Дүйсенбі, 16 Маусым 2025
Ақмылтық 755 0 пікір 16 Маусым, 2025 сағат 16:59

«Қытай – ОА» саммиті: Қытай ақпараты не жазды?

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Бүгін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен келеі. Екі күнге созылатын бұл сапар барысында тараптар бірқатар екіжақты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіп, екі ел басшылары «Қытай – Орталық Азия» саммитіне бірлесе қатысады. Біз осы сапар мен саммит туралы «Орталық Азияға шолу» сайтында жарияланған шолуға назар салдық.  

Қазақстан мен Қытай ежелден тату да берік көрші елдер. Тіпті Қазақстанның ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі де осы – Қытай. Қазір екіжақты қарым-қатынастың басым бөлігін экономикалық әріптестік құрайды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 30,1 млрд долларды құрап, экспорт – 14,8 млрд, импорт – 15,1 млрд доллар болды.

Қытай Қазақстанға негізінен ұялы телефондар, жеңіл автокөліктер, компьютерлер, жол-құрылыс техникасы мен түрлі авто және трактор бөлшектерін экспорттайды. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының Азия бөлімінің аға сарапшысы Гаудар Есетқыздың пікірінше, соңғы уақытта іске асырылып жатқан бастамалар – екіжақты саяси келісімдердің нәтижесі. «Қытай мен Қазақстан арасындағы экспорт құрылымы біртіндеп жетіліп келеді, өңделген өнімдердің үлесі артып отыр. Бұл Қытай инвестициясының бағыттарымен тығыз байланысты: 2022–2024 жылдары аралығында Қытайдың тікелей инвестициясының 90%-дан астамы қосымша құны жоғары салаларға, атап айтқанда, мұнай-химия, полимер өндірісі, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және машина жасау салаларына бағытталды», – дейді ол.

Инфрақұрылым мен логистика саласындағы ынтымақтастық – екіжақты байланыстардың ең белсенді бағыттарының бірі болғаны шындық. Қытайдың тікелей қатысуымен жүзеге асқан 200-ден астам жоба негізінен көлік, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларын қамтиды. «Бір белдеу – бір жол» аясында Қазақстан аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келеді. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға және экономиканы сапалы жаңғыртуға жағдай жасайды.

«Қазақстан тек шикізат көзі емес, сонымен қатар Қытайдың еуразиялық стратегиясында инфрақұрылымдық және транзиттік торап рөлін де атқарады. 2023 жылы Қазақстан Қытайдың уран импортының 60%-дан астамын қамтамасыз етті, бұл Қытайдың ядролық энергетикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар, Атырау – Алатау сағасы мұнай құбыры арқылы жыл сайын 10 млн тоннадан астам ресейлік мұнай Қытайға жеткізіледі. Қазақстан мыс, ферроқорытпа, хром, астық және майлы дақылдар экспортын жалғастыруда», – дейді сарапшы Гаудар Есетқызы.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қазақстан – негізгі транзиттік мемлекет. Орта дәліз (Trans-Caspian International Transport Route) – Қытай мен Еуропа арасындағы балама бағыт ретінде еліміздің геосаяси рөлін арттырып отыр.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстар айтарлықтай жанданды. Бұл екі ел арасындағы визасыз режим мен адамдар арасындағы қарым-қатынастардың артуымен байланысты. Өткен жылы Қытайда «Қазақстанның туризм жылы» шеңберінде 30-дан астам шара өтті. Қазақстандық туристік өнімдер ITB China, ITE Hong Kong, COTTM және China International Medical Tourism Fair көрмелерінде таныстырылып, 50-ден астам жаңа серіктеспен келісім жасалды.

Қазақстан мәдениетін кеңінен насихаттау да маңызды. «Қытаймен байланыс» атты 3 бөлімді деректі фильм CCTV-4 арнасынан көрсетілді. Сонымен қатар, Қытайдың танымал блогерлері Қазақстанға арнайы шақырылып, түсірген видеолары 60 млн реттен астам қаралды. «Qazaq Music Concert» тобы Қытайдың Ланфан және Тяньцзинь қалаларында өнер көрсетті, ал Ұлттық музей Пекин мен Тяньцзинде көрмелер ұйымдастырды.

Қазақстан экономикасы әлі де шикізат экспортына тәуелді. Ел Президенті мен экономистер бұл тәуелділіктен арылып, инновациялық жүйеге негізделген әртараптандырылған экономика қалыптастыру қажеттігін жиі айтып жүр. Қазақстандық саясаттанушы Айдар Әміребаев бұл сапарды Қытаймен өндірістік технологиялар саласында нақты келісімдер жасауға берілген үлкен мүмкіндік деп санайды.

Бүгінде Қазақстан Қытайға негізінен мұнай, газ, бағалы металдар экспорттайды. Бұл үрдіс биыл да өзгермеді. Сондықтан биылғы келіссөздерде жаңартылатын энергия, сутегі, атом энергетикасы және ауыл шаруашылығындағы жаңа жобалар көтерілуі мүмкін. Сонымен бірге, зерттеу орталықтары, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық сауда салаларында да ынтымақтастық кеңеймек. Айдар Әміребаев қазіргі геосаяси жағдайда тек шикізатпен шектеліп қалмау керек екенін айтады.

Си Цзиньпиннің бұл сапары аясында ол «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. Аймақ елдерінің саяси элитасы осы форматтағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталатынын күтіп отыр.

Бұған дейін Тоқаев Президент ретінде 2030 жылға қарай Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемін 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 70 млрд, 2023 жылы – 95 млрд доллардан асты. Қытайдың Еуропаға жүк тасымалы 2 жылда 4,5 млн тоннаға өсті. Сарапшылардың ойынша, саммитте жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеу, технопарктер мен ғылыми-зерттеу орталықтарын дамыту бойынша бірлескен стартап-жобалар көтеріледі. Сонымен қатар, трансшекаралық өзендер деңгейін реттеу, су шаруашылығы жүйелерін дамыту, ауыл шаруашылығындағы инновациялар мен климаттық бастамалар да назарда болмақ.

Abai.kz

0 пікір