Бейсенбі, 12 Маусым 2025
Жаңалықтар 391 0 пікір 11 Маусым, 2025 сағат 13:55

Мәжіліс рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады

Сурет: Sputnik / Айгюзель Кадир.

Мәжіліс Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады, - деп жазады Азаттық радиосы.

Оған сәйкес, рақымшылыққа ауыр емес және орташа ауыр қылмыс түрлерін жасағандар ілінеді, бірақ шығын көлемі өтелген немесе мүлде болмауы керек. Рақымшылық аясында түрмеден 662 адам шығады, пробациялық бақылаудағы 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ.

Осылайша оған барлығы 15 мың адам ілінбек. Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.

Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты 63 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр: 33 мың сотталушы және 7 мың адам тергеу изоляторында отыр. 27 мыңнан астам адам пробациялық қызмет тіркеуінде.

Abai.kz

0 пікір