Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3015 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:40

Тірідей көмілген тұлға

Қазақтан шыққан тұңғыш адвокат Райымжан Мәрсековтің жұмбақ өлімі жайлы осындай болжам бар

Ағынан қарасы мол осынау таным-түсінігіміздегі ашылмаған аралдардың бірі - алаш қамы үшін ажалмен мың жүздескен алғашқы үркердей оқығандардың бірі, заң қызметкері, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшесі – Райымжан Мәрсекұлы. Бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын «Қазақ қайда бара жатыр?», «Қазақ қайтсе жерге ие болады?» деп ұлт мүддесіне шын жаны ауырған қайраткер жайлы бүгінгі ұрпақ - біз не білеміз? 

Райымжан адвокат болып келді дегенде,
күллі қазақ қуанған
1922 жылы алаш ардақтыларының басына алсапыран заман туғанда көпке беймәлім, азға мағлұм мақсатпен шекара асып, Қытайға қоныс аударған, өмірінің соңы дүдәмал, тағдыры талайлы тұлғаның ұрпағы бүгінде елімізге оралып, Семей және Алматы қалаларында тұрып жатыр екен. Біз Райымжан Мәрсековтің інісі Шериазданнан туған қыз Тұрдыхан апайды тауып, әңгіме өрбіткен едік:

Қазақтан шыққан тұңғыш адвокат Райымжан Мәрсековтің жұмбақ өлімі жайлы осындай болжам бар

Ағынан қарасы мол осынау таным-түсінігіміздегі ашылмаған аралдардың бірі - алаш қамы үшін ажалмен мың жүздескен алғашқы үркердей оқығандардың бірі, заң қызметкері, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшесі – Райымжан Мәрсекұлы. Бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын «Қазақ қайда бара жатыр?», «Қазақ қайтсе жерге ие болады?» деп ұлт мүддесіне шын жаны ауырған қайраткер жайлы бүгінгі ұрпақ - біз не білеміз? 

Райымжан адвокат болып келді дегенде,
күллі қазақ қуанған
1922 жылы алаш ардақтыларының басына алсапыран заман туғанда көпке беймәлім, азға мағлұм мақсатпен шекара асып, Қытайға қоныс аударған, өмірінің соңы дүдәмал, тағдыры талайлы тұлғаның ұрпағы бүгінде елімізге оралып, Семей және Алматы қалаларында тұрып жатыр екен. Біз Райымжан Мәрсековтің інісі Шериазданнан туған қыз Тұрдыхан апайды тауып, әңгіме өрбіткен едік:
- Райымжан атамызды бүгінде жұрт қазақтан шыққан тұңғыш адвокат, алаш ардақтыларының бірі ретінде біледі. Расында, ол кісі сонау қазақ балаларының көпшілігі әліпті таяқ деп танығандарына шүкіршілік дейтін, оқу-білімнің қол жетімсіз заманында, 1896 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы  университетте заң факультетін бітірген. Сондықтан болар сол тұстағы қазақ газеттерінде Райымжанның адвокат болып қазақ даласына келуі өте қуанышты жағдай ретінде баяндалып, енді қаншама жылдар бойына шешілмей жатқан жер дауы, жесір дауы деген мәселелер оң шешімін табатын болды деп қуана жазған. Райымжан атам оқуды бітіріп елге келгеннен кейін, Алаш партиясын құруға белсене араласып, тіпті Алашорданың Шығыс бөлігін басқарады. Алашорданың атты әскерлер полкін құрған. Сол жолда қызылдар мен ақтарға қарсы соғысқа қатынасып, қайраткерлік танытқаны жайлы тарихи деректер де дәлелдейді. Бірақ ақыр соңында не болғанын өздеріңіз білесіздер, саны жағынан көп, күші басым Кеңес үкіметі жеңіске жетіп, алаштықтардың басына қара қобыз ойнатты емес пе?

«...Жер біздікі!..
Жалпы ұлтын сүю, өз өмірін  ұлтының тағдырынсыз тіпті елестете  алмау - адам баласына тек қан арқылы ғана берілетін асыл қасиет. Байларды тек тоғышар, надан, қанаушы деп суреттейтін бұрынғының көзқарасына сүйенер болсақ, онда Семей облысы, Өскемен уезінің Айыртау болысының управителінің отбасында дүниеге келген Райымжан да солардың сапында кетері сөзсіз. Алайда, Райымжан, тек Райымжан ғана емес, сол кезде оқып,  жоғары білім алуға шамасы жеткен қазақ байларының балалары  кейін ұлты үшін қандай құрбандыққа барғанын көзіміз көргеннен кейін, біз байларға тағылған ондай кінәнің қазақты бір-біріне қарсы қою үшін жасалған саясат екенін түсіндік. Мәселен, Мәрсековтің арғы атасы Сасықбай Терістаңбалы Найманның ішіндегі Семей, Өскемен өңіріне танымал шешен, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі болған екен. Райымжан сол Сасықбайдың сүт кенжесі Мәрсектен туған. Оның Айыртау болысының управителі болғанын жоғарыда айттық. Көзі ашық, көкірегі ояу әке үйелмелі-сүйелмелі ұлдары  Райымжан мен Шериазданды ұлтының болашағына қызмет ете аларлықтай азамат ретінде тәрбиелегісі келіп,  уездік орыс-қазақ мектебінде, одан әрі Омбының классикалық гимназиясында оқытады. Райымжанның бойындағы ұлтшылдығы Петербордағы Император университетінің заң факультетінде оқып жүргенде бас көтерген болатын. Ол Патша қанша жерден тыйым салғанына қарамастан,  Жақып Ақбаевпен бірігіп жерлестер ұйымын құрады. Бұл ұйым жағдайы нашар қазақ студенттеріне қаржылай көмек берумен айналысатын. Олай еткен себебі Патша үкіметінің қазақ жерінде жүргізіп отырған отарлау саясатына бағынып, қазақ жерін қолдан беріп қарап отыра бермей, қандай да бір қарсы әрекеттер жасау үшін күш жасақтау еді. Ондай күш біріншіден, білімде, яғни қазақтың оқыған балаларының санын арттырып, санасын сәулелендіру керек деп түсінді.  Патша үкіметінің саясатына қарсы әрекеттің басы 1899 жылы басталады.  Сол жылы Райымжан Мәрсеков бастаған студенттер полициялық оқу тәртібіне қарсы шығып, академиялық бостандықты талап етеді. Осындай «антирежимдік» көзқарасы үшін Райымжан Мәрсеков оқудан шығарылып, полициялық құпия бақылауға алынады. Бірақ өзінің құқықтық сауатының жоғарылығының арқасында ол көп кешікпей оқуын қайта жалғастырып, оны ойдағыдай аяқтайды.
Райымжан Мәрсековтің саяси-публицистикалық, сонымен қатар құқық  қорғау саласындағы қызметке араласуы 1902-1918 жылдар аралығына сәйкес келеді. «Қазақ», «Айқап» басылымдарының бетінде қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси-құқықтық, съезд шақыру, жер мәселесі сынды тақырыптарда  үздіксіз мақалалар жариялап отырады. Соның бірі «Қазақ қайтсе, жерге ие болады?» мақаласында Райымжан Мәрсеков:  «...Жер біздікі, бізге мужик жіберме деу, жалғыз-ақ біздің айтуымызға сыяды: «Біз дағы патшаға бағынған халық. Біз баяғыда бір жағынан Қытай патшасының, бір жағынан ақ патшадан елшілер келіп, бізге қараңдар деп қол салғанда, біз ақ патшаға қараймыз, әділеті көп, халықты тыныштықпен билейді, кеңшілге мол деп қараған жұрт едік оқ атып, қылыш суырмай бар жер-суымызбенен. Енді бізді іске алғысыз қылып көз жасымызға қалуға лайық па» ? – деген.
Ел мүддесін қорғайтын заңгер бола жүріп Райымжан Алаштың органы болған «Сарыарқа» газетін ұйымдастырады. Бұл жөнінде С.Сейфуллин: «Семейде шыққан «Сарыарқа» газеті – Алаштың тілі болды» - деп жазған еді.

Арғы беттегі жұмбақ ажал...
- 1922 жылы Алаш партиясы тапталған кезде атам да Міржақып Дулатовтардың қатарында өлімге үкім етіліп, Сібірге айдалған, - деп жалғастырды сөзін Тұрдыхан апа, - Атамыз жансауғалап шекара асып, Қытайға қашады. Әйелі мен алты бірдей бала-шағасын түгел соңынан ерте алмай, солардың ішінен қызы Гүлғасылды ғана ертеді. Алғашында Алтай өңірінің қазақтарынан пана сұрайды. Райымжанға сол өңірдің қазақ бай-билері тұрақтап қалуы үшін қызын бір байға әйелдікке беруге кеңес береді. Оған келіспей, Қытайды бір түнде тастап кетіп бара жатқан Райымжан аңдушылардың қолына түсіп, Сібірге айдалады да, содан қашып қайтадан Шәуешекте Қызыр Төрені паналайды. Онда жүргенде де Райымжан атам байға масыл болып жата бермей, сондағы қазақ балаларын оқыту ісімен айналысыпты. Сол жерде Қызыр Төре оны Нұржамал атты жас қызға үйлендіреді. Сол қыз атамыздан төрт перзентті болады.  Өкінішке орай, мұндағы мамыражай өмір де көпке ұзамайды. 1932 жылы Қазақстанда алаш мүшелері мен туған-туыстарын  тұтқындай бастайды. Сол кезде әкем Шериаздан туған ағасы Райымжанның артынан Шәуешекке барады. Бір-екі жыл тұрғаннан кейін ол жаққа да тықыр таянғанға ұқсайды. Қызыр төре әкем мен ағасына енді ол жерде қалуларына да болмайтынын, қызыл үкіметтен оларды тұтқындауға хабар келгенін айтады. Енді не істеу керек? Қайда барып жансауғалауға болады? Осы тұста бауырлар қош амандық айтысып, екітарау жолға түседі. Менің әкем Шериаздан қайын жұртын паналап Жың ауданына кетсе, Райымжан атам жалғыз өзі Құлжаның бай татарларына бойтасалайды. Балаларын орысша оқуға үйреткен Райымжан атама риза болған бай татарлар оған үй беріп, балаларын жанына  көшіріп әкелуге жәрдемдеседі. Бірақ 1938 жылы менің әкемді де, Райымжан атамды да аяқ астынан Қытай үкіметі тұтқындап, түрмеге қамайды. Алғашқы кезде әкем ағасына тамақ тасушылардан оның амандық-саулығын біліп отырған. Содан кейін хабар кілт үзілген. Қайда кеткенін, не болғанын ешкім білмейді. Ату жазасына кесілді ме, әлде басқа жаққа жер аударылды ма -  бұл жағы жұмбақ.  Қыл аяғы Құран оқуға қабірі де жоқ.      
Осылай деген Тұрдыхан Шериазданқызының сөзінен түйгеніміз қазағым деп өткен қадірлі азаматтың қабірі түгілі, ақырғы демі қашан, қай жерде үзілгені әлі күнге белгісіз. Бір болжам сол жылы-ақ көп ұзатпай Үрімжінің Саяпіл деген жерінде көптеген алаш арыстарымен бірге өлтірілді десе, бір болжам ол жылы емес, екі жылдан кейін сол Саяпіл даласына апарып тірідей көмген дейді. 

Күңгірт сурет, мәңгүрт ұрпақ...
Райымжанның артында қалған жетім балаларын асырай алмай қиналып кеткен жесір әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып, заман біршама тынышталған тұста 1962 жылы елге оралады. Жаһанхан атты Райымжанның жалғыз ұлы да бүгінде о дүниелік болған. Ол да, одан қалған алты ұлдың бірде-бірі жоғары білім ала алмапты. Мәрсековтер әулеті арасынан бас көтеріп,  аталарының атын тірілтуге, мұрасын жинақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру ісіне ден қойған Қытайда тұратын қызы Гүлрауза мен немере қарындасы Тұрдыхан ғана. Осы Тұрдыхан апамыз елге енді ғана оралып, атасы жайлы мәліметті қайдан табарын білмей қатты қиналған тұсында, Райымжанның мұрағатта қалған еңбектерін тауып, оның есімінің еліне қайта оралуына көп игі ықпалын тигізген тарихшы, марқұм  Манаш Қозыбаев пен Қалдарбек Найманбаевтар болыпты. Содан кейін сол кісілердің бағыт беруі бойынша көне басылымдардан, архивтерден жинақтап Райымжан Мәрсековтің «Қазақ қайда бара жатыр?» атты кітабын құрастырған Светлана Смағұлова. Солардың арқасында бүгінде Семейде Райымжан Мәрсековтің атына көше беріліп, осындай бір тұлғаның болғанын ел-жұрты біліп жатыр. Бірақ бір өкініштісі, Райымжанның өз кіндігінен қалған ұрпақтың тегінен қол үзіп қалғандығы. Семейдің Бородулиха деген ауданында тұрады деп естіген   біздер ұлының ұрпағын көріп, тілдесуге жол тарттық. Қазағы саусақпен санарлық орыс поселкесінде «Мәрсековтің үйі қайда?» деп сұрасақ, ешкім білмейді. «Сұрай-сұрай Меккеге де жетерсің» дегендей, әйтеуір әзер дегенде ауылдың шетіндегі қирағалы тұрған лашық үйді тауып алдық. Алаш үшін ерен еңбек сіңірген, 1920 жылдардағы аштықта сонау Қиыр Шығыстан  азық-түлік алып келіп, қазақты ажал аузынан алып қалған қайраткер тұлғаның ұрпағы осындай қайыршылық халде тұрады дегенге көңіл сенер емес. Үйде Райымжанның қайтыс болған жалғыз ұлы Жаһанханның жары Зейнелхан апамыздың өзі ғана бар екен. Бізге біртүрлі «Сендер кімсіңдер?» деген сұраулы жүзбен үрке қарады. Әжемізден қайын атасы жайлы сұрағанымызда, енесінен естіген нәрселерінің еміс-еміс есте қалғандарын үзіп-жұлып жеткізді. Ал, оқу оқи алмаған, қолдары қысқа, білімдері таяз немерелері атаның қадірін қайдан арттырсын? Біздің сол сәттегі ішкі жандүниеміз секілді құлазыған бөлме ішінде Райымжанның күңгірт тартқан жалғыз суреті ғана бұл үйде оның ұрпағы тұратынын айғақтап тұрды...

 

 

Мәриям ӘБСАТТАР

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517