Сейсенбі, 22 Шілде 2025
Мәдениет 257 0 пікір 22 Шілде, 2025 сағат 15:58

Мәдениет дау-дамайдың емес, ауызбірліктің алаңы болуы керек!

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Әр халықтың өзіндік «мәдени коды» бар – ол сол ұлтты басқалардан даралап тұратын ерекшелік.

Мәдениет – ұлттың айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Осы орайда мәдени саладағы өзгерістер мен жетістіктер жайлы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен сұхбаттастық.

– Құрметті Аида Ғалымқызы, ең алдымен сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Бізде сізге қояр сауалдар аз емес. Алдымен кино саласына, оның ішінде аты аңызға айналған «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйіне тоқталсақ. «Қазақфильм дауы» қашанға дейін жалғаспақ?

– Расында, жасыратыны жоқ, қоғамда даңқты «Қазақфильмге» қатысты түрлі қауесет пен сыни пікір жиі айтылып жүр. Қоғамның алаңдаушылығын да, жанашыр көңілін де жақсы түсінеміз. Өйткені «Қазақфильм» – жай ғана киностудия емес, ол – қазақ киносының алтын бесігі, ұлт руханиятының шежіресі. Дегенмен негізсіз айып тағып, мәселені сан-саққа жүгіртудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселеге нүкте қойылатын кез келді.

Біріншіден, тағы да қайталап айтайын, біз «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына, тұрақты өркендеуіне тікелей мүдделіміз. Бұл – жай уәде емес, нақты қадамдармен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді стратегиялық жұмыс. Осы жолда бар күш-жігерімізді салып, ештеңеден тайынбай, аянбай еңбек ете береміз.

Сондықтан нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, біз заңға өзгеріс енгіздік. Заңнамалық деңгейде мемлекеттік кино­қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді. Бұл кино­сту­дияның жұмысын тұрақты әрі қаржылық тұрғыдан орнықты етуге мүмкіндік береді.

Аталған норманы іске асыру мақсатында биыл «Қазақфильмге» үш коммерциялық кино жобаны түсіруге 336 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуде. Қазір киностудия келіссөздер жүргізе бастады.

Бұл жерде ескерер дүние, мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен, лайықты деп танылған туындыларға ғана бөлінеді. Сондай-ақ кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасы мен қаржысының белгілі бір пайызын, мысалы, 50 пайызын алып келсе, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, бірлесіп жұмыс істейді. Бұл ретте мемлекет қаржысының қайтарымы болуы үшін прокаттағы табысқа екі тарап та мүдделі болады.

Сонымен қатар былтырдан бастап киностудия ұлттық фильмдерді шетелде насихаттау, кино күндерін өткізу, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастыру бағытында белсенді жұмыс істей бастады. Бұл – ұлттық киноның халықаралық кеңістікке шығуы үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.

Тағы бір айта кетер жайт, 2024 жылы «Қазақфильм» соңғы жеті жылда алғаш рет өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетті. Бұл – қаржылық тәртіптің орнағанын, басқару сапасының жақсарғанын, яғни шығармашылық пен менеджмент ара­сындағы тепе-теңдік орныға бастағанын білдіреді.

– Бірақ басшылыққа қатысты да түрлі пікір айтылып жүр ғой...

– Менеджмент мәселесіне аз-кем тоқталып өтейін. Бұған дейін кино сала­сының мамандарымен, сондай-ақ Асанәлі Әшімов ағамен бұл мәселені кеңірек талқыладық. Сол кезде біз «Қазақфильмді» актер де, режиссер де емес, кәсіби менеджер басқаруы керек деген ортақ ойға келдік. Расында, бізге нақты нәтиже қажет.

Сондықтан қазіргі басшыны қазақ тілін жетік білмейді деп кінәлап, атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығару – орынсыз деп санаймын.

«Қазақфильм» киностудиясының басым бағыттарының бірі – киностудияны да­мытуға жеке инвестиция тарту. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қолдауымен ішінара жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Kinopark & Kinoplexx ки­но­театрлар желісінің қаржысы есебінен «Қазақфильм» аумағында жазғы кинотеатр салу және ғимараттың 1000 шаршы метрін жөндеу жоспарланып отыр.

Біз әр азаматтың пікірін құрметтейміз. Бірақ біздің ұстанымымыз – «сын шын болсын, шын сын болсын». Кейбір азаматтар айтып жүргендей, ешкім «Қазақфильмнің» жерін сатып жібермек емес. Біз отандық фильмдердің әр жетістігіне шын қуанып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде насихаттап келеміз.

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Жалған жала, орынсыз байбалам мен негізсіз айыптаулар бізді ұшпаққа шы­ғар­майды. Керісінше, кино саласының өр­кен­деуін ойласақ, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Кино – ұлттық кодтың көркем бей­­несі. Оны дамыту – тек мемлекеттің емес, бүкіл шығармашылық қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі. Егер біз ұлттық ки­ноны қолдаймыз десек, оның артында тұрған идея мен миссияны да бірге көтеруге тиіспіз.

Біз алғаш талдау жүргізген кезде киногерлердің басым бөлігі сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес екенін айтқанымызда біраз адам ренжіді. Кей режиссерлер тіпті ашық қарсылық танытты.

Бізде қызық бір үрдіс бар. Жыл сайын ұлттық киноны қолдауға арналған питчингке қатысушылар саны өте көп. Бұл – бір жағынан жақсы. Демек, елімізде кино түсіруге ниетті жастар, шығармашылық идеясы бар азаматтар көбейіп келеді. Бұл – үміт пен сенімнің белгісі.

Алайда байқаудан өтпеген жағдайда наразылық танытып, іріктеу үдерісінің әділдігіне күмән келтіретіндер де бар. Тіпті, кейбіреулер «митингке шығамыз» дегенге дейін барады. Бұл – өкінішті жағдай. Өйткені мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек.

Біз мәдени бәсекелестікті саяси алаң­ға айналдырмауымыз керек. Шығармашы­лық – сенім мен жауапкершілікке негізде­луі керек.

Сонымен қатар айта кететін жайт – питчинг жүйесі қазір бұрынғыдай емес. Оның ашықтығы мен әділдігін арттыру мақсатында бірқатар жаңашыл қадам жасалып жатыр. Мәселен, сарапшылар құрамы жаңартылып, іріктеу критерийлері нақтыланды. Бұл – жүйенің жетілу жо­лындағы маңызды өзгерістердің бірі.

Бүгінде отандық кинематография даму кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға қарай кинопрокаттағы ұлттық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін жеткізу көзделген.

2024 жылы мемлекеттік қаржыландыру аясында 16 ұлттық фильм прокатқа шықты, ал биыл 6 фильм жарыққа шықса, жылдың соңына дейін тағы 10-ға жуық картина көрерменге жол тартпақ.

Сонымен бірге елімізде прокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдерге прокаттау куәлігін беру бойынша қолда­ныстағы заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы алғанда, бізге кәсіби мәдениет жетіспейді. Сын да, пікір де, ұсыныс та кәсіби деңгейде айтылуға тиіс. Егер біз халықаралық деңгейде мойындалатын кино жасағымыз келсе, ең алдымен, өз ішімізде әділеттілікке, тәртіпке және ортақ жауапкершілікке үйренуіміз керек. Жеңілісті де, жеңісті де мәдениетпен қабылдау – шығармашылық адамға тән қасиет.

Бізге жаңа толқын, жаңа мазмұн қажет. Ол үшін шынайы талантты жастарға жол ашу – біздің міндетіміз. Аға буын ренжімесін, бірақ бүгінгі жастар аз қаражатпен үлкен тақырыптарды игеріп, жаңа өзгерістерге жол ашып келеді. Бұл – ұлттың жаңа көркемдік айнасы.

Олардың еңбегі беделді халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып жүр. Демек, бізде әлеует бар. Ендігі мақсат – осы әлеуетті жүйелі түрде қолдап, оған жол ашу.

Өнер ордасы – шығармашылықты ту ететін киелі мекен

– «Қазақфильмді» жаңарту жұмыстары туралы айтып қалдыңыз. Қазір М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында және Н.Сац атындағы Мемлекеттік ака­демиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс барысында бұл театрлардың тарихи келбетіне зиян тиіп кетпей ме?

– Әрине, біз тарихи ғимараттарға жасалатын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына аса мұқият қараймыз. Себебі бұл – жай ғана нысандар емес, халқымыздың рухани тарихының бір бөлшегі.

М.Әуезов театры 2026 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы айтулы дата қарсаңында 1981 жылдан бері пайдаланы­лып келе жатқан театр ғимаратында рекон­струк­ция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөн­деу барысында тарихи келбетті сақ­­­тау – біздің басты талабымыз. Бұл бағытта арнайы ма­­мандармен, реставраторлармен, сәулет­ші­лермен бірлесе жұмыс атқарып келе­міз. ­Тек сыртқы бейнесі емес, ішкі рухы мен атмосферасы да сақталуға тиіс деп есептейміз.

Сонымен қатар ескі әрі тозығы жет­кен сахналық жабдықтар жаңартылып, зама­науи жарық және дыбыс жүйелері орнатылып жатыр.

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Театр тақырыбы қозғалған соң бір маңызды мәселеге тоқтала кеткім келеді. Соңғы жылдары еліміздегі мәдениет ошақ­тары, оның ішінде театрлар өмірден өткен тұлғаларды шығарып салатын орынға айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл – ойланатын мәселе. Бұл пікірім­ді тарихы терең Жазушылар одағы да еске­ре­ді деп сенемін.

Бұрын Алматы қаласы әкімдігінде қыз­­мет етіп жүрген кезімде он күннің ішін­де бірнеше танымал тұлға өмірден өтті. Сол кезде театр жетекшісі Талғат ­Те­менов қоңырау шалып, актерлер күн­­діз – қоштасу рәсімінде, кешке – спек­такльде жүретінін, бәрінің көңіл күйі, еңсесі түсіп кеткенін айтты.  «Қастерлі ор­да жер­леу бюросына айналып кеткен жоқ па?» де­ген қынжылысын білдірді. Бұл әңгіме әлі күн­ге дейін есімде.

Шынында да, біз шығармашылық адамдардың моральдық-психологиялық жағдайын ескермейтін секілдіміз. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған дәстүрлерді сол қалпында бүгінге дейін жалғастыра беру  қаншалықты дұрыс?!

Әрине, өнер мен әдебиетке еңбегі сіңген жандардың есімі ұмыт қалмауы керек. Бірақ олардың рухын ұлықтау мен қоштасу рәсімдерінің форматы мен өтетін орны – қоғам мен мәдениет үшін қайта қаралатын кезеңге жеткендей.

Өнер ордасы – рухани биіктік пен шығармашылықты ту ететін киелі мекен. Алайда егер оның сахнасы жиі қаралы жиындар өтетін орынға айналса, бұл – алаңдатарлық жағдай. Мұндай үрдіс бір жағынан көрермен мен актер, сахна мен сана арасындағы байланысты әлсіретеді.

Бұл пікірге кейбір зиялы қауым өкілдері реніш білдіруі мүмкін. Алайда мәселені эмоциямен емес, парасатпен қабылдайтын уақыт келді.

Сұрағыңызға қайта оралсақ, бүгін­де еліміздегі мәдениет нысандарының ба­­сым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл – жылдар бойы қордаланған мәселе. Біз бұл міндетті тек бюджет есебінен емес, демеушілер мен меценаттарды тарта отырып, мәдениетті жаңғыртуды бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналдыруға тырысып келеміз.

Ал Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөс­пірімдер театры ғимаратының ре­конструк­циясы Алматы қаласы әкім­дігінің қол­дауымен 2025 жылдың наурыз айынан бастап жүргізілуде. Жоба құ­рылыс-монтаждау жұмыстарын, ма­те­риалдық-техникалық базаны толық жаңартуды және жалпы ауданы 10 560 шаршы метр болатын жаңа кеңейтілген ғимаратты қамтиды. Онда 200 орындық камералық сахна, өндірістік цехтар, әкім­шілік және қойма үй-жайлары ор­на­­ласатын болады.

Сондай-ақ реконструкция барысында театр жабдықтарының 100%-ы жаңартыл­мақ. Атап айтқанда, сахна механикасы, акустика, дыбыс, жарық, бейне жүйелері түгел жаңартылады.

Жоба аясында театрдың тарихына арналған музей экспозициясы ашылады. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау мен жаңғыртудың жарқын үлгісі.

Мұндай жөндеу жұмыстары Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да жүргізілуде. Атап айтсақ, театрдың кіреберісі реконструкцияла­нып, күнқағарлар, жылу перделері, сәндік люстралар орнатылды. Бірінші қабаттың фойесінде мәрмәр еден қалпына келтірілді.

Сонымен қатар хор және оркестр залдары, гримдеу бөлмелері мен буфет аймағы да жаңартылып, заманауи жаб­дықтармен қамтамасыз етілді.

– Сөзіңізді бөлейін. Сіз атап өткен Қазақ ұлттық опера және балет театрын бүгінде Айнұр Көпбасарова басқарып отыр. Оның қызметіне қатысты да арыз-шағымдар аз емес. 

– Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Әлеуметтік желілерде айтылып жүрген «Көпбасарова менің құрбым, театрды құрдымға кетіріп жатыр» деген сындар – негізсіз. Бұл жерде басты мәселе – кәсібилік пен нәтиже.

Иә, Айнұр Көпбасароваға қатысты шағымдар түскені рас. Саралап қарасақ, бізге түскен 14 шағымның 8-і оның қызметіне тікелей қатысты. Алайда олар негізінен театрдың штаттық билет тексерушілерінен келіп түскен. Бұл қызметкерлер тек іс-шаралар кезінде жұмыс істеген. Басқа театрларда мұндай мамандар маусымдық немесе келісімшарт негізінде ғана қызмет атқарады. Театр маусымы аяқталған соң бұл штат қажет болмай қалады. Сондықтан аталған өзгерістер театр құрылымының қайта жасақталуына байланысты қолда­ныстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді.

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Былтырғы ақпан айында қызметке тағайындалған сәттен бастап ол шығар­машылық жаңаруды, халықаралық ынтымақтастықты және материалдық-техникалық базаны жаңғыртуды үйлестіретін театрды дамытудың жаңа бағытын алға қойғанын ескеру қажет.

Басшы ретінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына демеуші тауып, театрдың жағдайы үшін жан сала жұмыс істеп жүргенін көріп отырмыз. Оны жаңа айттым. Бұдан басқа, шығармашылық ізденістер, жаңа премьералар, шеберлік сабақтары жемісті ұйымдастырылуда.

– Жалпы, бұдан бөлек мәдениет саласындағы кадр саясатына сын айтушы­­лар көп. Бұған не дейсіз?

– Қай мекемеге кім тағайындалса да, ең алдымен ол  кәсіби жағынан толыққанды дайын, басқарушылық қабілеті жоғары, салаға жаны ашитын тұлға болуы керек. Өйткені бірінші басшы – жай ғана іс-шара ұйымдастырып, есеп беріп отыратын адам емес. Ол – сол ұйымның бағытын айқын­дайтын, даму стратегиясын жасап, соны жүзеге асыратын негізгі жауапты тұлға.

Басшының функциясы тек мәдени жобалармен шектелмейді. Ол мекеменің жалпы тыныс-тіршілігіне, шығармашылық ұжымның жағдайына, тіпті ғимараттың техникалық жағдайына дейін толық жауап береді. Кадр саясаты, бюджет пен жоспарлау, жөндеу жұмыстары, материалдық-техни­калық база – мұның бәрі сол басшының күнделікті назарында болуы керек.

Тек бірреттік мерекелік іс-шаралар емес, мазмұнды әрі тұрақты жобалармен жұмыс істейтін уақыт келді.

Жуырда министрлікке қарасты 71 ве­домстволық ұйымның қызметкерлерін «Бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйеге» қосу барысында саламыздағы мың жарымға жуық қызметкердің қата­ры­нан бірнеше мекемеде жұмыс істеп, тіп­ті бес айлық мөлшерде ақы алатыны бел­гілі болды. Сонымен бірге ұйымдарда 1 200-ге жуық 90 жасқа дейінгі зейнеткердің түрлі лауа­зымдарды атқарып жүргені анықталды.

Бұдан басқа, өзге қалада немесе шетелде негізгі жұмыста істеп, біздің мекемелерге жұмысқа келмесе де, сырттай айлық алып отырған қызметкерлер де бар болып шықты. Біз мұны реттейміз.

Біз былтырдан бері әр мекеме алдына нақты KPI-лар қойып, сонымен мекеме қызметін бағалауды жүзеге асырып жатырмыз.

Әрине, біз зейнет жасындағы мәдениет қайраткерлерінің еңбегіне құрметпен қараймыз. Бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ. Ертең маған кей азаматтар ренжуі мүмкін. Дегенмен үлкен өзгерістердің жолы қашанда ауыр. Біз саланың дамуы үшін үлкен қадамдарға, кейде құрбандыққа баруға мәжбүрміз. Олай жасамасақ, бір белестен екінші белеске қалай өтеміз? Қарапайым ғана жұмыс таппай жүрген жастарға қашан жол ашамыз?

Кадрлық ротация мәселесі өте маңызды, өйткені кез келген мекеменің дамуына тың көзқарас пен басшылық тарапынан ұдайы қолдау қажет. Алайда бұл – жалғыз шешуші фактор емес. Біз мәдени мекемелерді 30-40 жыл басқарып, уақыт талабына сай дамытып отырған талай тұлғаны білеміз. Мәселен, Айман Қожабекқызы Қазақ ұлттық өнер университетінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Бірақ соңғы жылдары университет жұмысы тұралап, құлдырай түскенін көрдік.

Айман Қожабекқызы өкпелемесін, бірақ осы жылдар ішінде оқу орнының шатырынан су ағып, ғимаратының тоз-тозы шыққан. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ғимарат жаңарып, жаңа оқу жылын жаңа орында бастағалы отырмыз.

Университетке қарасты басқа да ғимараттардың жағдайы өте күрделі. Президент тапсырмасымен енді біз колледжді де жаңарту мақсат етіп отырмыз.

Сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне тиесілі өнер лагері 2011 жылдан бері жұмыс істемей келген. Оны қайта жандандыру қажет.

Ал дарынды балалардың сапалы білім алуы және жан-жақты дамуы үшін қолай­лы жағдай жасау мақсатында университет жанындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын салу жобасы әзірленуде.

Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік тетігі арқылы іске аспақ. Қазір жеке инвестормен ынтымақтастық туралы меморандум жобасы пысықталуда.

Жеке инвестор жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және оның шы­ғындарын өз қаражаты есебінен қаржы­ландыруға дайын екенін білдірді.

Бұл – болашақ өнерпаздарға жасалып жатқан инвестиция ғана емес, таланттарды тәрбиелеудің іргетасы. Біз дарынды балалар үшін сапалы білім мен өмірге бейім орта жасауымыз керек. Өйткені ұлттық өнер  өзінен-өзі тумайды, ол тәрбие мен жүйелі қолдаудың нәтижесінде ғана қалыптасады.

Тағы да айта кетерлігі, бас қаланың қақ ортасында орналасқан Ұлттық академиялық кітапхана бұған дейін орталық қалалық жылу жүйесіне қосылмаған екен. Биыл қалалық әкімдіктің қолдауымен сыртқы жылу желілерін салу және қазандықты қайта құру жұмыстары аяқталды. Қазір кітапхана ғимараты қалалық құбырға қосылды.

Балаларға кітапты қызықтыра отырып үйрету қажет

– Ал музейлеріміздің жай-күйі қалай?

– Жалпы, мәдени нысандарды жаңарту, қалпына келтіру, заманға сай қайта бейімдеу жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Президенттің өнер саласын қолдауға қатысты үндеуіне кәсіпкерлер, демушілер қолдау білдіріп, атсалысуда. Оның ішінде музейлеріміздің де орны ерекше.

Мәселен, Орталық мемлекеттік музейдің желдету жүйесін жөндеу мақсатында «Болат Өте­мұратов» қорымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы орайда мәдениет ұйымдарының жұмысына демеушілік көрсетіп жүрген Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, Senim Qogamy қорына және басқа да отан­дық кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін.

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің шатыры жаңартылып, экс­позициялық залдары жөнделіп жатыр. Со­нымен қатар музейдің салқындатқыш жүйесі – «чиллер» толықтай ауыстыры­лады. Бұл жұмыстар республикалық бюд­жеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен атқарылуда.

Қастеев музейі туралы сөз қозғаған соң жақында болған жағдайға да қысқаша түсі­ніктеме бере кетейін. Шілде айында музей EfesArt Space жобасымен бірлесіп, бірнеше маңызды көрме ұйымдастырды. Бұл серіктестік заманауи өнер мен әлеу­мет­тік маңызды тақырыптарды қолдауға бағытталған.

«Әйел еңбегі» атты қайырымдылық көрмесінің ашылуы музей жұмысынан кейін алдын ала шақырылған, жасы 21-ден асқан қонақтардың қатысуымен өтті. Келісім бойынша музейде алкогольсіз сусындар ұсынылатын фуршет өткізуге рұқсат берілген. Алайда кейтеринг қызметін көрсеткен компания бұл талапты бұзып, құрамында алкоголь бар сусындарды да ұсынған. Осы оқиға бойынша жауапты тұлғалар анықталып, «Эфес Қазақстан» компаниясына әкімшілік хаттама тол­тырылып, айыппұл салынды. Музей бас­шылығына да ресми ескерту берілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бақылау күшейтіледі.

Кез келген өркениетті елдің рухани бейнесі – оның мәдени мекемелерінің жағдайынан көрінеді. Егер біз өз тари­хымызды құрметтесек, өнерге деген құр­метімізді нақты іспен көрсетуіміз керек.

– Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Мәдени нысандарды жөндеп жатырмыз ғой, ал оның ішкі мазмұны қалай болады? Мысалы, кітапханаға келетін оқырмандарға кітаптар қаншалықты қолжетімді? Біз қазіргі оқырман сұранысын қанағаттандыра алып отырмыз ба?

– Өте орынды сұрақ. Шын мәнінде, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту – тек қабырғаны жөндеу емес, ең алдымен оның ішкі мазмұнын жаңарту. Қазіргі заманның оқырманы, көрермені, тыңдарманы  мүлде басқа. Олар жылдам ақпарат алады, цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан біз мәдени мекемелердің мазмұнын да сол үдерістерге сай бейімдеуіміз керек.

Кітапханаларға келсек, соңғы жылдары бұл салада бірқатар өзгеріс жүзеге асырылып жатыр. Жай ғана кітап сақтау орны емес, интеллектуалды орталыққа айналу жолында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана және өңірлік кітапханалар цифрлық транс­­формация үдерісін бастап кетті. Электронды каталогтар, онлайн қызметтер, цифрлық платформалар – бүгінде кітап­ханалар қызметінің ажырамас бөлігіне айналды.

Дегенмен сіз айтып өткен оқырман сұранысын қанағаттандыру – алдағы басым бағыттарымыздың бірі. Қазір, өкінішке қарай, оқырман іздеген жаңа туындылар, заманауи жанрлар, балама әдебиеттер кітап сөрелерінен табыла бермейді. Бұл – қорды жаңарту, жүйелі сараптау, нарықтағы әдеби үрдістерді бақылау қажет деген сөз.

Біз дәл осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен, кітап қорын зама­науи әдебиетпен жаңарту қолға алынуда. Бұл тек көркем әдебиетке емес, ғылыми-көпшілік, кәсіптік, мотивациялық, балалар мен жас­өспірімдерге арналған контентке де қатысты.

Осы орайда, елімізде жеке баспалар белсенді дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл – оң үрдіс. Баспалар арасындағы бәсеке отандық авторлардың шығармашы­лығын жаңа деңгейге шығарады.

Қазіргі кезде жарық көріп жатқан сал­мақты туындылардың басым бөлігі хал­қымыздың өткен тарихына, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналып келеді. Мұны  тәуелсіздік алған ұлттың өткенін түгендеуі деп түсінуге болады. Бұл міндетті аға буын жазушылар абыроймен атқарып шықты.

Алайда қазіргі әдебиетте қазіргі заман адамының көркем бейнесі, Қазақстанның жаңа мыңжылдықтағы келбеті, жаһандану кезеңіндегі ұлттық болмыс, ғылым мен технология тақырыптары әлі де жеткілікті қамтылмай отыр.

Бүгінде жаңа жанрларды дамыту аса маңызды. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер комикс, фэнтези, детектив, фантастика жанрларына қызығушылық танытады. Бұл – олардың әдебиетке бастар алғашқы жолы. Сондықтан осы бағыттағы кітаптарды көбірек шығарып, қорларды жаңарту, заманауи авторларды қолдау – күн тәртібіндегі маңызды міндет.

Ел Президенті «кітап оқитын ұлт» бастамасын көтеріп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Ал енді кітапханаларға барсаңыз, заман келбетін, дәуір шындығын ашатын дүние таба алмайсыз. Бұл, әрине, заманауи әдебиеттің, шығармашылықтың мәселесі деп жылы жаба салуға болады. Бірақ мәселе тек онда емес. Бізде оқырманның лайықты бағасын күтіп тұрған туындылар баршылық. Оған жылда Президент қолдауымен өткізіп жүрген әдеби байқаулар куә. Қазір бізде осы бағытқа ең көп назар аударылып келеді. Ән-күй, көркем-сурет немесе басқа емес, әдебиет саласындағы байқаулар көп. Бұл нені білдіреді? Әлбетте, мемлекеттің мүдделігін. Ал бұл мүдде қайдан шықты?

Біз өткен жылдары егемен тарихымызда алғаш рет республикамыздағы бүкіл кітап­хана қорына тиянақты талдау жүргіздік. Нәтижесінде, түйген түйініміз – елде бар кітаптың саны көп, бірақ саласы жұтаң. Айналдырған төрт-бес автордың бір тақырыптағы кітаптары бірнеше мәрте өзгертіліп қайта-қайта басыла берген. Мысалы, кітапхана қорларында кітап аталымы тұрғысынан белгілі классик жазушымыздың 1 174 кітабы 26 804 данада болса, кітап тиражы тұрғысында ортаңқол бір автордың 1 012 кітабы 34 746 данасымен көш бастап тұр.

– Атын атап, түсін түстегіңіз келмей ме?

– Жоқ. Өйткені авторға да, оның туын­дысына да сұрақ жоқ. Мәселе басқада. Менің айтпағым – бұл жекелеген бірреттік факт емес, жүйелі, стратегиялық тұрғыда шешетін мәселе. Мемлекеттің кітап басуға жұмсалатын қаражатын тиімді пайдалану. Тақырып жаңғырту. Жазушыларды қолдау. Әрине, бұл айтуға оңай сияқты. Бірақ біз бұл жұмысты қалай ұйымдастыру керегін білеміз. Қазірдің өзінде Президент Әкім­шілігінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы басылып шығатын әдебиеттер қатарындағы заманауи көркем, публицистикалық (non-fiction) және ғылыми-көпшілік, сон­дай-ақ министрлік бастамасымен аударма мен балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиеттер үлесін 80%-ға көтердік.

Сондықтан да осы бағыттағы жұмыс­­тар­ды әдеби орта терең түсініп, оған белсене араласса екен деген тілегіміз бар. Мем­ле­кет­­тік қолдауды қанша ардақты-сыйлы бол­­са да тек жеке-дара ағаларымыз емес, тұ­тас ұлттық әдебиетіміз көрсе екен деген ниет.

Балаларға кітапты күштеп оқыту емес, қызықтыра отырып үйрету қажет. Олар әдебиетке жаңа формалар арқылы ғашық болуы мүмкін. Демек, біз әдебиет пен мәдениетте мұраны сақтай отырып, бола­шақты қалыптастыру миссиясын қатар алып жүруіміз керек.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет тапсырысы бойынша жыл сайын қаламгерлердің кітаптары басы­лып, еліміздің барлық өңіріндегі кітапхана­­лар­ға жеткізіліп келеді. Мәселен, 2017–2024 жылдар аралығында мемлекеттік тапсы­рыспен 1 487 кітап, жалпы таралымы 4 млн 911 мың дана басылып шықты. Сонымен қатар авторларға қаламақы төлеу жүйесі де жолға қойылған.

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Мерейтой иелерінің еңбектерін Үкімет қаулысына сәйкес басып шығаруды құптаймыз. Алдағы жылдары идеологиялық маңызы зор көптомдықтар, ғылыми, таным­дық, салалық әдебиеттерге басымдық беріледі деп есептейміз.

Қоғамдық көлікте, кітапханада, әлеу­меттік желіде кітап оқып отырған жастарды жиі көреміз Демек, оқу мәдениетін дамыту, авторларды қолдау – басты міндеттердің бірі болуы тиіс.

Бұл бағытта Ұлттық кітап күні мерекесін атап өту, «Абай» атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық, «Айбоз» ұлттық әдеби байқауы, Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» жастар сыйлығы, «Әдебиет пен журналистика саласындағы үздік жұмыстар үшін» марапаттары, үздік баспа мен кітаптарды қолдау жобалары жүзеге асырылуда.

Осының бәрі – сапалы контент қалып­тастыруға бағытталған нақты қадамдар. Сондықтан да кітапханаларымыз  біздің идеологиялық және интеллектуалдық ұстанымымыздың айнасы болуға тиіс.

Цифрлық инфрақұрылым – ұлттық мәдени қауіпсіздіктің де кепілі

– Цифрландыру мәселесі мәдениет саласында қалай жүріп жатыр? Әлем жаңа технологияларға негізделген мәде­ни өнімдер жасап, виртуалды музейлер мен жасанды интеллект көмегімен мұ­рағаттарды жан­дандырса, біз әлі күнге дейін қағаз құжат пен қолмен есепке алу­ға тәуелдіміз. Неге мәдениет саласы­ның цифрлық инфрақұ­рылымы әлі де әлсіз? Жаһандық цифрлық бәсекеге төтеп бере аламыз ба?

– Мойындау керек, мәдени саладағы цифрландыру ісі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Цифрландыру – мәдениет саласының болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі. Бұл тек есеп жүйесін жаңарту емес, бұл – ұлттық мұраны сақтап, оны әлемдік айналымға шығарудың, келер ұрпаққа жеткізудің заманауи жолы.

Қазір әлем елдері виртуалды шындық, жасанды интеллект, big data, 3D сканерлеу, цифрлық архивтер, NFT өнері сияқты технологияларды мәдениет саласына кеңінен енгізіп отыр. Мысалы, Google Arts & Culture жобасы аясында әлемнің жетек­ші музейлері онлайн платформаға жүкте­л­іп, 4K сапада ұсынылып отыр. Бұл – өнер мен мәдениетке шекарасыз қолжетімді­лік деген сөз.

Ал бізде бұл үдеріс енді-енді жүйелене бастады. Биыл Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы – E-museum веб-порталы іске қосылмақ. Бұл платформа арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгілер мен интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында көрнекі цифрлық технологиялар қол­данылып, еліміздегі мемлекеттік музей қорын электронды форматта үздіксіз жүр­гізуге жағдай жасалады.

Соңғы жылдары мәдениет объектілерін цифрлық форматқа көшіру, автомат­тандырылған жүйелерді енгізу бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр.

Қазір «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қор­ғауындағы «Айша бибі кесенесі» ескерт­кішінде электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынды. Жүйе бейне­камерамен, турникетпен жаб­дықталып, объектке кіру face id немесе  IDcard арқылы жүргізілетін болады.

Мысалға айтатын болсақ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының коммерциялық табысы 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы табысы айына 1 млн теңгені құраса, осы жылдың мамыр-маусымдағы табысы айына 4,3 млн теңгеге жетті. Бұл жерден табыстың өсу динамикасын ескеріп, қазіргі кезеңде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының объек­тілеріне, «Отырар» музей-қорығының «Оты­рар қалашығы», «Арыстан баба ке­сенесі» объектілеріне, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының «Қарахан кесенесі» объектісіне жоғарыда аталған автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Осы орайда бұл үдерісті кезегімен барлық тарихи-мәдени мұра объектілерінде енгізу қолға алынбақ.

Бір қарағанда қарапайым дүние секілді көрінгенмен, бұған дейін бұл үдерістердің ешбірі кешенді түрде жүйеленбегенін ескерген жөн. Біз енді-енді мәдениет саласын цифрландырудың институцио­налдық негізін қалыптастырып жатырмыз.

Мәдениет цифрланбаса – ол тұйық­талады. Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Демек, егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны солардың тілімен, цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі. Қағаз құжат пен қолжазба тозады, бірақ цифрлық нұсқа мәңгі сақталады әрі әлемнің кез келген жерінен қолжетімді болады.

Сондықтан біздің басты міндет – мә­дениетті цифрландыруды жекелеген жо­балармен емес, ұлттық деңгейдегі бағдарлама ретінде қарастыру. Бұл – мұрағат, музей, кітапхана, театр, кино, музыка, қолөнер, гастрольдік жүйе, авторлық құқық сынды бағыттардың бәрін қамтитын біртұтас платформа болуы тиіс. Тек сонда ғана біз жаһандық цифрлық бәсекеде өз орнымызды сақтай аламыз.

Жалпы, цифрландыру – мәдениеттің жай-күйін тек ішкі емес, халықаралық интеграцияға да бейімдеу деген сөз. Біз жаһандық мәдени процестерге цифрлық форматта араласпасақ, шетелдер біздің мұрамызбен жақын таныса алмайды. Сол үшін цифрлық инфрақұрылым – ұлттық мәдени қауіпсіздіктің де кепілі.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Амангелді ҚҰРМЕТ

Дереккөзі: aikyn.kz сайты

Abai.kz

0 пікір