстанда әділетті университет құру жолындағы ауқымды жұмыстарымыздың бір көрінісі ғана. Алда университетімізді қайта жаңғыту, жаңарту, көркейтіп дамыту мақсатында үлкен міндеттер тұр.

«Жаңа Қазақстан, Әділетті университет құру жолында бар күш-жігерін арнап отырған профессор-оқытушыларымызға,  университеттің барлық қызметкерлеріне және осы жатақханамызды күрделі жөндеуден өткізген  құрылыс компания жетекшілеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді», - деді сөзінің соңында Ақылбек Күрішбаев.

Бұдан кейін ректор сәулетті жатақхананы заманауи үлгіде жаңғыртуда серіктестік қолдау көрсеткен «АсарСтройСервис» ЖШС Бас директоры Болысбаев Жандос Талғатұлын Алғыс хатпен марапаттады.

Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Айдарбеков Танат Есенкелдіұлы жаңа жатақхананың ашылуымен құттықтай отырып, экономикалық және ауыл шаруашылық саласында маңызды өңір саналатын ауданның KazNARU-мен ынтымақтастығы артып келе жатқанына тоқталды. Сонымен бірге, білім, ғылым, өндірістік тәжірибе аясында университеттің басты серіктесі болып қала беретіндігін жеткізді.

Жаңа жатақханамыздың ашылу салтанатына арнайы келген, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қажденбек Әзиз Оралбекұлы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қала мен еліміздегі көшбасшы жоғары оқу ордасы екенін және білім алушылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқанын атап өттті.

Жаңа Студенттік жатақхананың лентасы кесіліп, шашу шашылды, музыкалық сәлем жолданды. Қонақтар 50 орындық студенттік жатақхананы аралап көріп, өз ризашылықтарын білдірді.

Студенттік жатақхана аумағына түрлі жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылды.  Бұл – тек ағаш егу ғана емес, ұстаздар мн білім алушылардың өз оқу ордасына деген ізгілікке толы құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі.

Сондай-ақ, қонақтар «Қазақстан-Нидерланды интенсивті бақ» орталығын, «Жеміс-жидек дақылдарының көшет» алаңын, «Қазақстан-Корей ақылды жылыжайын» тамашалап, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

KazNARU Баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 397
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 430
Бәрекелді!

«Родословная казахских ханов»: всемирное признание

Керимсал Жубатканов 406