Жексенбі, 10 Тамыз 2025
Маңызды 218 0 пікір 10 Тамыз, 2025 сағат 17:56

Саясаттанушы: «Зеленскийдің Тоқаевқа қоңырауы – Қазақстанның дипломатиялық беделінің айғағы»

Украина тарапының бастамасымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Украинада халықаралық құқық қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі екенін жеткізді. Мемлекет басшыларының арасында болған әңгімеде қазіргідей өте күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу туралы да сөз болды. Ақорда хабарлағандай, Қазақстан Украинамен өзара мүддеге сай келетін түрлі салада белсенді ынтымақтастық құруға да ниетті. Тақырыпқа қатысты белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірін сұрап білдік...

– Ең алдымен осы телефон әңгімесінің бастамашысы Украина Президенті болуы нені білдіреді?

– Әңгіме Украина Президентінің бастамасымен өтті. Бұл – Украина басшысы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі маңызды екенін көрсетеді. Зеленский Президент Тоқаевқа белгілі бір месседждерді жеткізуді көздеген сияқты. Яғни, ол Қазақстан Президентін Ресей басшылығымен, соның ішінде Владимир Путинмен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндігі бар ықпалды делдал ретінде қабылдайды.

– Бұл қоңырау Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін бе?

– Жоқ, ешқандай әсер етпейді. Өйткені бұл – Қазақстанның егемен құқығы. Қазақстан өзінің көпвекторлы, тәуелсіз сыртқы саясатын жүргізеді. Бұл саясат Ресейдің мүдделерін тікелей шектемейді және оның қауіпсіздігіне қатер төндірмейді. Сондықтан Қазақстан кез келген мемлекетпен, кез келген уақытта, кез келген форматта диалог жүргізе алады.

– Зеленскийдің қоңырау шалуы Қазақстанның рөлін қалай айқындайды?

– Бұл фактінің өзі Қазақстанның маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді. Мұнда екі негізгі фактор бар. Біріншіден, Қазақстан – Украинамен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынастағы бейтарап ел. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейді ХХ ғасырда жасалған стратегиялық достық туралы шарт, сондай-ақ ЕАЭО мен ҰҚШҰ аясындағы байланыстар біріктіреді. Соған қарамастан, Қазақстан Ресейдің Украинадағы соғыс қимылдарына әскери қолдау көрсеткен жоқ, оған көмектеспеді, Украинамен қарым-қатынасын үзген жоқ және әрдайым даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге шақырып келеді.

– Қазақстанның халықаралық беделіне бұл қадам қалай әсер етуі мүмкін?

– Қазақстан халықаралық деңгейде жоғары беделге ие. Президент Тоқаев көптеген елдердің көшбасшыларымен байланыс орнатқан. Бұл – ойдан шығарылған нәрсе емес. Соңғы жылдары ол Франция Президенті Эммануэль Макронмен, Германия канцлері Олаф Шольцпен, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен тығыз қарым-қатынаста болды. Вашингтонда АҚШ Президенті Джо Байденмен кездесіп, Украина тақырыбы бойынша бұрынғы АҚШ Президенті Дональд Трамппен де сөйлесті. Демек, Тоқаев – Еуразия кеңістігіндегі беделді дипломат және маңызды ойыншы. Сондықтан да Зеленский оған хабарласады.

– Ресми хабарламада айтылған негізгі сәттерге тоқталсаңыз.

– Онда Президент Тоқаев территориялық мәселенің күрделілігін атап өткенімен, Украинаның мемлекеттік тұтастығын сақтауға шақырғаны жазылған. Бұл – жердегі ахуалды ескеретін конструктивті ұстаным. Осы арқылы Тоқаев Украина мен Ресейдің ұстанымдарын бейбітшілікке жақындатуға тырысып отыр деуге болады. Ол екі елдің де қандай да бір ақылға қонымды минимум шеңберінде қалып, бірақ сонымен бірге адамдардың өмірін сақтау үшін өзара ымыраға келу қажеттігін жанама түрде жеткізгендей әсер қалдырады.

Abai.kz

0 пікір