АЭС пен ЖЭС құрылысы: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?!»

Соңғы жылдары әлемде, біздің елімізде де АЭС құрылысына ерекше көңіл бөліне басталды. Ғаламдық жылынудың алдын алу үшін қатты отыннан бас тартып, жасыл энергияға көшкен Еуропа Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін электр мәселесін шешу үшін өз елдерінде уақытша тоқтатылған АЭС-тарын қайта іске қосуға ниет танытты.
Елімізде де бірден үш АЭС салу жоспарға қойылды. Оның алғашқысын «Росатам» салатын болып бекітілді. Оның алдында Ресей компаниялары елімізде АЭС қана емес, үш бірдей жылу электр станциясын салады делінген еді.
Кешелі бері жаңа ақпараттар шығып жатыр. Нақтылап айтқанда аталған жылу орталықтарын еліміз өзі салатын болыпты. Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Скляр: «Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жаңа жылу электр орталықтарын Ресей емес, Қазақстан өзі салады», - деп мәлімдеді.
«Интер РАО» компаниясы экспорттық қаржыландыру алуға тиіс еді, алайда олар оны жүзеге асыра алмады. Сондықтан бұл жылу электр орталықтарын өз күшімізбен салу туралы шешім қабылданды.
Кеше БАҚ-та Көкшетау ЖЭО құрылысы белсенді фазасына өткені туралы ақпарат шықты, тапсырыс беруші – «Самұрық-Энерго» компаниясы. Семей мен Өскемендегі станциялар бойынша да дәл осылай болады. Егер біз ресейлік әріптестерімізден қаржыландыру бойынша ұсыныстар түссе, «Самұрық-Энерго» оларды серіктес ретінде таңдауы мүмкін. Бұл жағынан ешқандай кедергі жоқ. Мұның бәрі жаңа станция қуат нарығы есебінен жұмыс істей отырып, қолданыстағы тариф шегінен аспайтын баға ұсынуы үшін жасалып отыр», – деді Скляр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Скляр бұдан тыс «Қазақстандағы үшінші АЭС-ті де Қытай компаниясы салады» деп жариялады.
«Үшінші АЭС-те Қытай тарапынан. Ол – нақты. Атом энергетика агенттігіндегі әріптестеріміз бен ТЭО атом электр станциясы учаскелерді зерттеп жатыр. Ол жер сумен жабдықталуға тиіс және электр энергиясымен қамтылуы керек. Жақын арада жұмыс аяқталады. Меніңше, биыл нақты жариялануы керек», – деді Министр орынбасары.
Бұған дейін Қазақстанда тұңғыш АЭС-ті "Росатом" компаниясы, екінші АЭС-ті China National Nuclear Corporation салатыны хабарланған еді. Вице-премьердің сөзінше қытайлық China National Nuclear Corporation елімізде үшінші АЭС-ті де салуы әбден мүмкін.
Көріп отырғанымыздай Қазақстанда қытайдың АЭС компанияларына деген сенім артып келе жатыр. Оған себеп Росатомның Түркияда салып жатқан АЭС құрылысының маңайындағы дау-дамайлар себеп болса керек. Күні кеше ғана: «Түркияның Мерсин провинциясында салынып жатқан «Аккую» атом электр станциясының құрылысшылары сәрсенбі күні үш ай бойы жалақы төленбеуі мен еңбек жағдайының нашарлығына наразылық білдіріп, ереуіл жариялады, деп хабарлаған еді Тurkrus.
Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар да: «Қаржыландыру мен санкция мәселесіне байланысты стансаның құрылысы 1,5 жылға кешіктіріліп отыр» деп қаржылық мәселе бар екенін ашық мойындады.
Кезінде өзіне қойылған: «Росатом Түркиядағы АЭС-ті салып аяқтай алмай, 49 пайыз үлесін сатқалы жатырғанын білесіз. Қазақстанда да осындай жағдай болса, қосымша жоспарларыңыз бар ма»,- деген тілші сұрағына Үкімет басшысы Олжас Бектенов:
«Түркиядағы АЭС бойынша мүлдем басқа схема қолданылған. Вuild-own-operate моделі бойынша (сал-иелен-басқар деген мағынада — ред.) моделі қолданылып жатыр. Росатом Түркиядағы АЭС-ті салып, иесі өзі болады. Ал бізде мүлдем басқаша. Біздің қазақстандық АЭС Қазақстанның меншігінде болады. Сондықтан Түркиядағыдай тәуекелдер аз болады деп ойлаймыз. Әрине, біз ресейлік тараппен, әріптестерімізбен Қазақстан үшін өте маңызды жобаны кедергісіз, уақытында іске асыру бағытында жұмыс істейміз», - деп жауап берген еді
Қалай десекте соңғы энергетика саласындағы өзгерістер батыс санкциясына ұшыраған Ресейдің экономикалық әлеуетінің нашарлап кеткенін, өзге елдердің стратегиялық нысандарына қызығушылық танытып, уысында ұстағысы келседе іс жүзіндік қаржылық жағдай оған мұрсат бермей отырғанын көрсетеді. Осындайда атам қазақтың «Өзің диуана, кімге пір боласың?!» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады.
Abai.kz